Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Бұл жолғы фестиваль «бұрынғыдан өзгерек». Себебі фестиваль алғаш рет республикалық мәдени-туристік іс-шаралар күнтізбесіне енгізілді. Фестивальдың шымылдығы спорттық сайыстармен түрілді. Жағажайда ұйымдастырылған Color Run марафоны, мас-рестлинг, волейбол, қазақ күресі сайыстары жағалауды нағыз тартыс алаңына айналдырды. Іс-шараның алғашқы күні Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Ақшағылға арнайы келіп, фестивальдың ашылу салтанатымен құттықтады.
– Балқаш – еліміздің туристік картасындағы маңызды нысандардың бірі. Сондықтан жағалауды дамыту, туристерге қолайлы жағдай жасау, қызмет сапасын арттыру жұмысы жүйелі түрде жалғасады, – деді өңір басшысы.
Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаев думанның қала үшін әлеуметтік-экономикалық маңызы зор екенін атап өтті.
– Бұл – көл жағалауының бұрын игерілмеген бөлігі. Кейінгі төрт жыл ішінде фестивальдың ықпалымен мұнда алты жаңа демалыс орны салынды. Сауда орындарының санын өткен жылмен салыстырғанда 20%-ға арттырдық. Аумақты абаттандыруға арнайы қаражат бөлініп, жаяу жүргіншілер жолы салынып, жарық шамдары орнатылды, – деді қала басшысы.
Мемлекет инвесторлар үшін ең шығынды саналатын инженерлік инфрақұрылымды (су, жарық, жол) жүргізу міндетін өз мойнына алған.
– Фестивальдың оң ықпалының арқасында өңірге инвесторлар тартылып, бизнестің қызығушылығы артты. Қысқа уақытта мұнда заманауи үш ірі демалыс орталығы бой көтерді. Осы тәсіл аясында Балқаш жағалауындағы туристік аймаққа 14 га, Қарқаралы өңіріндегі Бұғылы маңына 75 га жер бөлініп, желілер жүргізіліп жатыр. Салаға тартылған инвестиция көлемі 30 млрд теңгеге жетті, – дейді облыстық туризм басқармасының басшысы Ирина Любарская.
Ирина Любарскаяның айтуынша, Приозерск пен Бектауата бағыттарына туристік маршрут ашылған. Ерекше әсер алғысы келетіндер үшін күн сайын сағат 18:00-де басталып, Сарыарқаның күн батар сәтін тамашалауға мүмкіндік беретін «Тораңғы тоғайы» бағытына экскурсия ұйымдастырылады.
Биыл – Халықаралық еріктілер жылы. Осыған орай, фестиваль аясында 17 елден (Түркия, Үндістан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, т.б.) келген делегаттардың қатысуымен Халықаралық еріктілер форумы өтті.
Форум үйлестірушісі Аслан Қабегенов экологиялық бағытқа ерекше назар аударылғанын айтты:
– «Мөлдір бұлақ» республикалық акциясы аясында еріктілер Балқаш көлінің жағалауына тазалау жұмысын жүргізді. Біз БҰҰ бекіткен тұрақты даму мақсаттарын жастарға интерактивті ойындар арқылы насихаттап жатырмыз, – деді ол.
Қырғызстаннан келген делегация жетекшісі Нұрдәулет Намазбек фестивальдың жоғары деңгейде өткенін, түрлі елдердің жастары арасында мәдени байланыс орнатуға тамаша мүмкіндік бергенін айтып, ризашылығын білдірді. Форум соңында Жастар саясаты басқармасының басшысы Айсұлу Ерниязова шетелдік қонақтарға арнайы естелік сыйлықтар тапсырды.
Фестиваль аясында тек тазалық емес, ғылыми экология да көрініс тапты. Ерсұлтан Амантай үйлестіріп жүрген «Balkhash STEAM Serpini» жобасы аясында мектеп оқушылары өздерінің инновациялық эко-жобаларын таныстырды. Бұл ғылыми идеяларды іске асыруға 64 млн теңгеден астам қаражат бөлінген.
Фестивальдың екінші күні Қазақстан рекордтар кітабына енген үлкен оқиғамен есте қалды. Жергілікті кәсіпкерлер салмағы 86 келі 400 грамм болатын алып қазы бургерін әзірледі. Рекордты тіркеген Бақытжан Тастүлеков бұл тағамның диаметрі 88 см, биіктігі 39 см болып, былтырғы Шымкент рекордын жаңартқанын ресми мәлімдеді. «Baurdaq» желісінің жергілікті директоры Аян Нұрбеков бұл нәтижеге екі ай дайындалғандарын, алып тағамды толықтай бір бүтін нан күйінде пісіру оңай болмағанын айтып, бургердің қайырымдылыққа таратылатынын жеткізді.
Сонымен қатар батпырауықтар шоуы жағалауды нағыз ашық аспан астындағы көрмеге айналдырды. Белгілі стронгмен Сергей Цырульников темір шынжырларды үзіп, күштік әдістер көрсетті. Сахнаға көрермендерді шақырып, күш сынасу сайысын өткізді. Нәтижесінде, силомерде 79 келі көрсеткішін бағындырған пауэрлифтингші, колледж студенті Константин Егоров жеңімпаз атанды.
Қонақтардың көңілін көтерген тағы бір қызықты сайыс – донер жеу жарысы болды. Мұнда №17 мектептің 8-сынып оқушысы Ислам Тілеужан алып донерді небәрі 2 минутта жеп, бас жүлдені алса, Қостанай облысынан келген қонақ Асхат Жалғас 3 минуттық нәтижемен екінші орынды иеленді. Асхат Балқаштың жаңарған инфрақұрылымы мен халқының қонақжайлығына тәнті болғанын жеткізді.
Думанды іс-шара кешкісін де толастамады. Күн бата еліміздің танымал эстрада жұлдыздары Мирас Жүгінісов, Ayau, Do-Mi-No, Нұрлан мен Мұрат ән шырқады. Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев сахнаға көтеріліп, спорттық сайыстардың үздіктерін марапаттады.
Мерекенің шарықтау шегі Балқаш аспанына бір мезетте көтерілген 500 дронның сиқырлы шоуы болды. Заманауи технологияның көмегімен көк жүзінде ұлттық өрнектер мен Балқаш көлінің бейнесі салынып, түн қойнауы мерекелік отшашумен көмкерілді.
Осындай ауқымды іс-шараның ешқандай оқыс оқиғасыз өтуі тікелей тәртіп сақшылары мен ұйымдастырушылардың еңбегі. Қала әкімдігі тұрғындар үшін таңғы 10:00-ден түнгі 23:00-ге дейін тегін автобустар ұйымдастырды. Облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Жасқайрат Қайыров қауіпсіздік шараларына қатаң назар аударғандарын айта келіп:
– Фестиваль кезінде 300-ден астам полиция қызметкері күшейтілген режімде жұмыс істеді. Табиғатты қорғау полициясы моторлы қайықтармен көл акваториясын патрульдеп, қауіпсіздік талаптарын қатаң бақылауда ұстады. Жүйелі жұмыстың арқасында ешқандай оқыс оқиға тіркелген жоқ, – деді.
Ауқымды фестивальдың негізгі мұраты біреу – Көкше көлдің жағасына келетін туристер санын еселей беру. Фестивальға келген қонақтардың саны жыл сайын екі есеге артып отыр. Олай болса, жазғы демалысты ғажайып өткізу үшін Балқашты бетке алыңыз, қадірменді турист.
Қарағанды облысы,
Балқаш қаласы