Балық аулауға уақытша тыйым: биыл не өзгереді

12.04.2026

Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Уылдырық шашу кезеңіне байланысты енгізілетін табиғат қорғау іс-шаралары мен биылдан бастап қабылданатын өзгерістер туралы «Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы» РММ-нің Павлодар облысы бойынша балық инспекциясы бөлімінің басшысы Самал Темірболатова әңгімелеп берді.

Самал Балташқызы, уылдырық шашу кезеңіне байланыстыбалық аулауға уақытша тыйым қай уақыттан енгізіледі?

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының арнайы бұйрығына сәйкес, балық ресурстарын және өзге де су жануарларын сақтау, молықтыру мақсатында шектеулер мен тыйымдар қарастырылған. Соның аясында Павлодар облысының далалы жерлеріндегі тұщы су айдындарында, Ертіс өзенінде және оның жайылмалы су айдындарында 15 сәуір – 30 мамыр аралығында балықтың кез келген түрін аулауға уақытша тыйым салынады. Тыйым Қаныш Сәтбаев атындағы каналға да қатысты. Тек бекітілген балық шаруашылығы учаскелерінде ғана торта, табан, алабұға, мөңке және шортанға қармақ салуға болады. Мәселен каналдың №1-ден №8-ге дейінгі су тораптары шаруашылықтарға бекітілген. Сондықтан әуесқойлық (спорттық) балық аулауға рұқсат етілген.

Алайда Ауыл шаруашылығы министрінің 2026 жылғы 3 наурыздағы № 78 бұйрығына сәйкес, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының 2015 жылғы 24 шілдедегі № 190 бұйрығының күші 13 мамырдан бастап жойылмақшы. Ол бұйрық каналдың аталған су тораптарында балық аулауға рұқсат беріп келген еді. 13 мамырдан бастап жоғарыда аталған тораптарға да тыйым салынады. Яғни каналдың барлық бойында 13 мамырдан 30 мамырға дейін балық аулауға толықтай тыйым енгізіледі.

Фото: Облыстық балық инспекциясы

Жалпы Павлодар облысында балық аулауға ресми рұқсат етілген неше су айдыны бар?

Су айдындарының ең үлкені әрі халықаралық маңызға ие - Ертіс өзені, көлемі 72 мың гектардан асады. Одан соң 14,5 мың гектардан асатын Қ.Сәтбаев атындағы канал бар. Бұдан бөлек өңір аумағында 120 су айдыны орналасқан. Олардың барлығында тиісті кезеңдерде балық аулауға болады. Қазіргі уақытта жергілікті маңызы бар 58 су айдыны 32 пайдаланушыға бекітілген. Су айдындарының дені Ақсу, Ақтоғай, Ертіс, Железин, Тереңкөл, Павлодар, Аққулы, Май аудандарында.

Балықтардың уылдырық шашу кезеңі қалай жүреді?

Уылдырық шашу балықтардың өміріндегі ерекше кезең. Маңызды шарттардың бірі судың температурасы және алаңдаушылық факторларының болмауы. Көбі көктемнен жаздың басына дейін уылдырық шашады. Ең әуелі шортан, алабұға, кейінірек табан, көксерке, ал көктемнің соңында тұқы, оңғақ және т.б. балықтар уылдырық шаша бастайды. Балықтың әр түрі арнайы уылдырық шашатын жерлерге жиналады. Уылдырық шашуға табиғи-климаттық жағдайларға байланысты әртүрлі факторлар теріс әсер етуі мүмкін. Мысал үшін су температурасы мезгілінен ерте көтеріліп кетсе, күн күрт салқындаса немесе көктемгі тасқын су жеткіліксіз болса, биологиялық ырғақ бұзылып, көбею циклі бәсеңдейді. Кейде жас шабақтар топ-тобымен қырылып қалуы мүмкін. Сондықтан Ертіс өзенінің жыл сайынғы табиғи тасуы да үлкен роль ойнайды. Әсіресе, шортан, табан, тұқы, көксерке негізінен өзендердің жайылмаларында уылдырық шашады.

Жергілікті су айдындарын көксерке, сазан (тұқы), шортан, нәлім, рипус, алабұға, торта, мөнқе, аққайран, табан, оңғақ, сондай-ақ Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген ақбалық пен сібір бекіресі, аулауға толықтай тыйым салынған сүйрік балығы мекендейді.

Фото: Облыстық балық инспекциясы

Тұрғындар кейінгі жылдары Ертіс пен оған құятын шағын өзендерде балықтың азайып бара жатқанын жиі айтады. Бұл шыбын-шіркейге қарсы қолданылатын препараттардың салдары емес пе? 

Жыл сайын өңірдің резервтік балық шаруашылығы су айдындарына ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Олардың нәтижелері бойынша балық ресурстарын аулау лимиттері бөлінеді. Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы мамандарының айтуынша, өзендер мен өзге су айдындарын өңдеу кезінде қолданылатын биологиялық препарат балық санына және жем-шөп базасына әсер етпейді. Ал химиялық препарат ғылыми топтың ұсыныстары бойынша шағын, уақытша байланған су айдындарында ғана қолданылады.

Балық аулау қағидаларын бұзу бойынша деректер жиі тіркеле ме?

Жылдың алғашқы тоқсанында балық аулау ережелерін бұзу бойынша 69 дерек анықталып, әкімшілік хаттамалар толтырылды. Шамамен 1,4 млн теңге айыппұл өндірілді. Өткен жылы 277 заң бұзушылық анықталып, оның 34-інде өрескел заң бұзушылық тіркелді. Нәтижесінде 56 ау, 9 қайық, 4 қозғалтқыш мотор және 278 кг балық тәркіленді. Сондай-ақ рұқсат құжаттарынсыз артемия жұмыртқаларын заңсыз өндіру бойынша 1 қылмыстық іс қозғалған болатын. Қазір сотқа дейінгі тергеу шаралары жүріп жатыр.

Фото: Облыстық балық инспекциясы Фото: Облыстық балық инспекциясы

Өзен-көлдерді балықтандыру туралы не айтасыз?

2025 жылы балық шаруашылығы субъектілерін дамыту жоспарын орындау шеңберінде бекітілген су айдындарына 11 пайдаланушы 1 386 311 дана балық жіберді. Оның ішінде 110 000 дөңмаңдай және 1 276 311 тұқы бар. Бұдан бөлек, балық ресурстарына келтірілген зиянның орнын толтыру мақсатында 24 605 дана тұқы мен сібір бекіресі де жіберілген еді. Өңірлік жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы Ертіске 88 839 сібір бекіресін босатты. Сібір бекіресі өзенде азайып кеткен балық түрі. Оның популяциясын көбейту бүгінде аса маңызды.

Әңгімеңізге рахмет!

Еске сала кетейік, Ертіс бойындағы балық шаруашылығының өнімділігі 5 жылда 6 есе артқан

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью