Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен «Балық шаруашылығы кешенінің жетістіктері және оны одан әрі дамытудың басым бағыттары» атты баспасөз мәслихатында 2021 жылғы сәуірде Үкіметтің 2030 жылға дейінгі балық шаруашылығын дамыту бағдарламасын қабылдағанын хабарлады. Бағдарламаның басым бағыттарының бірі – табиғи су айдындарының ресурстарына түсетін жүктемені азайту, олардың тұрақты молығуын қамтамасыз ету мақсатында акваөсіру субъектілерін мемлекеттік қолдау шараларын кеңейту.
Бағдарламаға сәйкес, 2030 жылға дейін балық өсіру көлемін жылына 7 мың тоннадан 270 мың тоннаға дейін, балық өнімдерін ішкі тұтыну көлемін 67 мың тоннадан 134 мың тоннаға дейін ұлғайту, сондай-ақ табиғи балық қорының көлемін 7% арттырып, 237 мың тоннаға жеткізу негізгі нысаналы индикаторлар ретінде айқындалған.
Жалпы, былтыр балық өнімдері нарығының көлемі 106,5 мың тоннаны құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 13%-ға артты. Балық аулау көлемі 49,6 мың тоннаны, өсірілген балық көлемі 22,9 мың тоннаны, экспорт көлемі 21 мың тоннаны, ал импорт көлемі 55 мың тоннаны құрады. Нәтижесінде, жан басына шаққандағы балық тұтыну көлемі 4 кг-нан 7 кг-ға дейін артты. Ұсынылатын тұтыну деңгейі – 11 кг.
Серік Сермағамбетов балық шаруашылығы саласындағы негізгі бағыттардың бірі өнеркәсіптік балық аулау екенін атап өтті. Өнеркәсіптік балық аулау негізінен Атырау, Қызылорда, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарында жүзеге асырылады. Қазір балық аулаумен 537 балық шаруашылығы субъектісі айналысады. Бұл салада 12 мыңнан астам маман еңбек етеді.
Балық өнімдерін өңдеумен жалпы жобалық қуаты жылына 126 мың тоннаны құрайтын 73 кәсіпорын айналысады. Оның ішінде 20 кәсіпорын Еуропалық Одақ елдеріне балық өнімдерін экспорттауға рұқсат алған. Бүгінде балық өнімдерінің 50 түрі әлемнің 21 еліне (Германия, Латвия, Литва, Нидерланд, Ресей, Қытай) экспортталады.
Былтыр балық өнімдерін өңдеу көлемі 37 мың тоннаны құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 24% артты.
Өңделген өнім көлемін ұлғайту мақсатында мемлекет тарапынан балық өнімдерін өңдеумен айналысатын субъектілер үшін қосылған құн салығы (ҚҚС) 70%-ға төмендетіліп, сондай-ақ айналым қаражатын толықтыруға жылдық 5%-бен жеңілдетілген несие беру көзделген.
«Былтыр «E-fish» ақпараттық жүйесі толыққанды пайдалануға берілді. Ол рұқсат беру құжаттарын рәсімдеуге қатысатын мемлекеттік органдардың («Е-лицензиялау», «Кеден» (Астана-1), ЕРАП, ЕРСОП) ақпараттық жүйелерімен интеграцияланған әрі заңсыз шыққан балық өнімдерінің айналымына жол бермеуге бағытталған. Бүгінде жүйеде балық шаруашылығы мен акваөсіру саласындағы 1 221 субъект тіркелген, бұл субъектілердің жалпы санының 100%-ын құрайды. Өз кезегінде ЕАСУ мен «E-fish» жүйелерінің интеграциясы балық аулау квотасы мен өсірілген балық көлемі белгіленген мөлшерден асқан жағдайда ветеринариялық құжаттарды беруді бұғаттауға мүмкіндік берді. Ақпараттық жүйені енгізудің нәтижесінде балық өнімдерінің көлеңкелі айналымы шамамен 2 мың тоннаға қысқарды», деді Серік Сермағамбетов.
Балық шаруашылығын цифрландыру аясында «Акваөсіру» модулі іске қосылып, саланы толық мониторингтеу мүмкіндігі кеңеймек. Мемлекеттік қолдау нәтижесінде 2021 жылдан бері субсидия көлемі 11,5 есеге өсіп, 5,3 млрд теңгеге жетті, ал балық өсіру шаруашылықтарының саны екі есеге артып, 684-ке жеткен. Осы кезеңде құны 24,1 млрд теңге болатын 95 жоба іске асырылса, 2028 жылға дейін инвестиция көлемі 60 млрд теңгені құрайтын тағы 41 ірі жоба жүзеге асырылады. Сонымен қатар Каспийдегі килька аулау лимиті 8 мың тоннадан 42,1 мың тоннаға дейін ұлғайтылып, «Акваөсіру туралы» заң аясында салаға жеңілдетілген несие мен субсидиялау тетіктері енгізілді.
«Қабылданып жатқан кешенді шаралардың нәтижесінде 2028 жылға қарай балық өсіру көлемі 2,5 есеге артып, қосымша 820 жұмыс орны ашылады, ал жан басына шаққандағы балық тұтыну көлемі 4 кг-нан 9 кг-ға дейін ұлғаяды деп үміттенеміз. Балық инспекцияларының материалдық-техникалық базасын нығайту, штат санын ұлғайту 2030 жылға қарай табиғи балық ресурстарының қорын 240 мың тонна деңгейінде сақтауға мүмкіндік береді. Ал саланы цифрландыру балық өнімдерінің көлеңкелі айналымын қысқартуға ықпал етеді. 2029 жылға қарай өнеркәсіптік балық аулау көлемі 100 мың тоннаға дейін ұлғаяды», деді комитет төрағасы.