Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Қазақстанда елге студенттік визамен мигранттардың емес, тек студенттердің келуін қадағалау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрінің міндетін атқарушы Саясат Нұрбек айтты. Жаңа ереже қашан күшіне енетіні туралы Tengri Education материалынан оқыңыз.
Виза – транзит үшін емес
Саясат Нұрбектің айтуынша, қазіргі уақытта Ғылым министрлігі ҰҚК, ІІМ және Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп, шетелдік студенттердің елге келуін тексеруді күшейтіп жатыр. Барлық процес цифрландырылады.
Шенеуніктің сөзінше, Қазақстан үшін елге кім және қандай мақсатпен келіп жатқанын білу маңызды.
"Қазірдің өзінде Қазақстанда 37 мыңнан астам шетел азаматы жоғары білім алып жатыр. Бұл біздің тарихи рекордымыз екенін айта кету керек. Сонымен қатар бізге транзит мақсатында емес, білім алу үшін келетін "сапалы" студенттердің болғаны өте маңызды", – деді Нұрбек.
Осы мақсатта Study in Kazakhstan цифрлық платформасы іске қосылды. Енді елімізде жоғары білім алғысы келетін шетелдіктер таңдаған университетіне құжаттарын осы база арқылы тапсыруы тиіс.
"Біз енді осы платформа арқылы кім келетінін, кім келмейтінін көріп, біле аламыз", – деп түсіндірді ғылым министрінің м.а.
Болашақта студенттік визаны Study in Kazakhstan платформасы арқылы беру жоспарланып отыр. Егер шетел азаматы платформаға тіркелмесе және оқуын растамаса, оған виза берілмейді.
Шетелдік студенттермен жұмыс істеу ережесіСондай-ақ Саясат Нұрбек Ғылым министрлігі шетелдік студенттермен жұмыс істеудің бірыңғай ережесін белгілейтін арнайы бұйрық шығарғанын айтты.
Мысалы, студент университетке түсіп, оқу визасын алып, оқуын бастады делік. Егер кейін ол оқудан шығарылса немесе қандай да бір себептермен университетті тастап кетсе, бұл туралы ақпарат автоматты түрде көші-қон қызметіне беріледі. Бұл студенттің оқу визасымен Қазақстанда болуына негіз жоқ екенін бірден көруге мүмкіндік береді.
Бүгінде шетелдік студентке визаны бүкіл оқу кезеңіне беру мәселесі қарастырылып жатыр. Сонда оған жыл сайын құжаттарын қайта рәсімдеудің қажеті болмайды.
Жоғарыда айтылғандай, процесс толығымен цифрландырылады. Бұдан бөлек, студенттердің жеке басын растау үшін Face ID жүйесін пайдалану жоспарланған.
"Барлық саңылауды жабамыз"Саясат Нұрбектің айтуынша, Face ID барлық жоғары оқу орындарында енгізілген. Қазір ол арқылы сабаққа қатысу деңгейі қадағаланады. Бұл шаралардың барлығы түптеп келгенде студенттік визаны басқа мақсаттарда, мысалы, көші-қонға пайдалану мүмкіндігін жоюы тиіс.
"Барлық саңылауды жабамыз", – деп сендірді министрдің м.а.
Сондай-ақ шенеунік арнайы жұмыс тобы құрылғанын хабарлады:
"Біз қазір арнайы жұмыс тобын құрдық және бір жағынан цифрлық платформа арқылы оқуға түсуді және тиісінше виза беру процесін қалай жеңілдетуге болатынын, ал екінші жағынан бақылаудың қатаң механизмін қалай орнатуды ойластырып жатырмыз", – деп түсіндірді Саясат Нұрбек.
Жоспарланған барлық норма 2026 жылдың аяғына дейін іске қосылуы тиіс, деп толықтырды министрдің м.а.
Виза беруге қатысты қандай мәселе бар?Кейінгі жылдары Қазақстанда шетелдіктерді жоғары оқу орындарына формальды түрде - шын мәнінде білім алу үшін емес, олардың елде болуын заңдастыру үшін рәсімдеген жағдайлар анықталды.
Бұған дейін осындай жағдайлардың бірі туралы жазған болатынбыз. Қазақстандық жоғары оқу орнының қызметкерлері шетелдіктерге оқуға жалған шақырту рәсімдеген. Схеманы жүзеге асыру үшін күдіктілер кәсіпкермен шетелдік студенттерді тарту туралы формальды келісімшарт жасап, оқу процесін имитациялаған.
Қазақстанда студенттік виза беруді қатаңдату туралы осыдан бір жыл бұрын айтыла бастан. Ол кезде Саясат Нұрбек Қазақстанға "өте көп шетелдік" оқудан тыс мақсатта келетінін атап өткен еді.
Министрдің айтуынша, жаңа ереже жемқорлық схемаларды азайтуға және мигранттардың студент кейпінде елге кіруіне жол бермеуге көмектесуі тиіс. Сондай-ақ ол Еуропа елдеріне немесе АҚШ-қа студенттік виза алу қиын екенін және Қазақстанда осыған ұқсас тәсілді енгізу жоспарланып отырғанын айтты.
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу