Tengrinews.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Астанада премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес отырысы өтті, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Отырыста Қазақстан Үкіметі мен халықаралық іскер топтар арасындағы өзара іс-қимылды нығайту мәселелері талқыланып, цифрландыру және жасанды интеллект салаларындағы инвестициялық мүмкіндіктер қаралды.
Фото primeminister.kz
Бектенов ҚР жаңа Конституциясының күшіне енуіне және инвестициялық ынтымақтастықты арттыру үшін ашылатын жаңа мүмкіндіктерге назар аударды.
"Біздің бүгінгі кездесуіміз еліміз үшін тарихи кезеңде өтіп отыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен Қазақстан өзінің даму жолында мүлде жаңа дәуірге қадам басты. Жалпыұлттық референдумда қабылданған Конституция Әділетті және Озық Қазақстанды құруға бағытталған ауқымды реформаларды жүйелі түрде жалғастыруға жол ашатын нағыз ұлт жарғысына айналды. Бүгінде бүкіл құқықтық жүйені қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Оның аясында экономиканың дәйекті әрі орнықты дамуын қамтамасыз ету көзделіп отыр", - деді Олжас Бектенов.
Отырыста елдің жаңа негізгі заңы күшіне енгеннен кейін басталған жаңа мемлекеттік-саяси модельді қалыптастыру барысы талқыланды. Мәселен, жаңа заң шығарушы орган - Құрылтайға сайлау тағайындалып, жаңа жоғары консультативтік орган – Қазақстан Халық Кеңесінің Хатшылығы құрылды.
Сонымен қатар Конституциялық сот бірқатар жоғары лауазымды тұлғалардың: Президенттің, Конституциялық Соттың төрағасы мен судьяларының, Жоғарғы сот төрағасы мен Бас прокурордың өкілеттік мерзімдерінің бір реттілігі туралы конституциялық норманы қолдану бойынша түсініктеме берді.
"Конституциялық сот өз шешімімен нақты әрі дәл түсіндіріп берді. Атап айтқанда, бір реттік өкілеттік мерзімге қатысты норма жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін, яғни биылғы 1 шілдеден бастап тиісті лауазымдарға тағайындалған немесе сайланған тұлғаларға ғана қолданылады. Құқықтық айқындылықтың қамтамасыз етілуі ішкі және сыртқы аудиторияны толғандырған бірқатар мәселені күн тәртібінен алып тастайды. Менің ойымша, бұл саяси-құқықтық жүйенің тұрақтылығы мен болжамдылығына ерекше мән беретін инвесторлар үшін де игілікті қадам болып отыр", - деп атап өтті Бектенов.
Премьер-министр жүргізіліп жатқан президенттік реформалардың кең ауқымды қоғамдық қолдауға ие екенін атап өтті. Оның мәліметінше, соңғы әлеуметтік сауалнамаларға сәйкес, ел азаматтарының 87 пайыздан астамы Қазақстанның дұрыс бағытта дамып жатқанына сенімді.
"Президенттің саяси бағытына деген қоғамдық қолдау – реформаларды алдағы уақытта да табысты жүзеге асырудың маңызды факторы. Осылайша, жаңа конституциялық модель мен орнықты реформалар бағыты экономикамызды одан әрі жаңғыртуға, халықаралық серіктестік аясын кеңейтуге және Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыруға берік негіз болып отыр. Құрметті әріптестер, жаңа Конституция аясында Сіздермен арадағы қарым-қатынасымыз да жаңа даму кезеңіне қадам басты. Елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси және экономикалық реформалар ұзақмерзімді әрі өзара тиімді серіктестікті дамытуға қуатты серпін беретініне сенімдімін", - деді Бектенов.
Сондай-ақ отырыста цифрландыруды дамыту және жасанды интеллектіні енгізу процестері қаралды. Мәлім болғандай, 2026 жыл Қазақстанда Цифрландыру және ЖИ жылы болып жарияланды. Жаңа Конституцияда азаматтардың цифрлық құқықтары ресми түрде бекітілді, 2029 жылға дейінгі Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясы бекітілді, Цифрлық кодекс, "Жасанды интеллект туралы", "Киберқауіпсіздік туралы" заңдар қабылданды. Сонымен қатар деректермен сенімді трансшекаралық алмасу үшін Cloud First Policy және Data Embassy сияқты заманауи реттеуші механизмдер енгізілуде. "Мәліметтер өңдеу орталықтары алқабы" (Долина ЦОДов) флагмандық жобасы аясында Қазақстан Firebird AI компаниясымен ЖИ инфрақұрылымын дамыту бойынша 10 миллиард долларлық келісімге отырды.
"Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев толыққанды цифрлық ел құру міндетін қойып отыр. Цифрлық трансформация мен ЖИ-ді дамыту – біз үшін тұрақты экономикалық өсудің, мемлекеттік басқарудың тиімділігін және азаматтардың өмір сүру сапасын арттырудың маңызды элементі. Біз шетелдік әріптестердің еліміздің іскерлік ахуалын нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалаймыз. Үкімет өзара тиімді нәтижелерге қол жеткізу үшін барлық саладағы инвесторлармен сындарлы диалогке ашық", - деп атап өтті премьер-министр.
Айта кетейік, отырыста Қазақстандағы Америка сауда палатасының атқарушы директоры Джефф Эрлих, АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джули Стаффт және бизнес өкілдері сөз сөйледі. Джули Стаффт елдер арасындағы сауда-инвестициялық ынтымақтастықтың жоғары деңгейін, сондай-ақ цифрлық реттеу, бұлтты технологияларды дамыту, дербес деректерді өңдеу және деректерді трансшекаралық тасымалдау мәселелері бойынша Үкімет пен бизнес-қоғамдастық арасындағы ашық диалогтың маңыздылығын атап өтті.
Фото primeminister.kz
Халықаралық іскерлік қоғамдастық тарапынан ұсыныстарды Baker McKenzie серіктесі, AmCham Цифрландыру комитеті кеңесінің мүшесі Андрей Ерш, Apple компаниясының Орталық Азия, Армения және Моңғолия бойынша мемлекеттік саясат және мемлекеттік органдармен іс-қимыл бөлімінің басшысы Әділхан Қопабаев, Siemens Kazakhstan бас директоры Дияс Асанов, Орталық Азия елдеріндегі Honeywell президенті Артур Нигматянов айтты.
primeminister.kz фотосы
Компания өкілдері Цифрлық кодексті іс жүзінде іске асыру, онлайн-платформаларды реттеу, көпшілікке қолжетімді бұлтты шешімдерді дамыту, дербес деректерді қорғау, киберқауіпсіздік, жасанды интеллектті қолдану, өнеркәсіптік процестерді цифрландыру және реттеу тиімділігін арттыру мәселелерін талқылады.
Өз кезегінде Цифрлық даму және жасанды интеллект вице-министрі Ғиззат Байтұрсынов пен Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Кеңес қорытындысы бойынша Олжас Бектенов Қазақстанның ұзақ мерзімді инвестициялар үшін ашық әрі болжамды ел болып қала беретінін атап өтті. Үкімет ел экономикасының цифрлық трансформациясын тереңдетуге ниетті және цифрлық реттеуді жетілдіру, пайдаланушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, инновациялық инфрақұрылымды дамыту және инвесторлар үшін болжамды жағдайлар жасау мәселелері бойынша бизнес-қоғамдастықпен одан әрі өзара іс-қимыл жасауға дайын. Жауапты мемлекеттік органдарға айтылған ұсыныстар мен ұсынымдарды зерделеу және жұмыс барысында ескеру тапсырылды.
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу