Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
Әдетте елдің қорғаныс қабілеті қару-жарақ пен техникадан, қатардағы сарбаздар санынан бөлек, білікті офицерлер мен сержанттар құрамына да тікелей қатысты болады. Сондықтан заман талабына сай келетін білікті маман даярлау армия қызметінің ажырамас бөлшегіне айналған. Биыл да бұл үрдіс қалыпты ырғағынан жаңылған жоқ.
Деректерге сүйенсек, осы жылы әскери институттар – 723, колледждер 760 курсант пен кадет қабылдағалы отыр. Талапкерлер күтіп отырған оқу орындарының арасында Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институты, Ақтөбе қаласындағы Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институты, Алматы қаласындағы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты, Астана және Щучинск қалаларындағы әскери колледждер бар. Сонымен қатар Төтенше жағдайлар министрлігінің Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғаныс академиясы, ІІМ және Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты оқу орындары да талапкерлер қабылдайды. Бірақ соңғыларының шарттары сәл бөлектеу. Дегенмен барлық әскери оқу орындары елдің қорғаныс қабілетін жетілдіруге қажет маман даярлайды.
Жалпы, әскери оқу орындарының көптеген артықшылығы бар. Олардың түлектері ешқашан жұмыссыз қалмайды. Айталық, Қорғаныс министрлігіне қарасты институттар мен колледж түлектері оқуды бітірген соң бірден Қарулы Күштер сапында әскери қызметке қабылданады. Оқу барысында кадеттер мен курсанттар толық мемлекет тарапынан қамтамасыз етіледі. Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы полковник Мұрат Олжабаевтың айтуынша, қазір Қазақстандағы әскери оқу орындары заманауи қарулы қақтығыстар жағдайында тиімді әрекет ете алатын жаңа буын офицерлері мен сержанттарын даярлауға бағытталған әскери білім беру жүйесін кешенді түрде жаңғыртып жатыр. Бұл жүйеге 9 әскери оқу орны кіреді. Яғни 3 институт, 5 колледж бен Ұлттық қорғаныс университеті осы жүйені құрап отыр. Әскери оқу орындары арнаулы орта білімнен бастап магистратураға, докторантураға дейінгі барлық сатыдағы мамандар әзірлейді. Институт түлектері офицер болып шықса, магистратура мен докторантурада әскери ғылымның ұңғыл-шұңғылына үңілудің мүмкіндігі бар. Оқу барысында тәжірибеге бағдарлай отырып білім беру, цифрлық технологияларды енгізу және қазіргі заманғы армия үшін аса қажетті бағыттар ескеріледі.
– Заманауи қарулы қақтығыстар әскери кадрларды даярлауда жаңа тәсілдерді талап етеді. Сондықтан оқу үдерісіне ақпараттық қауіпсіздік, криптология, радиоэлектрондық күрес, әскерді автоматтандырылған басқару жүйелері, ұшқышсыз авиациялық жүйелерді қолдану, сондай-ақ жасанды интеллект, виртуалды және толықтырылған шынайылық технологиялары бойынша пәндер белсенді енгізіліп жатыр, – деді полковник Мұрат Олжабаев осы тақырыпқа арналған брифингте.
Бір атап өтер жайт, әскери оқу орындарына түсуде цифрлық технологияға көп көңіл бөлінеді. Былтырдан бастап әскери оқу орындарына құжаттарды eGov.kz порталы арқылы тапсыруға мүмкіндігі пайда болды. Мемлекеттік ақпараттық жүйелердің ықпалдастырылуының арқасында құжаттарды рәсімдеу мерзімі 120 күннен 30 күнге дейін қысқарып, іріктеу рәсімдері елдің барлық өңіріндегі талапкерлер үшін ашық әрі қолжетімді болды.
Сонымен қатар жастардың әскери білімге деген қызығушылығы артып келе жатыр. Мұны Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы полковник Мұрат Олжабаев ерекше атап өтті. Былтырғы қабылдау науқанында әскери колледждерде бір орынға орта есеппен үш үміткер, ал әскери институттарда екі үміткерден таласқан. Ал сұранысқа ие мамандықтардың қатарына авиация, әскери медицина, автоматтандыру, ақпараттық коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздік салалары кіріпті.
Қызығы, сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқытатын оқу орындары да белгілі бола бастағанға ұқсайды. Айталық, Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институты – заманауи оқу базасы, білікті кадрлары бар білім ордасы. Онда жастарды қызықтыратын мамандықтар аз емес. Ал Алматы қаласындағы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты әскери инженерлер, байланыс мамандарын, сонымен қатар заманауи әскери технология салаларының мамандарын даярлайды.
Ақтөбе қаласындағы Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институты болса, болашақ әскери ұшқыштар мен авиация мамандарын даярлайды. Әрі авиация мамандарын оқытатын Орталық Азиядағы бірден-бір әскери жоғары оқу орны.
Одан бөлек, колледждердің де орны ерекше екенін атап өту қажет. Мысалы, Астана және Щучинск қалаларындағы әскери колледждер ұшқышсыз ұшу аппараттарын және интеллектуалды роботтандырылған кешендерді пайдалануға бағытталған ең заманауи мамандықтарда білім береді. Сөйтіп, армияның заман талабына сай болуын қамтамасыз етеді.
Жалпы, Қорғаныс министрлігі болашақ офицерлерді теориялық тұрғыда жетілдірумен қатар, тәжірибе жинауына да көп көңіл бөледі. Курсанттар әскери бөлімдерде тағылымдамадан өтіп, әскер түрлері арасындағы біріккен оқу-жаттығуларға қатысады, сондай-ақ барлау, байланыс, радиоэлектрондық күрес және әскерді басқарудың заманауи құралдарын меңгереді. Сонымен қатар оқу бағдарламасына қазіргі заманғы қарулы қақтығыстардың тәжірибесі мен ұшқышсыз авиациялық жүйелерді қолдану тәсілдері енгізілген.
Мұрат Олжабаевтың айтуынша, бүгінде әскери білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастық та кеңейе түсіпті. Қазіргі уақытта 300-ден астам қазақстандық курсант Қытай, Түркия, Корея Республикасы, АҚШ, Ресей Федерациясы, Әзербайжан, Армения және Беларусь елдерінің әскери оқу орындарында білім алып жүр. Бұл жағдай өз кезегінде офицерлердің білім-білігін арттыруға септігін тигізеді.
Қазақ қоғамында әскери мамандарды шетелдерде даярлауға қатысты ерекше көзқарас бар. Әлемнің түрлі аймағында болып жатқан қарулы қақтығыстарды бақылап отырған бұқара офицерлерге де іштей жоғары талап қояды. Оны әлеуметтік желілерден-ақ байқауға болады. Бұл құбылыстың мәні түсінікті болса керек. «Жау жоқ деме, жар астында» дейтін мақал қалдырған бабалар өсиетін білетін халық бүгін де сақ болудың маңызын ұққан. Сондықтан әскери мамандар сапасына назар аударады. Ал Қорғаныс министрлігі халықаралық ынтымақтастықты нығайтып, өзіміздегі оқу орындарын жетілдіріп жатыр. Министрлік өкілі шетелдерде 300-ден астам әскери маман білім алып жатқанын айтқан болса, кейбір ақпарат құралдарында олардың қай елде нақты қаншасы оқып жүргені жарияланғаны бар. Былтыр Түркияның бірнеше әскери оқу орнында 150-дей қазақстандық білім алып жүргені белгілі болған. Соның ішінде 80-нен астам курсант Анкарадағы Түркия құрлық әскерлері институтында оқиды. Бұл институтта бұдан бұрын да қазақ офицерлері білім алған. Айталық, 2006 жылы Иракта бітімгерлік қызмет жасап жүріп қаза тапқан капитан Қайрат Құдабаев – осы оқу орнының түлегі.
Қысқасы, еліміздің әскери білім беру жүйесі білікті, патриот кадрларды көптеп даярлап жатыр. Халықаралық ынтымақтастықты да дамытып келеді. Әскери оқу орындарының биыл да офицер болуды армандаған түлектерге есігін айқара ашуы осы үрдістің заңды жалғасы болса керек.
А.Сұлтан