Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
Облыстық білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбековтің айтуынша, республикалық ғылыми жобалар конкурсында облыс командасы 17 жыл қатарынан «Ең үздік команда» атағын иеленіп келеді. Сонымен қатар қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша республикалық олимпиада қорытындысында оқушылар «Үздік олимпиадалық команда» атанған.
Биыл облыстағы 5 білім ұясы «Ең үздік олимпиадалық 100 мектеп» республикалық рейтингіне енді. Олардың қатарында дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернаттары, Тараз қаласындағы Ә.Бөкейханов атындағы №1 гимназия, Б.Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясы және Т.Рысқұлов ауданындағы №6 мектеп-гимназиясы бар.
Мектеп түлектерінің ҰБТ нәтижесі де көңіл қуантады. Биыл 11-сыныпты тәмамдаған 14 494 түлектің 639-ы «Алтын белгі», 1 212-сі үздік аттестат иегері атанды. Ұлттық бірыңғай тестілеуге 11 911 түлек, яғни мектеп бітірушілердің 82,5 пайызы қатысып, орташа көрсеткіш 79,9 балды құраған. Ал 4 түлек ең жоғары 140 балл жинап, облыстың білім саласының абыройын тағы бір мәрте асқақтатты.
Мектеп оқушыларының білім жетістіктерін мониторингтеу нәтижелері де облыс оқушыларының республикадағы көшбасшы өңірлер қатарында екенін көрсетті. 9-сынып оқушылары математикалық және жаратылыстану-ғылыми сауаттылық бойынша республикада 1-орын, ал оқу сауаттылығы бойынша 3-орын иеленіп отыр.
Жетістіктер тек оқушылармен шектелмейді. Биыл 76 педагог халықаралық және республикалық деңгейдегі байқаулар мен олимпиадалардың жеңімпазы және жүлдегері атанды. Ұстаздар «Педагогикалық идеялар фестивалі», Teachers Hackathon, «Дарынды балаларға – талантты ұстаз», «Алтын тұғыр», «Математикалық регата», OI SANDYQ, «Олимп шыңы» сынды беделді білім сайыстарында үздік нәтиже көрсетті.
Атап айтқанда, республикалық «Математикалық регата» олимпиадасында облыс командасы Бас жүлдені жеңіп алса, бастауыш сынып мұғалімдері арасындағы республикалық олимпиадада ІІ орын, ал OI SANDYQ зияткерлік байқауында ІІІ орын иеленді. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының педагогтары да республикалық байқауларда бірнеше мәрте Бас жүлде мен жүлделі орындарға қол жеткізді.
Иә, бұл Жамбыл облысының білім саласының жаңа биігін көрсетіп отыр. Мектеп оқушылары ғана емес, ұстаздар да жүзден жүйрік шығып жатқаны жан қуантады. Бұл ел ертеңі саналған жастарымыз сенімді қолда деген сөз.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы