Білім мен бизнестің бәсекесі

21.02.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, жекеменшік мектептерге қатысты біраз түйткіл бар екен. Әсіресе, жеке кәсіпкерлер бастапқыда басқа мақсатта салынған ғимарат­тарды мектеп ретінде пайдаланып, балалардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіріп отырған көрінеді.

Бұл сөзді еліміздің Қаржы министрі Мәди Тәкиев те қуаттай түсіп, жекеменшік мектеп аш­қандар күн санап байып жатқанын меңзепті. Оның сөзінше, 2023-2024 жылдары 116 азамат ел аума­ғынан 895 жылжымайтын мүлік сатып алған екен. Олардың бар­лығы жекеменшік мектептердің жетекшілері мен құрылтайшы­ла­ры болып шыққан. Сонымен қа­тар 66 жекеменшік мектеп иелері өз атына 192 қымбат автокөлік тіркеген.

Міне, осындай ашық мәлімде­м­елерден кейін құзырлы органдар жекеменшік мектептерге кешенді тексеру жүргізуді қолға алды. Ақпан айында Бас прокуратура мен жергілікті атқарушы органдар жекеменшік мектептерді жаппай тексеруді бастады. Тексеру бары­сында білім беру лицензиясы, материалдық-техникалық базасы, оқу бағдарламалары және кадр­лық қамтамасыз етілуі жан-жақты қаралады. Егер қандай да бол­масын заңбұзушылық анықталса, білім беру мекемесінің есігіне қара құлып салынбақ. Десе де, құзырлы орган өкілдері тексеріс­тердің негізгі мақсаты жекеменшік мектептерді жабу емес, тәртіпке шақыру екенін алға тартты. 

Ресми мәліметке сүйенсек, Үкімет лицензиясы бар жекемен­шік мектепке баратын әр оқушыға 500-700 мың теңге аралығында төлейді. Мемлекеттік қаржылан­дыру оқушының қай сыныпта оқи­тынына байланысты өзгеріп тұрады. Мемлекеттен бөлінетін субсидиядан бөлек, әр ата-ана баласын жекеменшік мектепке бергені үшін ай сайын тағы төлем төлеуге тиіс. Сонда қомақты қар­жы шығып отыр. 

Жамбыл облыстық Білім бас­қармасы берген мәліметке сүйен­сек, аймақта 531 орта білім беру ұйымы тіркелген, оның 73-і жеке­меншік мектеп. Онда 17 119 бала білім алуда. Осы 73 жекеменшік мектепке 2025 жылдың қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында 4,1 млрд теңге төленген. Ал биыл бұл төлем жүйесі жалғасын тауып, жекеменшік мектептерді қаржы­лан­дыруға 12,5 млрд теңге қарас­тырылып отыр. Байқап тұрса­ңыздар, аз ақша емес. Миллион емес, миллиард теңгелер. Бейне бір балға бармақ батып тұрғандай. Бұл тек Үкіметтен берілетін суб­сидия көлемі. Ал бұған әр ата-ана ай сайын төлейтін 100-150 мың теңгені тағы қосыңыз. 

Әрине, байыбына бармай жатып байбалам салудан аулақ­пыз. Алайда жекеменшік мектеп­тер осы таңға дейін «қайдан құлақ шығарсам да өз еркім» деп келгені жасырын емес. Оған қоса, олар­дың түсімдері мен шығындарын ешкім тексеріп келген жоқ. Сон­дықтан жекеменшік мектеп­тердің иелері білімнің сапасын емес, жеке қалтасын ойлап кетулері де бек мүмкін. Жалпы, жекеменшік мектептерге қатысты қазір ма­ман­дар мен ата-аналардың ойы әртүрлі. 

– Жекеменшік мектептерге оқу ақысын төлегендіктен, онда­ғы баға маңызды болмай қалады. Яғни, баланың білім сапасын бағалау, оны ынталандыру деген дүниелер қалып кетеді. Содан ке­йін баланың оқуға деген құлшы­нысы азайып, күнделікті сабаққа барып-келсем де жетеді деген түсінік қалыптасады. Бұны көп ата-ана байқай бермейді. Ал же­кеменшік мектептердің басшы­лығы ақша төленсе болды, басқаға бас қатырғысы келмейді. Кейде жекеменшік мектептерде матема­тика пәні тереңдетіліп оқытыла­ды. Бірақ көп жағдайда балалар­дың мұндай тереңдетілген сабаққа бейімі болмайды. Содан барып, баланы күштеп оқытып, тағы са­ғын сындырамыз. 

Мемлекеттік мектептерде әділ­дік бар деп ойлаймын. Онда баға да, оқушының талабын ба­ғалау да шынайы. Ата-анаға бала­сын бақылауға мүмкіндік мол. Күнделікті сабағын тексеріп тұра алады. Кейінгі кезде жекеменшік мектептердегідей тереңдетіп оқы­ту, заманауи құрылғылар сияқты жаңа оқыту методикалары мемле­кеттік мектептерге де келіп жа­тыр, – дейді жекеменшік те, мем­ле­кеттік мектепте де ұстаздық ет­кен Көрпеш Байжарас. 

Ал қызын жекеменшік мек­теп­ке беріп отырған Меруерт Өсерованың айтуынша, баласы­ның жайлы ортада сапалы білім алуы маңызды.

– Жекеменшік мектептерде сыныптағы оқушылардың саны аз болғаннан кейін мұғалім әр балаға жеке көңіл бөле алады. Оқу про­це­сін тиімді ұйымдастырып, ба­ланы алға қарай жетелейді. Со­нымен қатар қаржысын төлеп отыр­ғаннан кейін білім сапасы мен баламыздың қауіпсіздігін талап ете аламыз. Тағы бір айта кетерлігі, жекеменшік мектеп­терге ақшасын төлесең, балаңды кешке дейін үйірмелерінде қо­сымша дайындайды. Ал сабақ соңында үйге жеткізіп тастайды. Бұл таңнан кешке дейін жұмыста жүретін ата-аналар үшін қолайлы. Бірақ ақылы мектептерде алаң­дай­тын бір нәрсе бар. Онда мұға­лімдер жиі ауысып жатады. Ал оқу процесінде ұстаздардың тұрақ­тамауы баланың біліміне тікелей әсер ететіні анық, – деді көпба­лалы ана. 

Жекеменшік мектептердің кө­беюі мемлекеттік мектептердің жүктемесін азайтып отырғаны рас. Сонымен қатар білім орда­ла­рының арасында бәсекелестік ту­ғызып, білім сапасының артуы­на аз да болса ықпал етіп отыр. Десе де, жекеменшік мектептерге қатысты дау жыл сайын туындай­ды. Мәселен, былтыр Тараз қала­сында жүздеген оқушыны қабыл­дап қойған жекеменшік мектептің лицензиясы болмай шығып, ба­ла­лар оқу жылының ортасында да­лада қалған еді. Абырой бол­ған­да, бұл іске жергілікті билік пен бі­лім бөлімінің мамандары ара­ласып, әр баланы бұрынғы мем­ле­кеттік мектептеріне орналас­тырды. 

Жекеменшік мектептерге қа­тысты жауабы айтылмаған сауал көп. Алдағы уақытта тексеріс­тердің қорытындылары қалай болып шығары белгісіз. Дегенмен біраз қулық пен сұмдықтың беті тағы ашылатын сыңайлы.

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы 

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью