Биоэкономика ел дамуының маңызды бағдары

03.07.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..

Ата заң елдің ұзақмерзімді даму бағытын айқындады. Ендігі міндет – осы конституциялық басымдықтарды нақты экономикалық нәтижеге айналдыру. Ғылым, білім, инновация және адам капиталын мемлекеттік саясаттың өзегіне айналдыру – құқықтық өзгеріс қана емес, жаңа даму моделіне көшудің алғышарты.

Әлемдік экономика ұзақ уақыт табиғи ресурстар мен өнеркәсіпке сүйеніп келді. Бүгінде бәсекеге қабілеттілік ғылымды, технологияны және зияткерлік меншікті өндіріске қаншалықты тиімді енгізумен өлшенеді. Сондықтан Мемлекет басшы­сы­ның ғылымды, жоғары білімді, жасанды интеллектіні және инновациялық эко­но­миканы дамыту жөніндегі бастама­лары біртұтас стратегиялық бағытты қалып­тас­тырады.

Ке­йінгі жылдары еліміз осы бағыт­тың негізін қалады. «Ғылым және тех­но­логиялық саясат туралы» заң қабылданды, Президент жанынан Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құ­рылды, ғылымды қаржыландыру ұл­ғайды, зерттеу университеттері дамып, халықаралық жоғары оқу орындарының филиалдары ашылып жатыр. Жасанды интеллектінің ұлттық экожүйесі де қалыптасып келеді.

Ендігі негізгі мәселе – осы ғылыми әлеуетті тұрақты экономикалық өсімге айнал­дыру. Бұл тұрғыда әлемдік тәжірибе ке­лесі экономикалық драйверлердің бірі ретін­де био­экономиканы алға шығарып отыр.

Озық тәжірибе өнегесі

Кейінгі онжылдықта биотехнология ғылымның жеке бағыты аясынан шығып, экономиканың маңызды секторына айналды. Еуропалық комиссияның дерегіне сәйкес, Еуроодақтағы биоэкономика көлемі жылына 2,7 трлн еуроға жетіп, 17,1 мил­лион адамды жұмыспен қамтып отыр. Мұнда биоэкономика ғылымды қолдау құралы емес, өнеркәсіптік саясат­тың, тех­нологиялық тәуелсіздіктің және жаңа жұ­мыс орындарын құрудың негізі ретінде қарас­тырылады.

Осындай бағытты басқа дамыған мемлекеттер де ұстанып келеді. Мәселен, табиғи ресурсы аз Сингапур ғылымға жүйелі инвестиция салу арқылы Азия­дағы жетекші биомедициналық орта­лықтардың бірін қалыптастырды. Қазір халықаралық фармацевтикалық ком­па­ниялар бұл елде зерттеу және өндіріс орталықтарын орналастырып жатыр.

Бұл тәжірибелердің ортақ сипаты біреу: олар зертханаларды ғана емес, ғылымның технологияға, технологияның өндіріске, ал өндірістің экономикалық өсімге айналуына мүмкіндік беретін толық экожүйені қалыптастырды. Бүгінде биоэкономика дегеніміз – дәл осы. 

Өмір сапасын жақсартады

Биотехнология туралы сөз болғанда көпшілік күрделі зертханалар мен генетикалық зерттеулерді елестетеді. Алайда оның нәтижесін адамдар күнде­лікті өмірде пайдаланып келеді.

Соның ең айқын мысалы – инсулин. Бір ғасыр бұрын І типті қант диабеті өлімге тең диагноз саналса, бүгінде мил­лиондаған адам биотехнология көме­гімен өндірілетін препараттардың арқасында қалыпты өмір сүріп жүр. Бұл ғылым адамның өмір сапасын түбегейлі өзгерте алатынын көрсетеді.

Биотехнологияның маңызы ауыл шаруашылығында да артып келеді. Қазақстан үшін бұл бағыт ерекше өзекті. Заманауи биотехнология құрғақшы­лыққа, ауруларға, климаттың өзгеруіне төзімді жаңа өсімдік сұрыптарын шығаруға жол ашады. Нәтижесінде, өнімділік өсіп, су мен басқа ресурстар тиімді пайдаланылады, ал бұл азық-түлік қауіпсіздігі мен аграр­лық сектордың экспорттық әлеуетін күшейтеді.

Экология саласында да мұндай техно­логиялардың рөлі зор. Көптеген елде микроорганизмдер ағынды суларды тазартуға, ластанған жерлерді қал­пына келтіруге, органикалық қалдық­тарды өңдеуге қолданылады. Бұл табиғатқа түсетін салмақты азайтып қана қоймай, экологиялық шығындарды да төмендетеді.

Осылайша, биотехнология әлдеқашан іргелі ғылым аясынан шығып, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп пен экологияның ажырамас бөлігіне айналды. Сондықтан дамыған мемлекеттер оны тек ғылыми бағыт ретінде емес, халықтың өмір сапасын жақсартатын, ұлттық қауіпсіздікті күшейтетін әрі эконо­миканың жаңа өсу нүктелерін қалып­тастыратын стратегиялық құрал ретінде қарастырады. Бұл тәсілдің негізінде биоэкономика жатыр.

Қазақстан үшін де мұндай мүмкіндік бар. Елімізде ғылыми мектептер қалып­тасқан, агроөнеркәсіптік кешен дамып келеді, медициналық білім беру жүйесі жаңарып, ғылымды қолдауға бағыт­тал­ған мемлекеттік саясат жүзеге асырылып жатыр. Мұның бәрі биоэкономика­ны еліміздің ұзақмерзімді дамуының маңыз­ды факторларының біріне айналдырады.

Біздің мүмкіндігіміз

Кез келген технологиялық революция жаңа экономикалық көшбасшыларды қалыптастырады. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, табысқа барлық бағытты қатар дамытуға тырысқан елдер емес, өз артықшылықтарын дәл анықтап, ресурс­тарын соған шоғырландырған мемлекеттер жетеді. Еліміз үшін қалыптасып келе жатқан биоэкономикада өз орнын айқын­даудың маңызы зор.

Ең алдымен, елдің географиялық орналасуы маңызды артықшылық саналады. Орталық Азия халқының саны тұрақты өсіп келеді. Бұл медицинаға, дәрілік препараттарға, агротехнологияларға, биологиялық қауіпсіздік жүйелеріне сұра­ныс­ты арттырады. Қазақстан осы өңірдің технологиялық және ғылыми орта­лық­­­тарының біріне айналуға мүмкін­дік алады.

Екінші маңызды фактор – аграрлық әлеует. Еліміздің жер және табиғи ресурстары мол болғанымен, болашақтағы бәсекеге қабілеттілік жер көлемімен емес, технологиямен өлшенеді. Биотехнология өнімділікті арттырып, су мен басқа ресурс­тарды үнемдеуге, ауыл шаруа­шы­лы­ғы­ның тиімділігі мен экспорттық әлеуетін күшейтуге жол ашады.

Үшінші бағыт – денсаулық сақтау мен ғылым. Кейінгі жылдары елімізде заманауи клиникалар, ұлттық ғылыми орталықтар мен медициналық университеттер дамып келеді. Бұл биомедицина­­лық зерттеулерді кеңейтіп, халықаралық жобаларға қатысуға, инвестиция тартуға, жаңа тех­нологияларды жедел енгізуге жол ашады.

Төртінші артықшылық – адам капиталы. Мемлекет ғылым мен жоғары білімге инвестицияны көбейтіп, зерттеу университеттерін дамытып, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтіп жатыр. Ендігі міндет – осы ғылыми әлеуетті нақты экономикалық нәтижеге айналдыру. Биоэкономика университеттерді, ғылыми институттарды, медицинаны, агроөнеркәсіп пен кәсіпкерлікті бір жүйеге біріктіретін маңызды алаң бола алады.

Бұл тұрғыда Алатау қаласының әлеуеті ерекше. Егер мұнда зерттеу уни­вер­­ситеттері, ғылыми орталықтар, жо­ғары технологиялық компаниялар мен стартаптар шоғырланатын иннова­ция­­лық экожүйе қалыптасса, қала Ор­та­лық Азиядағы биоэкономиканың маңызды орталықтарының біріне айналуы мүмкін. Әлемдік тәжірибе дәл осындай ғылыми кластерлер жаңа технология­лар мен экспорттық өндірістердің негізгі қозғаушы күшіне айналатынын көрсетеді.

Еліміздің алдында тұрған басты міндет – қалыптасқан ғылыми және технологиялық әлеуетті ұзақмерзімді бәсекелестік артықшылыққа айналдыру.

Ғылымнан – экономикаға

Біраз жыл қатарынан ғылыми саясат­тың тиімділігі дәстүрлі түрде жария­­ланымдар санымен, зерттеулерді қаржы­лан­дыру көлемімен, патенттермен немесе құрылған зертханалармен бағаланып келгені рас. Осы көрсеткіштердің барлығы маңызды болып қала беретіні даусыз. Десек те ХХІ ғасырда олардың өзектілігі бұрынғыдай болмайды. Күн тәртібінде тұрған сұрақ мүлдем бөлек: мемлекет ғылым­­ға салынған инвестициядан қандай экономикалық пайда көреді?

Әлемде ғылыми саясат­тың басымдығы біртіндеп өзгеріп жатыр. Мемлекет­тер енді тек зерттеу жүргізуге емес, ғылыми нәтижелерді коммерцияландыруға, техно­ло­гиялық кәсіп­керлікті дамытуға және жаңа жоға­ры технологиялық өндірістер құ­ру­ға басым­дық беруде. Ғылымның басты нә­тижесі – экономикалық өсімге қос­қан үлесі.

Дәл осы тұрғыдан биоэкономиканың маңызы артып келеді. Ол ғылыми зерт­теу­лерді технологияға, технологияны өндіріске, ал өндірісті жаңа компаниялар мен экспортқа жалғайтын тұтас жүйе қалыптастырады. Нәтижесінде, ғылым да, бизнес те, тұтас экономика да ұтады.

Қазір әлемдік биотехнология нары­ғы­ның көлемі 1,5 триллион доллардан асады және алдағы жылдары оның бірнеше есе ұлғаюы күтіледі. Бұл мемлекет­тер­дің енді тек табиғи ресурстар үшін емес, технологиялық нарықтар мен зияткерлік меншік үшін де бәсекеге түсіп жатқанын айқындайды. Осыған байланысты көптеген ел биотехнологиялық стартаптар­ды қол­дап, венчурлік қаржы­лан­ды­ру­ды дамы­тып келеді. Өйткені жаңа технология­лар көбіне ірі корпорациялардан емес, иннова­ция­лық компания­лардан бастау алады.

Бұл елімізге экономиканы әртараптан­дырудың жаңа мүмкіндігі. Биоэкономика шикізаттық емес экспорттың үлесін арт­тыруға, еңбек өнімділігін көтеруге, жоғары технологиялық жұмыс орындарын ашуға, отан­дық компаниялардың жаһандық өнді­ріс тізбегіне қосылуына мүмкіндік береді.

Биоэкономика елдің инновациялық әлеуетін күшейтеді. Бірақ түпкі мақсат халықаралық рейтингтердегі орынды жақсарту емес, әлемдік деңгейдегі технологияларды өзіміз әзірлей алатын экономиканы қалыптастыру болуы қажет.

Ең маңыздысы, биоэкономиканың нәтижесі тек экономикалық көрсет­кіш­термен өлшенбейді. Ол тиімді дәрі-дәрмек, қауіпсіз азық-түлік, экологиялық тұрақ­тылық, жоғары өнімді жұмыс орын­дары және халықтың өмір сапа­сының жақсаруымен бағаланады. Сон­дық­тан биоэкономика – ғылымды қолдау­мен қатар, ұлттық қауіпсіздікке, эконо­миканың бәсекеге қабілеттілігіне, азамат­тар­дың әл-ауқатына салынған инвестиция.

Ұлттық биоэкономика: идеядан – іске

Биоэкономиканы ХХІ ғасырдағы жаһандық бәсекеге қабілеттіліктің негізгі факторларының бірі деп мойындасақ, Қазақстанның келесі қадамы – осы саланы дамытудың ұзақмерзімді ұлттық стратегиясын қалыптастыру болмақ. Бұл жаңа мемлекеттік бағдарлама қабылдау емес, ғылым, білім, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және цифрлық даму салаларындағы реформаларды бір мақсатқа тоғыстыратын стратегиялық платформа болуға тиіс.

Кейінгі жылдары еліміз ғылымды қаржыландыруды ұлғайтып, зерттеу универ­ситеттерін дамытып, академиялық дер­бестікті кеңейтті әрі жасанды интел­лек­тіні дамытуға кірісті. Ендігі кезеңде осы әлеует нақты экономикалық нәтиже бере бастауы қажет.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, био­экономиканың табысты дамуы төрт негізгі бағытқа сүйенеді.

Біріншісі – заманауи зерттеу инфрақ­ұры­­лымы. Университеттер тек білім беретін мекеме емес, жаңа технологияларды әзірлейтін, ғылыми нәтижелерді коммер­­цияландыратын әрі стартаптарды қа­лып­тастыратын орталыққа айналуы қажет.

Екіншісі – бизнестің белсенді қатысуы. Жеке сектор қолданбалы зерттеулердің негізгі тапсырыс берушісі болып, тәжіри­­белік әзірлемелерге инвестиция салып, инновацияларды нарыққа шығаруы керек.

Үшіншісі – қолайлы институционал­дық орта. Бұл тиімді реттеу жүйесін қалыптастыруды, венчурлік қаржылан­ды­руды қолдауды, зияткерлік меншікті қорғауды және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуді қамтиды.

Төртіншісі – кадр даярлау. Қазіргі биоэкономика биологияны, инженерияны, деректерді талдау мен жасанды интеллектіні қатар меңгерген жаңа буын мамандарын талап етеді.

Өңірлік фактордың да маңызы зор. Орталық Азиядағы халық санының өсуі сапалы медицинаға, дәрілік препараттарға, агротехнологияларға және ғылыми қызметтерге сұранысты арттырады. Нәтижесінде, еліміз ішкі нарықты дамытып қана қоймай, технологиялар мен білім экспортын кеңейте алады.

Осы тұрғыда Алатау қаласы ерекше рөл атқара алады. Егер онда зерттеу университеттері, ғылыми орталықтар, жоғары технологиялық компаниялар мен стартаптар тоғысқан инновациялық экожүйе қалыптасса, ол Орталық Азия­дағы биоэкономиканың маңызды орта­лық­тарының бірі болуы әбден мүмкін.

Кез келген стратегияның тиім­ділігі қабылданған құжаттармен емес, нақты нәтижемен бағалануға тиіс. Ғылыми зерттеулерге бизнестің инвестициясы артып, технологиялық компаниялар көбейіп, жоғары қосылған құны бар өнім экспорты ұлғайып, отандық әзірлемелер өндіріске енгізілуі қажет. Ең бастысы, мұның бәрі азаматтардың өмір сапасының жақсаруына ықпал етуі керек.

Келешекті анықтайтын таңдау

Әлемдік тәжірибе технологиялық революциялардың мемлекеттерге екінші мүмкіндік бере бермейтінін көрсетеді. Әрбір тың технологиялық құрылым жаңа көшбасшылардың, жаңа өндірістердің және жаңа экономикалық орталықтардың пайда болуымен қатар жүреді. Бүгінде дәл сондай кезеңнің куәсі болып отырмыз. Жасанды интеллект пен биотехнология келесі технологиялық дәуірдің іргетасына айналып келеді.

Қазақстан бұл үдерістен тыс қалмай, ғылымды, жоғары білімді және инновацияны дамытуға бағытталған жүйелі реформаларды қолға алды. Конституцияда ғылым, білім, инновация және адам капиталы стратегиялық басымдық ретінде айқындалды. Зерттеу инфрақұрылымы нығайып, халықаралық әріптестік кеңейіп, жасанды интеллект бағытындағы бастамалар іске асырылып жатыр.

Келесі қадам – іргетасымызды техно­логиялық экономикаға айналдыру. Бұл тұрғыда биоэкономика ғылымды, білімді, бизнесті және өндірісті бір жүйеге біріктіріп, жаңа технологиялық өндірістердің, жоғары қосылған құны бар экспорттың, сапалы жұмыс орындарының қалыптасуына ықпал етеді. 

Сонымен бірге биоэкономика экономи­каның ғана емес, қоғамның да дамуына ық­пал етеді. Ол денсаулық сақтау, ауыл шаруа­­шылығы, азық-түлік қауіпсіздігі, эко­логия және білім салаларын қатар да­мытуға жол ашады. Сондықтан бұл бағыт­­қа салынған инвес­тиция ең алдымен адам­ның өмір сапасына салынған инвестиция болмақ.

Қазақстанның Орталық Азиядағы биоэкономика орталықтарының біріне айналуына қажетті алғышарттар бар. Саяси ерік, ғылыми әлеует, дамып келе жатқан университеттер, өсіп жатқан адам капиталы, қолайлы географиялық орналасу – осының барлығы жаңа технологиялық экономиканы қалыптастыруға негіз бола алады.

ХХ ғасыр елімізді индустриялық мемлекет ретінде танытса, ХХІ ғасыр ғылым мен технологияға негізделген экономиканы қалыптастыру кезеңі болуға тиіс. Ол үшін білімді технологияға, технологияны өндіріске, ал өндірісті азаматтардың әл-ауқатына айналдыра алатын тиімді жүйе қажет. Биоэкономиканың стратегиялық маңызы да дәл осы міндеттен туындайды.

Камалжан НАДЫРОВ,

MD, PhD, Білім беру және қоғамдық денсаулық сақтау саласының сарапшысы

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью