Биоэкономика ел дамуының маңызды бағдары
Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Ата заң елдің ұзақмерзімді даму бағытын айқындады. Ендігі міндет – осы конституциялық басымдықтарды нақты экономикалық нәтижеге айналдыру. Ғылым, білім, инновация және адам капиталын мемлекеттік саясаттың өзегіне айналдыру – құқықтық өзгеріс қана емес, жаңа даму моделіне көшудің алғышарты.
Әлемдік экономика ұзақ уақыт табиғи ресурстар мен өнеркәсіпке сүйеніп келді. Бүгінде бәсекеге қабілеттілік ғылымды, технологияны және зияткерлік меншікті өндіріске қаншалықты тиімді енгізумен өлшенеді. Сондықтан Мемлекет басшысының ғылымды, жоғары білімді, жасанды интеллектіні және инновациялық экономиканы дамыту жөніндегі бастамалары біртұтас стратегиялық бағытты қалыптастырады.
Кейінгі жылдары еліміз осы бағыттың негізін қалады. «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң қабылданды, Президент жанынан Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылды, ғылымды қаржыландыру ұлғайды, зерттеу университеттері дамып, халықаралық жоғары оқу орындарының филиалдары ашылып жатыр. Жасанды интеллектінің ұлттық экожүйесі де қалыптасып келеді.
Ендігі негізгі мәселе – осы ғылыми әлеуетті тұрақты экономикалық өсімге айналдыру. Бұл тұрғыда әлемдік тәжірибе келесі экономикалық драйверлердің бірі ретінде биоэкономиканы алға шығарып отыр.
Озық тәжірибе өнегесі
Кейінгі онжылдықта биотехнология ғылымның жеке бағыты аясынан шығып, экономиканың маңызды секторына айналды. Еуропалық комиссияның дерегіне сәйкес, Еуроодақтағы биоэкономика көлемі жылына 2,7 трлн еуроға жетіп, 17,1 миллион адамды жұмыспен қамтып отыр. Мұнда биоэкономика ғылымды қолдау құралы емес, өнеркәсіптік саясаттың, технологиялық тәуелсіздіктің және жаңа жұмыс орындарын құрудың негізі ретінде қарастырылады.
Осындай бағытты басқа дамыған мемлекеттер де ұстанып келеді. Мәселен, табиғи ресурсы аз Сингапур ғылымға жүйелі инвестиция салу арқылы Азиядағы жетекші биомедициналық орталықтардың бірін қалыптастырды. Қазір халықаралық фармацевтикалық компаниялар бұл елде зерттеу және өндіріс орталықтарын орналастырып жатыр.
Бұл тәжірибелердің ортақ сипаты біреу: олар зертханаларды ғана емес, ғылымның технологияға, технологияның өндіріске, ал өндірістің экономикалық өсімге айналуына мүмкіндік беретін толық экожүйені қалыптастырды. Бүгінде биоэкономика дегеніміз – дәл осы.
Өмір сапасын жақсартады
Биотехнология туралы сөз болғанда көпшілік күрделі зертханалар мен генетикалық зерттеулерді елестетеді. Алайда оның нәтижесін адамдар күнделікті өмірде пайдаланып келеді.
Соның ең айқын мысалы – инсулин. Бір ғасыр бұрын І типті қант диабеті өлімге тең диагноз саналса, бүгінде миллиондаған адам биотехнология көмегімен өндірілетін препараттардың арқасында қалыпты өмір сүріп жүр. Бұл ғылым адамның өмір сапасын түбегейлі өзгерте алатынын көрсетеді.
Биотехнологияның маңызы ауыл шаруашылығында да артып келеді. Қазақстан үшін бұл бағыт ерекше өзекті. Заманауи биотехнология құрғақшылыққа, ауруларға, климаттың өзгеруіне төзімді жаңа өсімдік сұрыптарын шығаруға жол ашады. Нәтижесінде, өнімділік өсіп, су мен басқа ресурстар тиімді пайдаланылады, ал бұл азық-түлік қауіпсіздігі мен аграрлық сектордың экспорттық әлеуетін күшейтеді.
Экология саласында да мұндай технологиялардың рөлі зор. Көптеген елде микроорганизмдер ағынды суларды тазартуға, ластанған жерлерді қалпына келтіруге, органикалық қалдықтарды өңдеуге қолданылады. Бұл табиғатқа түсетін салмақты азайтып қана қоймай, экологиялық шығындарды да төмендетеді.
Осылайша, биотехнология әлдеқашан іргелі ғылым аясынан шығып, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп пен экологияның ажырамас бөлігіне айналды. Сондықтан дамыған мемлекеттер оны тек ғылыми бағыт ретінде емес, халықтың өмір сапасын жақсартатын, ұлттық қауіпсіздікті күшейтетін әрі экономиканың жаңа өсу нүктелерін қалыптастыратын стратегиялық құрал ретінде қарастырады. Бұл тәсілдің негізінде биоэкономика жатыр.
Қазақстан үшін де мұндай мүмкіндік бар. Елімізде ғылыми мектептер қалыптасқан, агроөнеркәсіптік кешен дамып келеді, медициналық білім беру жүйесі жаңарып, ғылымды қолдауға бағытталған мемлекеттік саясат жүзеге асырылып жатыр. Мұның бәрі биоэкономиканы еліміздің ұзақмерзімді дамуының маңызды факторларының біріне айналдырады.
Біздің мүмкіндігіміз
Кез келген технологиялық революция жаңа экономикалық көшбасшыларды қалыптастырады. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, табысқа барлық бағытты қатар дамытуға тырысқан елдер емес, өз артықшылықтарын дәл анықтап, ресурстарын соған шоғырландырған мемлекеттер жетеді. Еліміз үшін қалыптасып келе жатқан биоэкономикада өз орнын айқындаудың маңызы зор.
Ең алдымен, елдің географиялық орналасуы маңызды артықшылық саналады. Орталық Азия халқының саны тұрақты өсіп келеді. Бұл медицинаға, дәрілік препараттарға, агротехнологияларға, биологиялық қауіпсіздік жүйелеріне сұранысты арттырады. Қазақстан осы өңірдің технологиялық және ғылыми орталықтарының біріне айналуға мүмкіндік алады.
Екінші маңызды фактор – аграрлық әлеует. Еліміздің жер және табиғи ресурстары мол болғанымен, болашақтағы бәсекеге қабілеттілік жер көлемімен емес, технологиямен өлшенеді. Биотехнология өнімділікті арттырып, су мен басқа ресурстарды үнемдеуге, ауыл шаруашылығының тиімділігі мен экспорттық әлеуетін күшейтуге жол ашады.
Үшінші бағыт – денсаулық сақтау мен ғылым. Кейінгі жылдары елімізде заманауи клиникалар, ұлттық ғылыми орталықтар мен медициналық университеттер дамып келеді. Бұл биомедициналық зерттеулерді кеңейтіп, халықаралық жобаларға қатысуға, инвестиция тартуға, жаңа технологияларды жедел енгізуге жол ашады.
Төртінші артықшылық – адам капиталы. Мемлекет ғылым мен жоғары білімге инвестицияны көбейтіп, зерттеу университеттерін дамытып, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтіп жатыр. Ендігі міндет – осы ғылыми әлеуетті нақты экономикалық нәтижеге айналдыру. Биоэкономика университеттерді, ғылыми институттарды, медицинаны, агроөнеркәсіп пен кәсіпкерлікті бір жүйеге біріктіретін маңызды алаң бола алады.
Бұл тұрғыда Алатау қаласының әлеуеті ерекше. Егер мұнда зерттеу университеттері, ғылыми орталықтар, жоғары технологиялық компаниялар мен стартаптар шоғырланатын инновациялық экожүйе қалыптасса, қала Орталық Азиядағы биоэкономиканың маңызды орталықтарының біріне айналуы мүмкін. Әлемдік тәжірибе дәл осындай ғылыми кластерлер жаңа технологиялар мен экспорттық өндірістердің негізгі қозғаушы күшіне айналатынын көрсетеді.
Еліміздің алдында тұрған басты міндет – қалыптасқан ғылыми және технологиялық әлеуетті ұзақмерзімді бәсекелестік артықшылыққа айналдыру.
Ғылымнан – экономикаға
Біраз жыл қатарынан ғылыми саясаттың тиімділігі дәстүрлі түрде жарияланымдар санымен, зерттеулерді қаржыландыру көлемімен, патенттермен немесе құрылған зертханалармен бағаланып келгені рас. Осы көрсеткіштердің барлығы маңызды болып қала беретіні даусыз. Десек те ХХІ ғасырда олардың өзектілігі бұрынғыдай болмайды. Күн тәртібінде тұрған сұрақ мүлдем бөлек: мемлекет ғылымға салынған инвестициядан қандай экономикалық пайда көреді?
Әлемде ғылыми саясаттың басымдығы біртіндеп өзгеріп жатыр. Мемлекеттер енді тек зерттеу жүргізуге емес, ғылыми нәтижелерді коммерцияландыруға, технологиялық кәсіпкерлікті дамытуға және жаңа жоғары технологиялық өндірістер құруға басымдық беруде. Ғылымның басты нәтижесі – экономикалық өсімге қосқан үлесі.
Дәл осы тұрғыдан биоэкономиканың маңызы артып келеді. Ол ғылыми зерттеулерді технологияға, технологияны өндіріске, ал өндірісті жаңа компаниялар мен экспортқа жалғайтын тұтас жүйе қалыптастырады. Нәтижесінде, ғылым да, бизнес те, тұтас экономика да ұтады.
Қазір әлемдік биотехнология нарығының көлемі 1,5 триллион доллардан асады және алдағы жылдары оның бірнеше есе ұлғаюы күтіледі. Бұл мемлекеттердің енді тек табиғи ресурстар үшін емес, технологиялық нарықтар мен зияткерлік меншік үшін де бәсекеге түсіп жатқанын айқындайды. Осыған байланысты көптеген ел биотехнологиялық стартаптарды қолдап, венчурлік қаржыландыруды дамытып келеді. Өйткені жаңа технологиялар көбіне ірі корпорациялардан емес, инновациялық компаниялардан бастау алады.
Бұл елімізге экономиканы әртараптандырудың жаңа мүмкіндігі. Биоэкономика шикізаттық емес экспорттың үлесін арттыруға, еңбек өнімділігін көтеруге, жоғары технологиялық жұмыс орындарын ашуға, отандық компаниялардың жаһандық өндіріс тізбегіне қосылуына мүмкіндік береді.
Биоэкономика елдің инновациялық әлеуетін күшейтеді. Бірақ түпкі мақсат халықаралық рейтингтердегі орынды жақсарту емес, әлемдік деңгейдегі технологияларды өзіміз әзірлей алатын экономиканы қалыптастыру болуы қажет.
Ең маңыздысы, биоэкономиканың нәтижесі тек экономикалық көрсеткіштермен өлшенбейді. Ол тиімді дәрі-дәрмек, қауіпсіз азық-түлік, экологиялық тұрақтылық, жоғары өнімді жұмыс орындары және халықтың өмір сапасының жақсаруымен бағаланады. Сондықтан биоэкономика – ғылымды қолдаумен қатар, ұлттық қауіпсіздікке, экономиканың бәсекеге қабілеттілігіне, азаматтардың әл-ауқатына салынған инвестиция.
Ұлттық биоэкономика: идеядан – іске
Биоэкономиканы ХХІ ғасырдағы жаһандық бәсекеге қабілеттіліктің негізгі факторларының бірі деп мойындасақ, Қазақстанның келесі қадамы – осы саланы дамытудың ұзақмерзімді ұлттық стратегиясын қалыптастыру болмақ. Бұл жаңа мемлекеттік бағдарлама қабылдау емес, ғылым, білім, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және цифрлық даму салаларындағы реформаларды бір мақсатқа тоғыстыратын стратегиялық платформа болуға тиіс.
Кейінгі жылдары еліміз ғылымды қаржыландыруды ұлғайтып, зерттеу университеттерін дамытып, академиялық дербестікті кеңейтті әрі жасанды интеллектіні дамытуға кірісті. Ендігі кезеңде осы әлеует нақты экономикалық нәтиже бере бастауы қажет.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, биоэкономиканың табысты дамуы төрт негізгі бағытқа сүйенеді.
Біріншісі – заманауи зерттеу инфрақұрылымы. Университеттер тек білім беретін мекеме емес, жаңа технологияларды әзірлейтін, ғылыми нәтижелерді коммерцияландыратын әрі стартаптарды қалыптастыратын орталыққа айналуы қажет.
Екіншісі – бизнестің белсенді қатысуы. Жеке сектор қолданбалы зерттеулердің негізгі тапсырыс берушісі болып, тәжірибелік әзірлемелерге инвестиция салып, инновацияларды нарыққа шығаруы керек.
Үшіншісі – қолайлы институционалдық орта. Бұл тиімді реттеу жүйесін қалыптастыруды, венчурлік қаржыландыруды қолдауды, зияткерлік меншікті қорғауды және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуді қамтиды.
Төртіншісі – кадр даярлау. Қазіргі биоэкономика биологияны, инженерияны, деректерді талдау мен жасанды интеллектіні қатар меңгерген жаңа буын мамандарын талап етеді.
Өңірлік фактордың да маңызы зор. Орталық Азиядағы халық санының өсуі сапалы медицинаға, дәрілік препараттарға, агротехнологияларға және ғылыми қызметтерге сұранысты арттырады. Нәтижесінде, еліміз ішкі нарықты дамытып қана қоймай, технологиялар мен білім экспортын кеңейте алады.
Осы тұрғыда Алатау қаласы ерекше рөл атқара алады. Егер онда зерттеу университеттері, ғылыми орталықтар, жоғары технологиялық компаниялар мен стартаптар тоғысқан инновациялық экожүйе қалыптасса, ол Орталық Азиядағы биоэкономиканың маңызды орталықтарының бірі болуы әбден мүмкін.
Кез келген стратегияның тиімділігі қабылданған құжаттармен емес, нақты нәтижемен бағалануға тиіс. Ғылыми зерттеулерге бизнестің инвестициясы артып, технологиялық компаниялар көбейіп, жоғары қосылған құны бар өнім экспорты ұлғайып, отандық әзірлемелер өндіріске енгізілуі қажет. Ең бастысы, мұның бәрі азаматтардың өмір сапасының жақсаруына ықпал етуі керек.
Келешекті анықтайтын таңдау
Әлемдік тәжірибе технологиялық революциялардың мемлекеттерге екінші мүмкіндік бере бермейтінін көрсетеді. Әрбір тың технологиялық құрылым жаңа көшбасшылардың, жаңа өндірістердің және жаңа экономикалық орталықтардың пайда болуымен қатар жүреді. Бүгінде дәл сондай кезеңнің куәсі болып отырмыз. Жасанды интеллект пен биотехнология келесі технологиялық дәуірдің іргетасына айналып келеді.
Қазақстан бұл үдерістен тыс қалмай, ғылымды, жоғары білімді және инновацияны дамытуға бағытталған жүйелі реформаларды қолға алды. Конституцияда ғылым, білім, инновация және адам капиталы стратегиялық басымдық ретінде айқындалды. Зерттеу инфрақұрылымы нығайып, халықаралық әріптестік кеңейіп, жасанды интеллект бағытындағы бастамалар іске асырылып жатыр.
Келесі қадам – іргетасымызды технологиялық экономикаға айналдыру. Бұл тұрғыда биоэкономика ғылымды, білімді, бизнесті және өндірісті бір жүйеге біріктіріп, жаңа технологиялық өндірістердің, жоғары қосылған құны бар экспорттың, сапалы жұмыс орындарының қалыптасуына ықпал етеді.
Сонымен бірге биоэкономика экономиканың ғана емес, қоғамның да дамуына ықпал етеді. Ол денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, азық-түлік қауіпсіздігі, экология және білім салаларын қатар дамытуға жол ашады. Сондықтан бұл бағытқа салынған инвестиция ең алдымен адамның өмір сапасына салынған инвестиция болмақ.
Қазақстанның Орталық Азиядағы биоэкономика орталықтарының біріне айналуына қажетті алғышарттар бар. Саяси ерік, ғылыми әлеует, дамып келе жатқан университеттер, өсіп жатқан адам капиталы, қолайлы географиялық орналасу – осының барлығы жаңа технологиялық экономиканы қалыптастыруға негіз бола алады.
ХХ ғасыр елімізді индустриялық мемлекет ретінде танытса, ХХІ ғасыр ғылым мен технологияға негізделген экономиканы қалыптастыру кезеңі болуға тиіс. Ол үшін білімді технологияға, технологияны өндіріске, ал өндірісті азаматтардың әл-ауқатына айналдыра алатын тиімді жүйе қажет. Биоэкономиканың стратегиялық маңызы да дәл осы міндеттен туындайды.
Камалжан НАДЫРОВ,
MD, PhD, Білім беру және қоғамдық денсаулық сақтау саласының сарапшысы
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:42
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 03 Шілде 2026 21:58 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар



















