Ұлттық құрылтай және ғылым: Қазақстан дамуының стратегиялық бағдары
Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Президент өз сөзінде Қазақстанның орнықты дамуы тікелей ғылымға негізделген экономиканы қалыптастырумен, әлеуметтік-гуманитарлық ойдың жаңғыруымен, жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды кеңінен енгізумен, су және энергетикалық ресурстарды тиімді басқарумен, көлік-логистикалық әлеуетті толық іске асырумен тығыз байланысты екенін нақты атап өтті.
Мемлекет басшысы өз сөзінде ғылымның мемлекет саясатында рөлін күшейтуді, оны нақты әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешуге бағыттауды тапсырды. Бұл – соңғы жылдары жүргізіліп жатқан ғылыми саясаттың логикалық жалғасы. Ұлттық ғылым академиясы 2025 жылы дәл осы бағытта бірқатар институционалдық және мазмұндық реформаларды жүзеге асырды. Академия ғылымды басқарудың ашық, қолданбалы және нәтижеге бағдарланған моделін қалыптастыруға көшті.
Академия жанынан ғылым мен өндіріс, ғылым мен мемлекеттік саясат арасындағы байланысты күшейтуге бағытталған жаңа институттар, орталықтар ашылды. Мемлекет басшысының «ғылым қоғамға қызмет етуі тиіс» деген қағидаты Академия қызметінің негізгі ұстанымына айналды.
Ұлттық құрылтайдағы Президент сөзінде қоғамдық сананы жаңғырту, тарихи жады, ұлттық бірегейлік, әлеуметтік тұрақтылық, әділетті қоғам құндылықтары ерекше атап өтілді. Бұл мәселелерді ғылыми тұрғыдан зерделеу – әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың тікелей міндеті. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы жанынан әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар бойынша Координациялық кеңес құру туралы шешім қабылданды. Бұл Кеңес: әлеуметтік және гуманитарлық зерттеулердің басым бағыттарын айқындау; ғылыми тақырыптардың ұсақталуын болдырмау; ұлттық саясатқа, білім беру мен тәрбие жүйесіне ғылыми негізделген ұсыныстар әзірлеу; академиялық және қолданбалы зерттеулердің үйлесімін қамтамасыз ету міндеттерін атқарады.
Президент сөзінде жасанды интеллект пен цифрлық трансформация Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторының бірі ретінде аталды. Ұлттық ғылым академиясы бұл бағытта 2025 жылы бірқатар стратегиялық жобаны іске асырды. Академия базасында әлемдегі жетекші ғылыми-инфрақұрылымдық орталықтың бірі – KISTI (Korea Institute of Science and Technology Information) институтымен бірлесіп, AI SilkNet орталығы ашылды. Бұл орталықтың мақсаты – үлкен деректер мен жасанды интеллект негізінде ғылыми-технологиялық даму болжамдарын әзірлеу, ұлттық ғылыми басымдықтарды айқындау, мемлекеттік шешімдерге ғылыми-аналитикалық қолдау көрсету. Сонымен қатар Қытай ғылым академиясымен бірлесіп кеңістіктік-жасанды интеллект зертханасы құрылды. Бұл зертхана геоақпараттық жүйелер, кеңістіктік талдау, қалалар мен өңірлерді цифрлық модельдеу, климат пен табиғи ресурстарды болжау салаларында ғылыми зерттеулер жүргізеді. Бұл бастамалар – Мемлекет басшысының ғылымды цифрландыру, деректерге негізделген басқару жүйесін енгізу жөніндегі тапсырмаларын іске асырудың нақты қадамдары.
Ұлттық құрылтайда көтерілген ең өзекті тақырыптардың бірі – су қауіпсіздігі. Президент су ресурстарын тиімді басқару, трансшекаралық өзендер мәселесін ғылыми негізде шешу қажеттігін ерекше атап өтті. Ұлттық ғылым академиясы бұл бағытта 2025 жылы Германияның жетекші ғылыми орталықтарының бірімен бірлесіп NEXUS институтын іске қосты. Институт: су–энергия–азық-түлік байланысы (water–energy–food nexus) қағидаты бойынша кешенді зерттеулер жүргізеді; климаттың өзгеруі жағдайында су ресурстарын басқарудың жаңа модельдерін ұсынады; су тапшылығы бар өңірлер үшін ғылыми ұсынымдар әзірлейді. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысының су саясатын жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын ғылыми тұрғыдан қамтамасыз етуге бағытталған.
Президент өз сөзінде Қазақстанның транзиттік әлеуетін толық іске асырудың маңызын атап өтті. Ұлттық ғылым академиясы көлік саласының еліміздің экономикасы мен қауіпсіздігі үшін қаншалықты маңызды екендігін және бұл салалардағы өзекті мәселелерді заманауи ғылыми әдістермен шешу керектігін жақсы түсінеді. Сондықтан Академия өзі құрылған уақыттан бастап көлік ғылымдарына баса назар аударып, арнайы Көлік ғылымдары секциясын ашып, осы саланың белгілі ғалымдары, сарапшылар жұмыс тобында тәуелсіз сараптамалық ұсыныстарын беріп отыр.
Былтыр сәуір айында Көлік ғылымдары секциясының бастамасымен Ақтау қаласында өңірлік ғылымды дамытуға, оған қоса халықаралық көлік дәліздерінің жұмысқа қабілеттілігін арттырудың ғылыми негіздерін талқылауға арналған Академия төралқасының көшпелі отырысы өткізілді. Сол уақытқа дейінгі Академияның Көлік ғылымдары секциясының жүйелі түрде жүргізіп келген зерттеу-талдау жұмыстарының нәтижелері негізінде еліміздің автожол саласындағы өзекті мәселелер және оларды шешу жолдары ұсынылған сараптамалық хат әзірленіп, құзырлы органдарға жолданды.
Биылғы жылдың басында Академияның басқаруымен Қазақстанда алғаш рет «Көлік ғылымдары және технологиялары институты» құрылды. Институттың негізгі миссиясы – еліміздің көлік жүйесінің тиімді қызмет жасауының ғылыми-техникалық негіздерін жасау. Институт көлік құрылыстарының беріктігі мен ұзақмерзімділігі, жол қозғалысының қауіпсіздігі; көлік жүйесін тиімді басқарудың математикалық және цифрлық модельдерін, беріктігі жоғары және пайдалану мерзімі ұзақ жаңа материалдар мен тиімді жаңа технологиялар, Қазақстанның жаңа жол-климаттық аудандастыруын, көлік құрылымдары мен олардың элементтерінің бұзылуларын ғылыми болжаудың жаңа әдістерін және оларды (бұзылуларды) азайту шараларының кешенін жасаумен айналысатын болады. Бұл бастамалар көлік, логистика, транзит, цифрлық көлік дәліздері, жасыл логистика салаларында ғылыми зерттеулерді жүйелеуге мүмкіндік берді.
Мемлекет басшысының Қазақстанның Авраам келісімдеріне қосылу мүмкіндігі туралы мәлімдемесі аясында АҚШ Ұлттық ғылым академиясы (NASEM) Қазақстан Республикасының қалыптасып келе жатқан ғылыми дипломатия платформасына ықпалдасу әлеуетін бағалауға мүдделілік танытып отыр. Осы тұрғыда АҚШ Ұлттық ғылым академиясы іске асырып жатқан және Авраам келісімдеріне қатысушы елдер арасындағы ғылым, инновация және зерттеулер саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған Abraham Accords Science Partnership for Innovation and Research Excellence (AASPIRE) бастамасы айрықша маңызға ие. Аталған бастаманың негізгі мақсаты – саяси уағдаластықтарды ғылыми жетістіктердің, технологиялық серпілістердің және өзара тиімді өңірлік әріптестіктің орнықты экожүйесіне айналдыру.
Қазақстанның AASPIRE бастамасына қатысуы елді Авраам келісімдерінің ғылыми өлшемін кеңейту үдерісіндегі негізгі еуразиялық әріптес ретінде позициялауға мүмкіндік береді. Бұл Қазақстан үшін агротехнологиялар, энергетика, су ресурстарын басқару, стратегиялық маңызы бар пайдалы қазбалар, денсаулық сақтау және ғарыштық зерттеулер сияқты басым бағыттарда ынтымақтастықты тереңдетуге жол ашады. Сонымен қатар АҚШ, Біріккен Араб Әмірліктері және Израильмен ғылыми-технологиялық кооперацияны нығайтуға, инвестициялар тартуға және халықаралық ғылыми байланыстарды кеңейтуге ықпал етеді. Аталған формат Астананың жаһандық ғылыми дипломатиядағы проактивті рөлін айқындап, елдің геосаяси орнықтылығын арттыруға да жағдай жасайды.
Екіжақты өзара іс-қимылды дамытудағы практикалық қадам ретінде 2025 жылғы 19 қарашада Алматы қаласында Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы мен АҚШ Ұлттық ғылым академиясы арасында жұмыс кездесуі өтті. Кездесу қорытындысы бойынша, тараптар ұзақмерзімді ғылыми ынтымақтастықты дамыту жөнінде уағдаласты. Қол жеткізілген келісімдер тұрақты ғылыми іс-шаралар өткізу, бірлескен зерттеу жобаларын қалыптастыру және AASPIRE бастамасын одан әрі институционалдандыру үдерісіне ҰҒА-ның қатысуын көздейді. Атап айтқанда, бастаманың басқару архитектурасы мен басым бағыттарын талқылау 2026 жылғы қаңтарда Абу-Даби қаласында өтетін халықаралық кездесудің күн тәртібіне енгізіледі.
Ұлттық ғылым академиясы Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың V отырысында айтқан бастамаларын толық қолдайды және оларды іске асыруға ғылыми қауымдастықтың әлеуеті жеткілікті екенін мәлімдейді. Академия мемлекеттік саясатты ғылыми сараптамамен қамтамасыз ету, стратегиялық реформаларды ғылыми негізде сүйемелдеу, талдау жұмыстарын әрі қарай жалғастырады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдағы сөзі ғылым үшін нақты бағдар, ал Ұлттық ғылым академиясы үшін – жауапты міндеттер жүктейтін стратегиялық үндеу. Академия бұл міндеттерді абыроймен орындап, Қазақстанның зияткерлік, технологиялық және әлеуметтік дамуына үлес қоса береді.
Тарихи сананы жаңғыртуда визуалды жобалардың маңызы зор. Жошы хан туралы көпсериялы фильм – тарихты бұқаралық санаға жеткізудің тиімді құралы. Алайда Мемлекет басшысы атап өткендей, мазмұн тереңдігі – басты талап. Осы тұрғыдан Алтын Орда тарихына арналған халықаралық симпозиум ғылыми қауымдастық үшін маңызды алаң болмақ. Тарих ғылымы дәл осындай халықаралық диалог арқылы дамиды.
Білім, ғылым және жоғары технологияға салынатын инвестиция – адам капиталының сапасын арттырудың басты шарты. Цифрландыру мен жасанды интеллектіні ұранға айналдырмай, нақты нәтижемен өлшеу талабы – ғылыми менеджменттің негізгі қағидасы. Бұл жерде ғылымға қойылатын талап та күшейеді: зерттеу нәтижелері нақты саясат пен басқару шешімдеріне әсер етуі тиіс.
Алдағы парламенттік және конституциялық реформалар – саяси ғылым үшін бірегей зерттеу алаңы. Құрылтай атауын Парламентке беру идеясы – тарихи институттарды заманауи саяси жүйемен ұштастырудың тың үлгісі. Мұнда да басты қағида – сан емес, сапа. Бұл – барлық реформаларға ортақ ғылыми тұжырым.
Жалпы құрылтай отырыстарының қорытындысы бойынша, 26 заң мен 13 маңызды құжат қабылданды. Құрылтайда ұсынған бастамалар салалық деңгейде қарастырылып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Құрылтай мүшелері ретінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академиктері, жас ғалымдар кеңесінің мүшелері белсенді түрде өзекті мәселелерді көтеріп, өңірлік ғылымды дамыту, ұлттық бірегейлік пен рухани құндылықтар, жас ғалымдардың мәселелері мен ғылыми кадрлар дайындау, ғылым мен қоғам арасындағы байланыс және т.б. берілген нақты ұсыныстар қолдау тауып, хаттамаға еніп, жүзеге асырылуда.
Қорытындылай айтқанда, Ұлттық құрылтайдың V отырысында айтылған ойлар Қазақстанның ғылыми, рухани және саяси дамуының тұтас сипаттамасын көрсетеді. Бұл – ғылым мен мораль, экономика мен мәдениет, саясат пен руханият тоғысқан күрделі, бірақ болашағы зор жол. Ұлттық ғылым академиясы осы жолда зияткерлік тірек, ғылыми навигатор болуға тиіс. Себебі ұлттың болашағы – ең алдымен, оның ойлау деңгейімен өлшенеді.
Ақылбек КҮРІШБАЕВ,
ҚР Президентінің жанындағы
Ұлттық ғылым академиясының президенті
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:95
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 24 Қаңтар 2026 05:24 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар


















