Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Жаңа жүйе не үшін қажет?
Жаңа жүйе арқылы ел аумағында нақты өнім шығаратын кәсіпорындарды импорттық та-уарды қайта сатумен айналысатын ұйымдардан ажыратуға болады. Бұл, ең алдымен, мемлекеттік қолдау шараларының нақты өндірушілерге бағытталуына әрі реттелетін сатып алулардағы әділ бәсекенің қалыптасуына жол ашады.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Елішілік құндылықты дамыту департаментінің директоры Айдын Рақымжанның айтуынша, тізілімді енгізудің басты мақсаты – отандық өндірушілердің бірыңғай әрі сенімді базасын қалыптастыру.
«Тізілімнің негізгі міндеті – ел аумағында нақты өндіріс жүргізетін кәсіпорындарды анықтап, оларды мемлекеттік қолдау шараларымен қамту және реттелетін сатып алулардағы ашықтықты қамтамасыз ету. Бұған дейін өндірісті жүзеге асырмай-ақ өзін отандық өндіруші ретінде көрсететін жағдайлар кездесетін. Жаңа жүйе мұндай тәуекелдерді азайтып, нақты өнім шығаратын кәсіпорындарға атаулы қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар алдағы уақытта өндірістік қызметті растау рәсімдерін толық цифрландырып, тексеру тетіктерін автоматтандыру, кәсіпкерлердің жүйемен жұмыс істеуін жеңілдету жоспарланып отыр. Нәтижесінде, нарықтың ашықтығы артып, жергілікті қамту үлесі өседі», дейді департамент директоры.
Тізілімге енгізілген кәсіпорындар мемлекеттік қолдаудың қаржылық және қаржылық емес құралдарын пайдалана алады. Сонымен қатар олардың отандық тауар өндіруші мәртебесі автоматты түрде расталып, мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы реттелетін сатып алуларға қатысу мүмкіндігі кеңейеді.
Бүгінде тізілім «Электрондық мемлекеттік сатып алу» порталымен, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының сатып алу жүйесімен, сондай-ақ Samruk Store, Omarket, Mitwork электрондық сауда алаңдарымен ықпалдастырылған. Соның арқасында сатып алушы ұйымдар кәсіпорынның мәртебесін қосымша анықтамай-ақ автоматты түрде тексере алады.
Айдын Рақымжанның сөзінше, өндірушілер туралы барлық мәлімет e-ondiris.gov.kz ақпараттық жүйесінде жинақталған. Кәсіпорын жеке кабинеті арқылы тізілімнен үзінді көшірме алып, отандық өндіруші мәртебесін растайтын арнайы QR-коды бар құжатты пайдалана алады.
Сенімді цифрлық сүзгі
Жаңа жүйенің басты ерекшелігінің бірі – өндірушінің мәртебесін растаудың көпсатылы тексеру тетігі.
Министрлік мәліметінше, бірінші кезеңде кәсіпорынның өндірістік қызметі автоматты түрде бағаланады. Бұл кезде шикізат айналымы, өндірістік активтердің болуы, жұмысшылар саны, электр энергиясын тұтыну көлемі сияқты тікелей көрсеткіштермен қатар, салық есептілігі, экспортқа қатысуы, өнім өткізу мен импорт айналымы тәрізді жанама көрсеткіштер де сараланады. Осы деректердің барлығы машиналық оқыту технологиясына негізделген модель арқылы талданады.
Екінші кезеңде кәсіпорын өндірістік үдерісті растайтын құжаттарды, технологиялық операциялардың орындалуын дәлелдейтін бейнематериалдар мен өндірістік базаға қатысты мәліметтерді ұсынады. Бұдан бөлек, әрбір өнім түріне арналған міндетті технологиялық операциялар толық орындалуға тиіс.
«Өндіруші мәртебесін беру құжаттарға ғана сүйенбейді. Кәсіпорын өндірістің нақты бар екенін дәлелдеуі қажет. Сондықтан жүйеде автоматтандырылған цифрлық верификация, салалық сарапшылардың бағалауы және тоқсан сайынғы мониторинг қарастырылған. Мұндай көпсатылы тәсіл тізілімге тек шын мәнінде өндіріс жүргізіп отырған кәсіпорындардың енуіне мүмкіндік береді», дейді Айдын Рақымжан.
Қазіргі өндірістік және технологиялық операциялар шарттарының тізбесі Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2025 жылғы 25 қыркүйектегі №392 бұйрығымен бекітілген. Бүгінде бұл құжат сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы тауарларының 5 790-нан астам тобын қамтиды.
Мемлекетке де, бизнеске де тиімді
«QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» акционерлік қоғамының қазақстандық тауар өндірушілерді қолдау дирекциясының басшысы Жансая Жақыпованың айтуынша, бірыңғай тізілім тек анықтамалық база емес, өнеркәсіптік саясатты нақты деректер негізінде жүргізуге жағдай жасайтын маңызды цифрлық құрал.
«Бірыңғай тізілім отандық өндірісті қолдаудың жаңа институтына айналып келеді. Оның көмегімен мемлекет қай салаларда өндіріс жеткілікті дамығанын, қай бағыттарда импортқа тәуелділік сақталып отырғанын нақты көре алады. Бұл жаңа өндірістерді жоспарлауға, импортты алмастыру саясатын тиімді жүргізуге және өңдеу өнеркәсібінің тұрақты дамуына негіз қалайды», дейді Жансая Жақыпова.
Қазір e-ondiris.gov.kz ақпараттық жүйесінде 6 574 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның ішінде 4 552 кәсіпорын ел аумағында толық өндірілген өнім шығарады. Ал 2 022-сі өңделген өнеркәсіп өнімдерін өндіреді. Жалпы алғанда, 49 мыңнан астам тауардың қазақстандық шығу тегі расталған. Бұл деректер елдің өндірістік әлеуетінің едәуір бөлігін бірыңғай цифрлық алаңға біріктіруге мүмкіндік тудырып отыр.
Тың мүмкіндікке жол ашады
Бірыңғай тізілімге енгізілу кәсіпкерлерге ең алдымен ішкі нарыққа жол ашады. Өйткені тізілімге енген кәсіпорындар мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың, «Самұрық-Қазына» қорының, жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларына қатыса алады.
Сонымен қатар олар «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, Қазақстанның Даму банкі, Өнеркәсіпті дамыту қоры секілді қаржы институттарының құралдарын, сондай-ақ QazIndustry, QazTrade және басқа да даму институттарының мемлекеттік қолдау бағдарламаларын пайдалану мүмкіндігіне ие болады.
Жансая Жақыпованың айтуынша, тізілімге енгізілу ерікті негізде жүзеге асырылғанымен, мемлекеттік қолдау құралдарын пайдалану немесе реттелетін сатып алуларға қатысу үшін кәсіпорынның осы тізілімде болуы міндетті.
«Бұл жүйе кәсіпкерлердің мәртебесін растайтын құжат қана емес. Ол жаңа тапсырыстарға жол ашатын, ұзақмерзімді әріптестікке бастайтын әрі мемлекеттік қолдау тетіктеріне қол жеткізуді жеңілдететін маңызды құралға айналып отыр», дейді ол.
Оның пікірінше, тізілімнің тиімді жұмыс істеуі үшін ең басты шарт – ақпараттың дұрыстығы мен үнемі жаңартылып отыруы. Сонымен бірге жүйе мемлекеттік сатып алу платформаларымен және басқа да мемлекеттік ақпараттық жүйелермен толық ықпалдасқанда ғана өзінің негізгі міндетін толық орындай алады.
Қазір тізілімде өңдеу өнеркәсібінің барлық негізгі салалары қамтылған. Ең көп кәсіпорын машина жасау, құрылыс индустриясы, агроөнеркәсіп, жеңіл және химия өнеркәсібінде тіркелген. Ал өңірлерге келсек, Астана, Алматы, Шымкент қалалары, сондай-ақ Қарағанды, Алматы, Ақмола, Батыс Қазақстан, Павлодар облыстары көш бастап тұр.
Бірыңғай тізілімнің енгізілуі мемлекеттік қолдау жүйесін де жаңа сапалық деңгейге көтеруге бағытталған. Ең бастысы, өндіріспен шынайы айналысатын кәсіпорындарға жақсы мүмкіндіктер туады. Осы тұрғыдан алғанда, бұл жүйе өнеркәсіптің ашықтығын күшейтіп, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қызмет ететін маңызды экономикалық құрал болмақ.