Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
— Жалпы, мемлекеттік органдар әртүрлі салалар бойынша азаматтар үшін 50-ден астам AI-агентті қалыптастырып отыр. Олар халықтың өмір сүру сапасын және бизнеспен өзара іс-қимылдың тиімділігін арттырады. Қазірдің өзінде осы шешімдерге практикалық сұраныс бар. Мысалы, eGov AI ассистенті 2,3 миллионнан астам рет пайдаланылды, құқықтық AI-кеңесші 230 мыңнан астам кеңес берді, AI-терапев 35-тен астам клиникада енгізілуде, сондай-ақ білім беру саласында AI-агенттер енгізіліп жатыр, — деді Жаслан Мәдиев Үкімет отырысында.
Бұдан бөлек ол жасанды интеллект негізінде жүргізіліп жатқан реинжиниринг кейстеріне тоқталды. Бұл тұрғыда бизнесті ашуға арналған AI-көмекші жасақталды. Бұл жоба Қаржы министрлігімен бірлесіп жүзеге асырылып келеді. Бұрын бір үйде немесе ауданда бір уақытта бірнеше ұқсас нысанның ашылу қаупі болатын, кофеханалар немесе дәріханалар. Енді кәсіпкер картадан қажетті аумақты таңдайды, ал жүйе осы локацияда кімнің тіркелгенін немесе жұмыс істеп жатқанын көрсетеді. Жасанды интеллект бизнес ашуға неғұрлым қолайлы нұсқаларды ұсынады. Клиенттік ағын, бәсекелестік орта және таңдалған аумақтағы тіркелген бизнес ескеріледі. Шешім бизнес ашу кезіндегі тәуекелдерді төмендетуге және артық бәсекелестікті барынша азайтуға бағытталған. Бұл бизнесті іске қосу кезеңіндегі операциялық шығындарды 2 есеге дейін қысқартуға және бизнестің тұрақтылығын арттыруға ықпал етеді.
Салық бойынша ЖИ-көмекші
Министрдің айтуынша, Қаржы министрлігімен бірлесіп 24/7 онлайн режимде салық есептілігін тапсыру және салық нормаларын қолдану бойынша кеңес беретін AI-көмекші іске қосылды. Бұл қадам жаңа Салық кодексінің күшіне енуіне байланысты ерекше өзекті. Азаматтар мен бизнес салық мәселелері бойынша түсінікті әрі жедел түсіндірме ала алады. Қызметтің басты құндылығы — салық нормаларын қабылдау үшін жеңілдету.
— Пайдаланушы күрделі заң мәтінін емес, не істеу керектігін және қателерді болдырмау шаралары жөнінде анық кеңес алады. Бүгінде 5 мыңнан астам сұраныстың өңделуі сервистің қажеттілігін көрсетіп отыр. Алдағы уақытта бизнесті жүргізуді жеңілдету үшін салық есептілігінің барлық түрлері мен декларацияларды автоматты түрде толтыруды енгізу жоспарлануда, — деді ведомство басшысы.
ШОБ-қа арналған ЖИ-көмекші
— Келесі кейс — кәсіпкерлерге қаржыландыру алуға көмек көрсету. Бұрын қаржылық-экономикалық модельдерді дайындау үшін кәсіпкерлерге жеке мамандарды тартуға тура келетін. Бұл — қосымша шығын және уақыт. «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп іске асырылып жатқан AI-көмекші қаржыландыруға өтінім беру процесін 24/7 сүйемелдейді, қатысу шарттарын түсіндіреді, сондай-ақ кәсіпкерлерді бизнес-жоспар мен құжаттарды дайындау кезінде қолдайды. Бұл ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін бизнесті ашу және дамыту процесін барынша қолжетімді етеді, — деді Жаслан Мәдиев.
Денсаулық сақтаудағы ЖИ
Денсаулық сақтау саласындағы нәтижелі кейстердің бірі — Cerebra AI. Бұл — инсультті ерте диагностикалауға арналған жасанды интеллект. Ол компьютерлік томография нәтижесін 30 минуттың орнына 5–10 минут ішінде талдайды. Ол инсульт диагностикасын едәуір жылдамдатады және дәлдігін арттырады. Жүйе елордадағы 17 емханада, сондай-ақ Ақмола, Маңғыстау, Жамбыл және Алматы облыстарында енгізілді. 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап инсультке күдігі бар 7 600-ден астам пациенттің деректері талданды. Өлім-жітім деңгейінің 40%-ға төмендеуі, сондай-ақ уақытылы ем алатын пациенттер үлесінің 150%-ға артқаны байқалды.
Телекоммуникацияға ЖИ енгізу
Ұялы байланыс сапасын арттыру үшін операторлар телеком-желілерін талдауға арналған жасанды интеллект енгізеді. Жүйе желі жүктемесін, пайдаланушылар тығыздығын және станциялар орналасуын талдап, болжайды. Осылайша, ресурстарды автоматты түрде, инженерлердің қатысуынсыз қайта бөлуге мүмкіндік береді. Алаяқтықпен күрес аясында AI-антифрод жүйесін енгізу жоспарлануда. Жаппай қоңырау шалу, нөмірді алмастыру немесе алаяқтық белгілері анықталған жағдайда жүйе қоңырауды абонент жауап бермей тұрып, миллисекундтар ішінде шектейді.
— Осы шешімдердің тиімді жұмыс істеуі үшін жасанды интеллектіні дамытудың инфрақұрылымдық және құқықтық негізі маңызды. Орталық Азиядағы алғашқы жоғары өнімді суперкомпьютерлік кластер іске қосылды. Alem.cloud әлемдегі 500 ең қуатты суперкомпьютерлер рейтингінде 86-орын алды. Мемлекеттік органдар үшін Ұлттық жасанды интеллект платформасы іске қосылды. Бұл — мемлекеттік қызметшілерге арналған, қорғалған ортада жұмыс істейтін GPT аналогы. Платформада 15 мыңнан астам пайдаланушының 500 мыңнан аса сұранысы өңделді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Жасанды интеллект туралы» Заңға қол қойды.
Заң жасанды интеллект саласындағы әзірлеу, қолдану және жауапкершілік мәселелерін реттейді, инновациялар мен азаматтардың құқықтық кепілдіктері арасындағы теңгерімді қамтамасыз етеді, — деді Жаслан Мәдиев.
Атап айтқанда, Astana Hub экожүйесінде 379 AI-жоба іске асырылып жатыр. Бұл AI-шешімдерді әзірлеу және оларды экономиканың түрлі салаларына енгізу үшін белсенді орта қалыптасқанын көрсетеді. Стартаптардың 2025 жылдың қорытындысы бойынша жиынтық табысы 103 миллиард теңгені құрады. Барлық кезеңдегі жиынтық табыс 230 миллиард теңгеге жетті. 2025 жылғы экспорт көлемі 3,5 миллиард теңгеден асты. Сондай-ақ 5 700 жұмыс орны құрылды.
Бұдан бұрын хабарланғандай, елде Цифрлық трансформация карталары енгізіліп жатыр.