Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Қазір кейбіреулер бір тауарды аларда оның толық бағасын емес, ай сайын қанша төлейтінін есептейді. Бөліп төлеуге жүгінеді. Қалтадағы қаражаттан гөрі алдағы жалақыға сену үйреншікті іске айналды. Бір қарағанда ыңғайлы көрінетін бұл үрдіс нарықтағы бағаға, адамдардың мінезіне, мемлекеттік реттеуге әсер етіп отыр.
Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»
Кейінгі жылдары отандастарымыздың қарыз алу тәсілі айтарлықтай өзгерді. Бұрын банкке барып, классикалық несие рәсімдеу басым болса, қазір дүкеннен шықпай-ақ бөліп төлеу арқылы тауар алу үйреншікті жағдайға айналды. Мысалы, былтыр бөліп төлеу арқылы 2,4 трлн теңгеге тауар алынған.
Ұлттық банктің дерегіне қарағанда, мұндай қарыз бүгінде тұтынушылық несиелердің шамамен бестен бір бөлігін құрап отыр. Осы үрдіс реттеушіні бөлшек кредит нарығына қайта үңілуге мәжбүр етті. Қазір елде кредиті бар адамдардың саны аз емес. 2025 жылғы 1 тамыздағы мәлімет бойынша, кредит регистрінде 7,71 млн отандасымыз тіркелген. Олардың мойнындағы жалпы қарыз көлемі 23 трлн теңгеге жуық. Бұл ел экономикасының шамамен 16 пайызына тең. Қазір бөліп төлеуді 4,9 млн адам пайдаланып отыр. Бөліп төлеу арқылы алынған қарыздардың басым бөлігі қысқа мерзімге рәсімделеді. Мұндай қарыздардың үштен екісі 1 жылға дейінгі мерзімге берілген. Ал шамамен 30 пайызы 2 жылға дейін созылады.
Деректерге қарасақ, бөліп төлеу халықтың күнделікті өміріне мықтап еніп алған. Қазір бір тауарды сатып алу үшін қалтада толық ақша болуы шарт емес. Бүгін аласың, ертең төлейсің. Экономист Руслан Сұлтанов бұл құбылысты сырттай қарағанда тартымды, ал ішіне үңілсең, экономикаға салмақ салатын құрал деп бағалайды.
«Адамға бөліп төлеу неге жақсы көрінеді? Ай сайынғы төлем аз. Сондықтан бәрін бақылауда ұстап отырамын деген сезім бар. Пайыз жоқ деп айтылады, демек артық төлем жоқ сияқты. Ақша жоқ, бірақ тауар бар. Бұл – өте тартымды формула. Алайда осы жайлылықтың артында көрінбейтін салдар бар. Адамдар тауарды мүмкіндігі болғандықтан емес, бөліп төлеу құтқарады деген оймен сатып алады. Нәтижесінде, нарықта шынайы емес сұраныс пайда болады. Сұраныс өсті деген дабылды көрген сатушы бағаны көтереді. Осылай инфляция іске қосылады», дейді экономист.
Екінші маңызды мәселе ретінде экономист нарықтың психологиясын айтады. Уақыт өте келе дүкендер сатып алушының бүгін емес, кейін төлейтінін қалыпты жағдай ретінде қабылдай бастайды.
«Негізгі мақсат тауарды өткізуге айналады. Баға қанша екені маңызды болмай қалады. Айына 10 мың төлейді ғой деген оймен бағаны көтере салады. Бұл жерде баға өндіріс шығынына емес, адамның әлсіздігіне байланысты өседі. Үшінші мәселе – бөліп төлеудің жасырын шығындары. Көп жағдайда нөл пайыз деп көрсетілгенімен, бұл шығындар тауардың ішіне алдын ала енгізіледі. Банк комиссиясы бар, сақтандыру бар, төлем кешіксе болатын шығын бар. Мұның бәрі сатушы үшін тәуекел. Ал ол тәуекел міндетті түрде бағаға қосылады. Сондықтан 0% деген – математикалық шындық емес, маркетингтік тәсіл», дейді сарапшы.
Р.Сұлтанов тағы бір маңызды нәрсеге назар аударады. Қоғамда адамдар болашақтағы табысына сүйеніп өмір сүре бастағанда, қазіргі ақша айналымы қысқарады. Экономист мұны қарапайым мысалмен түсіндіреді. Бір телефонды қолма-қол алсаң, бағасы – 250 мың теңге. Ал «0-0-12» формасымен алсаң, сол телефон 299 мың теңге болып шығады. Ай сайынғы төлемге қарап, көп адам бұл айырмашылықты байқамайды. Ал жарты жылдан кейін өндіруші сұраныстың артқанын көріп, бағаны тағы көтереді.
Ал қаржыгер Сұлтан Елемесовтің сөзінше, бөліп төлеу ресми түрде кредит деп аталмауы мүмкін, бірақ мәні жағынан ол сол тұтынушылық қарыздың өзі. Көп жағдайда адамдар бір нәрсені байқамайды. Бөліп төлеуде банкке комиссияны сатып алушы емес, дүкен төлейтіндей көрінеді. Бірақ іс жүзінде ол комиссия бәрібір тұтынушының қалтасынан шығады.
«Маркетплейстердің бірі банкке 14-16% аралығында комиссия төлейді. Әрине, бұл ресми түрде жарияланбайды. Құжатта бәрі таза. Бірақ дүкен сол комиссияны тауар бағасына қосып қояды. Ресми түрде бұлай жасауға болмайды, бірақ біз қағазды емес, нақты тәжірибені айтып отырмыз ғой. Ең қызығы да осы жерде басталады. Комиссия 14% болып көрінгенімен, нақты тиімді мөлшерлеме әлдеқайда жоғары шығады. Себебі адам ақшаны бірден емес, біртіндеп төлейді», дейді Сұлтан Елемесов.
Байқап отырғанымыздай, кейінгі жылдары BNPL арқылы тауар алу кеңінен тарады. Бірақ мұндай қарыздардың басым бөлігі ресми кредит ретінде есептелмей келді. Соның салдарынан адамның нақты қарыз жүктемесі кредит тарихында көрінбеді. Банктер де бұл ақпаратты ескере алмады. Енді мемлекет осы олқылықтың орнын толтыруды көздеп отыр.
Алдағы өзгерістер туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтты. Оның сөзінше, бүгінде бөліп төлеу екі үлкен бағытқа бөлінеді. Біріншісі – екінші деңгейлі банктер арқылы берілетін бөліп төлеу. Бұл сегмент заңмен реттеледі. Екіншісі – сатушылардың өздері беретін бөліп төлеу. Бұған автосалондар, құрылыс компаниялары, маркетплейстер, өзге де бизнес өкілдері кіреді. Бұл бағыт мүлде реттелмеген.
«Адам бөліп төлеу рәсімдеген кезде іс жүзінде кредит алады. Бірақ заң жүзінде бұл кредит болып саналмайды. Қарыз бар, төлеу міндеті бар, бірақ ол кредит бюросында көрінбейді. Банк те адамның нақты жүктемесін көрмейді. Бұл дұрыс емес. Егер біз халықтың шамадан тыс қарызға батуын шектегіміз келсе, қарыздың толық картинасын көруіміз керек», дейді Тимур Сүлейменов.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Акылжан Баймағамбетов бұл жұмысты жүзеге асыруда негізгі рөлді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі атқаратынын нақтылады. Айтылған өзгерістің мәні қарапайым. Банктер бермеген бөліп төлеулер де енді кредит бюроларына жіберіледі.
«Қазір адамдардың қарызының бір бөлігі көлеңкеде қалып отыр. Ол көрінбейді. Соның салдарынан адамдар мүмкіндігінен көп қарыз жинап алады. Макропруденциялық шаралар дұрыс жұмыс істеуі үшін барлық қарызды көруіміз керек. Өте маңызды», деп түсіндірді ол.
Бұл бастама бұған дейін айтылған басқа өзгерістермен де үндесіп жатыр. Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин маркетплейстердегі бағаға бақылау күшейтілетінін мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, делдалдардың комиссиясы шектеледі және қос баға жүйесі енгізіледі. Яғни қолма-қол төлегендегі баға бір бөлек, бөліп төлеудегі баға бір бөлек көрсетіледі.
Бұл бастаманы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Абылқасымова түсіндіріп берді. Сатып алушы нақты қанша артық төлейтінін білуі керек. Егер тауар қолма-қол алынса бір баға, ал бөліп төлеумен алынса, басқа баға болуға тиіс. Бұл – адал тәсіл», деді ол.
Алдағы өзгерістер қарапайым адамдарға да тікелей әсер етеді. Енді бөліп төлеу арқылы алынған барлық қарыз кредит тарихында көрінеді. Банктер адамның қаржылық жағдайын нақтырақ бағалайды. Соның салдарынан кредит алу қиындауы мүмкін. Бірақ бұл қарыз тұзағына түсудің алдын алады. Сонымен қатар бөліп төлеудегі баға да ашық көрсетіле бастайды. Сатушылар тауардың шынайы құнын жасыра алмайды. Маркетплейстер мен дүкендер үстемені ашық көрсетуге мәжбүр болады.
Соңғы жаңалықтар
Оқушыларға барлық жағдай жасалған
Білім • Бүгін, 07:40
Білім • Бүгін, 07:30
Білім • Бүгін, 07:20
Тағы бір колледж халықаралық ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне шықты
Қазақстан • Кеше
Әлем және Азия рекорды: Қазақстан мергендері жалпыкомандалық есепте көш бастады
Спорт • Кеше
Бейбітшілік кеңесі туралы тағы бір мәлімет: Ақорда түсініктеме берді
Қазақстан • Кеше
Богданович мұздығында қар көшкіні қаупі жоғары
Оқиға • Кеше
Олимпиада-2026: Фристайл-акробатикадан ел намысын кімдер қорғайды?
Спорт • Кеше
Екі облыс аумағындағы автожол жабылды
Қоғам • Кеше
23 қаңтарда Астанада бірінші ауысым оқушылары қашықтан оқиды
Елорда • Кеше
«Тәуелсіздік ұрпақтары» – 2025 грантының жеңімпаздары марапатталды
Марапат • Кеше
Қазалыда теміржол үстінен өтетін аспалы көпір ашылды
Аймақтар • Кеше
Отаншыл маман даярлауды басты мақсат санаймыз
Пікір • Кеше
Мемлекет басшысы Давоста бірқатар кездесу өткізді
Президент • Кеше
Мемлекет үніңізге құлақ ассын: eOtinish-ке қанша хат келіп түседі?
Қоғам • Кеше