Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Euronews» сайтында жарияланған мақаласында Қазақстан мен Еуроодақ өзара тиімділікке, сенімге және Еуразия кеңістігіндегі тұрақты байланыстарды дамытуға негізделген стратегиялық әріптестіктің жаңа кезеңіне қадам басып отырғанын атап өтті. Сондықтан бұл сапардың мәні тек Қазақстан мен Бельгия арасындағы екіжақты қарым-қатынаспен шектелмейді.
Әңгіме еліміздің тұтас Еуроодақпен өзара іс-қимылының жаңа архитектурасын қалыптастыру туралы болып отыр. Бельгияның Қазақстан экономикасына инвестиция құйған бес ірі елдің қатарына енуі де кездейсоқ емес. Кейінгі жиырма жылда бельгиялық инвестиция көлемі
14,8 млрд долларға жетті. Қысқасы, сапардың басты нәтижесі Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы стратегиялық әріптестіктің жаңа күн тәртібін нақты жобалар арқылы жүзеге асыру болмақ. Жалпы, құны 403 миллион еуродан асатын келісімдер топтамасы әзірленді.
2021 жылғы сапар пандемиядан кейінгі қалпына келтіру кезеңімен тұспа-тұс келсе, бүгінгі күн тәртібі әлдеқайда стратегиялық сипат алды. Мемлекет басшысы «Euronews»-тегі мақаласында атап өткендей, Қазақстан мен Еуроодақ дәстүрлі «сауда және инвестиция» үлгісінен жаңа буын серіктестігіне көшіп келеді. Бұл әріптестік маңызды минералдар, цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, энергетика, көлік байланысы және адам капиталы сияқты бағыттарды қамтиды.
Қазір еліміз әлемдегі табиғи уран өндірісінің шамамен 40 пайызын қамтамасыз етеді. Сонымен бірге маңызды минералдардың мол қорына ие және Еуропа мен Азия арасындағы тұрақты жеткізу тізбегінің негізгі буындарының біріне айналып келеді. Нәтижесінде, Орталық Азия шеткері өңір мәртебесінен шығып, Еуразия кеңістігіндегі жаңа өзара байланыс орталықтарының бірі болып отыр.
Сауда-экономикалық ынтымақтастық та тұрақты өсіп жатыр. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 582,4 миллион долларға жетіп, 27,6 пайызға артты. Қазақстан экспорты 48 пайыз өсіп, 311,5 миллион долларды құрады. Ал осы жылдың алғашқы төрт айында өзара сауда көлемі 179,5 миллион долларға жетті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мақаласында Қазақстанның тек шикізат жеткізуші ел емес, жаһандық өндірістік тізбектердің толыққанды қатысушысына айналуға ұмтылып отырғанын айтты.
Сол себепті еліміздің Бельгияға экспорттайтын өнімдерінің жартысынан астамын зығыр тұқымы құрайтыны ерекше назар аудартады. Титан, молибден және ферроқорытпалармен қатар бұл экспорт құрылымының кеңейіп, қосылған құны жоғары өнім үлесінің артып келе жатқанын көрсетеді. Еуропа үшін бұл азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және жеткізу көздерін әртараптандыруға мүмкіндік берсе, Қазақстан үшін шикізаттық емес секторды дамытуға жол ашады. Қысқасы, бұл сапардың ең маңызды нәтижесінің бірі де осы болуы мүмкін.
Жалпы айтқанда, бүгінде еліміз Еуразиядағы көлік архитектурасының негізгі буынының біріне айналып, әлемдік логистика қайта құрылып жатқан жағдайда Транскаспий халықаралық көлік бағытының маңызы арта түсті. Бұл ретте Президент Тоқаев өз мақаласында Орта дәлізді «XXI ғасырдың Жібек жолы» деп атағанын айта кеткен жөн. Қазіргі уақытта Қытай мен Еуропа арасындағы құрлықтық жүк тасымалының шамамен 85 пайызы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Яғни Транскаспий бағытын Еуропаның Global Gateway бастамасымен ықпалдастыру тың мүмкіндіктерге жол ашып отыр.
Сондай-ақ Румыниядағы Мидия портында терминал салу, «Maersk» компаниясымен жасалған келісімдер, авиацияны цифрландыру жобалары мен ЕҚҚДБ-ның инфрақұрылымдық қаржыландыруы Еуропа мен Азия арасындағы жаңа логистикалық экожүйені қалыптастыруға негіз болады. Осылайша, Қазақстан жай ғана транзиттік аумақ емес, толыққанды еуразиялық көлік-логистика хабына айналмақ.
Манарбек ҚАБАЗИЕВ,
Сыртқы саяси зерттеулер институты басқарма төрағасының орынбасары