Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
Елімізде цифрлық теңге кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Қоғамда оған қатысты пікір сан алуан. Бірі оны отандық биткоин деп қабылдаса, енді бірі қолма-қол ақшаның орнын басады деп ойлайды. Алайда бұл екі түсінік те шындыққа жанаспайды. Цифрлық теңге – ұлттық валютаның нарыққа бейімделген жаңа нұсқасы.
Коллаждарды жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»
Цифрлық валютаны жасау идеясы 2010 жылдың соңында пайда болды. Әлем елдері бұл бағытта өз бетінше ізденді. Негізгі мақсат – қаржы жүйесін жаңғырту, төлемдерді жеделдету, шығынды азайту әрі бақылауды күшейту еді. Барлық модельді біріктірген ортақ негіз – блокчейн технологиясы. Бірақ бұл криптовалютадағыдай мемлекеттен тәуелсіз жүйе емес. Мұнда басқару орталық банктің қолында.
Алғаш болып нақты қадам жасаған ел – Багам аралдары. 2020 жылы олар «Sand Dollar» атты цифрлық валютаны іске қосты. 2022 жылы АҚШ Федералдық резерв жүйесі цифрлық доллардың мүмкіндігін талқылады. Онда төлемдерді жылдамдату, доллардың әлемдік рөлін сақтау, көлеңкелі қаржы ағындарын азайту секілді міндеттер айтылды. Дегенмен осы күнге дейін АҚШ цифрлық долларды енгізген жоқ. Еліміз болса талқылаумен шектелмей, нақты іске кірісті. Жоба 2021 жылы басталды. 2023–2024 жылдары қанатқақты сценарийлер сыналды. Қазір функционал кеңейіп, банктер қосылып жатыр.
Бас банктің хабарлауынша, бүгінде мемлекеттік жобалар аясында шамамен 336 млрд теңге цифрлық форматта шығарылған. Маңызды қанатқақты жобалардың бірі – ҚҚС таңбалау. Биылғы ақпаннан бастап Қаржы министрлігі цифрлық теңге арқылы ҚҚС сомасын таңбалау тетігін енгізді. Таңбаланған қаражат тек салық төлеуге, жеткізу тізбегіндегі есеп айырысуға жұмсалады. Соның нәтижесінде 95,6 млн теңге ҚҚС 10 күн ішінде қайтарылған. Бұрын бұл рәсім 75–90 күнге созылатын.
Цифрлық теңге жобасы іске қосылғалы бері оның мүмкіндігі біртіндеп кеңейіп келеді. Ұлттық төлем корпорациясы цифрлық теңге жүйесін дамыту департаментінің бас сарапшысы Әйгерім Бабағалиеваның айтуынша, жоба аясында оннан астам қолдану бағыты сынақтан өткен. Бұл бастама тек теориялық деңгейде қалып қоймай, нақты салаларда тәжірибеден өткізілген қаржылық құралға айналған.
«Солардың ішінде жол құрылысы мен қосылған құн салығын қайтару сияқты салалар бар. Сонымен қатар біздің жобаның халықаралық деңгейде мойындалғанын атап өткім келеді. Халықаралық валюта қоры елімізді орталық банктердің цифрлық валютасын дамыту ісінде ең озық елдердің бірі деп таныды. 2024 жылы «Currency Research» ұйымынан арнайы марапат алдық. Цифрлық теңге – ақшамен қатар жүретін ұлттық валютаның үшінші түрі. Оны Ұлттық банк шығарады әрі кәдімгі теңгемен бірдей құнға ие. Айырмашылығы, ол қағаз емес, блокчейн технологиясына негізделген ерекше белгілер түрінде сақталады. Яғни әр теңгенің өз цифрлық ізі бар деген сөз. Үш түрі де қатар өмір сүреді», деп түсіндірді қаржы маманы.
Былтыр қанатқақты жоба аясында «Достық – Мойынты» теміржолының құрылысына бөлінген қаражат цифрлық форматта берілді. Бұл қаржы тек теміржол салу жұмысына, келісімшартта көрсетілген қызметке жұмсалды. Қаражат нақты мақсатқа бағытталып, орындалған соң белгі автоматты түрде алынып тасталды.
Бүгінде жүйеге бес банк пен «Қазпошта», сондай-ақ Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитеті қосылған. Атап айтқанда, «Нұрбанк», «Халық банкі», «Еуразиялық банк», «Банк ЦентрКредит», «Altyn Bank» цифрлық теңгемен жұмыс істеп отыр. Соның ішінде «Нұрбанк» цифрлық теңгеге қатысты сегіз негізгі функцияны толық енгізген. Клиенттер шот ашып, балансын қарап, ақша аударып, конвертация жасап, барлық операцияны онлайн орындай алады. Банкке барып, қағаз құжат рәсімдеудің қажеті жоқ.
Экономист Руслан Сұлтановтың сөзінше, цифрлық теңгенің басты ерекшелігі – оның бағдарламалана алатынында. Ақшаны алдын ала нақты мақсатқа байлап қоюға болады. Мысалы, мектепке бөлінген бюджет тек мердігерлерге жетеді. Фермерге берілген субсидия техника сатып алғаны расталғаннан кейін ғана қолжетімді болады. Қаражат техникалық тұрғыдан басқа бағытқа кетпейді. Жыл сайын бюджет арқылы триллион теңге өтетін ел үшін бұл – парадигманың өзгеруі. Қазір бақылау көбіне шығын жасалғаннан кейін тексеру арқылы жүреді. Ал цифрлық теңгеде бақылау төлемнің өзіне енгізілген. Яғни ақша шарт орындалмайынша қозғала алмайды. Жүйе мемлекеттік шығыстардың әр түріне енгізілуі үшін мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен толық интеграция қажет. Себебі бағдарламаланатын төлемдер сол деректердің негізінде орындалады.
«Мысалы, мемлекет екі қала арасындағы жол құрылысына 10 млрд теңге бөлді делік. Қазір бұл қаражат министрліктен облыстық әкімдікке, одан мердігерге, кейін қосалқы мердігерлерге, жеткізушілерге және жұмысшыларға өтеді. Әр кезеңде кідіріс те болуы мүмкін, мақсатсыз жұмсау да кездесуі кәдік, сыбайлас жемқорлық тәуекелі де бар. Бақылау көбіне кейін жүргізіледі, тексеріс пен аудиттен соң ғана анықталады. Ал дәл осы 10 млрд теңге цифрлық форматта бөлінсе, жағдай өзгереді. Қаржы министрлігі цифрлық теңгені Ұлттық банк платформасы арқылы арнайы белгімен шығарады. Мысалы, «Астана – Көкшетау» жолы деп таңбаланады. Бұл қаражат тек сметада көрсетілген материалдарға, жанар-жағармайға, еңбек ақыға ғана жұмсала алады. Әр төлемде жеткізушінің цифрлық сәйкестендіруі болуға тиіс. Мерзімі жыл соңына дейін белгіленеді. Шетелге аударуға немесе қолма-қол ақшаға айналдыруға болмайды. Мердігер қаражатты цифрлық әмияны арқылы алады. Әр операцияны смарт келісімшарт тексереді. Рұқсат етілген шығын ба, тіркелген жеткізуші ме, лимит асқан жоқ па деген талаптар автоматты түрде қаралады. Егер шарт орындалмаса, төлем бірден бұғатталады», дейді Р.Сұлтанов.
Десе де, тәуекелдер де жоқ емес. Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігі кейінгі уақытта цифрлық теңге атауын пайдаланып жасалатын алаяқтық әрекеттердің көбейгенін ескертті. Агенттіктің айтуынша, алаяқтар азаматтарға айына немесе аптасына 50–100 пайызға дейін кепілдендірілген табыс уәде етеді. Ұсыныстар «жаңа мемлекеттік инвестициялық жоба», «цифрлық теңге платформасы», «Ұлттық банктің ресми бағдарламасы» деген атаумен таратылады. Агенттік бұл мәселеге қатысты нақты түсіндірме берді.
«Цифрлық теңге – инвестициялық құрал емес, пайда табуға арналмаған. Тек есеп айырысу құралы ретінде құрылады. Тауар мен қызметке төлеуге, аударым жасауға, әлеуметтік төлемдерге қолданылады. Ол бөгде сайттар арқылы сатылмайды, бастапқыда сатып алу ретінде ұсынылмайды. Мемлекеттік ұйымдар инвестициялық жобаларға халықтан қаражат тартпайды. Алаяқтардың әрекеті белгілі бір психологиялық тәсілдерге негізделген. Біріншісі – мемлекетке деген сенімді пайдалану. Екіншісі – тиімді мүмкіндікті жіберіп аламын деген қорқыныш сезімін ояту. Үшіншісі – тәуекелсіз жоғары табыс уәде ету. Алдымен әлеуетті «инвесторға» жеке кабинет көрсетіліп, кірістің өскені бейнеленеді. Тіпті алғашқы шағын төлем де жасалуы мүмкін. Кейін ірі соманы салу ұсынылады. Ал қаражатты қайтарып алу кезеңінде байланыс үзіледі», деп түсіндірді агенттік.
Соңғы жаңалықтар
Елімізде 1242 елді мекенде су тасқыны болуы мүмкін
Қоғам • Кеше
Бокс: Futures Cup турниріне қатысатын спортшылар белгілі болды
Бокс • Кеше
6 наурызда еліміздің бірқатар өңірінде ауа райына байланысты ескерту жасалды
Ауа райы • Кеше
Қазақстан туристерге тартымды елге айналды: Еліміздің әлемдік рейтингтегі орны қандай?
Туризм • Кеше
Трамп Иранның келесі көшбасшысын таңдауға қатысқысы келетінін айтты
Әлем • Кеше
Абай облысында әскери қызметші қаза тапты
Оқиға • Кеше
Таяу Шығыс елдерінен 2 463 отандасымыз эвакуацияланды
Оқиға • Кеше
Мемлекет басшысы Нахчыван әуежайына жасалған шабуылды қатаң айыптады
Президент • Кеше
«Шекара аруы» бейнебайқауының жеңімпазы анықталды
Қоғам • Кеше
Димаш Құдайберген мен Самал Еслямова ТҮРКСОЙ марапаттарына ие болды
Оқиға • Кеше
Түркия Иран елінен келетін мигранттарды қабылдайды
Әлем • Кеше
Қазақстанда жаңа Конституцияны қолдауға арналған ауқымды ақпараттық науқанның жаңа толқыны басталды
Ата заң • Кеше
«Халық үні» тәуелсіз бақылаушылар тобы: Ешбір саяси науқан – тәуелсіз бақылаушыларсыз әділ өтпейді
Ата заң • Кеше
Қазақстанда ауа райының нашарлауына байланысты бірқатар тасжол ертеңге дейін жабылды
Ауа райы • Кеше
Алматыға Шарджадан эвакуациялық рейспен 167 отандасымыз ұшып келді
Оқиға • Кеше