Egemen.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Форум Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы ғылыми дипломатияны дамытуға, ортақ тарихи-мәдени мұраны зерттеуге және ғылыми ынтымақтастықтың жаңа тетіктерін қалыптастыруға арналды.
Қатысушылар өңірлік ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, ғылымның қазіргі сын-қатерлерге жауап беру мүмкіндіктерін және ортақ тарихи мұраны зерттеудің басым бағыттарын талқылады.
Қазіргі кезеңде Орталық Азия кеңістігіндегі интеграциялық үдерістер экономикалық және саяси өлшемдермен ғана емес, тұрақты даму, су қауіпсіздігі, көші-қон, білім беру және көлік-логистика саласында ғылыми негізделген шешімдерді талап етеді.
Форумның ашылуында Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев пен Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылымдар академиясының президенті Бекмамат Дженбаев сөз сөйлеп, ғылыми ынтымақтастықтың мемлекет-
аралық қатынастардың маңызды тірегіне айналып отырғанын атап өтті.
«Бұл консорциум – жай ғана ғылыми ұйым емес, Орталық Еуразия халықтарының ортақ тарихи мұрасын зерттеуге арналған жаңа интеллектуалдық платформа. Біз жасанды интеллект, цифрлық гуманитаристика және Big Data технологиялары арқылы дала өркениетін зерттеудің жаңа кезеңін бастауымыз керек. Ғылыми ықпалдастық ел мен елді жақындастыратын ең қуатты күштердің бірі әрі консорциум аясында ортақ ғылыми кеңістік қалыптастыру, болашақ ұрпаққа интеллектуалдық мұра қалдыру басты мақсаттың бірі», деді ҰҒА президенті Ақылбек Күрішбаев.
Жиында ғалымдар дипломатиялық байланыстардың тарихи эволюциясын, көшпелі өркениет мұрасын, Қырғызстандағы саяси мәдениеттің трансформациясын, еңбек көші-қонының заманауи үрдістерін, су-энергетикалық ынтымақтастықтың келешегін, жоғары білім беру жүйесінің даму бағытын және екі елдің транзиттік стратегияларын талқылады. Мұнымен қоса «Қамбар-Ата-1» гидроэнергетикалық жобасының өңірлік маңызын талқылаған ғалымдар пікірінше, су және энергетика саласындағы жобалар екі ел арасындағы экономикалық өзара іс-қимылдың жаңа мүмкіндіктерін қалыптастырады.
Алқалы жиын барысында екі елдің Ұлттық ғылым академиясы арасында Дала өркениетін зерттеу жөніндегі халықаралық консорциум құру туралы келісімге қол қойылды. Бастама ортақ тарихи-мәдени мұраны зерттеуді жаңа институционалдық деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Ынтымақтастық тарих, археология, этнология, мәдениеттану, халықаралық қатынастар және өңірлік зерттеулер бағыттарын қамтиды. Оның аясында ғылыми ақпарат алмасып, халықаралық гранттық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға, жас зерттеушілердің академиялық мобильділігін арттыруға және ортақ зерттеу мектептерін қалыптастыруға жол ашылмақ. Осы орайда ғалымдар «Геосаяси ығысулар жағдайындағы Қазақстан-Қырғызстан қатынастары: даму мәселелері мен перспективалары» тақырыбындағы докторлық диссертацияның қорғалуы да ғылым саласындағы интеграцияның тереңдей түскенін атап өтті. Алдағы уақытта екі елдің ғалымдары ғылыми қауымдастықтар аясында білім, ғылым саласында ықпалдаса отырып, өңірлік даму бағыттарында да бірлесіп жұмыс істейтін болады.
АЛМАТЫ