Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Стратегиялық маңызды саладағы қымбатшылықты құрықтау үшін Мемлекет басшысы Үкіметке міндет қойды. Президент тапсырмаларын іске асыру аясында Қазақстанда тағы 4 жаңа фармацевтикалық зауыт салынбақ. Бірақ өндіріске қозғау салынғанымен, медикаменттердің құны да аспандап барады. Өнім өндірісі мен оның бағасының жарысында кім озады?
Мақсаты өршіл жобалар
Шенеуніктер фармацевтика саласындағы отандық өндірістің үлесін арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқаны туралы үнемі баяндайды. Жуырда Үкімет Денсаулық сақтау министрлігінің «АлтИНФАРМ» ЖШС-мен, «МСП-РОМФАРМ» ЖШС-мен, «Абди Ибрагим Глобал фарм» ЖШС-мен және «Нобел Алматы фармацевтикалық фабрикасы» АҚ-мен арада фармацевтикалық өндірістерді жергіліктендіру жөнінде инвестициялық келісімдер жасасуын мақұлдады.
Тиісті қаулыларға Премьер-Министр Олжас Бектенов қол қойды. Бекітілген бұл жобалар бойынша инвестициялардың жалпы көлемі 173 миллиард теңгені құрауға тиіс. Жобаларды іске асыру нәтижесінде 356 атаудағы дәрілік заттардың өндірісі Қазақстанға көшірілуі қажет. Оның қатарында әлеуметтік маңызы бар препараттар да бар. Өндірістік желі онкологиялық ауруларды, қант диабетін емдеуге арналған дәрілерді, сондай-ақ иммунобиологиялық, ауырсынуды басатын, анемияға, қабынуға, суық тиюге, вирусқа, микробтарға қарсы препараттарды қамтиды.
2 жаңа кәсіпорын Алматы қаласында, бір-бірден Түркістан және Алматы облыстарында орналасады деп күтіледі. Бірақ құрылыстар әлі басталмаған. Бәрі жоспар күйінде. Тек мінсіз жоспар сол қағаз жүзінде қалмаса болғаны. Салаға жауапты тұлғалар өзіне артылған сенімді ақтап шықса, елге үлкен игілік келуі мүмкін.
Атап айтқанда, біріншіден, «АлтИНФАРМ» ЖШС алдынан кедергілер туындамаса, Алматыдағы «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағында фармацевтикалық зауыт салуды көздеп отыр. Инвестиция көлемі 58,5 млрд теңгеге бағаланыпты. Жаңа зауытта 54 аталымдағы дәрілік затты шығару жоспарланған, оның 35-і – әлеуметтік маңызға ие. Өндірістік портфельге иммунобиологиялық препараттар, сондай-ақ онкологиялық ауруларды, қант диабетін емдейтін дәрілер кіреді. Кәсіпорында шамамен 60 адам істеуі ықтимал. Стратегиялық серіктес ретінде Sinopharm, Sinovac пен Kangtai Biological Technology компаниялары қатысады.
Екіншіден, «Нобел Алматы фармацевтикалық фабрикасы» АҚ-ның жобасы аясында Алматыда халықаралық GMP стандарттарына сай белсенді фармацевтикалық ингредиенттерді, дәрілік заттар мен биопрепараттарды өндіретін фармкешен салынбақ. Инвестиция көлемі – 39,2 млрд теңге. 53 атаудағы дәрілік зат шығару жоспарланған. Оның 17-сі – әлеуметтік маңызды. Жоба кемінде 200 жұмыс орнын құруды көздейді. Стратегиялық серіктес – әлемге танымал түркиялық Nobel İlaç.
Үшіншіден, «Абди Ибрагим Глобал фарм» ЖШС Алматы облысында көпсалалы өндірістік желілері бар фармацевтикалық кешен құруды қарастырады. Инвестиция көлемі 39 млрд теңгені құрайды. Вирусқа қарсы препараттарды, II типті қант диабетін емдеуге арналған дәрілерді және антианемиялық құралдарды қоса алғанда, 76 атаудағы дәрілік зат шығару жоспарланған. Жоба кемінде 150 жұмыс орнын ашуды көздейді. Стратегиялық серіктес – түркиялық Abdi İbrahim.
Төртіншіден, «МСП-РОМФАРМ» ЖШС Түркістан облысындағы TURAN арнайы экономикалық аймағында және Алматы облысындағы өндірістік алаңдарда жоғары технологиялы фармацевтикалық зауыттар салуға ниетті. 36,7 млрд теңге ақшасын инвестиция ретінде құюға да дайын тұр. Ісі өрге басса, 101 атаудағы дәрілік затты Қазақстанда шығаруға әзір. Оның қатарында ауырсынуды басатын, қабынуға, суық тиюге және микробтарға қарсы препараттар бар. Шамамен 265 жұмыс орны құрылуы ықтимал. Жобаның серіктестері – World Medicine және Rompharm. Жалпы алғанда, осы инвестициялық жобаларды іске асыру аясында шамамен 675 жаңа жұмыс орны ашылуы керек.
Дәрі бағасы көтерілу үстінде
«Зауыттардың салынуы және пайдалануға берілуі Қазақстанда дәрілік заттардың отандық өндіріс үлесін айтарлықтай арттыруға, фармацевтикалық нарықтың импортқа тәуелділігін азайтуға, дәрілік қамтамасыз етудің тұрақтылығын нығайтуға және халықты қолжетімді әрі сапалы отандық дәрі-дәрмекпен қамтуға мүмкіндік береді. Бұл дәрілік қауіпсіздікті арттыру мен денсаулық сақтау жүйесінің орнықтылығын күшейтудегі маңызды элементтердің бірі болмақ», – деп уәде етті Денсаулық сақтау министрлігі.
Алайда Energyprom мониторингтік агенттігінің деректеріне сәйкес, өндіріс көлемінің ұлғаюына қарамастан, елде дәрі-дәрмек бағаларының қымбаттауы өрістеді. «Қазақстанда фармацевтикалық өнімдер бағасы қатарынан 51 ай бойы қымбаттап келеді және айлық динамикада бағаның төмендеуі статистика жүргізіле бастаған кезден, яғни 15 жыл ішінде бірде-бір рет тіркелмеген! 2025 жылғы желтоқсан қорытындысы бойынша фармацевтикалық өнімдер бір айда 0,9%-ға, жылдық есепте 13,6%-ға қымбаттады. Баға өсімі 2026 жылғы қаңтарда да жалғасты», – дейді агенттік сарапшылары.
Былтырғы желтоқсанның қорытындысы бойынша ең айқын қымбаттау әлеуметтік тұрғыдан сезімтал әрі кеңінен қолданылатын препараттарда байқалды. «Корвалол» бағасы 23,2%-дан аса, ацетилсалицил қышқылы – 33,9%-ға, парацетамол – 44,6%-ға, белсендірілген көмір 1,5 еседен астамға қымбаттады. Бұл препараттар халық арасында кең сұранысқа ие әрі тұрақты қолданылатындықтан, инфляциялық әсердің негізгі бөлігін қалыптастырып, дәріхана сегментіндегі баға құбылуына тікелей ықпал етеді. Өзге әлеуметтік маңызды медикаменттер орта есеппен 12%-ға дейін қымбаттаған.
Сөйтіп, отандық фармзауыттар елдегі дәрі-дәрмекке деген тапшылықты өтеп отыр, алайда оның бағасының арзандауына ықпал етпеген. 2025 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында фармацевтикалық өнімдер өндірісінің көлемі 191,2 млрд теңгені құрады. Жыл ішінде өндіріс көлемі 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,4%-ға артқанымен, инфляцияны ескергенде нақты өсім небәрі 1,9% болды.
Негізгі фармацевтикалық өнімдер өндірісі: 2021 жылы – 198,7 млрд теңге, 2022 жылы – 162,6 млрд теңге, 2023 жылы – 144,3 млрд теңге, 2024 жылы небәрі 171,6 млрд теңге болды. Ал долларлық баламада өндіріс көлемі 2021 жылғы 457,8 млн доллардан 2024 жылы 327,5 млн долларға дейін төмендеген.
Салада қандай түйткілдер бар?
Саладағы мәселелер тек бағамен шектелмейді. Мысалға, ақпарат құралдары, сарапшылар көбіне Қазақстанда трансплантацияны күтіп, ақыры алмастыруға ағза таба алмай, көз жұматын паценттерге екпін салады. Бұл тұрғыда басқа бір қорқынышты проблема қалыптасқан екен: зарыға күткен күнге жетіп, табысты ота жасатқан сырқаттар артынша қажетті дәрімен жете қамтылмай мерт болуы мүмкін.
Бүйрек трансплантациясынан кейінгі науқастардың дәрі-дәрмекпен уақытылы және үздіксіз қамтамасыз етілмеуі проблемасын Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас нефрологы, медицина ғылымдарының докторы Салтанат Тұғанбекова көтеріп, жауапты ведомстволардың есігін қағып жүр. Оның айтуынша, трансплантациядан кейін кейбір науқас қиындықтарға душар болады.
«Әсіресе, жаңадан анықталған науқастар қажетті медициналық көмекті де, өмірлік маңызды препараттарды да әрдайым жедел ала алмай қалатын жағдайлар жетерлік. Бұған қоса мемлекет беретін дәрілер жеткілікті түрде тиімді болмай шығып жатады. Бұл трансплантаттың, енгізілген ағзаның қабылданбауы тәуекелін арттырып, әрі қарайғы емдеуді қиындатады. Осы мәселені шешу науқастардың денсаулығын және өмірін сақтау үшін өте маңызды», – деді сарапшы.
Елдің штаттан тыс бас нефрологы атап өткендей, қазіргі нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес, трансплантациядан кейінгі науқастарға өмір бойы тек бір өндірушінің дәрілері берілуі керек. Бірақ мемлекет бюджетті үнемдеу үшін препараттың қай арзанын таңдауы мүмкін.
Сондықтан маманның пайымдауынша, мұндай кесірлі тәжірибеден бас тартып, бірінші орынға мемлекеттің басты байлығы – адамды қойып, сырқаттарға қажетті дәрілерді арзанқол аналогтарымен алмастыруға жол бермеген жөн. Себебі немқұрайлылық әлемнің кез келген қазынасынан да қымбат трансплантатты тәннің қабылдамай тастауы, салдарынан науқастың жантәсілім етуі қаупін күшейтеді.
«СҚ-Фармацияның» басқарма төрағасы Нұрлыбек Асылбеков бұл мәселеге ерекше назар аударуға уәде етті. Сонымен бірге проблеманың барын жасырмады: оны жою үшін жаңадан анықталған науқастарды қамтуға дәлірек және жүйелі тәсіл қажет екенін мойындады.
Салада қордаланып жатқан басқа да проблема көп: базалық препараттардың қымбаттауы және халыққа қолжетімсіз болуы, «Қазақстанда жасалған» таңбалы кейбір медикаменттердің шынында шетелде өндіріліп, республикада тек құтыға құйылатыны немесе блистерге салынатыны, өндірісті «жергіліктендіру тереңдігінің» тым таяздығы және басқа түйткілдер тезірек шешімін күтеді.
Елдос СЕНБАЙ