Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Еліміздің басты туризм бағыттарының бірі саналатын әулиелі, әмбиелі Түркістан топырағына шет мемлекеттерден, еліміздің басқа өңірлерінен келушілер қатары жылдың қай мезгілінде де толастаған емес. Өңірде туризм саласын дамыту бағытында ауқымды іс атқарылып жатыр.
Айталық, салаға тартылған инвестиция 133 млрд теңгеге жетіп, 67,9%-ға, орналастыру орындарының қызмет көрсету көлемі 8 млрд теңге болып, 24,5%-ға өсті. Бүгінде облыста 265 орналастыру орны жұмыс істейді. 11 туроператор, 45 турагенттік компания, 66 гид-экскурсия өкілі қызмет етіп жатыр. Облыс әкімдігінің дерегінше, өңірдегі тарихи нысандарға келушілер саны 1 млн адамға жетіп, 13%-ға артты. Табиғи аумақтарға саяхаттаушылар саны 151,9 мың адамды құрап, 18,1%-ға өсті. Өткен жылдың қорытындысында өңірге келген туристер саны 500 мың адамнан асып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 15,9%-ға артты. Яғни 2023–2024 жылдармен салыстырғанда тұрақты өсім бар. E-qonaq жүйесінде 48 400 шетелдік турист тіркеліп, бұл көрсеткіш бір жылда екі есеге көбейген. Шетелдік қонақтардың басым бөлігі Өзбекстан, Түркия, Ресей, Қытай, Қырғызстан мемлекеттерінен келген.
Саяхатшыларға қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында Түркістан, Шымкент қалаларының әуежайлары арқылы әуе қатынасы көбейген. Қазір аптасына 147 рейс орындалады. Негізгі әуе компаниялары қатарында «Air Astana», «SCAT Airlines», «FlyArystan», «Turkish Airlines», өзге де халықаралық тасымалдаушылар бар. Өңірдің туристік өнімдерін халықаралық деңгейде ілгерілету мақсатында Қытай, Түркия, Өзбекстан, Ресей, Әзербайжан, Моңғолия, араб елдері, Еуропа мемлекеттері мен Малайзия нарығына шығу жоспарланған. Әсіресе Қытай нарығына бағытталған WeChat платформасында арнайы контент әзірленіп, алғашқы кезеңде кемінде 50 мың аудиторияны қамту көзделіп отыр.
Іскерлік туризмді дамытуға да айрықша мән беріліп келеді. Жыл сайын 20-30 іскерлік іс-шара, инвестициялық туризм, ITжобалар форумдары мен халықаралық конференциялар өткізу жоспарланған. Халықаралық ынтымақтастық аясында былтыр 113 шетелдік туркомпанияға, 23 тревел-блогерге, 11 шетелдік БАҚ өкіліне ақпараттық тур ұйымдастырылды. Қытайдың танымал Hunan TV телеарнасымен бірлесіп, әйгілі әнші Димаш Құдайбергеннің қатысуымен «Voice Beyond Horizon» тележобасы өңірде түсіріліп, халықаралық аудиторияға ұсынылды.
Әлбетте, өңірге келген қонақтар алдымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне ат басын бұрады. Бұл орайда күні кеше Түркістанда «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы ұжымымен кездесу өткізген Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева 2023 жылдан бері «Қазреставрация» РМК нысанға ғылыми зерттеу жүргізіп, олардың нәтижесінде бірқатар практикалық шаралар жүзеге асырылғанын атап өтті. Премьер-министрдің орынбасары қазіргі кезеңдегі басты басымдық сыртқы жаңарту емес, бірегей ескерткіштің тарихи келбетін сақтау екеніне назар аударды. Сондай-ақ кездесуде «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы тек мәдени мекеме емес, ұлттың тарихи жадын сақтайтын, рухани тұтастығын бекітетін іргелі орталық екені айтылды. «Мұнда тек бірегей мәдени мұра ғана сақталмай, сонымен бірге дәуірлердің байланысы көрініс табады. Бұл байланыс мемлекеттілігіміздің, дәстүріміздің, рухани құндылығымыздың бастауын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Біздің міндетіміз – осы мұраны сақтап қана қоймай, оны бүгінгі ұрпаққа жаңа мазмұнда жеткізу», деді А.Балаева.
Сондай-ақ қайта қалпына келтірілген Хан мешітіне келушілер қатары да көбейіп келеді. Қонақтар тарихи нысанның сәулеттік ерекшеліктерімен танысып, оның рухани-мәдени маңызы жөнінде кеңінен мағлұмат алады. Хан мешіті – қазақ хандарының, олардың туыстары мен нөкерлерінің, сондай-ақ мәртебелі қонақтардың намаз оқитын қасиетті орны болған. Хандар бес уақыт намазын арнайы «Мақсура» бөлмесінде оқыған. Бұл бөлмеге Хан ордасына бағытталған жеке есік арқылы кірген. Мешіт кешені өз дәуірінде орам халқына арналған Жәми мешітін, жоғары лауазымды тұлғаларға арналған «Мақсура» бөлмесін, ауласын, жеке тахаратханасын қамтыған. «Мақсураның» жеке михрабы мен имамының болуы оның ерекше мәртебесін айқындайды. Хан мешіті Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен батысқа қарай 300 метр қашықтықта, Жеті ата көшесінің бойында орналасқан. Мешіт ауласы тік төртбұрышты пішінде салынған, өлшемдері – 25,1х18,4 метр. Ауланың шығыс бөлігінде жабыстыра тұрғызылған тахаратхана құрылысымен қоса есептегенде, қас бетінің ұзындығы 30,7 метр болады. Мешіт аумағында жамағат имамына арналған екі бөлмелі тұрғын үй, бастырмалар, құдық орналасқан. Сондай-ақ аула сыртында қосымша тахаратхана орны қарастырылған.
Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасы мен туризм басқармасының бірлесе атқарған жұмысы нәтижесінде өңірде 100 туристік орын анықталған. Олардың қатарында Бәйдібек ауданындағы «Ақмешіт» жерасты үңгірі, Қазығұрт ауданындағы «Кеме қалған» монументі, Түлкібас ауданында «Ақсу Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығы, Отырар ауданында Арыстанбаб кесенесі бар. Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының мәліметінше, өткен жылы 108 эскиздік жоба қаралып, оның ішінде 19 жоба Түркістан қаласының әкімдігі тарапынан, 57 жоба басқарма тарапынан зерделенген.
Өңірдің туризм саласын дамытуға инвесторлар да қызығушылық танытып отыр. Мысалы, инвестор Отырар ауданынан шөлдегі қонақүй, қабылдау орталығы, шығыс моншасы мен ежелгі Отырар кітапханасы аңызын жандандырып, кітапхана мен мұражай салып, арнайы туристік орталық ұйымдастыру жобасын жүзеге асыруға ниет білдірді. Отырар мен Сауран арасында саяхатшыларға түйе керуенін үйлестіру жоспары да бар. Бұл жоба зерделеніп, жүзеге асыруға қатысты жұмыс жүргізілмекші. Сонымен қатар Түркістандағы «Жаңа қала» аумағында салынатын мейрамхана, кеңсе ғимараттары, қонақүй жобалары, медициналық туризм нысаны, «қала ішіндегі қала» ұсынысы сәулеттік жобалар жөніндегі кеңестің назарына алынды.
Жалпы, қабылданған кешенді шаралар нәтижесінде облыс туризм саласын экономиканың драйверіне айналдыруды көздеп отыр. Туристік ағынды ұлғайту, инвестиция тарту, қызмет сапасын арттыру, халықаралық имиджді нығайту бағытындағы жүйелі жұмыстар алдағы кезеңде де жүйелі жалғасады.
Түркістан облысы
Соңғы жаңалықтар
Аңдатпа • Бүгін, 09:15
Мәдениеттер тоғысындағы «Forte trio»
Өнер • Бүгін, 09:13
Қоғам • Бүгін, 09:10
Шаруашылық • Бүгін, 09:07
Саяхат табысын еселеуге не кедергі?
Туризм • Бүгін, 09:05
Өрт сөндіру техникасымен толықты
Аймақтар • Бүгін, 09:02
Астанада халықаралық кітап жәрмеңкесі өтеді
Көрме • Бүгін, 09:00
Аймақтар • Бүгін, 08:57
Дәстүр мен жасампаздықты тұтастандырған Түркістан
Туризм • Бүгін, 08:55
Руханият • Бүгін, 08:53
Әдебиет • Бүгін, 08:50
Пікір • Бүгін, 08:48
Шикізаттан композитті өнімге дейін...
Ғылым • Бүгін, 08:45
Театр • Бүгін, 08:43
Жаңарған музей – жаңғырған тарих
Мәдениет • Бүгін, 08:40