Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»
Әлеуметтік кодекстің әлеуеті
Бұл үрдіс бізді де айналып өткен жоқ. Қазірде елімізде мыңдаған азамат цифрлық платформалар (Uber, Яндекс, Glovo, Upwork, т.б.) арқылы немесе фриланс форматында еңбек етіп, табыс тауып жүр. Алайда осынау серпінді қозғалыс өзімен бірге жаңа мүмкіндіктерді ғана емес, сонымен қатар заңнамалық, әлеуметтік сипаттағы, дәстүрлі еңбектің декомпозициясы сынды күрделі сын-қатерлерді де ала келді. Дәстүрлі еңбектің декомпозициясы дегеніміз – күрделі жұмыс үдерісін, өндірістік операцияны немесе кәсіптік қызметті қарапайым, атқаруға ыңғайлы, басқарылатын кезеңдерге бөлу әдісі. Ол еңбекті ұтымды ұйымдастыруға, шығындарды қысқартуға, өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді, еңбек бөлінісі қағидаларын тиімді қолдануға көмектеседі.
Осы уақытқа дейін фрилансерлер мен платформалық жұмыспен қамтылғандар заң жүзінде «өзін-өзі жұмыспен қамтушылар» деген жалпылама санатқа жатқызылып, нақты құқықтық қорғаусыз қалып келді. Дәстүрлі еңбек шарты мен азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттардың арасында үлкен құқықтық алшақтық болды. Сәйкесінше, курьерлер, такси жүргізушілері немесе қашықтан қызмет көрсететін IT-мамандар еңбек заңнамасының игіліктерін толық көлемде сезіне алмады.
Бұл бағыттағы құқықтық вакуумды толтыруда еліміздің жаңа Әлеуметтік кодексі мен Еңбек кодексіне енгізілген өзгерістер маңызды қадам болды. Заңнама деңгейінде алғаш рет «платформалық жұмыспен қамту» ұғымы бекітіліп, осы саладағы қатынастарды реттеудің алғашқы тетіктері жасалды.
Реформа аясында фрилансерлер мен цифрлық платформа жұмысшыларын Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС), зейнетақы жүйесіне, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (МӘСҚ) аударылатын төлемдермен қамтудың оңтайландырылған жолдары қарастырылды. Ендігі кезекте оператор-компаниялардың жұмысшылар алдындағы жауапкершілігін нақтылау, салық агенті ретіндегі рөлін бекіту – уақыт талабы.
– Жаңа Әлеуметтік кодекс аясында алғаш рет платформалық жұмыспен қамтылғандардың құқықтық мәртебесін айқындау – заман қажеттілігінен туған қадам. Біз азаматтардың икемді жұмыс кестесіне деген ұмтылысын шектемей, керісінше, олардың еңбегін заңдастыруға жағдай жасауымыз керек. Бүгінгі міндет – интернет-платформа операторларын салықтық, әлеуметтік агент ретінде танудың тиімді тетігін қалыптастыру. Бұл фрилансерлердің уақтылы зейнетақы жарналарын аударып, медициналық, әлеуметтік сақтандыру жүйесінен тыс қалмауына кепілдік береді. Цифрлық форматтағы еңбек те дәстүрлі жұмыс сияқты қорғалуға тиіс, – дейді Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің бас сарапшысы Мерей Қайратұлы.
«Елеусіз экономикадан» – жауапты азаматтыққа
Жаңа форматтағы жұмыспен қамтудың тағы бір маңызды қыры – көлеңкелі экономиканың үлесін азайту, халықтың қаржылық мәдениетін көтеру. Мемлекет тарапынан фрилансерлер мен тәуелсіз мердігерлер үшін барынша жеңілдетілген салық режімдері, атап айтқанда, арнайы мобильді қосымшалар арқылы салық төлеу тетіктері ұсынылып отыр. Бұл жүйе азаматтарға артық бюрократиясыз, заңды түрде кәсіп етіп, өз табысын ашық көрсетуге мүмкіндік береді.
Мұндағы негізгі идеологиялық екпін – салық төлеудің жазалау құралы емес, болашақ әлеуметтік кепілдіктердің іргетасы екенін қоғамдық санаға сіңіру. Жалпыға бірдей декларациялау дәуірінде әрбір азаматтың экономикалық белсенділігі жауапты азаматтық ұстаныммен ұштасуға тиіс. Салықтық ашықтық – мемлекеттен сапалы медициналық көмекті, лайықты зейнетақы мен әлеуметтік қолдауды талап етудің басты құқықтық шарты.
Коллажды жасаған – Гүлмария ӘШІМХАНҚЫЗЫ, «EQ»
Фриланс – тұрақты еңбек шартысыз, әртүрлі тапсырыс берушілердің жобаларымен жұмыс істеу. Фрилансер – клиентті өзі іздейтін, көрсететін қызметіне өзі баға қоятын, жұмыс кестесін өзі жоспарлайтын маман. Оны қашықтан істейтін жұмыстан ажырата білу қажет. Қашықтан істейтін қызметкер кеңседе отырмаса да жалдамалы, ал фрилансер өз-өзіне жұмыс істейді. Заң тұрғысынан айтқанда, еңбек шарты арқылы емес, азаматтық құқықтық сипаттағы шартпен еңбек етеді. Кейінгі деректерге сәйкес, елімізде 1,5 млн-ға жуық фрилансер бар. Бүгінде фриланс ел экономикасының толыққанды бөлшегіне айналып келеді. Кей сарапшылар 2030 жылға қарай олардың экономикадағы үлесі 25%-ға дейін өсуі мүмкін екенін айтады.
Фрилансер, блогер Берікбол Исламұлы дефектолог-логопед мамандығы бойынша бес жылға жуық еңбек етіп, кейінгі жылдары фриланс саласында өнімді жұмыс атқарып жүр.
– Мұнда ауысуымның екі себебі бар. Біріншіден, қалыпты жұмыс тәртібімен шектелгім келген жоқ. Уақыт қысымы, басшыға бағыну секілді іс-әрекеттерден өзімді алып шыққым келді, бұлай жалғаса берсе әлеуетімнің толық ашылмасын сездім. Екінші себеп – қаржы мәселесі. Шыны керек, мемлекеттік мекемелер жұмысыңның сапасына қарамастан, мардымсыз еңбекақы төлейді. Қазір фриланс арқылы бұрынғыдан екі есе, кейде үш есе көп табыс табамын. Әрине, бұл қажырлы еңбек пен күш-жігерді талап етеді, – дейді кәсіпкер.
Фриланстың да өзіне тән тәуекелдері бар. Олардың басым бөлігі тіркеусіз жұмыс істейді. Салықтарды, зейнетақы аударымдарын, МӘМС төлемейді. Нәтижесінде, бұл мамандар мемлекеттің ем алуға, декрет демалысына, зейнетақы мен медициналық көмек-қолдауынан қағылады. Биылғы 1 қаңтардан бастап Мемлекет басшысы қол қойған жаңа Салық кодексі заңды күшіне енді. Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар үшін жеке арнаулы салық режімі (АСР) пайда болды. Ол жеке кәсіпкерлікті тіркемей-ақ, өзін-өзі жұмыспен қамтыған, қоластында қызметкерлері жоқ, ай сайынғы табыс мөлшері 300 АЕК-тен аспайтын, ең бастысы, кәсібі Кодекс шарттарында рұқсат етілген қызмет түрлеріне сәйкес келетін жеке тұлғаларға қолданылады.
Прекариат феномені: сыртқы еркіндік пен ішкі осалдық
Фриланс пен икемді жұмыс кестесі сырт көзге тартымды әрі еркін көрінгенімен, оның астарында үлкен әлеуметтік тәуекелдер жатыр. Қазіргі әлеуметтік ғылымда пайда болған жаңа тап – прекариат (латынның precarius – тұрақсыз, сенімсіз деген сөзінен) феномені бүгінде барынша өзекті болып отыр. Прекариаттар – тұрақты жұмыс орны, кепілдендірілген еңбекақысы, әлеуметтік пакеті жоқ азаматтар тобы.
Платформалық экономикада жүрген жұмысшылардың басым бөлігі еңбек демалысы, ауруға байланысты төлемдер, өндірістік жарақаттан сақтандыру, декреттік демалыс сияқты базалық құқықтардан тыс қалып қояды. Бұл мәселе әсіресе жастар арасында әлеуметтік пессимизмнің тууына әкеп соғуы мүмкін. Сондықтан мемлекет пен ірі цифрлық алпауыттар арасындағы әлеуметтік әріптестікті жаңа деңгейге көтеру қажет. Нарық икемді болуы керек, бірақ ол адам капиталын қанаудың жаңа заманауи құралына айналмауға тиіс.
– Фриланс пен тәуелсіз мердігерлік жастарға қаржылық еркіндік бергенімен, оның астарында «прекариат» деп аталатын әлеуметтік осал топтың қалыптасу қаупі бар. Тұрақты еңбек келісімшартының, төленетін еңбек демалысы мен еңбекке уақытша жарамсыздық парағының жоқтығы – ұзақмерзімді келешекте азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатына соққы болуы мүмкін. Мемлекет пен ірі цифрлық компаниялар арасындағы әлеуметтік әріптестікті жаңа форматқа көшіру керек. Нарық еңбек адамының әлеуметтік кепілдіктерін жұтып қоймауы қажет, дейді әлеуметтанушы, әлеуметтік-экономикалық зерттеулер жөніндегі сарапшы Серік Бейсембаев.
Сөз жоқ, заманауи технологиялар өндірістік қана емес, әлеуметтік қатынастардың да архитектоникасын түбегейлі өзгертіп жатыр. Бұл үдерісте мемлекеттің басты міндеті – жаңа форматтарға ретсіз тыйым салу емес, икемділік пен әлеуметтік қорғалу арасындағы алтын көпірді, яғни тепе-теңдік формуласын табу.
Цифрлық еңбек нарығы – отандық экономиканың маңызды драйвері. Алайда кез келген экономикалық өсімнің өзегінде адам тұруы шарт. Цифрлық платформалар нарықты алға сүйрегенімен, оның тетіктерін басқаратын тірі адам екенін уақыт сыны ұмыттырмауға тиіс. Әлеуметтік әділеттілік пен әрбір азаматтың еңбек құқығының қорғалуы цифрлық дәуірде де мемлекеттік саясаттың негізгі бағдары болып қала береді. Тек мықты заңнамалық база мен негізді нарық ғана тұрғындардың жаңа цифрлық кеңістікте өзін қауіпсіз әрі сенімді сезінуіне кепіл болады.