Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»
Жазба авторы – Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Қаржы және инвестициялар жөніндегі проректоры Назгүл Айдарғалиева. Бүгінде Ұлыбританиядағы University of Sussex оқу орнында «500 ғалым» бағдарламасы бойынша тағлымдамадан өтіп жүрген маман аталған елдегі «Financial Times» халықаралық газеті туралы жазыпты. Оның айтуынша, бұл БАҚ аптасына алты рет шығады. Соның ішінде сенбі күні жарияланатын етжеңді нұсқасы – «Financial Times Weekend» газетін ағылшындар демалыс күндері жаппай сүйіп оқиды екен.
«Ойланып көріңізші: жаңалықтар күн сайын туындайды. Дүйсенбіде саясаткерлер мәлімдеме жасайды, сейсенбіде қаржы нарықтары оған жауап қайтарады, сәрсенбіде компаниялар есептерін жариялайды, бейсенбіде нарықтағы жағдай өзгереді, ал жұмада маңызды шешімдер қабылданады.
Меніңше, ең маңыздысы – осының бәрінің нені білдіретінін түсіну. Сондықтан да ағылшындар дәл «Financial Times Weekend» санын ерекше күтеді. Оқиға болып жатқан кезде біз оның тек жекелеген бөліктерін ғана көреміз. Ал апта соңына қарай бәрі біртіндеп өзара байланысып, жалпы көрініс айқындала бастайды. Сол кезде саясаткерлердің мәлімдемелерін экономикалық көрсеткіштермен салыстыруға, үкімет қабылдаған шешімдердің бизнеске қалай әсер еткенін бағалауға, ал ауқымды уәделердің мемлекеттік бюджет мүмкіндіктеріне қаншалықты сай келетінін саралауға болады», деп жазады Н.Айдарғалиева.
Оның айтуынша, газеттің сенбілік нөмірі тек жаңалықтың төңірегінде құрылмайды. Ол әлдеқайда маңызды сұрақтарға жауап іздейді: алдағы жылдары қандай үдерістер әлемді өзгертеді? Қай шешімдердің тарихи маңызы болады? Бүгін көзге байқалмаған қандай өзгерістер ертең шешуші рөл атқарады?
Автор 18 шілдедегі сенбілік шығарылымның мақалаларына шолу жасап өткен. Басылымның бірінші бетінде Ұлыбританияның жаңа үкіметі туралы жазылғанын, алайда басты назар жаңа премьер-министр Энди Бёрнемнің тұлғасына емес, аталған ел бір мезгілде мемлекеттік қарызды азайтып, өнеркәсіпті қолдап, Лондон мен өңірлер арасындағы алшақтықты қысқартып, сонымен қатар әлеуметтік міндеттемелерін сақтай ала ма деген әлдеқайда күрделі мәселеге аударылғанын жазады.
«Газет саясаткерлердің мәлімдемелерімен ғана шектелмейді. Ол бірден нақты деректер мен графиктерді ұсынады: ел мемлекеттік қарызды өтеуге қанша қаржы жұмсап отыр, Англияның солтүстігі неге оңтүстіктен өзгеше дамуда, жасанды интеллектіге тартылатын инвестициялар неліктен әзірге АҚШ-пен салыстырғанда әлдеқайда төмен? Осындайда ұраннан гөрі дерек маңыздырақ екенін түсінесің. Міне, сапалы аналитиканың ерекшелігі де осында», дейді Н.Айдарғалиева.
Газеттің сенбілік шығарылымынан Қытайдың дамуына қатысты сараптамаға да орын берілген. Пост авторы осыдан бірнеше жыл бұрын жасанды интеллект туралы сөз қозғалғанда, әңгіме көбіне АҚШ төңірегінде өрбитінін, ал қазір «Financial Times» мүлде басқа көріністі көрсетіп, Қытайдың технологиялық тұрғыдан АҚШ-пен арадағы алшақтықты өте жылдам қысқартып келе жатқанына назар аударғанын жазады.
«Енді бәсеке компаниялар арасында ғана емес, тұтас ұлттық стратегиялар арасында жүріп жатыр. Бір қызығы, дәл осы күндері Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайда болып, кездесулердің негізгі тақырыптарының бірі жасанды интеллект, цифрландыру мен жаңа технологияларға аударылды. Бұл сәйкестік маған ерекше мәнді болып көрінді. Британдық аналитиканы оқып отырып, бір мезгілде өз еліңдегі күн тәртібін де бақыласаң, қазіргі әлемнің қаншалықты өзара байланысқанын тереңірек сезіне бастайсың.
Осы нөмірдің өн бойынан өтетін тағы бір маңызды ой бар. Болашақтың бәсекеге қабілеттілігі табиғи ресурстарға бұрынғыдай тәуелді емес. Бүгінде оның негізін білім, технология мен адам капиталы құрайды. Сондықтан жасанды интеллект туралы мақалалардың жанында микрочип өндірісі, киберқауіпсіздік, дарынды инженерлер үшін күрес, тіпті спортшылардың жеке беделінің миллиардтаған долларлық экономикалық құндылыққа айналуы туралы материалдардың жариялануы кездейсоқ емес», дейді ол.
Жазба авторының жазуынша, әлем уақыт өткен сайын біртұтас жүйеге айналып келеді. Сондықтан Дональд Трамптың әлеуметтік желідегі бір ғана жазбасы компаниялардың нарықтық құнын өзгерте алады. Ал футболшы жай ғана спортшы емес, жаһандық брендке айналды.
«Айтпақшы, қолжетімді тұрғын үй мәселесі бүгінде Ұлыбританияда ғана емес, Финляндия, Аустрия мен Жаңа Зеландияда да қызу талқыланып жатыр. Осы нөмірді оқи отырып, еріксіз Қазақстанмен салыстыру жасадым: өңірлерді дамыту, өнеркәсіпті қолдау, әлеуметтік саясат пен экономикалық өсім арасындағы тепе-теңдікті сақтау, жасанды интеллектіні дамыту, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру... Бүгінде бұл мәселелердің барлығы біздің еліміз үшін де өзекті. Сондықтан маған британдықтардың сенбілік оқуға деген дәстүрі ерекше ұнайды. £5,50 төлеп, сен жай ғана газет сатып алмайсың. Бірнеше сағатқа тоқтап, асықпай ойланып, бүгінгі оқиғалардың неліктен дәл осылай өрбігенін және олардың бес, он немесе жиырма жылдан кейін қандай нәтижеге алып келуі мүмкін екенін пайымдауға мүмкіндік аласың», деп жазады Н.Айдарғалиева.
Жазбаның соңында ол елімізде көтеріліп жатқан «Оқитын ұлт» идеясы туралы сөз қозғайды. Оның айтуынша, ең бастысы, оқу тек ақпарат алудың құралы болып қалмай, ойлаудың мәдениетіне айналуға тиіс.
«Өйткені жақсы кітаптар, сапалы ғылыми зерттеулер мен беделді басылымдардың ең үлкен құндылығы – олардың адам қоятын сұрақтардың сапасын біртіндеп өзгерте білуінде. Сондықтан мен де әр сенбі сайын «Financial Times Weekend» басылымын сатып алуға тырысамын. Жаңалық оқу үшін емес. Әлемге аптасына кем дегенде бір рет бұрынғыдан да тереңірек көзқараспен қарау үшін. Шексіз жаңалықтар легі мен смартфон дәуірінде мұны ерекше сезінесің. Смартфон сені оқиғаларды тоқтаусыз сырғыта беруге итермелесе, газет керісінше: «Асықпа. Парақта. Оқы. Түсінуге тырыс», дегендей әсер қалдырады. Сондықтан да «Financial Times» жүз жылдан астам уақыт ішінде жай ғана әлемдік брендке емес, іскерлік журналистиканың нағыз аңызына айналды», дейді автор.
Осы жерде тоқтала кетер маңызды мәселе – басылымның оқырман қолына жылдам тиюі. Н.Айдарғалиеваның айтуынша, «Financial Times» газетінің әр нөмірі таңғы сағат 7-ге дейін әрбір мекенжайға барып тұрады екен. Шотландия секілді елдің шеткері аймақтарына әрі дегенде түскі уақытқа дейін жетеді.
Қорыта айтқанда, Н.Айдарғалиеваның бұл жазбасы газет-журнал секілді дәстүрлі медианың дәуірі әлі де өтпегенін, оның да қоғамнан алар өз орны бар екенін, егер жұмысы дұрыс жолға қойылып, жазылушының қолына уақтылы жеткізіліп, соның арқасында «оқитын ұлт» қалыптастыра алсақ, салмақты сараптамалық ой қозғайтын басылымдардың болашағына оптимистік көзбен қарауға болатынын аңғартады. Өйткені тау суындай тасыған өткінші ақпарат заманында сапалы талдау мен байыпты сараптамаға деген сұраныс уақыт өте жоғарылай беретіні сөзсіз. Ал оған жауап беретін кәсіби баспасөз, қоғамдық пікірді қалыптастырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, оқырманның зияткерлік әлеуетін арттыратын газеттің орны әрдайым жоғары болып қала бермек.