Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
Еліміздің қорғаныс қабілетін нығайту, армияны жаңғырту мен әскери әлеуетті дамыту – мемлекеттік саясаттың өзгермейтін басымдығы. Отан қорғаушы күні мен Жеңіс күні қарсаңында бұл тақырып ерекше қоғамдық мәнге ие болып, әскери дәстүрлердің сабақтастығы мен ел игілігі жолындағы қызметтің маңыздылығын айқындай түседі. Армияның қазіргі жағдайы мен техникалық жарақтандырылуы, қорғаныс-өнеркәсіптік кешеннің дамуы, бітімгерлік қызмет пен цифрландыру мәселелері туралы Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен ҚОСАНОВТАН алған сұхбатымызда кеңірек сөз болды.
– Дәурен Жұматайұлы, айрықша маңызға ие мерекелер қарсаңында айбынды армиямыздың бүгінгі жағдайы туралы әңгіме қозғаудың реті келіп тұр. Оны заман талабына сай жетілдіру жолында кейінгі жылдары қандай жұмыс атқарылып жатыр?
– Ең алдымен, Отан қорғаушы күні мен Жеңіс күнінің қатар аталып өтуі терең символдық мәнге ие деп білемін. Бұл ұрпақтар сабақтастығы мен әскери дәстүрлердің жалғасуы, сондай-ақ бейбітшілік пен тәуелсіздік қорғаны – Отан қорғаушыларға деген құрмет. Өздеріңізге мәлім, елімізден майданға аттанған 1,2 млн адамның 600 мыңнан астамы қайта оралған жоқ. Талай батырларымыз жауға қарсы күрес пен ел қорғаудың ерен үлгісін көрсетіп, туған жерге қаһарман болып оралды. Олардың өшпес ерлігі жыл өткен сайын тарихи санамызда жаңғырып, патриоттық тәрбиенің ең маңызды бөлігі болып қала береді.
Қарулы күштердің дамуы туралы айтсақ, тәуелсіздік алған сәттен бастап елімізде заманауи, ұтқыр әрі кез келген қауіп-қатерге лайықты жауап бере алатын кәсіби армия қалыптасты. Алғашқы Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің жетекшілігімен отандық Қарулы күштеріміздің негізі қаланып, армияның ұйымдастырушылық әрі кадрлық негізі жасақталды.
Алғашқы кезеңде негізгі реформалар сәтті жүзеге асты. Атап айтар болсақ, әскери-аумақтық басқару жүйесі енгізіліп, өңірлік қолбасшылықтар құрылды. Құрлық әскерлері бригадалық құрылымға көшіріліп, десанттық-шабуылдау бөлімшелері жасақталды. Әскери-әуе күштері мен Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері Әуе қорғанысы күштеріне біріктірілді. Арнайы операциялар күштері, Әскери-теңіз күштері мен Аумақтық қорғаныс әскерлері құрылды.
Қазіргі уақытта Қарулы күштерді авиациялық, ұшқышсыз ұшу жүйелері, бронды техника мен жоғары дәлдікті қарулар сияқты заманауи қару-жарақ үлгілерімен жарақтандыру жалғасып жатыр. Сонымен қатар озық технологияларды енгізу мен стандарттарды халықаралық деңгейге сәйкестендіру басым бағытқа айналды. Әскери білім беру жүйесі жаңғыртылып, заманауи әрі цифрлық оқыту технологиялары енгізілді. Халықаралық ынтымақтастықтың көкжиегі кеңейді.
Президент – Жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев армияның дамуына ерекше көңіл бөліп отыр. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлеріне, әскери-көліктік авиацияға, Арнайы операциялар күштеріне, радиоэлектрондық күрес құралдары мен ұшқышсыз ұшу технологияларына баса назар аударылып келеді.
– Қазіргі заманғы қарулы қақтығыстардың сипаты өзгеріске түскенін көріп отырмыз. Әскери дрондар мен өзге де жаңа технологиялардың мерейі үстем болып тұр. Бұл тұрғыда Қарулы күштеріміздің даму барысы қалай?
– Иә, армиямыздың жауынгерлік дайындық жүйесі қазіргі заманғы қарулы күрес жүргізу әдістерін ескере отырып, қарқынды жүргізіліп жатыр. Негізгі назар оқытудың шынайылығын арттыруға, өзара іс-қимылды дамытуға, цифрлық технологияларды енгізуге бағытталған. Жауынгерлік әрекеттерді модельдеу мен имитациялау арқылы өткізілетін оқу-жаттығулардың тәжірибесі кеңейтілді. Бұл өз кезегінде күрделі сценарийлерді тиімді пысықтауға мүмкіндік береді.
Қарулы күштерді дамыту мен техникалық тұрғыда қайта жарақтау – Қорғаныс министрлігінің басым бағытының бірі. Қару-жарақ пен техниканы кезең-кезеңмен жаңартуға назар аударып отырмыз. Бұл әскерлердің жауынгерлік әлеуетін жүйелі түрде арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қолданыстағы Т-72 танктерін, БМП-2 жаяу әскер машиналарын, БТР-80 бронды транспортерлерін жаңғырту бағдарламасы іске асырылып жатыр.
Халықаралық әскери-техникалық ынтымақтастық та маңызды рөл атқарады. Беларусь, Германия, Испания, Ресей, Польша мен Франция сияқты бірқатар мемлекетпен техниканы жөндеу, қызмет көрсету және жаңарту міндеттерін тиімді шешуге мүмкіндік беретін бірлескен жұмыс жүргізіліп келеді. Ұшқышсыз ұшу жүйелері, барлау мен байланыс құралдары жеткізілді.
Әскери-әуе күштерін дамытуға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Атап айқанда, заманауи жойғыш ұшақтармен, C-295 және A400M көліктік ұшақтарымен, L-410 оқу-жаттығу ұшақтарымен, ұшқышсыз ұшу кешендерімен жарақтану жалғасып жатыр. A400M ұшақтарын бітімгерлік бөлімшелерді тасымалдау мен гуманитарлық миссияларды орындауға қолданып келеміз.
Әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі заманауи зениттік-ракеталық кешендермен, ҰҰА мен жоғары дәлдікті қару, кең ауқымды қауіптерге қарсы тұра алатын отандық «Нұр» радиолокациялық құралдарымен жабдықталған.
Әскери-теңіз күштерінде кемелер құрамын жаңалау мен 2030 жылға дейін флотты дамыту жұмыстары жоспарланған. Құрлық әскерлері заманауи бронды техникамен, артиллериялық жүйелермен, радиоэлектрондық күрес және қамтамасыз ету құралдарымен қамтамасыз етіліп жатыр.
– Ал отандық қорғаныс-өнеркәсіптік кешеннің дамуы көңілден шыға ма? Импортқа тәуелділікті азайту жолында қандай шаралар қабылданып жатыр?
– Мемлекет басшысының отандық кәсіпорындар мен қорғаныс-өнеркәсіп кешенін қолдау жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында еліміздің қорғаныс өнеркәсібі армияға қажетті өнімдерді өндіру деңгейін арттыру бағытында белгілі бір нәтижелерге қол жеткізді. Бұл, ең алдымен, оқ-дәрі өндірісі, кеме жасау, сондай-ақ әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдарын жөндеу мен шығару, оптикалық-электрондық жүйелер мен бронды техника салаларын қамтиды.
Бүгінде еліміздің қорғаныс-өнеркәсіп кешені оптикалық-электрондық барлау құралдарын, бронды дөңгелекті машиналар мен бронды транспортерлерді, байланыс құралдары мен автоматтандырылған басқару жүйелерін, ЕС-145 тікұшақтары мен су сыйымдылығы 200 тоннаға дейінгі әскери кемелерді, ірі калибрлі пулеметтер мен атыс қаруына арналған оқ-дәрілерді, сондай-ақ әскери қызметшілерге қажетті жабдықтар мен киім-кешек шығарып келеді.
Сонымен қатар кәсіпорындарда бронды танкіге, әскери көліктер мен реактивті дүркіндеп ату жүйелеріне техникалық қызмет көрсету мен жөндеу жұмысы жолға қойылған. Осы орайда «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» кәсіпорны туралы айта кеткен орынды. Ол әлемдік стандарттарға сай келетін, жарылысқа қарсы қорғанысы жоғары заманауи сауытты дөңгелекті машиналарды шығаруға маманданған. Атап айтқанда, «Арлан», «Алан», «Барыс» көліктері бар. Кәсіпорын корпустарды дайындаудан бастап құрастыруға, сынақтан өткізу мен сервистік қызмет көрсетуге дейінгі өндірістің толық циклін қамтамасыз етеді.
Ал Оралдағы «Зенит» зауыты Әскери-теңіз күштеріміз бен өзге де күштік құрылымдарға арналған кемелер жасайды. Мәселен, «Барыс» жобасындағы кемелерді, сондай-ақ басқа күштік құрылымдарға арналған көпмақсатты «Сұңқар», «Бүркіт», «Айбар» катерлерін шығарады. Зауыт жобалаудан бастап кеме құрастыруға, жөндеуге, жаңғыртуға, техникалық қызмет көрсетуге дейінгі толық өндірістік циклді қамтиды. Корпустар мен қосалқы жүзу құралдарын да өндіреді.
Бұған қоса Алматы қаласындағы 405-ші авиажөндеу зауытын да айта кеткен жөн. Алдағы уақытта өзіміздің зымыран өндірісімізді құру жоспарда бар. Сондай-ақ ұшқышсыз технологиялар бағыты белсенді дамып келеді. Сынақтардан сәтті өткен отандық «Sunqar» кешені армияға қабылданды. Бұл да осы салада ұлттық технологиялық базаның қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.
– Бітімгерлік қызмет сыртқы саясаттың күн тәртібіндегі маңызды бағыты болып қала береді. Бүгінде әскери қызметшілеріміздің БҰҰ миссияларына қатысуы қандай рөл атқарады?
– Еліміз халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысу ауқымын жүйелі түрде кеңейтіп келеді. Қарулы күштердің әскери қызметшілері Біріккен Ұлттар Ұйымының қамқорлығымен жүргізілетін бітімгерлік операцияларға, оның ішінде Голан жоталарындағы миссияға да тартылған.
БҰҰ миссияларына қатысу бір мезгілде гуманитарлық міндеттерді шешуге әрі жеке құрамның кәсіби деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Әскери қызметшілер көпұлтты ортада жұмыс істеуге машықтанып, ахуалы тұрақсыз өлкелерде әрекет ету дағдыларын пысықтайды. Бұл олардың төзімділігін, әскери машығын, жедел дайындығын арттыруға ықпал етеді.
Қазіргі уақытта отандық контингент UNDOF миссиясы құрамында бітімгерлік міндеттерін атқарып жүр. Мамыр айында үшінші ротация жоспарланған. Бұл жерде ротация жүргізгені үшін БҰҰ тарапынан қарастырылатын өтемақы да тиімділіктің қосымша факторы болып отыр.
– Мемлекет басшысы елімізді толыққанды цифрландыру міндетін алға қойды. Осы орайда әскери саланы цифрландыру мен инновациялар жайында айта кетсеңіз.
– Бұл бағыт қорғаныс саласында да толық көлемде іске асырылып жатыр. Қорғаныс министрлігі Қарулы күштерді жүйелі түрде цифрлық трансформациялауға басымдық беріп, бұл үдеріс әскерлерді басқаруды, есеп жүргізуді, жеке құрамды даярлау мен логистиканы қамтып отыр. Бұл жерде практикалық нәтижеге де ерекше назар аударылады.
Мемлекет басшысы цифрландыру мен жасанды интеллектіні ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің ең маңызды құралдары ретінде айқындап берді. Осыған байланысты басқаруды автоматтандыру, сондай-ақ киберқауіпсіздік, ұшқышсыз жүйелер мен радиоэлектрондық күрес бағыттарын жүйелі түрде дамытып жатырмыз.
Қорғаныс министрлігі құрылымында жасанды интеллект технологияларын жетілдіруге арналған арнайы бөлімше құрылды. Мерзімді әскери қызметтің ашықтығын арттыру мен әскери қызметшілердің туыстарымен өзара байланысын қамтамасыз етуге бағытталған «Сарбаз+» жобасы іске асырылып жатыр. Халықпен өзара іс-қимылдың цифрлық сервистері eGov.kz және mGov, сондай-ақ Armia.kz ақпараттық платформасы арқылы енгізілді. Бұған қоса тәулік бойы кеңес беруді қамтамасыз ететін «AI-sulu» және «Шаңырақ» чат-боттары сияқты жасанды интеллект шешімдері кеңінен қолданылады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,
«Egemen Qazaqstan»
Соңғы жаңалықтар
Пікір • Бүгін, 12:00
Руханият • Бүгін, 11:50
58 орын: Қазақстан армиясының әлемдік рейтингтегі орны бағаланды
Әскер • Бүгін, 11:15
АҚШ Иранға Ормұз бұғазын кезең-кезеңімен ашуды ұсынды
Әлем • Бүгін, 10:39
Алматыда «Батырларға тағзым – мәңгі жадымызда» патриоттық акциясы өтеді
Алматы • Бүгін, 10:06
18 жастағы студенттің өлімі: Астанада сот процесі басталды
Заң • Бүгін, 09:55
Жаңбыр, найзағай, бұршақ: бүгін ауа райы қандай болады?
Ауа райы • Бүгін, 09:30
Венецияда Қазақстанның ұлттық павильоны ашылды
Мәдениет • Бүгін, 09:00
Мемлекет басшысы Отан қорғаушы күнімен құттықтады
Президент • Бүгін, 08:30
Шымкентте құны 90 млн теңге болатын 1,2 га жер мемлекетке қайтарылды
Аймақтар • Кеше
Баян Алагөзова Меруерт Өтекешоваға пәтер тарту ететінін айтты
Тұлға • Кеше
Шығыс Қазақстанда қар барысы фототұзақты зақымдап кеткен
Оқиға • Кеше
Енді науқастар ұзақ уақыт кезек күтпейді: Астанада алғашқы ревматология орталығы ашылды
Медицина • Кеше
Алматыда студент сегізінші қабаттан құлап кеткен
Оқиға • Кеше
Жантүршігерлік жол апатынан Шығыс Қазақстанда үш жігіт көз жұмды
Оқиға • Кеше