Egemen.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Өтініштердің қаралуын бақылаудың ашық жүйесі қажет
Қазақстанның саяси тарихында мүмкіндігі шектеулі жандар арасында алғаш рет Сенатта депутат болған (2022-2024 жылдары) Ләззат Қалтаеваның айтуынша, депутаттың халықпен кері байланысы тек азаматтарды қабылдаумен немесе кездесулер өткізуімен шектелмеуі қажет.
«Құрылтай депутаты қаралып жатқан заң жобаларының мәнін ең алдымен түсінікті тілмен халыққа жеткізе білуі қажет. Азаматтар заңнамадағы өзгерістердің не үшін ұсынылып отырғанын, олардың күнделікті өміріне қалай әсер ететінін және қоғамдағы қандай нақты мәселелерді шешуге бағытталғанын ұғынуға тиіс. Өз тәжірибемнен айтар болсам, депутаттардың атына азаматтардан өте көп өтініштер түседі», деді ол.
Оның сөзінше, өтініштердің барлығы бірдей заң шығару қызметіне қатысты болмайды. Сондықтан олардың бір бөлігі құзыретті мемлекеттік органдарға жолданады.
«Бірақ мұнымен шектелуге болмайды. Өтініштерді талдап, қай мәселелердің жүйелі сипат алғанын анықтау маңызды. Себебі дәл осындай талдаулар – заңнамалық деңгейде шешуді қажет ететін түйткілдерді көруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, өтініштің жай ғана жолданғаны емес, оның қалай қаралғаны, мәселенің шешілген-шешілмегені және қабылданған шешімнің азаматқа нақты көмектескен-көмектеспегенін бақылау да депутат жұмысының маңызды бөлігі», деді Ләззат Молдабекқызы.
Сондай-ақ сарапшының айтуынша, азаматтардың өтініштерін қарау барысын бақылаудың ашық жүйесі қажет.
Депутаттың бастамалары қоғамға нақты бір өзгеріс әкелуі керек«Әр адам өзінің өтініші қайда жіберілгенін, қандай шаралар қабылданғанын және оның немен аяқталғанын көре алуы керек», деді ол.
Ләззат Қалтаева депутаттық мандаттың зор жауапкершілік екенін, депутат азаматтардың мәселесін жеткізуші ғана емес, сол мәселелердің шешімін іздеп, заңнамалық өзгерістерге бастамашы болуы керек екенін тілге тиек етті.
«Бұл әсіресе әлеуметтік осал топтардың құқықтарын қорғауда ерекше маңызды. БҰҰ-ның Мүгедектердің құқықтары жөніндегі комитетінің мүшесі ретінде мен мұндай мәселелерге әлеуметтік көмек тұрғысынан ғана емес, ең алдымен адам құқықтары тұрғысынан қарау қажет деп санаймын. Мүгедектігі бар адамдар білім алуға, еңбек етуге, денсаулық сақтау қызметтеріне, көлікке, ақпаратқа, сот төрелігіне және қоғамдық-саяси өмірге тең дәрежеде қол жеткізуі керек. Осындай өзгерістерге қол жеткізу үшін депутаттың кәсібилігімен қатар, өз ұстанымына берік болуы және табандылық танытуы аса маңызды», деді сарапшы.
Л. Қалтаеваның пікірінше, депутаттың қызметі тек депутаттық сауалдардың немесе сөйлеген сөздерінің санымен бағалануы жеткіліксіз. Ең бастысы – оның бастамалары қоғамға қандай да бір нақты өзгеріс әкелуі қажет.
Депутаттардың есеп беруінің бірыңғай стандарттарын енгізу қажет«Бүгінде қоғам депутаттың сөзінен гөрі нақты нәтижесін көргісі келеді. Сол себепті депутаттың қызметі барынша ашық әрі түсінікті болуы қажет. Азаматтар оның қандай заң жобаларын қолдағанын, қандай түзетулер ұсынғанын, қандай депутаттық сауалдар жолдағанын және олардың нәтижесі қандай болғанын білуге тиіс», деді Л. Молдабекқызы.
Айта кеткен жөн, көптеген елдерде депутаттар сайлаушылармен тұрақты түрде кездесіп, өз қызметі туралы жүйелі түрде есеп береді және әрбір маңызды заң жобасы бойынша өз ұстанымын түсіндіреді.
«Менің ойымша, Қазақстанға да депутаттардың есеп беруінің бірыңғай стандарттарын енгізу қажет. Есеп – өткізілген іс-шаралардың тізімін ғана емес, нақты нәтижелерді де көрсетуі керек», деді Ләззат Қалтаева.
Ол сондай-ақ заң жобалары әзірленіп жатқан кезеңде қоғамдық талқылауларды кеңінен өткізу маңызды екенін атап өтті.
«Әсіресе бұл адам құқықтарына, оның ішінде мүгедектігі бар адамдардың құқықтарына қатысты мәселелерде өте өзекті. Себебі шешімдер адамдардың қатысуымен қабылданғанда ғана олардың тиімділігі артады», деді Л. Молдабекқызы.
Құрылтай сайлауына қатысудың маңыздылығы және азаматтардың белсенділігі
Оның пікірінше, депутат қоғамда үні жиі естілмей қалатын азаматтардың да мәселесін тыңдай білуі керек, халыққа қолжетімді болып, қабылданған шешімдердің мәнін түсіндіріп отыруы маңызды.
«Менің түсінігімде, «Біз туралы бізсіз ештеңе қабылданбауы керек» қағидаты ерекше маңызға ие. Бұл – тек мүгедектігі бар адамдардың құқықтарына ғана емес, жалпы азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысуына қатысты әмбебап қағида деп санаймын», деді Ләззат Қалтаева.
Бұдан соң, сарапшы халықтың сенімі депутатқа қалай қалыптасатыны туралы сөз етті.
«Құрылтай депутаты өз мандатын – мәртебе деп емес, халық алдындағы күнделікті жауапкершілік ретінде қабылдауы маңызды. Халықтың депутатқа деген сенімі – оның айтқан сөзінен емес, мәселені тыңдап, жан-жақты зерделеп, жүйелі шешім ұсынып, нәтижесіне дейін бақылап, кейін қоғам алдында ашық есеп бере алуы арқылы қалыптасады», деп түйіндеді Ләззат Қалтаева.
Сайлауға қатысу – азаматтық парыз: Құрылтай – халықтың жаңа таңдауы