Egemen.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Коллажды жасаған – Гүлмария ӘШІМХАНҚЫЗЫ, «EQ»
– Жасанды интеллектінің жаппай енгізілуі ең алдымен білім жүйесінен білінеді. Бұл өзгеріс ұстаз бен шәкірт өмірінде қалай байқалады?
Асыл Түймебаев:
– Бағдарлама мазмұнынан байыптайтынымыз, бар балаға бірдей тәсілмен білім беру бірте-бірте шабандай бермек. Есесіне жасанды интеллект әр оқушыға жеке даму бағытын ұсынады. Мысалы, математикаға қабілеті жоғары балаға сараптамалық сананы өсіретін жаттығу дайындалса, әдебиетке құштар балаға шығармашылық дағдысын дамытатын тапсырма әзірленеді. Ал ата-анаға нендей пайда дейсіз ғой? Олар мұғаліммен бірге оқу үдерісін бақылай алады, сонымен қатар баласының талантын ерте тануға мүмкіндік алады. Ұстаздар шәкірті туралы деректерді барынша тез әрі анық талдап, таразылайды.
Салтанат Қозғанова:
– Аталған жүйенің тиімді жұмыс істеуі үшін оны қолдана алатын мамандар да қажет. Сондықтан стратегияда жасанды интеллект саласындағы кадрларды даярлауға ерекше көңіл бөлінген. Бұл жұмыс тек жоғары оқу орындарымен шектелмей, өңірлік IT-мектептер мен білім беру орталықтарын да қамтиды. Мақсат – жасанды интеллектіні тек тұтынатын емес, оны әзірлеп, білім беру үдерісінде тиімді пайдалана алатын мамандар буынын қалыптастыру. Сонымен бірге 2029 жылға қарай халықтың кемінде 20 пайызы генеративті жасанды интеллект құралдарын меңгеруге тиіс. Бұл технологиялардың күнделікті өмірге де, білім беру жүйесіне де кеңінен енуіне жол ашады. Яғни алдағы жылдары мектептер мен оқу орындарында цифрлық технологияларды пайдалану ауқымы кеңейіп, білім беру жүйесі әр баланың қабілеті мен жеке ерекшелігіне бейімделе түседі.
Нұржан Мұхтарұлы:
– Әрине, мұның бәрі жақсы. Бірақ тепе-теңдік сақтау ләзім. Жасанды интеллект балаға оқу бағдарын ұсынса, ата-ана мен ұстаздар тәрбие бермейді деген сөз емес. Бәрібір де барлық игіліктің алтын өзегі – адам. Бұрын да солай болған, келешекте де осылай қалуға тиіс. Біздің болжауымызша, жасанды интеллект дамыған сайын, адамзат табиғи интеллектіні қадірлей түседі. Кезінде жасанды тамаққа жапа-тармағай жабысқан қоғам, одан біршама зиянын шеккеннен кейін, табиғи өнімдерді тұтынуға ауысты. Ит басына іркіт төгіліп жатқан заманда қымыз-шұбатты тегін алатын жұрт енді оны қымбат бағаға сатып алып жүр. Сол секілді ендігі уақытта роботтың емес, адамның қолынан шыққан өнімдерге сұраныс күрт артады деп сенемін.
Құндыз Мақсұтова:
– «Digital Qazaqstan» стратегиясының маңызды нәтижесінің бірі – білім алудағы теңсіздікті азайту. Білім сапасы көбіне оқушының қабілетіне емес, оның қай жерде тұратынына, қандай мектепте оқитынына немесе қандай ресурстарға қол жеткізе алатынына тәуелді болып келеді. Цифрлық технологиялар осы айырмашылықтардың әсерін азайтуға мүмкіндік береді. Қарапайым тілмен айтсақ, ауылдағы оқушы мен қаладағы оқушының білім алу мүмкіндіктері бір-біріне жақындай түседі. Екеуі де бірдей цифрлық платформаларды, онлайн курстарды және жасанды интеллект негізіндегі оқу құралдарын пайдалана алады. Бұл білімге қолжетімділікті арттырып қана қоймай, білім сапасындағы алшақтықты да қысқартуға ықпал етеді. Біздіңше, стратегиядағы ең маңызды өзгерістердің бірі осы. Өйткені технологияның негізгі міндеті – жаңа құрал ұсыну емес, әр балаға өз әлеуетін ашуға мүмкіндік беру. Соның нәтижесінде білім беру жүйесі біркелкі оқытудан оқушының жеке ерекшеліктерін ескеретін модельге біртіндеп ауысады.
Біржан Ахмер:
– «Digital Qazaqstan» стратегиясы – білім беру философиясының терең трансформациясы. Қарапайым қатысушыларға бұл ең алдымен жекелеген білім беру кеңістігін ашады. Оқушы үшін жасанды интеллект – бұл өз бетінше ізденуге, қиналған тақырыбын қайталап түсіндіруге, шығармашылық жобаларын дамытуға көмектесетін виртуалды тәлімгер. Мұғалім үшін бұл – уақытты үнемдейтін, сабаққа дайындықты жеңілдететін, оқушылардың жеке ерекшеліктерін диагностикалауға мүмкіндік беретін сенімді серіктес. Ал ата-ана баласының үлгеріміне тек баға арқылы емес, оның қандай дағдылары дамып жатқанын көре алатын ашық цифрлық бақылау арқылы куә болады. Алдағы бірнеше жылда бұл үдерістер қалыпты жағдайға айналып, білім беру жүйесі теориядан нәтижеге бағытталған үлгіге көшеді. Сондықтан алдағы жылдары мектептегі басты өзгеріс технологияның көбеюінен емес, оқыту тәсілінің өзгеруінен байқалады. Білім беру жүйесі дайын ақпаратты жаттатудан гөрі, оны түсініп қолдана алатын тұлға қалыптастыруға көбірек ден қояды.
– Сөздеріңізден жасанды интеллект білім алудың аясын кеңейтеді деген пайымды аңғардық. Бірақ ел ішінде ЖИ-ге иек артқан оқушы өз бетімен ойланбай қалады деген алаңдаушылық та бар. Бұған не дейсіздер?
Асыл Түймебаев:
– Жасанды интеллект – ең алдымен көмекші құрал. Ол мұғалімнің тәжірибесін, педагогикалық шеберлігін немесе адаммен тікелей қарым-қатынасты алмастыра алмайды. Мұғалім оқушыны тәрбиелейді, ынталандырады, бағыт береді, сыни ойлауға үйретеді. Бұл міндетті технология толық атқара алмайды. Өйткені ЖИ-ді жүгенсіз пайдалану белгілі бір қауіп туғызуы мүмкін. Егер оқушы барлық тапсырманы жасанды интеллектіге орындатып қойса, оның ойлау, талдау, шығармашылық қабілеттерінің дамуы тежеледі. Сондықтан негізгі қағида – ЖИ-ді дайын жауап алудың емес, білім алуға жәрдемші ретінде пайдалану. Мектеп оқушыларына жасанды интеллектінің этикасын үйрету маңызды.
Осыған байланысты былтыр Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының сарапшыларымен бірлесіп, білім беру саласының цифрландыру жағдайында академиялық адалдық қағидаттарын сақтауға бағытталған әдістемелік ұсынымдар жобасын әзірледік. Аталған құжат оқу үдерісінде жасанды интеллект технологияларын қолдану ережелерін реттеуге бағытталған. Ол ЖИ-құралдарын пайдалану кезінде жауапкершілік қағидаларын айқындап, оқушылар мен педагогтердің академиялық адалдықты сақтауына көмектеседі.
Салтанат Қозғанова:
– Әріптестерімнің сөзімен келісемін. ЖИ құрал болуға тиіс. Осындай талқының болуы да әбден заңды. Тарихқа үңілсек, кітаптың пайда болуы да, интернеттің келуі де осындай пікірталас тудырған. Бірақ технология білімнің мәнін өзгерткен жоқ, тек оны жеткізу тәсілін өзгертті.
Біздіңше, басты мәселе – жасанды интеллектіні құр қолдану емес, оны сарабдал санамен пайдалану. Егер оқушы кез келген жауапты көшіріп алса, бұл мәселе технологияда емес, оқу үдерісінде жатыр. Ал егер ол ЖИ көмегімен ақпарат жинап, оны талдап, салыстырып, өз қорытындысын шығарса, онда бұл білім сапасын арттыратын құралға айналады. Сондықтан мұғалімнің рөлі әлсіремейді, керісінше өзгереді. Бұрын педагог ақпараттың негізгі көзі болса, енді ол оқушыны ақпаратты дұрыс таңдауға, тексеруге, түсіндіруге бағыттайтын тәлімгерге айналады.
Жасанды интеллектінің шекарасы да осы жерде. Ол көмек бере алады, бірақ адамның орнына шешім қабылдамауы керек. Ол білім алуды жеңілдете алады, бірақ оқушының дербес ойлауын алмастырмауға тиіс. Сондықтан білім беру жүйесіндегі негізгі қағидат – «адам басқарады, технология көмектеседі» деген ұстаным болып қала береді.
Нұржан Мұхтарұлы:
– Бүгінде кез келген оқушы өте күрделі есептің жауабын бірнеше секундта тауып ала алады. Бірақ бұдан гөрі алынған ақпараттың қаншалықты дәл екенін ажырата білу маңызды. Сондықтан мектептің міндеті тек білім беру емес, ақпаратпен жұмыс істеу мәдениетін қалыптастыруға да бағытталуы керек. Деректің ақиқаттығын анықтай білу жаңа заманға ең қажет қасиет. Сол себепті алдағы жылдары медиасауат, цифрлық сауат және ақпаратты сыни бағалау дағдылары білім беру жүйесіндегі негізгі құзыреттердің біріне айналады.
Құндыз Мақсұтова:
– Жөн сөз, кез келген технологияны тиімді немесе тиімсіз ететін – оны қолдану мәдениеті. Бұл бағытта зерттеуге негізделген оқыту (inquiry-based learning) мен мәселені шешуге негізделген оқыту (problem-based learning) әдістері ерекше маңызға ие. Біз білім беруді – ақпарат ұсынумен шатастырып алғандаймыз. Асылында, олай емес қой. Ол – тәрбие беру, ынталандыру, шабыттандыру, тұлғаның құндылықтарын дамыту, әлеуметтік дағдыларды қалыптастыру үдерісі. Мұндағы адамның орнын еш технология алмастыра алмайды. Жасанды интеллектінің рөлі – мұғалімнің көмекшісі болу. Ол оқу материалдарын бейімдеуге, білімдегі олқылықтарды анықтауға, жеке оқу траекториясын құруға көмектеседі. Ал түпкілікті шешім қабылдау, бағыт беру және тұлға тәрбиелеу қызметі әрқашан мұғалімнің құзырында қалуға тиіс. Сондықтан жасанды интеллект пен мұғалім бір-біріне бәсекелес емес, білім сапасын арттыруға бағытталған серіктестер ретінде қарастырылуы қажет.
Біржан Ахмер:
– «Оқушы ойланбай қалады» деген алаңдаушылықтың орынды тұстары бар, бірақ бұл ЖИ-дің кінәсі емес, біз қолданып отырған тапсырмалардың ескірген түрінде. Егер біз оқушыдан тек дайын жауапты талап етсек, ЖИ оны бір секундта орындап береді. Ал егер біз «Абай шығармашылығындағы хакім бейнесін қазіргі қоғаммен салыстыр» немесе «өлеңнің құрылымын талдап, өзіңнің эмоционалдық жауабыңды жаз» деген секілді аналитикалық тапсырмалар берсек, ЖИ оқушының ойлау үдерісін тереңдететін катализаторға айналады. ЖИ-ді қолданудың шекарасы – академиялық адалдық пен этикалық нормада. Технологияны біздің орнымызға ойлау үшін емес, біздің ойлау деңгейімізді жоғарылату үшін пайдалануымыз қажет.
Осы стратегия аясында әзірленген «Қазақ тілін оқытуда жасанды интеллектіні қолдану бойынша әдістемелік ұсынымдар (5-9-сыныптар)» және «Қазақ әдебиеті пәнін оқытуда жасанды интеллектіні қолдану бойынша әдістемелік ұсынымдары (5-9-сыныптар)» мұғалімдерге технологияны күнделікті жұмыс құралына айналдырудың нақты жолдарын ұсынады. Біз осы әдістемелік ұсынымды дайындауға тікелей атсалыстық.
– Құжатта технологиялық теңсіздік, инфрақұрылым сапасы және кадр даярлығы туралы айтылған. Цифрлық білім бәріне бірдей қолжетімді болуы үшін ең алдымен нені шешу керек?
Асыл Түймебаев:
– Кез келген өзгерісті біз ең алдымен педагогтерді даярлаудан бастаймыз. Бұл жұмыс қазірдің өзінде жүргізіліп жатыр. Өткен жылы еліміздің 260 мыңнан астам педагогі жасанды интеллект технологияларын қолдану бойынша оқудан өтті. Осы жылы барлық мұғалім осы бағытта біліктілігін арттырады. Ең озық технологияның өзі оны тиімді қолданатын маман болмаса, күткен нәтижені бермейді. Сондықтан инфрақұрылымды дамыту мен педагогтердің біліктілігін арттыру қатар жүруі қажет.
Рас, елдегі қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығы бар. Сондықтан Президент Жарлығы аясындағы жұмыстар ең алдымен ауыл мектебінде, әсіресе шағын жинақты білім ошағында басталады. Өйткені заманауи білім беру технологияларына дәл осы мектептердің сұранысы жоғары. Цифрлық білімнің қолжетімді болуы ең алдымен сапалы инфрақұрылымға байланысты екені ақиқат. Әрбір мектеп тұрақты интернетпен, заманауи құрылғылармен және қажетті цифрлық платформалармен қамтамасыз етілуі керек. Сол мақсатта алдағы 1 қыркүйектен бастап Павлодар және Қызылорда облыстарының 10 мектебінде қанатқақты жобамыз іске қосылады. Кейінірек оған тағы 50 мектеп қосылады, ал алдағы уақытта олардың саны кезең-кезеңімен 500 мектепке дейін жеткізіледі. Ал 2029 жылға дейін барлық 2654 шағын жинақы мектептерді қамту жоспарда тұр.
Салтанат Қозғанова:
– Цифрлық білім бәріне бірдей қолжетімді болуы үшін үш бағыт қатар жүруі керек. Біріншісі – әріптесім атап өткендей, сапалы цифрлық инфрақұрылым. Екіншісі – мұғалімдердің цифрлық құзыреттерін дамыту. Үшіншісі – өңірлердегі балалардың заманауи технологияларды меңгеруіне жағдай жасау. Осы мақсатта стратегияда академиялық ортамен қатар өңірлік IT-мектептерді дамыту және жасанды интеллект саласындағы кадрларды кеңінен даярлау көзделген. Егер ауылдағы оқушы да қаладағы құрдасымен бірдей цифрлық ресурстарға, сапалы интернетке және заманауи білім беру құралдарына қол жеткізе алса, сонда ғана цифрландырудың нақты нәтижесі туралы айтуға болады. Сондықтан біздің міндетіміз – технологиялық мүмкіндіктерді бірнеше ірі қалада ғана шоғырландырмай, елдің барлық өңіріне жеткізу.
Біржан Ахмер:
– Цифрлық теңсіздік мәселесін шешу үшін инфрақұрылымнан бұрын оны игеру мәдениетін қалыптастыру шарт. Қала мен ауыл мектебі арасындағы алшақтықты жоюдың алғашқы қадамы – мұғалімнің цифрлық құзыреттілігін көтеру. Біздің әзірлеген әдістемелік ұсынымдарымыздың басты мақсаты да осы – ауыл мұғаліміне интернеттегі күрделі ресурстарды емес, ЖИ көмегімен сабақ жоспарын тез жасап, оқушыларға жеке тапсырмаларды қалай дайындауға болатынын қарапайым тілмен түсіндіру. Технология барлығына қолжетімді болуы үшін білім беру мазмұнын «жеңілдету» емес, оны әрбір мектептің ресурс көзіне қарай икемдей білетін әдістемелік қолдау жүйесін құру өте маңызды.
Дөңгелек үстелді дайындаған –
Абзал МАҚАШ,
«Egemen Qazaqstan»