Директорды шекті мерзімге тағайындау тиімді ме?

17.04.2026

Egemen.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..

Жыл басынан бері мектептерде директорларды жаңа «2+2» жүйесі негізінде тағайындау туралы ұсыныс қызу талқыланып жатыр. Оқу-ағарту министрлігі қалалық мектептердің басшыларын алдымен 2 жыл мерзімге тағайындап, директор діттеген межені орындаса, қызметін тағы екі жыл атқаруға мүмкіндік берілетінін түсіндірді. Ал ауылдық жердегі мектеп басшыларына «3+3» мерзімі ұсынылған.

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Өзгеріс не үшін қажет?

Білім ұйымдарындағы бұл бастама «мерзімсіз басшылық» тәжірибесінен арылып, мектепті басқару моделінің ашықтығын арттыруды көздейді. Сондай-ақ ұсыныс кәсіби бәсекелестікті дамытып, жас мамандарға да жол ашады. Министрлік ұсынысындағы мерзімге қатысты қоғам пікірі бір арнада қабыспайды. Себебі елдің әр азаматын қамтитын салада – сапалы білімді қалыптастыруға «2+2» уақыт аралығы жеткілікті ме, басқарудағы тұрақсыздық білім сапасын тұралатпай ма деген сауал туындауы заңды.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліме­тінше, 2025 жылғы аттес­тацияда директор лауазымына үміткерлердің 79%-ы тестілеуден өте алмай, дайындық деңгейінің төмендігін көрсеткен. Ал 8 048 мектептің 490-ында директор орны бос болса, 810 мектепті уақытша атқарушылар басқарып отыр. Сондай-ақ мектеп тізгінін ұстаған тұлғалардың айтарлық­тай бөлігі білім ордасында 10-20 жылдан аса тұрақтап қалған. Мұндай үрдіс білім саласындағы жаңашылдыққа педагогтердің енжар қарауына түрткі болуы да ықтимал.

Жоғары білім беруді дамыту ұлт­тық орталығының ақпараттық-талдау офисінің жетекшісі, білім беру ісінің сарапшысы Қайсар Тұрсынғожа реформаның мақ­саты – есеп беруді жүйелеу, бас­қару корпусын жаңарту, талантты педагогтерге мансаптық жол ашу екені айқын, бағыт дұрыс бол­ғанмен, мәселе мерзімде екенін алға тартты. Сарапшы халықаралық ғылыми тәжірибе мен беделді зерттеулер 4 жыл мектепті трансформациялауға тым қысқа мерзім екенін меңзей­тінін жеткізді.

«Халықаралық сарапшылар мек­теп­тің ішкі мәдениеті мен білім сапасын түбегейлі өзгерту­ге кемінде 5-7 жыл қажет екені­не назар аудартады. Миллердің Солтүстік Каролина дерек­терін талдаған зерттеуіне сай, жаңа басшы келген алғашқы 2 жылда оқушылардың үлгерімі төмендеп, тек бесінші жылдың аяғында ғана бастапқы деңгейіне қайта оралады. Реддинг пен Нгуэннің 35 зерттеуге негізделген мета-талдауы мектеп трансформациясы­ның алғашқы нышандары тек 2-4 жыл ара­лығында ғана байқала бастайтынын көр­сетті. Өзгеріс негізінде «директордың ке­туін күту» феномені қалыптасу да ықти­мал. Егер мұғалімдер ұжымы бас­шы­­ның 2-4 жылда кететінін білсе, олар рефор­маларға үнсіз қарсылық танытып, «бұл да кетер, бастамасы да өлер» деген ен­жар күйге түседі. Директорлардың жиі ауысуы мұғалімдердің де кетуін үде­тіп, ұзақ­мерзімді кезеңде оқушылар үлге­ріміне кері әсерін тигізбей қоймайды», дейді ол.

Әлем елдеріндегі тәжірибе қандай?

Білім саласындағы реформаларын нәтижелі санайтын Сингапурда мектеп директорларын ротациялау мерзімі – 5-7 жыл. Ескерері, аталған елде білім ұясы­ның басшыларын тағайындамас бұрын 6 айлық LEP дайындық бағдарламасы жүргізіледі. Ал PISA нәтижелері тұрақты түрде жоғары деңгейдегі Финляндияда міндетті ротация мерзімі белгілен­бе­ген. Білім мен ұлттық тәрбие тоғыс­қан Жапония мемлекеттік мектептер арасындағы теңдікті сақтау мақсатында 3-5 жылдық мерзімді айқындаған. Оңтүстік Корея мық­ты директорлардың элиталық мектептерде шоғырлануын шектеуге 4+4 жылды нақтылаған. Алып АҚШ-та мерзім шектелмеген. Десе де, мұндағы үрдіс директорлардың бір мектептегі орташа мерзімдік қызметі – 4 жылға ұласатынын көрсетіп отыр. Білім саласындағы көшбасшы жүйелер білім беру ұйымдарын басқаруда нақты мерзім мен нәтижедегі оңтайлы уақыт – 5-7 жыл екенін аңғартады.

Осы тұста Қайсар Болатбайұлы реформаның ең қауіпті тұсы – нәтиже көрсетіп жатқан тәжіри­белі басшыларды «мерзімі толды» деген сылтаумен мәжбүрлі түрде орнынан қозғау екеніне тоқталды.

«Жоғарыда мысал еткен Грис­сом, Бартанен және Митанидің зерттеулері көрсеткендей, тиімді директорларға таңдау берілсе, олар әдетте беделі жоғары, жағ­дайы жақсы мектептерге кетуге бейім болады. Олай болса, мықты маманды «қиын» мектептен ротация арқылы алып тастағанда, оның орнына келетін кадрдың деңгейі қандай болмақ? Ең маңыздысы – директордың тиімділігі жұмыс істеген алғашқы 3 жылда тұрақты түрде өсіп отырады. Демек, басшы өз әлеуетінің шыңына енді шыққанда, яғни төртінші жылы оны ауыстыру – мектептің ең жемісті кезеңін балталаумен бірдей», дейді сарапшы.

«Таяқтың екі ұшы болатыны» секілді – ұсынысқа көзқарас та сан алуан. «Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» жобасы аясында іріктеліп, Астанадағы Барлыбек Сырттанов атындағы №34 орта мек­­тепті тізгіндеген Амангелді Бо­да­нов білгір басшы мерзімге бай­лан­байды, нәтиже нақты әлеует­­ке байланысты тіркелетінін атап өтті.

«Кең пайымдасақ, өзгеріссіз өрлеу де жоқ. Басшы тек менеджер, бағыт нақты айқындалса, қай басшы болса да сол ба­ғытты ұстанады. Білім мен тәр­тіп­ті жүйелеуді білім беруді ұйым­дастыру, тәрбие­лік іс-ша­ралар кешенін қабыл­дау деп қа­был­даған дұрыс. Даму бағ­д­ар­­ла­масы 5 жылға жасалатын болса, басшының лауазымға та­ғайын­далуы осы кезеңнің жар­ты­сын құ­рап, жартысын келесі бас­шы жүзеге асырғаны тың жаңа­лық болар еді», дейді Амангелді Боданов.

Оқу-ағарту министрлігінің жобасы кең талқыланып жат­қан тұста, сарапшы Қайсар Тұрсын­ғожа формуланы «3+3» немесе «4+3» форматына (жалпы 6-7 жыл) көшіруді жөн санайтынын жеткізді.

«Сингапурдың LEP тәжіри­бесін­дей, жаңа мектепке баратын директорлар­ға кемінде 3-6 айлық арнайы дайындық курсын енгізу қажет. Егер 4 жылда нақ­ты ілгерілеу болса, мерзімді автомат­ты ұзарту тетігін қарастыру да тиімді болмақ. 5 200-ден астам ауылдық мек­теп­тің басым көп­шілігінде ротация жасау фи­зикалық тұрғыдан мүмкін емес­тігін ескеру де маңызды. Ротация жыл­дамдығын арттырмастан бұрын, аттестациядан өте алмай жатқан 79% үміткердің сапасын көтеруге де көңіл бөлу – құп­тарлық іс», деп сөзін түйіндеді Қайсар Тұрсынғожа.

Тұжырымдап айтқанда, мек­­­­теп директорын «2+2» (3+3) қағи­датымен тағайындау – білім жүйе­сін жаңғыртуға бағыттал­ған батыл қадам. Бұл бастама бас­қа­рудағы ашықтықты артты­рып, кадрлық тоқырауды жоюға, жаңа буын басшыларына жол ашады. Алайда білім – жедел нәтиже күтетін емес, жүйелі әрі ұзақмерзімді еңбекті талап ететін сала. Сондықтан бас­қару тиімділігін тек қысқа уақыт ара­лығымен өлшеу – рефор­маның түпкі мақсатына қайшы келуі мүмкін.

Сарапшылар атап өткен­дей, мектеп­ті сапалы транс­фор­ма­циялауға уақыт, тұрақ­ты­лық пен сабақтастық қажет. Ең маңыз­дысы – реформаны енгізу­де асығыс­тыққа жол бермей, халық­ара­лық тәжірибе мен ұлттық ерек­ше­лікті ұш­тастыра отырып, тиімді әрі тұрақты басқару моделін қа­лыптастыру.

Соңғы жаңалықтар

Несие – несібе емес

Несие • Бүгін, 08:10

Жолаушы қауіпсіздігі – жауапты міндет

Қоғам • Бүгін, 08:05

Анас Баққожаев: Заң жобасы жауапкершілікке негізделген

Сұхбат • Бүгін, 08:00

Қаржы ұйымымен келелі келіссөз

Саясат • Бүгін, 07:55

Бейбітшілікке үндеген жаһандық саммит

Саясат • Бүгін, 07:50

Кекілбаев тұлғасына арналған кітап

Қоғам • Бүгін, 07:48

Халықаралық шарт пен келісім мақұлданды

Саясат • Бүгін, 07:45

Штутгарттағы сәтті старт: Елена Рыбакина келесі кезеңге өтті

Теннис • Кеше

Күшті үйлестіру – озық тәжірибе

Аймақтар • Кеше

Бір кәуап – 950 мың теңге: Бразилияда туристерді алдаған топ ұсталды

Әлем • Кеше

Ұландықтар баланы ажалдан аман алып қалды

Қоғам • Кеше

Бекзат Алмаханның UFC-дегі қарсыласы анықталды

Спорт • Кеше

«Әділет» партиясын құруға ресми қадам жасалды

Саясат • Кеше

Президент «Ялла» ансамблінің көркемдік жетекшісі Фаррух Закировке құттықтау жеделхатын жолдады

Президент • Кеше

Бибісара Асаубаева көш басына шықты

Шахмат • Кеше

Барлық жаңалықтар

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью