Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде жыл сайын 120 миллионнан астам рет қан тапсырылады. Алайда бұл көрсеткіш барлық елде бірдей емес. Табысы жоғары мемлекеттерде қан тапсыру белсенділігі әлдеқайда жоғары болса, дамушы елдерде донор тапшылығы әлі де өзекті мәселе болып отыр.
Қанға сұраныс азаймайды
Астанада бүгінде қан қоры жеткілікті болғанымен, қажеттілік жыл сайын артып келеді. Бұған халық санының көбеюі, күрделі хирургиялық операциялардың көбеюі және өңірлерден келетін пациенттер санының артуы әсер етіп отыр.
Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының басқарма төрағасы Сәния Әбдірахманованың айтуынша, қазіргі уақытта барлық қан топтарына тұрақты түрде сұраныс бар. Сондықтан донорлар қатарын үздіксіз толықтырып отыру маңызды.
Маманның сөзінше, қан қоры көбіне жазғы демалыс кезінде, мереке күндері және Рамазан айында азайып кетеді. Себебі дәл осы уақытта тұрақты донорлардың келуі сирейді. Мұндай кезеңдерде қан орталығы бұрыннан қан тапсырып жүрген азаматтарды шақырып, ақпараттық жұмыстарды күшейтеді.
Ынталандыру жүйесі жаңартуды қажет етеді
Қазақстанда қан донорлығы ерікті әрі өтеусіз негізде жүзеге асырылады. Бұл – халықаралық тәжірибеге сай келетін қағидат. Алайда кейінгі жылдары мамандар мен қоғам белсенділері донорларды әлеуметтік тұрғыдан қолдау тетіктерін жетілдіру қажеттігін жиі көтеріп жүр.
Қазір Қазақстанда ерікті түрде қан тапсырған азаматтарға ағзаның энергия шығынын өтеу үшін 0,25 АЕК, яғни 1081 теңге көлемінде өтемақы төленеді. Бұл қаражат қанның өзі үшін емес, донордың тамақтануына және физиологиялық қалпына келуіне арналған. Алайда мамандар мұндай өтемақының символикалық сипатта екенін айтып, тұрақты донорларды әлеуметтік қолдау тетіктерін жетілдіру қажеттігін көтеріп келеді. Сөзіміз жалаң болмасын, биыл сәуір айында депутат Қарақат Әбден қан донорларына төленетін өтемақыны қазіргі 0,25 АЕК-тен 1-1,25 АЕК-ке дейін ұлғайтуды және «Құрметті донор» мәртебесін қайта енгізуді ұсынған болатын. Алайда Үкімет бұл бастама қосымша бюджет шығынын талап ететінін айтып, қолдау білдірген жоқ.
Ал әлемнің бірқатар елінде, әсіресе Еуропада тұрақты және ерікті донорларды қолдау жүйесі әлдеқашан қалыптасқан. Мәселен, Италияда тұрақты донорларға ақылы демалыс күні берілсе, Испания мен Португалияда тегін медициналық тексерулер ұйымдастырылады. Польшада «Құрметті донор» мәртебесін алған азаматтарға әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған. Ал Ұлыбритания, Швеция, Ирландия және Аустралияда донорларға олардың тапсырған қаны қай ауруханада пайдаланылғаны туралы SMS немесе мобильді қосымша арқылы хабарлама жіберіледі. Сарапшылардың пікірінше, мұндай қарапайым кері байланыс адамдардың донорлыққа деген ынтасын арттырып, олардың тұрақты донор болып қалуына оң әсер етеді. Сондай-ақ Еуропаның бірқатар елінде донорлар тегін медициналық тексеруден өтіп, қоғамдық көлік немесе мәдени нысандар қызметін жеңілдікпен пайдалана алады.
Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының басқарма төрағасы Сәния Әбдірахманова да Қазақстанда донорларды қолдау тетіктерін жүйелеу қажет деп санайды. Оның айтуынша, қазір тұрақты донорларға алғыс хаттар табысталып, серіктес ұйымдардың қолдауымен кинотеатр билеттері мен түрлі жеңілдік ұсынылғанымен, бұл мемлекеттік қолдау жүйесіне кірмейді. «Менің ойымша, ең бастысы, тұрақты және ерікті донорларды қолдау тетіктерін мемлекеттік деңгейде күшейту керек. Донорлардың қоғамға қосып отырған үлесін ескере отырып, оларға арналған әлеуметтік ынталандыру шараларын заңнамалық тұрғыда қарастыру маңызды. Сонымен қатар жұмыс берушілердің до-
норлықты қолдауын арттыру және жастар арасында донорлық мәдениетін қалыптастыру қажет. Осындай кешенді шаралар ерікті және тұрақты донорлар санын арттыруға мүмкіндік береді. Өз басым донорларды қолдаудың бірыңғай ұлттық бағдарламасын енгізуді ұсынар едім. Бұл донорлардың қоғамдағы мәртебесін арттырып, жаңа донорларды тартуға мүмкіндік береді», – дейді ол.
Жастар – донорлық қозғалыстың тірегі
Қан қызметінің тұрақтылығы, ең алдымен, жастардың белсенділігіне байланысты. Себебі 18 жастан бастап донор болған азамат денсаулығы мүмкіндік берген жағдайда ұзақ жылдар бойы тұрақты түрде қан тапсыра алады. Мамандардың айтуынша, жас ағза қан тапсыру рәсімінен кейін тезірек қалпына келеді. Сондықтан әлемнің көптеген елінде донорлық мәдениетін қалыптастыру жұмысы, ең алдымен, студенттер мен жас мамандарға бағытталады.
Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы да осы бағытқа ерекше көңіл бөліп келеді. Жоғары оқу орындарында көшпелі донорлық акциялары өткізіліп, дәрістер ұйымдастырылады. Әлеуметтік желілер арқылы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Бір рет қан тапсырған жастармен байланыс үзілмей, олардың тұрақты донорға айналуына жағдай жасалады.
Мәселен, Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы мен Назарбаев университеті бірлесіп өткізген акциялар нәтижесінде 2023-2025 жылдары университет қауымдастығының 714 мүшесі қан тапсырып, 321 литрден астам қан жиналған. Тек 2025 жылдың ақпанындағы екі күндік акция барысында 200-ге жуық адам донор атанса, олардың 74-і студент болған. Бұл жоғары оқу орындарындағы ақпараттық жұмыстардың жастардың азаматтық белсенділігін арттырудағы маңызын көрсетеді.
Қан ғана емес, сүйек кемігі де өмір сыйлайды
Көпшілік қан донорлығы туралы жақсы біледі. Ал гемопоэздік дің жасушалары донорлығы жөнінде ақпарат әлі де аз. Донорлықтың бұл түрі лейкоз, лимфома, апластикалық анемия секілді қан ауруларымен күресіп жүрген адамдар үшін кейде жалғыз емдеу тәсілі саналады.
Қазақстандағы Ұлттық сүйек кемігі донорларының тіркелімі 2011 жылдан бері жұмыс істейді. Биылғы шілдедегі мәлімет бойынша тіркелімде 15500-ден астам әлеуетті донор бар. Жыл сайын олардың қатары шамамен 1500-1700 адамға көбейеді. Ал биыл тағы екі мыңға жуық жаңа еріктіні тіркеу жоспарланып отыр.
Мамандардың айтуынша, бұл жерде басты мәселе донорлар санында ғана емес. Ең маңыздысы – пациентпен тіндік сәйкестік анықталған кезде донордың өз шешімінен бас тартпауы. Сондықтан тіркелімге қабылданатын әрбір азаматпен алдын ала кең көлемді түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Бір бөтелке қан – жанашырлықтың өлшемі
2025 жылдың қорытындысы бойынша Астанада 5830 тұрақты қан доноры тіркелген. Бұл азаматтар мыңдаған адамның өміріне араша болып жүр. Өйткені бір адамның тапсырған қаны компоненттерге бөлініп, бірнеше науқасқа құйылады.
Қазіргі әлемде донорлық медициналық қызмет қана емес, азаматтық мәдениеттің көрсеткішіне айналды. Дамыған елдерде адамдар қан тапсыруды қалыпты өмір салтының бір бөлігі ретінде қабылдайды. Қазақстан да осы бағытқа бет бұруы үшін донорларды мемлекеттік деңгейде қолдау, жастар арасында ақпараттық жұмысты күшейту және қоғамда донорлықтың маңызын кеңінен насихаттау қажет. Өйткені донорлық – жай ғана бір бөтелке қан емес. Бір отбасының үміті, бір ананың көз жасы, бір баланың болашағы дәл осы бір бөтелке қанға тікелей байланысты болуы мүмкін.
Айгүл Сейіл