Достық байланыс нығайған кезең

07.11.2026

Aikyn.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..

Мәртебелі мейманның құрметіне Әуе қорғанысы күштерінің тікұшақтары Қа­зақ­стан мен Иорданияның Мем­ле­кет­тік туларын желбіретіп, Ақорда ал­ды­нан ұшып өтті.

Салтанатты іс-шара барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен II Абдалла бір-біріне ресми делегация мүшелерін та­ныстырды. Құрмет қарауылы рота­сы­ның бастығы рапорт берген соң Прези­дент оркестрі екі елдің әнұрандарын орын­дады.

Келіссөз аясында Мемлекет бас­шы­сы Иордания Королі ІІ Абдалла бен әл-Хусейннің Қазақстанға ресми сапары ел­деріміз арасындағы берік достықты, өзара құрмет пен ынтымақтастықты көр­сететінін атап өтті.

– Иордания – араб әлеміндегі уақыт те­зінен өткен сенімді серіктесіміз. Кейін­­гі жылдары ықпалдастығымыз қар­­қын ала бастады. Біз арамызда орна­ған түрлі деңгейдегі берік саяси диалогты жоғары бағалаймыз. Былтыр екіжақты қарым-қатынас үшін ерекше кезең бол­ды, бір-бірімізге сапармен бардық. Ке­ліс­сөздер қорытындысы бойынша бір­лескен мәлімдеме қабылданды, сондай-ақ министрліктеріміз бен ведомство­ла­ры­­мыздың және іскерлік орта өкілдері­нің арасында көптеген құжатқа қол қойыл­­ды. Мұның бәрі көпжақты ынты­мақ­тастығымызды одан әрі ілгерілетуге сеп­­тігін тигізді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қа­зақстан өзара мүддеге сай бар­лық салада қол жеткізілген уағ­да­лас­тықтарды нақты іске асы­руға баса мән беретініне тоқ­талды. Эконо­микалық ық­пал­д­астық қазақ-иордан қарым-қаты­насының не­гізгі қозғаушы күші болып қала береді. Со­нымен қатар академия­лық және ғылыми байланыстарды нығай­ту, өзара туристер ағынын арт­тыру арқылы мәдени-гума­ни­тарлық ынтымақтастықты ке­ңей­тудің әлеуеті зор.

Мемлекет басшысы екі елдің халықара­лық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешу тәсілдері ұқсас екеніне назар аударып, Иордания Ко­ро­лінің дос­тық байланыстарды ны­ғайтып, қос ха­лықты жақын­дас­тыруға қосқан үлесін жоғары бағалады.

– Сіздің көреген басшылы­ғыңызбен Иордания парасатты­лық әрі байыптылық үлгісін көр­сетіп, халықаралық аренада Таяу Шығыс және одан тысқары ай­мақтардағы бейбітшілік пен тұ­рақтылықтың дәйекті жақ­тау­шы­сы ретінде кеңінен танылды. Осы орайда Қазақстан Өзіңіз он жыл­дан аса уа­қыт бұрын баста­ған Ақаба процесін жоғары ба­ғалай­ды. Мұндай форматтағы кездесуге Орталық Азияда ал­ғаш рет ұйым­дас­тыру­шылардың бірі ретінде қатысу – біз үшін үлкен мәртебе. Сессия бүгінде аса өзекті санала­тын жасанды интеллект сала­сындағы қауіп­сіздік тақырыбына арналып отыр. Саммит Орталық Азия өңірінің ұстанымын білдіріп, бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі бірлескен күш-жігерімізге тың серпін сыйлай­тынына сенімдімін, – деді Президент.

Король ІІ Абдалла бен әл-Хусейн ықы­лас­пен қарсы алға­ны үшін Қасым-Жомарт Тоқаев­қа алғыс айтып, Қазақстан мен Иор­данияны бұрыннан келе жатқан қарым-қатынас, өзара құрмет, сондай-ақ бейбіт­шілік пен тұрақ­тылықты нығайту ісіндегі ортақ ұстаным байла­ныс­тыратынын жет­кізді.

– Өзіңіз еске салғандай, был­тыр бір-біріміздің елімізге жа­саған сапарларымыз екі­жақты қарым-қатынасты ілге­рілетуге ерекше серпін берді. Біз қол жет­кізілген уағдалас­­тық­тарды одан әрі өрбітіп, сауда, инвестиция, ту­ризм, технология және қор­ға­ныс секілді негізгі бағыттарда ын­тымақ­тастықты кеңейтуге ниет­тіміз, – деді Иордания Королі.

Король ІІ Абдалла Ақаба про­цесі аясындағы кездесулер­дің жаңа раундын бірлесе ұйым­дас­тырғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа шынайы ри­зашылығын білдірді. Оның айтуынша, бұл екі елдің қауіп­сіздік саласындағы өңірлік және жа­һандық сын-қатерлерді ше­шуге бейілдігін көрсетеді.

Осы орайда Иордания Ко­ролі өңірлік қауіпсіздікті қамта­масыз ету, сондай-ақ тер­роризм мен экстремизмге қарсы күрес ісінде Қазақстанмен ықпал­дастықты кеңейтуге мүдделі екенін растады.

Мемлекет басшысы Иор­дания Королі II Абдалланы Al-Farabi орденімен мара­паттады. Қасым-Жомарт Тоқаев Король II Абдал­ланың елімізге сапарын Қазақстан мен Иорданияның стратегиялық серік­тестігі терең­дей түскенінің айқын көрінісі деп атады. Пре­зи­денттің пайым­дауынша, жоғары деңгейдегі қарқынды ықпал­дастық ортақ басымдықтарды және екіжақты ынтымақтас­тық­тың күн тәртібін ілгеріле­туге қо­лайлы жағдай туғызады.

– Біз Иорданиямен сан қырлы байла­ныс­тарды жоғары бағалай­мыз. Еліміз Сізді бүкіл әлемде беделі биік көрнекті әрі көре­ген көшбасшы ретінде бі­леді. Сіздің тегеурінді, байыпты басшылы­ғыңызбен Иордания бейбітшілік пен тұрақтылықтың, абырой мен әділеттің мекені, сондай-ақ қар­қынды даму үс­тін­дегі инновация мен орнықты өсім орталығы ре­тінде танылды. Әлемдік қоғам­дастық Сіздің ой-пікіріңізге құлақ асады, жаһан­дық диалогты өр­бітуге елеулі түрде ықпал етіп ке­лесіз. «Ақаба про­цесі» бастамасы Сіздің ха­лықаралық қауіп­сіздікті күшей­туге әрдайым бейіл еке­ніңізді анық көрсетеді. Ертең Астанада Иордания­мен бірлесіп осы бас­та­ма аясындағы кезекті саммитті өт­кі­земіз. Бұл – біз үшін үлкен мәр­тебе, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ко­роль­дің дә­йекті қолдауының ар­қасында екіжақты ын­тымақ­тас­тық қазірдің өзінде айтар­лық­тай нәтижелерге ұласқанына назар аударды.

– Бүгінде серіктестігіміз екі мемлекеттің де зор әлеуетін аша отырып, жаңа, перс­пективті ба­ғыттарда белсенді түрде дамып келеді. Былтыр ұйымдас­тырыл­ған өзара сапарлар бұған тың серпін берді. Осы оң қарқынды сақтап, ықпалдастықты бұдан да жоғары деңгейге жеткізуге ниет­тімін, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Король II Абдал­ланы Қазақстанның жақын досы санай­тынын айтты.

– Қазақстан мен Иордания­ның ара­сындағы достық байла­ныстарды нығайтуға қосқан елеу­лі үлесіңіз үшін Сізге Al-Farabi орденін табыстау – мен үшін зор мәртебе. Бұл жоғары награданың атауы Шығыстың ұлы ойшылы­ның құрметіне қо­йылды. Әл-Фа­рабидің мұра­сы қаншама буынды қа­наттанды­рып, адамгершілік шамшырағы болып келеді. Ол саяси ой-сана­ның, ғылым мен әдебиеттің қалыптасуында баға жетпес тарихи рөл атқарды. Әл-Фараби күллі араб әлемінің жү­регіне жол тапқан ақылдың кені іс­петтес. Оның ешқашан өзектілі­гін жоймайтын даналық, үй­лесім және бірлік туралы ұла­ғатты ойлары – мәдениетте­рі­міздің ортақ қазынасы. Біз Сіздің осынау ізгі құндылық­тарды дәріптеуге қосқан үле­сіңізді жоғары бағалаймыз. Аталған мәрте­белі марапаттың алғашқы иегері болып отырсыз. Мұны тарихи уақиға деп санай­мыз. Осы жоғары награданы Қазақстанның Сізге деген рия­сыз құрметінің белгісі ре­тінде қабыл алыңыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Король II Абдалла Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаевты Иордан Ха­шимит Корольдігінің жоғары мемлекет­тік наградасы – al-Hussain ibn Ali орденімен ма­рапаттады.

– Мен үшін Иордан Хаши­мит Король­дігінің жоғары наг­радасына ие болу – зор мәртебе. Бұл орден Сіздің текті әулеті­ңіздің абыройын асырған тұл­ғаның есімімен ата­лады. Оның ар-ожданы, сенімі мен наны­мы, туған еліне адал қызметі ұрпаққа үлгі болып келеді. Осы жоғары награданы еңбе­гімнің бағалануы ғана емес, ең алдымен, халықта­рымыз арасындағы берік достық пен өзара құрметтің белгісі деп санаймын. Бұл Қазақстан мен Иордания арасындағы байла­ныстардың тығыз әрі дәйекті түрде ны­ғайып келе жатқанын айғақтайды. Сіз­дің екіжақты ын­тымақтастықты одан әрі іл­герілету ниетіңізді жоғары баға­лай­мын, – деді Мемлекет басшысы.

Аl-Hussain ibn Ali орденін 1949 жылы Иордания Королі I Абдалла бен әл-Хусейн әкесі – Мекке шарифі Хусейн бен Әлидің (1853-1931 жж.) құрме­тіне тағайындаған. Ол Хаши­миттер әулетінің аса көрнекті өкілде­рінің бірі болған.

Орденді табыстау Иордания Королі тарапынан көрсетілген айрықша құрметтің белгісі әрі жоғары деңгейдегі саяси сенім­нің айғағы саналады.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью