Достық байланыс нығайған кезең
Aikyn.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Мәртебелі мейманның құрметіне Әуе қорғанысы күштерінің тікұшақтары Қазақстан мен Иорданияның Мемлекеттік туларын желбіретіп, Ақорда алдынан ұшып өтті.
Салтанатты іс-шара барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен II Абдалла бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт берген соң Президент оркестрі екі елдің әнұрандарын орындады.
Келіссөз аясында Мемлекет басшысы Иордания Королі ІІ Абдалла бен әл-Хусейннің Қазақстанға ресми сапары елдеріміз арасындағы берік достықты, өзара құрмет пен ынтымақтастықты көрсететінін атап өтті.
– Иордания – араб әлеміндегі уақыт тезінен өткен сенімді серіктесіміз. Кейінгі жылдары ықпалдастығымыз қарқын ала бастады. Біз арамызда орнаған түрлі деңгейдегі берік саяси диалогты жоғары бағалаймыз. Былтыр екіжақты қарым-қатынас үшін ерекше кезең болды, бір-бірімізге сапармен бардық. Келіссөздер қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдеме қабылданды, сондай-ақ министрліктеріміз бен ведомстволарымыздың және іскерлік орта өкілдерінің арасында көптеген құжатқа қол қойылды. Мұның бәрі көпжақты ынтымақтастығымызды одан әрі ілгерілетуге септігін тигізді, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан өзара мүддеге сай барлық салада қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты іске асыруға баса мән беретініне тоқталды. Экономикалық ықпалдастық қазақ-иордан қарым-қатынасының негізгі қозғаушы күші болып қала береді. Сонымен қатар академиялық және ғылыми байланыстарды нығайту, өзара туристер ағынын арттыру арқылы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтудің әлеуеті зор.
Мемлекет басшысы екі елдің халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешу тәсілдері ұқсас екеніне назар аударып, Иордания Королінің достық байланыстарды нығайтып, қос халықты жақындастыруға қосқан үлесін жоғары бағалады.
– Сіздің көреген басшылығыңызбен Иордания парасаттылық әрі байыптылық үлгісін көрсетіп, халықаралық аренада Таяу Шығыс және одан тысқары аймақтардағы бейбітшілік пен тұрақтылықтың дәйекті жақтаушысы ретінде кеңінен танылды. Осы орайда Қазақстан Өзіңіз он жылдан аса уақыт бұрын бастаған Ақаба процесін жоғары бағалайды. Мұндай форматтағы кездесуге Орталық Азияда алғаш рет ұйымдастырушылардың бірі ретінде қатысу – біз үшін үлкен мәртебе. Сессия бүгінде аса өзекті саналатын жасанды интеллект саласындағы қауіпсіздік тақырыбына арналып отыр. Саммит Орталық Азия өңірінің ұстанымын білдіріп, бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі бірлескен күш-жігерімізге тың серпін сыйлайтынына сенімдімін, – деді Президент.
Король ІІ Абдалла бен әл-Хусейн ықыласпен қарсы алғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, Қазақстан мен Иорданияны бұрыннан келе жатқан қарым-қатынас, өзара құрмет, сондай-ақ бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту ісіндегі ортақ ұстаным байланыстыратынын жеткізді.
– Өзіңіз еске салғандай, былтыр бір-біріміздің елімізге жасаған сапарларымыз екіжақты қарым-қатынасты ілгерілетуге ерекше серпін берді. Біз қол жеткізілген уағдаластықтарды одан әрі өрбітіп, сауда, инвестиция, туризм, технология және қорғаныс секілді негізгі бағыттарда ынтымақтастықты кеңейтуге ниеттіміз, – деді Иордания Королі.
Король ІІ Абдалла Ақаба процесі аясындағы кездесулердің жаңа раундын бірлесе ұйымдастырғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа шынайы ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, бұл екі елдің қауіпсіздік саласындағы өңірлік және жаһандық сын-қатерлерді шешуге бейілдігін көрсетеді.
Осы орайда Иордания Королі өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ терроризм мен экстремизмге қарсы күрес ісінде Қазақстанмен ықпалдастықты кеңейтуге мүдделі екенін растады.
Мемлекет басшысы Иордания Королі II Абдалланы Al-Farabi орденімен марапаттады. Қасым-Жомарт Тоқаев Король II Абдалланың елімізге сапарын Қазақстан мен Иорданияның стратегиялық серіктестігі тереңдей түскенінің айқын көрінісі деп атады. Президенттің пайымдауынша, жоғары деңгейдегі қарқынды ықпалдастық ортақ басымдықтарды және екіжақты ынтымақтастықтың күн тәртібін ілгерілетуге қолайлы жағдай туғызады.
– Біз Иорданиямен сан қырлы байланыстарды жоғары бағалаймыз. Еліміз Сізді бүкіл әлемде беделі биік көрнекті әрі көреген көшбасшы ретінде біледі. Сіздің тегеурінді, байыпты басшылығыңызбен Иордания бейбітшілік пен тұрақтылықтың, абырой мен әділеттің мекені, сондай-ақ қарқынды даму үстіндегі инновация мен орнықты өсім орталығы ретінде танылды. Әлемдік қоғамдастық Сіздің ой-пікіріңізге құлақ асады, жаһандық диалогты өрбітуге елеулі түрде ықпал етіп келесіз. «Ақаба процесі» бастамасы Сіздің халықаралық қауіпсіздікті күшейтуге әрдайым бейіл екеніңізді анық көрсетеді. Ертең Астанада Иорданиямен бірлесіп осы бастама аясындағы кезекті саммитті өткіземіз. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Корольдің дәйекті қолдауының арқасында екіжақты ынтымақтастық қазірдің өзінде айтарлықтай нәтижелерге ұласқанына назар аударды.
– Бүгінде серіктестігіміз екі мемлекеттің де зор әлеуетін аша отырып, жаңа, перспективті бағыттарда белсенді түрде дамып келеді. Былтыр ұйымдастырылған өзара сапарлар бұған тың серпін берді. Осы оң қарқынды сақтап, ықпалдастықты бұдан да жоғары деңгейге жеткізуге ниеттімін, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Король II Абдалланы Қазақстанның жақын досы санайтынын айтты.
– Қазақстан мен Иорданияның арасындағы достық байланыстарды нығайтуға қосқан елеулі үлесіңіз үшін Сізге Al-Farabi орденін табыстау – мен үшін зор мәртебе. Бұл жоғары награданың атауы Шығыстың ұлы ойшылының құрметіне қойылды. Әл-Фарабидің мұрасы қаншама буынды қанаттандырып, адамгершілік шамшырағы болып келеді. Ол саяси ой-сананың, ғылым мен әдебиеттің қалыптасуында баға жетпес тарихи рөл атқарды. Әл-Фараби күллі араб әлемінің жүрегіне жол тапқан ақылдың кені іспеттес. Оның ешқашан өзектілігін жоймайтын даналық, үйлесім және бірлік туралы ұлағатты ойлары – мәдениеттеріміздің ортақ қазынасы. Біз Сіздің осынау ізгі құндылықтарды дәріптеуге қосқан үлесіңізді жоғары бағалаймыз. Аталған мәртебелі марапаттың алғашқы иегері болып отырсыз. Мұны тарихи уақиға деп санаймыз. Осы жоғары награданы Қазақстанның Сізге деген риясыз құрметінің белгісі ретінде қабыл алыңыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Король II Абдалла Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты Иордан Хашимит Корольдігінің жоғары мемлекеттік наградасы – al-Hussain ibn Ali орденімен марапаттады.
– Мен үшін Иордан Хашимит Корольдігінің жоғары наградасына ие болу – зор мәртебе. Бұл орден Сіздің текті әулетіңіздің абыройын асырған тұлғаның есімімен аталады. Оның ар-ожданы, сенімі мен нанымы, туған еліне адал қызметі ұрпаққа үлгі болып келеді. Осы жоғары награданы еңбегімнің бағалануы ғана емес, ең алдымен, халықтарымыз арасындағы берік достық пен өзара құрметтің белгісі деп санаймын. Бұл Қазақстан мен Иордания арасындағы байланыстардың тығыз әрі дәйекті түрде нығайып келе жатқанын айғақтайды. Сіздің екіжақты ынтымақтастықты одан әрі ілгерілету ниетіңізді жоғары бағалаймын, – деді Мемлекет басшысы.
Аl-Hussain ibn Ali орденін 1949 жылы Иордания Королі I Абдалла бен әл-Хусейн әкесі – Мекке шарифі Хусейн бен Әлидің (1853-1931 жж.) құрметіне тағайындаған. Ол Хашимиттер әулетінің аса көрнекті өкілдерінің бірі болған.
Орденді табыстау Иордания Королі тарапынан көрсетілген айрықша құрметтің белгісі әрі жоғары деңгейдегі саяси сенімнің айғағы саналады.
Көрілімдер:14
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 07 Қараша 2026 03:05 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы
Байланыс








Ең көп оқылғандар


















