Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Сурет: primeminister.kz
Науқанның уақтылы жүргізілуіне Үкімет тарапынан қабылданған мемлекеттік кешенді қолдау шаралары ықпал етті. Атап айтқанда, шаруаларды қажетті материалдық-техникалық ресурстармен қамтамасыз ету, егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру, су үнемдеу технологияларын енгізу, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жеңілдетілген қаржыландыруға қолжетімділігін кеңейтуге басымдық берілді.
Қабылданған шаралар егіс жұмыстарының тұрақты жүргізілуін қамтамасыз етуге, ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыру үшін қосымша жағдай жасауға мүмкіндік берді.
Биыл елдегі жалпы егіс алқабы 23,8 млн гектарды құрады, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 180 мың гектарға артық. Барлық аймақта жаппай егіс жұмыстары басталғанға дейін ылғалды сақтау, егіс алдындағы өңдеу, көктемгі жер жырту жұмысы жүргізілді. Ауыл шаруашылығы дақылдарына келсек, дәнді дақылдар – 14,6 млн гектар, майлы дақылдар – 4,2 млн гектар, мал азықтық дақылдары – 1,2 млн гектар, мақта – 166 мың гектар, көкөніс дақылдары – 120 мың гектар, картоп – 126 мың гектар, бақша дақылдары – 84 мың гектар, қант қызылшасы – 22 мың гектар көлемді алды.
Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің форумында берген тапсырмасына сәйкес, Үкімет тарапынан егіс науқандарын ерте қаржыландыру тетігі енгізілді. Бұл тетік егіншілерге қажетті қаржы ресурстарын алдын ала тартуға, тұқым, тыңайтқыш, өсімдіктерді қорғау құралдары мен техниканы ең тиімді бағамен уақтылы сатып алуға, сондай-ақ егіс жұмыстарын жүргізуге сапалы дайындалуға жол ашады. Нәтижесінде, ауыл шаруашылығы өндірушілерінің маусымдық баға өсіміне тәуелділігі төмендейді. Егіс науқанын оңтайлы агротехникалық мерзімде өткізу қамтамасыз етіліп жатыр.
Биылғы көктемгі дала жұмыстарына өтінімдер қабылдау бұрынғыдан ерте – былтыр қазан айында басталды. Жалпы, биыл көктемгі және күзгі дала жұмыстарын жылдық 5% жеңілдікпен қаржыландыру мақсатында 750 млрд теңге бөлу жоспарланған. Былтыр да осы көлемде қаржы бөлініп, 8,5 млн гектарға егін егілген. Осы желі негізінде 4,8 мыңға жуық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жалпы сомасы 573 млрд теңгеге қаржыландырылды. Бұл 6,8 млн гектардан астам алқапта егін егуге мүмкіндік берді.
Кепіл базасы жеткіліксіз фермерлерге қарыз сомасының 85%-ы мөлшерінде мемлекеттік кепілдік беру бағдарламасының енгізілгені негізгі көмек болды. Былтыр осы құрал аясында 283 млрд теңге несие сомасына 1 633 кепілдік берілді. Биыл республикалық бюджеттен бұл мақсатқа 16 млрд теңге қарастырылды. Науқан аясында 273 млрд теңге көлеміндегі несиеге 1 733 кепілдік берілді.
Енді қаражатты фермерлерге дейін жеткізуді Аграрлық несие корпорациясы, Екінші деңгейдегі банктер, микроқаржы ұйымдары, өңірлік инвестициялық орталықтар, кредиттік серіктестіктер, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар іске асырады.
Еліміздің негізгі астық егетін өңірлері дәстүрлі түрде Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары болып қала береді. Азық-түлік қауіпсіздігі көбіне осы аймақтардағы егіс жұмыстарының нәтижелеріне байланысты. СҚО-да егіс алқабы 4,3 млн гектарды құрады. Егіс құрылымын әртараптандыру шеңберінде дәнді дақылдар алқабы 2,9 млн гектарға дейін оңтайландырылды. Бұл ретте жоғары сұранысқа ие дақылдарға баса назар аударылып отыр. Майлы дақылдар алқабы екінші жыл қатарынан 1 млн гектарға жеткізілді. Жемшөп дақылдары 405 мың, картоп 8,6 мың, көкөністер 1,4 мың гектар алқапты алды.
Сонымен қатар өңірде ауыл шаруашылығы техникасы паркі қарқынды түрде жаңартылып жатыр. Биыл бұл көрсеткішті 8,5%-ға дейін жеткізу жоспарланған. 90 млрд теңгеге 3,5 мың техника сатып алу қарастырылған, оның ішінде 29,9 млрд теңгеге бүгінде 770 данасы сатып алынды.
Ақмола облысында жалпы егіс алқабы 5,6 млн гектарды құрады. Әртараптандыру аясында дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың алаңы 184,6 мың гектарға, яғни 4,5 млн гектарға дейін қысқартылды. Соның есебінен анағұрлым сұранысқа ие бағыттар кеңейтілді. Майлы дақылдар егісі 220 мың гектарға ұлғайтылып, көлемі 715 мың гектарға жетті. Ал мал азықтық дақылдар 34,1 мың гектарға артып, 370,7 мың гектарды құрады. Картоп пен көкөніс тиісінше 8,6 мың гектар және 1,5 мың гектар аумаққа орналастырылды.
Егістік жұмыстармен қатар өңір жоғары логистикалық әрі индустриялық әлеуетін де көрсетіп отыр. Жыл басынан бері облыстың астық қабылдау кәсіпорындарынан экспортқа 1,9 млн тонна астық жөнелтілді.
Аршалы ауданында жылына 3 млн тоннаға дейін шикізатты өңдейтін ірі астықты терең өңдеу зауытын салу – өңдеу саласын дамытудағы маңызды қадам болмақ. Кәсіпорында натрий глутаматы, лизин және басқа да өнімдер өндіру жоспарланған. Жоба «Dalian Hesheng Holdings Group Co., Ltd.» компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр. Жүзеге асыру кезеңі 2026–2028 жылдарға жоспарланған, инвестиция көлемі 900 млрд теңгені құрайды. Жоба алғашқы кезеңде 1 мыңға дейін, толық қуатқа шыққанда 3 мыңға дейін жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар өңірде ауыл шаруашылығы техникасы белсенді жаңарып жатыр. Биыл жаңарту деңгейін 8,5%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Қаңтар-мамыр айларында өңір шаруалары жалпы құны 38,4 млрд теңгені құрайтын 789 бірлік техника сатып алды.
Қостанай облысында көктемгі егіс науқанының жалпы көлемі 5,2 млн гектар деңгейінде жоспарланды. Әртараптандыру аясында бидай үлесін қысқарту есебінен майлы дақылдардың алқабы 887 мың гектарға, дәнді-бұршақты дақылдар 212,3 мың гектарға, картоп 7,5 мың гектарға, біржылдық шөптер 107 мың гектарға дейін ұлғайтылды. Науқанды жүргізу үшін 1-3 сыныптағы кондициялық тұқымдардың 514,2 мың тоннасы пайдаланылды. Сондай-ақ литрі 281 теңгеден аспайтын жеңілдетілген дизель отынының 73,3 мың тоннасы бөлінді.
Қостанай астықтан ұн өңдеуде республикадағы көшбасшы орнын сақтап келеді. Облыстың үлесіне еліміздегі ұн өндірісінің 30%-ы тиесілі. Өңірде жылдық қуаттылығы 2 млн тоннаға дейін жететін 35 диірмен кешені жұмыс істейді. 2024–2025 жылдары астық өңдеу саласында жалпы құны 9,3 млрд теңгені құрайтын 4 инвестициялық жоба іске қосылды. Ал 2027–2028 жылдары жылына 415 мың тонна бидайды терең өңдеу қуаты бар «Qostanai Grain Industry» зауыты мен «Tobol center kz» кешенінің құрылысы жоспарланған.
Президент тапсырмаларына сәйкес, биылғы егін егу науқанында жоғары табысты әрі стратегиялық маңызы бар дақылдарға басымдық берілді. Нәтижесінде, майлы дақылдардың егіс алқабы 74 мың гектарға ұлғайтылып, жалпы көлемі 4 млн гектардан асады. Ал мал азықтық дақылдарға 3,3 млн гектардан астам жер бөлініп, олардың алқабы 237 мың гектарға кеңейтілді.
Сонымен қатар бидай егістігі алқаптарын кезең-кезеңімен оңтайландыру жұмысы жүйелі жүргізілді. Нәтижесінде, бидай егісінің көлемі 12,1 млн гектарға дейін қысқартылып, өткен кезеңмен салыстырғанда 125 мың гектарға азайды.
Үкімет республикадағы оңтүстік өңірлерге ерекше назар аударып жатыр. Мұнда ылғалды көп қажет ететін дақылдардың егіс алқаптары жүйелі түрде оңтайландырылды. Су пайдаланудың нақты теңгерімі негізге алынып, егіс құрылымы су ресурстарын пайдалану лимиттеріне қатаң сәйкестікте бекітілді.
Республикада күріштің егіс алқабы 20,2 мың гектарға қысқартылды. Мақта шаруашылығында су үнемдеу бағытына арналған технологиялық өзгеріс жүзеге асырылды. Атап айтқанда, дәстүрлі суару әдістерін 12 мың гектарға қысқарту есебінен, тамшылатып суару технологиясы енгізілген мақта алқаптары 29,8 мың гектарға ұлғайтылды.
Энергетика министрлігі еліміздегі мұнай өңдеу зауыттарының өндірістік қуаттарын ескере отырып, көктемгі егіс науқанына 402,3 мың тонна дизель отынын бөлді.
Үкімет фермерлерге жанар-жағармай материалдарының құнын тұрақтандыру мақсатында бірқатар шаралар қабылдады. Операторлық шығындарды қоса есептегенде, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жеңілдетілген дизель отынының түпкілікті бағасы литріне 281 теңге деңгейінде белгіленді. Бұл елдегі жанармай құю стансаларындағы орташа бөлшек бағадан 15%-ға төмен. Қазір бөлшек саудадағы дизель отынының бағасы – литріне 330 теңге.
Бекітілген жеткізу кестесіне сәйкес, жалпы көлемі 402,3 мың тоннаны құрайтын жоспар аясында аграршылар 324,8 мың тонна дизель отынына келісімшарт жасап, төлем жүргізген. Бұл – жалпы жоспардың 81%-ы. Іс жүзінде өңірлерге 300,9 мың тонна немесе жеңілдетілген отынның жалпы көлемінің 75%-ы жеткізілді.
Жоғары өнімділікке машина-трактор паркінің техникалық дайындығы себеп болды. Ауыл шаруашылығы құрылымдарының қарамағында 133,9 мың трактор, шамамен 5,6 мың жоғары өнімді егіс кешені, 71,4 мың сепкіш, 188,5 мың топырақ өңдеу құралы болды. Егістік алқаптарында 70 мамандандырылған орталық сервистік қызмет көрсетті.
Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде өткен кезеңде егіншілер шамамен 25 мың бірлік заманауи техника сатып алып, техникалық парктің жыл сайын жаңару деңгейін 6,5%-ға жеткізді. Алдағы егіс науқаны қарсаңында Мемлекет басшысы Ауыл шаруашылығы министрлігіне техника паркін жаңғырту қарқынын жеделдету міндетін жүктеді. Осы мақсатта Үкімет отандық машина жасау саласын дамытуға бағытталған өзара байланысты қолдау бағдарламаларының кешенін іске қосты.
Солардың бірі – жоғары сұранысқа ие ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизинг арқылы қаржыландыру бағдарламасы. Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, бағдарламаны қаржыландыру көлемі едәуір ұлғайтылды. Егер өткен кезеңде отандық өндірістегі техниканы лизингке алуға бюджеттен 250 млрд теңге бөлінсе, биыл бұл мақсатқа кемінде 300 млрд теңге бағыттау жоспарланып отыр.
Қабылданған шаралар аграршыларды егіс жұмыстарын оңтайлы мерзімде жүргізуге мүмкіндік беретін жоғары өнімді техникамен қамтамасыз етіп қана қоймай, сабақтас өнеркәсіп салаларының дамуына да қосымша серпін беруіне жол ашты.