Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Су тапшылығы, мұздықтардың еруі, топырақтың тозуы, Арал мен Каспий тағдыры, жануарлар мен өсімдіктерді қорғау, қалдықтарды қайта өңдеу, парниктік газды азайту, бір сөзбен айтқанда, табиғаттың бүкіл тауқыметі қамтылды десек, қателеспейтін шығармыз. Бірақ мұның бәрі жылдар бойы жырлап жүрген түйткілдер ғой. Ең басты сауал: саммиттен қандай сабақ аламыз? Орталық Азияға ортақ проблемаларды тағы бір мойындап, шешімін кейінге шегереміз бе әлде нақты нәтиже шығарамыз ба?
Жалпы, экология мәселесі – сала-сала, қат-қабат әңгіме. Тауды қопарып, тасты жарып, жерді қазып, өзен-көлді бұғалықтап, табиғатты өз ырқына көндіріп үйренген адамзат сол ашкөздігінен зардап шегіп отыр. Ғылыми-техникалық төңкеріс жаратылыстың тепе-теңдік заңын бұзып жіберді. Ойланбай істеген ойранның соңы азынаған ащы желге, улы жаңбырға, орман-тоғайдың мезгілсіз қурауына, судың тартылуына, қоршаған ортаның азып-тозуына, халықтың әртүрлі дертке шалдығуына әкеп соқты. Осы проблеманың бел ортасында біз де бармыз. Қазақстан Экологиялық тиімділік индексі (EPI) бойынша 180 елдің арасында 47,8 балмен 72-орында тұр. Жақсы көрсеткіш деп мақтауға ұяласың, жаман көрсеткіш деп даттауға намыстанасың. Бір жағынан, ТМД-да көбінен көш ілгеріміз, Орталық Азиядан да, Ресейден де озықпыз. Екінші жағынан қарасақ, 100 балдан жинаған 47,8 ұпай – әлемдік стандартта «қанағаттарлық» деген баға. Бұл сан бағытымыз дұрыс болса да, қарқынымыз әлі де баяу екенін айғақтайтын диагноз сияқты. Әрине, экология жалғыз шауып бәйге алатын жарыс емес. Қоршаған ортаны қорғау жекелеген мемлекеттің қолынан келмейді. Экология мәселесін әрісі жаһандық, берісі аймақтық деңгейдегі ауызбіршілік арқылы ғана шешуге болады. Астанада өткен саммиттің негізгі мақсаты да осы еді.
Мамандардың дерегінше, соңғы жарты ғасырда әлемдегі аң-құс популяциясы 69 пайызға қысқарған. Саммитте Биологиялық әртүрлілік туралы конвенцияның атқарушы хатшысы Астрид Шомакер жануарлар мен өсімдіктердің 1 млн-дай түріне жойылу қаупі төніп тұрғанын хабарлады. Осы олқылықтың орнын толтыру жолында Қазақстан сирек кездесетін сұңқарлардың, Тұран жолбарысының, Пржевальский жылқысының популяциясын қалпына келтіруге кірісті. Тұқымы тұздай құри жаздаған ақбөкендер қайта көбейіп, 4 млн-ға жуықтады. Жер бетіндегі киіктердің 99 пайызы қазір қазақ даласында жортып жүр. Барыстар саны екі есе ұлғайып, 190-ға жетті. Саммиттің пленарлық отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев биоалуантүрлілікті сақтау экологиялық саясатымыздың басым бағыты екенін мәлімдеді. Биыл наурыз айында Үкімет 2026-2035 жылдарға арналған биоәртүрлілікті сақтау және тұрақты пайдалану тұжырымдамасын бекітті. Экологиялық саммит аясында Орталық Азия елдерінің сала министрлері «Аймақтың тұрақты дамуы үшін табиғатпен үйлесімділік» атты аймақтық декларацияға қол қойды. Ал өсімдіктер дүниесін қорғау – өз алдына бөлек міндет. Егер Жердің жаралу тарихын 24 сағатқа сыйдырсақ, адамзат баласы екі-ақ секунд бұрын пайда болыпты. Бірақ осы екі секунд ішінде планетадағы орманның жартысын отап үлгеріпті. Жыл сайын 10 млн гектар ағаш кесіледі, яғни Португалия көлеміне тең орман алқабы жойылады деген сөз. Ал Қазақстан бұл бағытта көпке үлгі болып, ағаш егіп жатыр. Президенттің айтуынша, бес жылда 1 млн гектардан аса аумаққа 1,6 млрд түп көшет егілген. 2027 жылға дейін көгалдандыру көрсеткішін 2 млрд түпке жеткізу жоспарланған. Ең бастысы, экологиялық заңнама қатайтылды. Өйткені жабайы табиғаттың жауы – адам. Осы ретте бір мысал еске түседі. 1986 жылы Украинада АЭС жарылып, радиоактивті түтін жүздеген шақырым жерді ластағаны белгілі. Содан бері Чернобыль аймағында ешкім тұрмайды. Алайда анау-мынау қорықтарда ұшыраспайтын жан-жануарлар өсіп-өніп жатыр. Қызыл кітапқа енген аю, бизон, сілеусін, бұғы-марал, керқұлан секілді түз тағылары осы апат аймағында емін-еркін өмір сүреді. Неге? Радиациямен уланған жерде табиғаттың екінші тынысы ашылғаны қалай? Жауап біреу-ақ: себебі онда адам жоқ.
Арал қасіреті – XX ғасырда адам қолымен жасалған ең ірі апаттың бірі. Халықаралық Аралды құтқару қоры құрылтайшы мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев теңіздің экологиялық ахуалына алаңдаушылық білдірді.
– Арал маңайындағы климат айтарлықтай өзгеріске ұшырады: жаздағы ауа температурасы орта есеппен 2-2,5 градусқа көтерілді, құрғақшылық күшейіп, қыс суық бола түсті. 100 шақырым шеңберінде жауын-шашын көлемі азайды. Құмды дауыл жиіледі. Аралқұм шөлінен жыл сайын ондаған млн тонна тұз, құм, түрлі химиялық зат атмосфераға көтеріледі. Олар әлемнің ең шалғай түкпірлерінен, мәселен, Солтүстік Мұзды мұхиттан табылып, алыс аумақтағы топыраққа, экожүйеге және адамдардың денсаулығына зиян келтіріп отыр. Теңіз табанынан ұшқан тұзды шаң Тянь-Шань мен Памир мұздықтарына дейін жетті, – деді Президент.
Рас, жағымды жаңалықтар да жоқ емес. Қазір Солтүстік Аралдың 36 пайызға жуығы қалпына келтіріліп, теңіздегі су көлемі 18,9-дан 23,5 текше шақырымға дейін ұлғайды. Соның арқасында Арал маңындағы балық шаруашылығы, жалпы әлеуметтік-экономикалық жағдай жақсарды. «Арал» геопаркі құрылды. Жоба мақсаты – Арал теңізінің табиғи-экологиялық және тарихи мұрасын сақтау. 2021 жылдан бері құрғаған теңіз табанына 1,1 млн гектар жерге сексеуіл егілді. Шөлді жерде қасқайып өсетін бұл өсімдік топырақты бекітіп, құм көшкінін тоқтатады, шаң-тозаңның тарауына тосқауыл болады.
Саммитке қатысқан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі Робб Батлердің пікірінше, Арал теңізі маңында қатерлі ісік пен респираторлық аурулар көп байқалады. Балалардың анемиямен ауыру статистикасы өзге өңірлермен салыстырғанда 2,5 есе жоғары.
– Сондықтан ДДСҰ арнаулы жол картасын іске қосады, токсикологиялық орталық құрылады, – деп сүйіншіледі Робб Батлер.
2006 жылдан бері Каспий деңгейі де екі метр төмендепті. Кей жерде теңіз жағалауы 30-35 шақырымға дейін шегінген. Аралдың тағдырын қайталамасын десек, бүгіннен бастап дабыл қағуымыз керек. Мемлекет басшысы саммитте бұған да назар аударды.
– Қазақстан Каспий теңізінің тартылуына жол бермеу үшін мемлекетаралық бағдарлама қабылдау жөнінде бастама көтерді, Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институтын құруға ұйытқы болды. Аталған мекеме өңірлік деңгейдегі ғылыми ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді. Барша мүдделі халықаралық тараптарды табиғаттың осынау асыл қазынасын сақтау жолында күш-жігер біріктіруге шақырамыз. Каспий маңында қарулы күштердің қолданылуына жол беруге болмайды. Оған қатаң тыйым салынуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Ғасыр соңына дейін теңіз деңгейі 18 метрден түсіп кетуі мүмкін деп болжайды ғалымдар. Шын мәнінде, жол беруге болмайтын жорамал. Сондықтан «Арал теңізі салғырттықтың салдары қандай қасіретке әкеп соғатынын еске салып тұрады» деген Президенттің ескертуімен келіспеске амал кем.
Ресми мәліметке сүйенсек, Қазақстанда 31,6 млрд тонна қоқыс бар. Оның 70 пайызы өндірістік қалдықтар болса, қалғаны – тұрмыстық қалдықтар. Саммитте көтерілген көп мәселенің бірі – осы қалдықтарды басқару, яғни оны табиғатқа зарар тигізбей жою немесе қайта өңдеу. Қазір бізде қоқыстың 27-30 пайызы қайта өңделеді. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш 40-50 пайыз мөлшерінде. Дегенмен 2015 жылғы статистика 2 пайыз болғанын ескерсек, нәтиже жаман емес. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің жоспарына сәйкес, 2030 жылы мұны 40 пайызға жеткізу көзделген. Қоқысты қайта өңдеуде халықтың экосанасы да маңызды рөл атқарады дейді мамандар. Себебі қоқыс үйде сұрыпталмаса, тамақ қалдықтары қағаз бен пластикті ластайды. Ластанған шикізатты өңдеу өте қиын екен. Демек, «өз үйім» дегенді «өз пәтерім» деп қана түсінетін менталитеттен арылмайынша, қоқыс полигондарынан жақын арада құтылмаймыз. Айтпақшы, экологиялық саммит қарсаңында маңғыстаулық блогер Азамат Сәрсенбаев маң далада шашылып жатқан пакеттердің арасында жайылып жүрген түйелерді дронмен видеоға түсіріп, желіге жариялады. Жергілікті әкімдік сол күні ғана қимылдап, тазалық қызметтерін жұмылдырыпты. Осының өзі сөз бен істің, жоспарлау мен жүзеге асырудың арасында қандай алшақтық бар екенін анық аңғартады.
Еркебұлан НҰРЕКЕШ