Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Осы мақсатта Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы еліміздің барлық өңірінде кең қолдау тауып, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жаңа қоғамдық мәдениетті қалыптастыруға жол ашты. Бүгінде бұл бастама қарапайым сенбіліктер аясынан асып, мемлекеттік мекемелерді, коммуналдық қызметтерді, жастар ұйымдарын, еріктілерді, қоғамдық бірлестіктерді және тұрғындарды біріктіретін ауқымды экологиялық қозғалысқа айналып отыр. Оның жарқын үлгісі ретінде Шымкент қаласында жүзеге асырылып жатқан жұмыстарды атауға болады.
ЖАСЫЛ ҚАЛАНЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУ – ҮЗДІКСІЗ ҮРДІС
Шымкент – еліміздегі қарқынды дамып келе жатқан мегаполистің бірі. Қала халқының көбеюі мен инфрақұрылымның кеңеюі қоршаған ортаны қорғау мәселесіне ерекше жауапкершілікпен қарауды талап етеді. Осыған байланысты қалада «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Жуырда қаланың Орманшы тұрғын алабындағы «Тұқымбақ» аумағында кең көлемді экологиялық акция ұйымдастырылды. Сенбілікке қаланың бес ауданынан келген коммуналдық мекемелердің 100-ден астам қызметкері қатысып, жасыл аймақты күтіп-баптау жұмыстарына белсенді атсалысты.
Іс-шара барысында шөп шабылып, ағаштардың қураған және артық бұтақтары кесілді, арамшөптер тазартылып, көшеттер өсетін алқаптар ретке келтірілді. Мұндай жұмыстар көшеттердің сапалы өсуіне жағдай жасап қана қоймай, алдағы күзгі ағаш отырғызу науқанына тың дайындық жүргізуге мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, тұқымбақтағы еңбек маусымдық емес. Мұнда жыл бойы көшеттерді өсіру, суару, топырақты қопсыту, зиянкестерден қорғау және оларды күтіп-баптау жұмыстары үздіксіз атқарылады.
Жалпы аумағы 12 гектарды құрайтын тұқымбақта қала көшелерін, саябақтарды, гүлзарлар мен қоғамдық кеңістіктерді көгалдандыруға арналған түрлі ағаш және бұта көшеттері өсіріледі. Күн сайын ондаған маман жасыл қорды көбейту жолында еңбек етеді. Осы көшеттер кейін Шымкенттің әр ауданындағы саябақтар мен демалыс орындарына отырғызылып, қаланың экологиялық әлеуетін арттыруға қызмет етеді. Жасыл қорды ұлғайту – климаттың өзгеруі жағдайында ерекше маңызды міндеттің бірі. Ағаштар ауадағы көмірқышқыл газын сіңіріп, оттегі бөліп шығарады, жазғы аптап ыстықты азайтады, шаң-тозаңның таралуын төмендетеді және қала тұрғындары үшін қолайлы микроклимат қалыптастырады.
ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МӘДЕНИЕТ ЖАСТАРДАН БАСТАЛАДЫ
«Таза Қазақстан» бағдарламасының басты ерекшелігі – оның қоғамның барлық буынын қамтуында. Әсіресе жастардың белсенділігі ерекше назар аудартады. Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған кезекті акцияға 14 пен 35 жас аралығындағы 40 ерікті қатысты. Олардың қатарында мектеп оқушылары, колледж студенттері, жоғары оқу орындарының білім алушылары, жас мамандар және қоғамдық ұйымдардың белсенділері болды. Акция алдында жастармен арнайы кездесу өткізіліп, қоршаған ортаны қорғаудың маңызы, табиғатты аялаудың әлеуметтік жауапкершілікпен байланысы және азаматтық белсенділіктің рөлі жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Кездесуге құқық қорғау органдарының, прокуратураның және экологиялық қызметтердің өкілдері қатысып, қоғамдағы тазалық мәдениеті мен қоғамдық тәртіптің өзара байланысына тоқталды. Олар қоршаған ортаға ұқыпты қарау тек коммуналдық қызметтердің міндеті емес, әр азаматтың өмірлік ұстанымына айналуы қажет екенін атап өтті. Кездесуден кейін еріктілер Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратының аумағы мен Абай атындағы саябақта тазалық жұмыстарын жүргізіп, қоғамдық орындарды қоқыстан тазартты, жаяу жүргіншілер жолын ретке келтіріп, жасыл аймақтарды күтіп-баптауға үлес қосты.
ҚОҒАМДЫҚ ЖАУАПКЕРШІЛІКТІҢ ЖАҢА ҮЛГІСІ
Экологиялық мәдениет бір күнде қалыптаспайды. Ол үздіксіз ағарту жұмысын, азаматтардың белсенді қатысуын және ортақ жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан «Таза Қазақстан» бағдарламасы тек тазалық акцияларын өткізумен шектелмейді. Оның басты мақсаты – табиғатты қорғауды қоғамдық құндылыққа айналдыру. Кейінгі жылдары экология мәселесі бүкіл әлемде мемлекеттік саясаттың маңызды бағытына айналды. Қазақстан да бұл үдерістен шет қалған жоқ. Қалаларды көгалдандыру, су ресурстарын ұтымды пайдалану, тұрмыстық қалдықтарды басқару, атмосфералық ауаны қорғау және халықтың экологиялық сауаттылығын арттыру бағытындағы жұмыстар өзара сабақтас жүргізілуде.
Шымкентте қолға алынған жұмыстар осы кешенді саясаттың нақты көрінісі болып отыр. Коммуналдық қызметкерлердің күнделікті еңбегі, жастардың еріктілік бастамалары және тұрғындардың белсенділігі бір арнаға тоғысып, қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға мүмкіндік беруде. Таза көше, жасыл саябақ, абаттандырылған қоғамдық кеңістік – бұл жай ғана көркем көрініс емес. Ол – тұрғындардың денсаулығына, өмір сүру сапасына және қоршаған ортаға деген көзқарасына тікелей әсер ететін маңызды фактор.
Шымкент қаласында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар көрсеткендей, қоршаған ортаны қорғау – үздіксіз еңбекті, қоғамдық бірлікті және жоғары жауапкершілікті қажет ететін ортақ міндет. Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде қаланың жасыл желек қоры көбейіп, экологиялық ахуалы жақсарып, тұрғындар үшін қолайлы әрі жайлы өмір сүру кеңістігі қалыптасып келеді. Бұл – «Таза Қазақстан» бағдарламасының нақты нәтижесі ғана емес, елдегі экологиялық мәдениеттің жаңа кезеңге көтеріліп келе жатқанын айғақтайтын маңызды үрдіс.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы