Aikyn.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Шымкент қаласы бойынша Экология департаментінің басшысы Ермахан Қозыбаев жыл басынан бері атқарылған жұмыстарды қорытындылап, экологиялық бақылау, атмосфералық ауа сапасы, қалдықтарды басқару және тұрғындардан келіп түсетін өтініштер бойынша атқарылған жұмыстардың негізгі нәтижелерін таныстырды.
573 қоқыс алаң шары бар
Жыл басынан бері қала аумағындағы рұқсат етілмеген қоқыс орындарын анықтау және жою мақсатында аудан әкімдіктерімен бірлесіп бірқатар мониторингтік және рейдтік іс-шара өткізілді. Нәтижесінде, төрт ауданнан 20 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталып, сәуір-мамыр айларында олардың барлығы толық тазартылған. Заңсыз қоқыс орындарын анықтау жұмыстары ғарыштық мониторинг арқылы да жүргізілуде. «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясының маусым айындағы мониторингі нәтижесінде қала аумағынан тағы 30 заңсыз қоқыс орны анықталды. Аудан әкімдіктері мен құқық қорғау органдарының бірлескен жұмысы нәтижесінде аталған аумақтар толық тазартылып, атқарылған жұмыстар туралы мәліметтер арнайы ақпараттық порталға енгізілді.
«Қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару саласында да бірқатар оң көрсеткіш бар. Жылдың алғашқы алты айында Шымкент қаласының полигонына 121 мың тоннадан астам қалдық қабылданған. Оның ішінде 43,9 мың тонна қалдық сұрыптауға жіберіліп, қайта өңдеуге бағытталған қалдықтардың үлесі 36,2 пайызды құрады. Қазір қалада 573 қоқыс алаңшасы және 3 070 контейнер жұмыс істейді. Қалдықтарды бөлек жинау мәдениетін қалыптастыру мақсатында пилоттық жоба аясында төрт мекенжайда заманауи үлгідегі қоқыс алаңшалары іске қосылды. Әр алаңша сегіз контейнермен жабдықталған. Оның бесеуі тұрмыстық қалдықтарға, ал үшеуі қағаз, пластик, шыны және алюминий секілді қайта өңделетін қалдықтарды бөлек жинауға арналған», – деп атап өтті департамент басшысы. Ол бұл тәжірибені кеңейту мақсатында алдағы уақытта қала аумағында тағы 100 заманауи қоқыс алаңшасын орнату жоспарланып отырғанын жеткізді.
Брифингте экологиялық мәселелерді шешуде тұрғындармен тұрақты кері байланыс орнатуға да ерекше мән беріліп жатқаны айтылды. Жыл басынан бері Еңбекші және Абай аудандарында халықпен кездесулер өткізіліп, атмосфералық ауа сапасы, қалдықтарды басқару, санитарлық тазалық және қоршаған ортаны қорғауға қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Тұрғындар тарапынан көтерілген ұсыныстар мен мәселелер бақылауға алынып, оларды шешу бойынша жауапты мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыстар жүргізілген. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы ағарту жұмыстары да жалғасуда. Жоғары оқу орындары мен колледж студенттеріне арналған «Экологиялық сағаттар» ұйымдастырылып, болашақ мамандарға табиғатты қорғау, қалдықтарды сұрыптау, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және экологиялық заңнама талаптары түсіндірілді. Сонымен қатар студенттер департамент зертханасында өндірістік тәжірибеден өтіп, ауа, су және топырақ сапасын анықтауға бағытталған зертханалық жұмыстардың барысымен танысты.
Қалдықтарды басқарудың заманауи жүйесі
«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында эковолонтерлердің қатысуымен бірқатар экологиялық іс-шара ұйымдастырылған. Сондай-ақ Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай балалар үйінің тәрбиеленушілері арасында «Таза болса табиғат – аман болар адамзат» тақырыбында сурет байқауы өткізіліп, үздік жұмыстардың авторлары марапатталды. Экология департаментінің мәліметінше, алдағы кезеңде қалдықтарды басқарудың заманауи жүйесін одан әрі дамыту, заңсыз қоқыс орындарының пайда болуына жол бермеу, қоршаған ортаға жүргізілетін бақылауды күшейту және тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.
Шымкент қаласы бойынша Экология департаментінің баспасөз конференциясында қоршаған ортаны қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен қатар, экологиялық заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету мәселесіне де ерекше назар аударылды. Брифингте департаменттің мемлекеттік экологиялық бақылау нәтижелері таныстырылып, талаптарды бұзған кәсіпорындарға қатысты қабылданған шаралар жарияланды.
Бірқатар кәсіпорынға шара қолданды
2026 жылдың алғашқы алты айында департамент тарапынан қала аумағында 29 тексеру жүргізілді. Оның ішінде 15 профилактикалық бақылау, 12 жоспардан тыс тексеру және 2 талаптарға сәйкестігін тексеру ұйымдастырылды. Бақылау нәтижесінде 39 әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы 91,3 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Оның 72 миллион теңгесі мемлекет кірісіне өндірілді. Сонымен қатар анықталған заңбұзушылықтарды жою үшін кәсіпкерлік субъектілеріне 29 нұсқама берілді. Экологиялық талаптарды сақтамаған бірқатар кәсіпорындарға қатысты қатаң шаралар қабылданды. Атап айтқанда, атмосфералық ауаға рұқсатсыз немесе белгіленген нормативтен тыс шығарындылар шығарғаны үшін Rock Minerals ЖШС-ға 17,6 миллион теңге, ал Polymettech ЖШС-ға 63,9 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұдан бөлек, сот шешімі негізінде «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС, «Rock Minerals» ЖШС және Polymettech ЖШС қызметі уақытша тоқтатылды. Экологиялық рұқсатсыз қызмет атқарғаны анықталған DIP TRANS LOGISTICS ЖШС мен «Тазалық СК» ЖШС-ға да заңнамаға сәйкес әкімшілік шаралар қолданылды. Сот қаулысымен аталған кәсіпорындарға айыппұл салынып, қызметі белгілі бір мерзімге тоқтатылған.
«Жалпы есепті кезеңде «Су ресурстары-Маркетинг», «Шымкентцемент», AZALA Textile, «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» және индустриялық аймақтарда орналасқан басқа да кәсіпорындардың экологиялық талаптарды сақтауына бақылау жүргізілді. Тексерулердің басым бөлігі өндірістік нысандарды қамтыды. Қаладағы атмосфералық ауа сапасы да тұрақты бақылауда. «Қазгидромет» деректеріне сәйкес, 2026 жылы Шымкенттегі ауа ластануының деңгейі көтеріңкі деп бағаланған. Негізгі ластаушы көздер қатарында өндірістік кәсіпорындардың шығарындылары, автокөлік құралдары және жылыту маусымында жеке тұрғын үйлерден шығатын түтін аталады», – деп атап өтті Ермахан Тастанбекұлы.
Атмосфералық ауаның жай күйін бақылау қаладағы жеті бекет арқылы жүргізіледі. Сонымен қатар «ПКОП», «Стандартцемент», «Шымкентцемент» және «3-Энергоорталық» кәсіпорындарында автоматтандырылған экологиялық мониторинг жүйесі жұмыс істейді. Бұл жүйелер өндірістік шығарындыларды онлайн режимде бақылауға мүмкіндік береді. Автокөліктерден шығатын зиянды шығарындыларды азайту мақсатында Полиция департаментімен бірлесіп рейдтік іс-шаралар да ұйымдастырылды. Нәтижесінде, 49 автокөлік тексеріліп, оның 10-ынан белгіленген нормадан жоғары зиянды шығарындылар анықталды. Осы фактілер бойынша алты жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылды.
Кейбір заңбұзушылықтар анықталды
Экологиялық реттеу бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылды. Алғашқы алты айда 37 мемлекеттік қызмет көрсетіліп, бірінші санаттағы объектілерге экологиялық рұқсаттар беріліп, қоршаған ортаға әсерді бағалау бойынша тиісті қорытындылар дайындалды. Қазір қала аумағында 42 кәсіпорын бірінші, 146 кәсіпорын екінші, 477 кәсіпорын үшінші және 368 кәсіпорын төртінші санаттағы нысандардың қатарына кіреді. Қоршаған орта жағдайын бағалау мақсатында департаменттің зертханалық-талдамалық бақылау бөлімі 43 нысанда зерттеу жүргізді. Осы жұмыстар барысында 634 сынама алынып, 4 мыңнан астам зертханалық талдау жасалды. Зерттеу нәтижесінде Қошқар ата, Қарасу және Бадам өзендерінің қала аумағынан өткеннен кейінгі бөліктерінде бірқатар ластаушы заттың мөлшері артатыны анықталды. Мамандардың алдын ала бағалауынша, бұл жағдай ирригациялық жүйелерден ағызылатын төгінділермен және өзен жағалауындағы тұрғын үйлердің кәріз жүйесіне толық қосылмауымен байланысты болуы мүмкін.
Департамент өкілдері брифинг барысында қоршаған ортаға кері әсер ететін факторларды азайту үшін экологиялық бақылау шаралары алдағы уақытта да күшейтілетінін атап өтті. Заң талаптарын бұзған кәсіпорындарға қатысты тиісті әкімшілік және құқықтық шаралар қабылданып, атмосфералық ауа, су ресурстары мен қалдықтарды басқару бағыттарындағы мониторинг жұмыстары жалғаса береді.
Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы