Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Қос капитанның мамандыққа келу соқпақтары да, алғашқы таныстықтары да осы саламен тікелей сабақтас өрілген. Отағасы Ғибрат осыдан он жыл бұрын, арман қуып, Б.Бейсенов атындағы Қарағанды ІІМ академиясына оқуға түскен сәтте-ақ өз өмірін заңға қызмет етумен, қоғам тыныштығын күзетумен мәңгілікке байланыстырған еді. Ал оның болашақ жары Менсұлу да дәл сол жылдары Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің заң факультетіне қабылданып, құқық қорғау саласының қыр-сырын терең меңгеруге бет бұрады.
Екі жастың тағдыр жолы 2020 жылы, жоғары оқу орындарын ойдағыдай бітіріп, Қарағанды қалалық Полиция басқармасына қарасты Теміржол полиция бөліміне жұмысқа орналасқанда түйісті. Ғибрат мұнда аға криминалист ретінде қылмыстың ізін суытпай ашудың шеберіне айналды. Белгілі болғандай, қылмыс болған жерде қаскөйлер қайткенде де титтей де болсын айғақты құртуға, өздерінің соңында із қалдырмауға тырысады. Ал олардың құпиясын ашу үшін қырағы көз, суық ақыл және мызғымас шыдамдылық қажет. Ғибрат криминалистика саласында жүрген жылдарында тек заттай айғақтар мен саусақ іздерін ғылыми тұрғыдан сараптау арқылы 20-дан аса күрделі қылмыстың бетін ашты. Әккі ұрылар мен заң бұзушылардың көрінбейтін «қолтаңбасын» тауып, әділдіктің салтанат құруына тікелей ықпал етті.
Дәл осы уақытта оның жары Менсұлу кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы болып, тағдыры қиын жасөспірімдерге қамқоршы, ақылшы бола білді. Күнделікті қызмет барысындағы қоян-қолтық жұмыс, ортақ кәсіби мүдде мен бір-біріне деген терең құрмет бара-бара қос жүректің үнсіз ұғысуына жол ашып, шынайы сезімге ұласты. Осылайша, заң үстемдігін қорғаған ортада жаңа бір берекелі шаңырақтың негізі қаланды.
Бүгінгі таңда капитан Ғибрат Қайратұлы Ә.Бөкейхан атындағы полиция бөлімінің учаскелік инспекторы қызметін атқарады. Егер бұрын оның міндеті жасалған қылмыстың ізімен жүріп, айғақ жинау болса, қазіргі басты мақсаты – құқықбұзушылықтың алдын алу, қылмысқа жол бермеу.
«Учаскелік инспектордың ең бірінші міндеті – халықпен орнатылған сенімді әрі ашық қарым-қатынас. Өзіме бекітілген әкімшілік аумақты бес саусақтай білуім, әрбір үйдің тыныс-тіршілігінен хабардар болуым шарт. Қоғамдық қауіпсіздік пен тұрғындардың бейбіт өмірі, балалардың қауіпсіздігі – менің басты кәсіби міндетім әрі азаматтық парызым», дейді капитан.
Ал жары Менсұлу Дәулетқызы – қазіргі уақытта Қарағанды қалалық ПБ жеке құраммен жұмыс жөніндегі бөлімшесінің инспекторы. Тәртіп сақшыларының өздерінің ішкі тәртібін қадағалап, кадр саясатын мінсіз жүргізу – зор жауапкершілікті талап ететін сала. Жаңадан табалдырық аттаған жас маманның антына адалдығын бекемдеуден бастап, еңбегі сіңген ардагердің құрметпен зейнетке шығуына дейінгі бүкіл ғұмырлық шежіре – капитан Менсұлудың тікелей бақылауында.
Ерлі-зайыпты полицейлердің өмірі сырт көзге қаншалықты қызық әрі айбынды көрінгенімен, оның ішкі жауапкершілігі мен қиындығы да аз емес. Екеуінің де иығында капитандық шен, мойнында мемлекеттік маңызды міндет бар. Лауазымдары екі бөлек бағытта болғандықтан, жұмыс кестелерінің де сәйкес келе бермейтіні – заңдылық.
«Таңертең жұмысқа бір көлікпен шығамыз. Бірақ кешкісін үйге қайту уақытымыз ешқашан дәл келген емес. Біреуімізде шұғыл шақырту, екіншімізде кезекшілік, шұғыл жиын немесе тексеріс дегендей... Бірақ бұл жағдай біздің шаңырағымызға ешқандай салқынын тигізбейді. Өйткені біз бір-бірімізді сөзсіз түсінеміз. Мамандықтың ішкі сырын, қиындығын білгендіктен, отбасында ешқашан реніш пен өкпеге жол бермейміз», дейді капитан Менсұлу.
Бұл үлгілі жас отбасының бүгінде Нияз бен Азиз есімді егіз ұлдары өсіп келеді. Отағасы Ғибраттың ең үлкен арманы – қос ұлын да өзі секілді Қарағанды академиясының алтын табалдырығынан аттатып, болашақта ел қорғайтын, жұрттың алғысын алатын айбынды полиция қызметкері етіп тәрбиелеу, әулеттік династияның негізін қалау. Ғибрат пен Менсұлудың отбасылық өмірде де, қызметтік қалпында да берік ұстанатын бір ғана алтын қағидасы бар: ол – ата-бабадан қалған, қазақтың қанына сіңген «ешкімнің ала жібін аттамау» деген ұлы ұғым. Қызметте де халықтың арыз-шағымына әділ қарап, заң аясында таза, адал еңбек етуді мақсат тұтқан қос капитан бұл асыл тәрбиені ұлдарының да бойына жастайынан сіңіріп келеді. Өйткені мемлекеттің тұтастығы, қоғамның қауіпсіздігі мен халықтың құқық қорғау саласына деген шексіз сенімі осындай адалдықты ту еткен отбасылардың берік ұстанымынан бастау алады.
Қарағанды облысы