Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..
Бүгінгі Мәжіліс отырысында Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясының мүшелері Жанарбек Әшімжан, Аманжан Әлтай, Қазыбек Әлішев елдегі ауыл шаруашылығы мен ветеринария саласында білікті кадрлардың тапшылығы мәселесін көтеріп, Премьер-Министрге депутаттық сауал жолдады.
Жанарбек Әшімжанның айтуынша, агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуы – бұл еліміздің ұлттық қауіпсіздігі мен әлеуметтік тұрақтылығының басты көрсеткіші. Қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі – ауыл шаруашылығы мен ветеринариядағы білікті кадрлардың тапшылығы.
– Аграрлық жоғары оқу орындарына негізінен ауыл жастары түсетіні белгілі. 2025 жылы мектеп бітіруші түлектердің саны 217 мыңнан асты. Мектептердің басым бөлігі, яғни 67,4%-ға жуығы ауылдарда орналасқан. Сонымен қатар жоғары білімге деген сұраныс жылдан-жылға артып келеді, 2025 жылғы қаңтардағы ҰБТ-ға 187 мыңға жуық талапкер қатысты. Алайда аграрлық мамандар дайындау саласындағы мемлекеттік саясатта түйткілді мәселелер бар.
Соңғы 10 жылда елімізде мемлекеттік білім беру гранттарының саны 2,5 есеге ұлғайғанымен, «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар» және ветеринария мамандықтары бойынша мемлекеттік гранттың үлесі 2 есе азайып, 8,5%-дан 4,2%-ға дейін қысқарды. Атап айтқанда, 2025 жылы «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар» бағыты бойынша мемлекеттік білім беру гранттарының саны 16%-ға (2024 ж. – 2 331, 2025 ж. – 1 969), оның ішінде өсімдік шаруашылығы – 37%-ға (2024 ж. – 600, 2025 ж. – 376), мал шаруашылығы – 23%-ға (2024 ж. – 500, 2025 – 384) қысқарды. Аталған салалар ауыл шаруашылығының негізгі бағыттары болғанына гранттар саны жыл сайын азаюда, – деді Жанарбек Әшімжан.
Аманжан Әлтайдың айтуынша, бұл ел Президентінің агроөнеркәсіп кешенін экономикадағы басты қозғаушы күштің біріне айналдыру және биологиялық қауіпсіздіктің негізі ретінде ветеринарлық қызметті дамыту туралы тапсырмаларына тікелей қайшы келіп отыр.
– Осы орайда әлеуметтік факторларды да атап өткен жөн. Қазір аграрлық және ветеринариялық мамандықтарда оқитын студенттердің шәкіртақысы 52 мың теңгені құрайды, бұл педагогикалық және медициналық бағыттармен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Ауылдық жердегі отбасылардың табысы тұрақсыз. Мұндай жағдайда балаларды қалада оқыту қиямет-қайым. Нәтижесінде, мемлекет агроөнеркәсіп кешенін басым бағыт деп жариялағанымен, ауыл жастарының аграрлық білім алуына қажетті жағдайлар жасалмай отыр.
Жоғары білікті мамандар даярлауда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің оң тәжірибесін мысал ретінде келтіруге болады. 2023 жылы университетке ҚР Ауыл шаруашылық министрлігіне қарасты 4 жетекші ғылыми-зерттеу институты мен 1 тәжірибелік шаруашылық сенімгерлік басқаруға берілді. Қысқа мерзім ішінде нысаналы индикаторлардың 97%-ына қол жеткізілді, ғылым, білім және өндірістің нақты интеграциясы қамтамасыз етіліп, ғылыми жобаларды қаржыландыру көлемі шамамен 2 есе артты, өңірлерде цифрлық шешімдер мен ғылыми-зерттеулердің нәтижелері белсенді түрде енгізілуде, – деді ол.
Депутаттың сөзін қуаттаған Қазыбек Әлішев Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің 2026-2030 жылдарға арналған даму бағдарламасы қайта қаралып, қаржыландыруы көзделгенімен, оны бекіту үдерісі созылып отырғанын айтты.
– Сонымен қатар ғылыми-зерттеу институттары мен тәжірибелік шаруашылықты сенімгерлік басқару шарттарының шектеулі мерзімі ұзақмерзімді ғылыми және инвестициялық жобалардың жүзеге асуына кедергі келтіреді. Сондықтан азық-түлік қауіпсіздігін нығайту, ауылдың әлеуетін арттыру, түйіп айтқанда Президент тапсырмаларын нақты орындау үшін мына қадамдарды жүзеге асыру керек:
1) «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар» және «Ветеринария» бағыттары бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысын қайта қарап, гранттар санын арттыруды;
2) Аграрлық және ветеринариялық мамандықтар студенттерінің шәкіртақы мөлшерін педагогикалық және медициналық бағыттардағы шәкіртақылармен теңестіруді;
3) Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің 2026-2030 жылдарға арналған даму бағдарламасын жедел түрде бекітуді;
4) Басталған инвестициялық жобаларды аяқтау үшін 4 бейіндік ғылыми-зерттеу институты және 1 тәжірибелік шаруашылықты сенімгерлік басқару шарттарының мерзімін 2030 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартуды сұраймыз, – деді Қазыбек Әлішев.