Aikyn.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Оның үстіне, оңтүстік және кей батыс өңірлердің ыстығы жаздың соңына дейін басыла қоймайтыны анық. Бір анығы, шілдеде аномальді ыстықтың әсерінен жедел жәрдем қызметіне хабарласатын халықтың да қарасы артыпты. Ал таяуда жазы жайлы дейтін елорданың өзінде кейінгі 85 жылда болмаған ең жоғары температура тіркелді. Осы тұста қолайсыз ауа райында ыстықтан қалай қорғану керегін назарға ұсынуды жөн көрдік.
«Қазгидрометтің» мәліметінше, бірнеше күн бұрын елордада ауа температурасы +38,6 градусқа дейін көтеріліп, жаңа рекорд орнады. Бұл көрсеткіш 1992 жылы тіркелген +35,3 градустан да асып түсіп, тарихи көрсеткіш жаңарып үлгерді. Елордамыз қатал қысымен ерекшеленетін, әлемдегі ең суық астаналардың бірі екені мәлім, алайда қазір ми қайнатар ыстығымен де ел есінде қалып отыр. Қала тұрғындарының ағзасы мұндай ыстыққа бейімделмегендіктен, жоғары температураның әсері де аса қиындық келтіріп жатыр. Синоптиктердің болжамынша, аптап ыстық алдағы күндері де елдің бірнеше өңірінде сақталады, әсіресе оңтүстік аймақтарда ауа температурасы +41...+46 градусқа дейін жетуі мүмкін. Астана қалалық жедел медициналық жәрдем стансасы директорының медициналық бөлім жөніндегі бірінші орынбасары Бота Сәдетханның айтуынша, жедел жәрдем қызметіне шақырту бірден 10 пайызға өскен.
– Егер қалыпты айларда біз тәулігіне 1 800-1 850 шақыртуға қызмет көрсетсек, қазір олардың саны 2 000-нан асып кетті. Тәуліктік өсім шамамен 200 шақыртуға жетіп отыр. Астанада медициналық көмекке жүгінетіндердің қатарында жүрек-қан тамыр ауруларына шалдыққан пациенттердің саны артқан, шақыртулардың 30 пайызы осы дертке тиесілі, – дейді ол.
Аптап ыстық жайсыздық тудырып қоймай, адам өмірі мен денсаулығына айтарлық қауіп төндіретін естен шығармаған абзал. Алматыда да ауа температурасы кейінгі 50 жылдағы ең жоғары көрсеткішке жеткен. Шаһарда шілденің алғашқы екі аптасында жедел жәрдем қызметіне 33,6 мыңнан аса қоңырау түскен, ал жедел медициналық көмек алғандардың 50 пайызы ауруханаға дереу жеткізіледі.
Дәрігерлердің айтуынша, күн ыстықта тер арқылы адам ағзасындағы су мен минералды тұздар жоғалады, жүрекке жүктеме артады, қан қоюланып, қан айналымы қиындайды, қан қысымы өзгеруі мүмкін, ми мен ішкі ағзаларға оттегінің жеткізілуі төмендейді. Ең бастысы, жеткілікті мөлшерде су ішу бірнеше мәселенің алдын алады. Себебі адам терлегенде ғана емес, тыныс алу, зәр шығару арқылы да ағзадағы суды жоғалтады, ал ыстық күндері бұл процесс тіпті жылдамдайды. Қатты шөл қысып, ауыз құрғап, бас ауырып, әлсіздік пайда болса, сирек дәретке шығу, жүрек қағысының жиілеуі байқалса, ағза сусыздана бастағанын аңғартады. Ағзадағы әр белгіні байқап, мән бермеу ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Қолайсыз ауа райында балалар, егде жастағы адамдар, жүкті әйелдер, далада жұмыс істейтін қызметкерлер, қосалқы, созылмалы ауруы бар жандарға абай болу керек. Бірінші санаттағы жалпы тәжірибелік дәрігер, медициналық сарапшы Жазира Сматқызы ең алдымен ағзаны сусыздандырып алмау керегін қатаң ескертті.
– Балалар қатты ыстықты сезінбей, далада ойнап жүре беруі мүмкін. Сондықтан балаларыңызды далаға ұзақ жібермеңіздер, ағзаны сусыздандырып алмау керек. Салмағыңыз 50 келі болса, әр келіге 30 мл су қажет, сонда кешкі алтыға дейін кем дегенде 1,5 л су ішу керек. Ішетін тағамнан, шай, компот секілді өзге сұйықтықтан бөлек осынша көлемде таза су ішу керек, – дейді дәрігер.
Маман ыстықтан қорғану үшін күннің ең ыстық уақыты – сағат 11:00 мен 17:00 аралығында ұзақ жүрмеуге, күн астына көп шықпауға кеңес берді, ал далада жүрсеңіз, күннен қорғайтын баскиім, қолшатыр, көзілдірікті пайдалануды ұмытпау керек. Сонымен қатар дәрігер күннің ыстығында салқындатқыш құрылғыларды да абайлап қолдану керегін жеткізді.
– Салқындатқыш, желдеткіш құралдарды қолданарда мұқият болыңыз. Көлікте, кез келген ғимаратта салқындатқыш қатты қосылып қалса да, асқынулар пайда болуы мүмкін. Далада жүріп, ыстықтан қатты терлеп келіп, бірден салқындатқыш қосылған бөлмеде отырмаңыз, бұл, керісінше, кері әсер береді. Қазір бүйрек, бел аймағына су тигізіп, ауруын асқындырып алған пациенттер көп. Дені көлікте салқындатқыш қосып едім деген шағыммен келеді, – дейді терапевт.
Дәрігердің кеңесінше, тағы бір ескертерлік жайт – дұрыс тамақтануға көңіл бөлу, себебі күннің ыстығында астан улану жағдайы көптеп тіркеліп отыр.
– Қазір көкеністердің нағыз пісіп тұрған уақыты, алайда дұрыс өңдеуден өтпеген көкөністерді жеу ағзаға үлкен тәуекел әкеледі. Жаз мезгілінде энтеровирустық, ратовирустық инфекциямен ауырған пациенттер медициналық көмекке жиі жүгінеді. Астан уланғанда дене қызуы көтеріліп, ағза сусызданып, іш өту, жүрек айну секілді симптомдар қатар жүреді. Сол себепті де толық өңдеуден өткен, тазартылған, асқорыту жүйесіне ауыр күш түсірмейтін азық-түлік тұтынған дұрыс, – дейді Ж.Сматқызы.
Оның айтуынша, күн ысығалы қала маңайындағы жағалауға барып, суға шомылатын жұрттың да саны артқан, алайда тазартылмаған, ағынсыз суға түсу ауруды асқындырудың негізгі себебіне айналады.
– Жұрт Есіл жағасына барып, суға түседі, бірақ бұл су таза емес, ағынды су емес. Ол жерде неше түрлі инфекция болуы мүмкін. Әрине, бала болса да, үлкен кісі болса да, суды жұтамын деп ойламайды ғой, алайда кей кездері мұрынға, ауызға арам су кіріп кетеді. Ол жұтқыншаққа өтіп, ішекте инфекция қалып қойса, әртүрлі ауру пайда болады, – дейді дәрігер.
Бәрінің де жадыраған жаз мезгілінде уақытты ерекше өткізгісі келеді, дегенмен жеткілікті мөлшерде су ішу, дұрыс тамақтану, ағзаңыздағы белгілерге көңіл бөлу, күннен қорғану сынды қарапайым ережелер деніңіздің саулығы мен өміріңіз үшін аса маңызды екенін ұмытпаңыз.
Айсұлу СЪЕЗХАН