Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Суретті түсірген – Жұмабай Мұсабек
Президент тапсырмасына сәйкес бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде ауылдарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл бағыттағы оң өзгерістердің айқын көрінісі Жетісу облысында анық байқалады. Таза ауызсу – жай ғана коммуналдық қызмет емес, тұрмыс сапасының өлшемі, ауылдың болашағына деген сенімнің негізі. Бір кездері құдықтан су тасып, ұңғыма қазып күнелткен тұрғындар үшін үйдің табалдырығына дейін жеткен су – ондаған жылдық арманның орындалуы іспетті. Бүгінде Ақтұма мен Лепсі елді мекеніндегі игі істер соның нақты дәлелі.
Ескелді ауданына қарасты Ақтұма ауылы ұзақ жылдар бойы таза ауыз- су тапшылығын сезініп келді. Жүзден астам тұрғыны бар шағын ауылдың халқы ескі ұңғымадан алынатын суды көшедегі құдықтар арқылы пайдаланды. Су сапасының төмендігі мен қысымының әлсіздігі тұрғындарға талай қиындық туғызды. Әсіресе қыстың аязында, жаздың аптап күндерінде су тасудың машақаты ауыл өмірінің ажырамас көрінісіне айналған еді. Уақыт өте келе бұл мәселені уақытша жөндеумен шешу мүмкін еместігі белгілі болды. Осыған байланысты 2021 жылы жаңа орталықтандырылған су жүйесінің құрылысы басталды. Жоба мердігер мекеменің жауапсыздығынан бірнеше жылға созылғанымен, облыс басшылығының тікелей бақылауы мен араласуы нәтижесінде құрылыс толық аяқталды. Жаңа су желісіне алғашқылардың бірі болып қосылған Ақмарал Немелбаева бұл өзгерістің ауыл үшін маңызын ерекше тебіреніспен жеткізді.
«Бұрын суды сырттан тасып ішетінбіз. Қыста құдықтан су алу да қиын болатын. Қазір үйімізге су кран арқылы келіп тұр. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш. Әсіресе әйелдер үшін тұрмыс жеңілдеді. Кір жуу, үй тазалау, ыдыс жуу секілді күнделікті жұмыстар әлдеқайда оңай болды. Қазір әр үйде тұрмыстық техника бар, енді соның игілігін толық көріп отырмыз. Ең бастысы – судың сапасы жақсы. Осындай жағдай жасалғанына ауыл тұрғындары дән риза», дейді ол.
Қазіргі таңда ауылдағы 37 тұрғын үйдің 35-і жаңа орталық су жүйесіне қосылған. Бұл тұрғындардың күнделікті тұрмысын жеңілдетіп қана қоймай, олардың өмір сүру сапасын жаңа деңгейге көтерді.
Осындай оң өзгерістер Алакөл ауданындағы Лепсі ауылында да жалғасып жатыр. Бұған дейін ауыл тұрғындары ауызсуды құдықтан тасып немесе өз аулаларында ұңғыма қазып пайдаланып келген. Көп жылдан бері қордаланған мәселе енді түбегейлі шешімін табуға жақын. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, Лепсі ауылының сумен жабдықтау жүйесін реконструкциялау және жаңадан салу жобасы 2025 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Құрылыс жұмыстары бүгінде аяқталуға жақын. Мердігер ұйым директорының орынбасары Дәурен Жүнісовтің айтуынша, құрылыс алаңында 50-ге жуық маман мен 8 арнайы техника жұмыс істеп жатыр.
«Бұл өңірдің климаты ерекше. Мұнда суық ерте түсіп, көктем кеш келеді. Сондықтан негізгі құрылыс жұмыстары мамыр мен қыркүйек аралығындағы қысқа мерзімде жүргізіледі. Қазір абоненттік желілерді тарту қатар атқарылып жатыр. Жоспарланған 15 шақырым тарату желісінің 7 шақырымы төселді. Жалпы 420 тұрғын үйді орталықтандырылған су жүйесіне қосу көзделген. Бүгінде су құбыры 210 үйге дейін жеткізіліп, оның ішінде 70-ке жуық тұрғын жаңа жүйеге қосылды. Сонымен бірге 135 өрт гидрантын орнату жоспарланған болса, оның 100-і қойылды. Барлық құрылыс-монтаж жұмыстарын осы жылдың күзінде аяқтап, нысанды пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз», дейді ол.
Қазіргі таңда 708 су құбыры құдығының 628-і орнатылып, 35 шақырым магистралды су құбыры төселген. Тереңдігі 226 метр болатын екі су алу ұңғымасы бұрғыланып, таза су резервуары мен сорғы стансасы салынған. Электр желілері тартылып, өндірістік базаның барлық қосалқы нысандары толық аяқталған. Бұл жаңалықты Лепсі жұртшылығы ерекше қуанышпен қабылдап отыр. Өйткені ауыл тұрғындары бұл күнді ондаған жыл бойы күткен.
«Мен осы ауылда туып-өстім. Ес білгелі орталық ауызсу жүйесінің болғанын армандадық. Міне, енді, сол көптен күткен күнге де жеттік. Ауылымыздың болашағы зор. Туризм қарқынды дамып келеді, спорт нысандары бар, табиғаты ерекше көркем. Сондықтан ауызсу мәселесі біз үшін әрдайым ең өзекті мәселелердің бірі болды. Ауылдың бір бөлігі 1980-жылдары салынған ескі су құбырын пайдаланды, ал екінші бөлігі суды ауылдың арғы шетінен шелекпен таситын. Енді әрбір үйге орталық су жүйесі тартылады. Біз бұған өте қуаныштымыз», дейді ауылдық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Ирина Абдухаликова.
Лепсі – бүгінде туризмі қарқынды дамып келе жатқан елді мекендердің бірі. Былтыр елді мекен «Үздік туристік ауыл – 2025» ұлттық байқауының қорытындысы бойынша еліміздегі үздік бес туристік ауылдың қатарына енді. Осыған орай ауылдың инженерлік инфрақұрылымын дамыту ерекше маңызға ие. Қазіргі таңда облыстық маңызы бар «Қабанбай – Лепсі» автомобиль жолының 20 шақырымдық бөлігі де жаңартылып жатыр. Бұл тек тұрғындардың қатынасын жеңілдетіп қана қоймай, өңірдің туристік әлеуетін де арттыра түседі.
Жалпы, Жетісу облысында ауызсумен қамту бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасып келеді. Бүгінде өңірдегі 329 елді мекен орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген. Халық саны бойынша таза ауызсумен қамту деңгейі 99,9 пайызға жеткен. Бұл – Мемлекет басшысының ауылдарды дамыту, өңірлер арасындағы өмір сүру сапасындағы алшақтықты азайту жөніндегі тапсырмаларының нақты нәтижесі.
Ақтұмадағы краннан аққан мөлдір су мен Лепсіде аяқталуға жақын құрылыс – еліміздегі инженерлік жобаның жемісі. Сондай-ақ ауыл адамдарының тұрмысын жеңілдетіп, туған жерге деген сенімін нығайтады. Өйткені ауылға барған таза су – тек құбырмен келген тіршілік нәрі емес, мемлекеттің жанашырлығын сезіндіреді.
Жетісу облысы