Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
Шынында да, мемлекеттердің көбі алдағы уақытта жаңартылған энергияға деген тәуелділіктің үстемдік құратынына күмән келтірмейтінін байқап отырмыз. Содан да болар, жаңартылған энергия көздерін көбейту жолында елімізде де ауқымды жұмыс қолға алынып жатыр. Өйткені «жасыл» энергияны өркендету жұмысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарынан тыс қалған емес. Өңір басшылары да Президент тапсырмасын тиянақты орындау үшін қолдан келгенше шаруа атқарып жатыр.
Жамбыл өңірінде жаңартылған энергия көздерін өндіретін стансаларды салу жұмысы 2010 жылдары басталды. Содан да шығар, қазіргі кезде Жамбыл облысы «жасыл» экономика бағыты бойынша елімізде көшбасшы өңірлердің қатарына енген. Облыстың бірқатар ауданында күннен, желден, судан электр энергиясын алу жұмысы бір ізге түсіріліп, жүйеленген. Әлеуетті инвесторлардың келуімен бұл жұмыс жыл өткен сайын ширай түскеніне ешкімнің таласы жоқ.
Қасиет дарып, құт қонған Жамбыл өңірінің Сарысу ауданында ауқымды құрылыс басталды. Мұнда бой көтеретін жел электр стансасы Орталық Азиядағы ең ірі нысан болып саналады. Мамандар келтірген дерекке жүгінсек, қуаттылығы 1 ГВт-ты құрайтын мұндай ірі жоба Орталық Азия елдерінде бұрын-соңды салынбаған көрінеді. Инвесторлар Қаратаудың желі дамылсыз соғатын Сарысу жерін бекер таңдап отырған жоқ. Мұнда желден электр энергиясын өндіруге барлық мүмкіндік бар. Сондықтан да Сарысудың сартап даласы арнайы таңдалып алынған.
Ауқымды жобаның құрылысына арналған капсула салу рәсіміне қатысқандардың айтуынша, бұл жоба жаңартылған энергия көздері саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі саналатын «Masdar» компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылмақ.
Елорда төрінде өткен телекөпір форматындағы салтанатты рәсімге Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы барып қатысты. Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов, «Masdar» компаниясының басқарма төрағасы Мұхаммед Әл-Рамахи құттықтау сөз сөйлеп, жаңа нысанның электр энергиясын өндірудегі мүмкіндігі туралы айтты. Жоба жүзеге асырылатын алаңнан телекөпірге «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов қосылды.
Мамандардың мәліметінше, жоба аясында қуаттылығы 1 ГВт болатын жел электр стансасы мен сыйымдылығы сағатына 600 МВт құрайтын энергия жинақтау жүйесі салынады. Жобаның жалпы құны – 742 миллиард теңге. Инвестициялық жобаны сүйемелдеу «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы» АҚ-тың қолдауымен жүзеге асырылады.
Н.Жақыповтың айтуынша, мұндай іргелі жобаның жүзеге асырылуы еліміздің энергетика саласын одан әрмен дамытуда айрықша рөлге ие. Ал нысанды Жамбыл облысына қарасты Сарысу ауданында салу – жан жақты зерделенген стратегиялық шешім.
«Жалпы қуаттылығы 1 ГВт құрайтын жел электр стансасының құрылысы – елімізде ғана емес, тұтас Орталық Азиядағы жаңартылған энергия көздері саласындағы ең ірі жобалардың бірі. Сондықтан да біз бұл жобамен мақтана аламыз. Ал ауқымды бастаманың дәл Жамбыл облысында жүзеге асырылуы өңірдің инвестициялық әлеуетінің жоғары деңгейде екенін айғақтайды. Сондай-ақ халықаралық деңгейдегі серіктестердің Жамбыл облысының жергілікті атқарушы билігіне деген сенімінің көрінісі деуге толық негіз бар. Біз өз кезегімізде мұндай ірі жобаларға жан-жақты қолдау көрсетуге қай кезде де тас түйін дайынбыз», дейді Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев.
Өңір басшысы жаңартылған энергия көздерін өндіру мен дамыту Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған стратегиялық бағытқа толық сәйкес келетінін атап өтті. Оның сөзінше, мұндай жобалар еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға, заманауи технологияларды енгізуге және тұрақты экономиканы қалыптастыруға толықтай мүмкіндік
береді.
Мамандар келтірген дерекке жүгінсек, ауқымды жобаны толыққанды іске қосу жұмысы 2029 жылдың үшінші тоқсанында жүзеге асырылады екен. Бұдан бөлек, 2029 жылға дейін шалғайдағы Мойынқұм ауданында жалпы қуаты 1 ГВт құрайтын жел электр стансасын салу жоспарланған. Бұл екі нысанның құрылысы толықтай аяқталған жағдайда Жамбыл өңірі еліміздегі «жасыл» экономиканың локомотивіне айналатыны анық. Жергілікті атқарушы билік өкілдері де бұл нысандардың уақтылы салынуына айрықша назар аударып отыр.
Расында Жамбыл өңірі жаңартылған энергия көздерін өндіру ісінде қазірдің өзінде елдегі көшбасшы облыс екені баршаға мәлім. Нақты дерекке көз жүгіртсек, облыста қазір жалпы қуаты 571,3 МВт болатын жаңартылған энергия көздерін өндіріп отырған 22 нысан бар. Облыс мұндай көрсеткішке қалай қол жеткізді, мамандар неше жыл тер төкті? Зерделеп көрейік.
Біздің өңірде жаңартылған энергия көздерін дамыту, күн, жел, су арқылы электр энергиясын алуға барлық жағдай қарастырылғанын білікті мамандар ұдайы айтып жүр. Кейінгі кезде ірі инвесторлар да осы бағытты қолдауға баса назар аударып отыр. Жергілікті басшылар тарапынан да оларға барынша қолдау көрсетіліп жатыр.
Жалпы алғанда, Жамбыл облысында «жасыл» энергияға басымдық беру жұмысы 2010 жылы басталғанын жергілікті жұрт жақсы біледі. Яғни өңірде 16 жылдан бері жаңартылған энергия көздері арқылы электр энергиясын алуға қатысты жұмыс жүйелі жүргізіліп келеді.
Нақты деректерді сөйлетсек, 2010 жылы жалпы қуаты 2 МВт құрайтын 2 ЖЭК нысаны пайдалануға берілді. 2015 жылы жалпы қуаты 114 МВт құрайтын 9, 2021 жылы жалпы қуаты 387,8 МВт құрайтын 17, 2022 жылы жалпы қуаты 451,3 МВт құрайтын 21 нысан болды. Біршама уақыт бұрын бұл көрсеткіш тағы да ұлғайды. Жалпы қуаты 571,3 МВт құрайтын нысандардың саны 22-ге жеткізілді. Байқап қарасақ, әуелде баяу басталған жұмыстың жыл жылыстаған сайын айтарлықтай қарқын алғанын аңғару қиын емес секілді.
Жалпы, өңірде «жасыл» энергия үлесін арттыру жұмысы ерте бастан басталғаны да облыс үшін абырой болып тұр. Жергілікті атқарушы билік өкілдері қай кезде де уақыт сұранысына сай, ЖЭК стансасын мүмкіндігінше көбірек салуға ерекше ден қойғаны рас.
Біраз жыл бұрын салынған «Burnoe Solar-1», «Burnoe Solar-2» стансаларының жұмысы көңіл тоғайтатынын мамандар да тәптіштеп айтып жүр. Ресми деректерге сенсек, Жуалы ауданы аумағында орналасқан, күннен электр энергиясын өндіретін бұл нысандар Орталық Азиядағы ең ірі стансалар санатына енген.
ЖЭК нысандарын салу жұмысы кейінгі жылдары өңірдің бірқатар ауданында қарқынды түрде жүргізілгенін көз көрді. Бұл бағыттағы жұмыс облыс орталығы Тараз қаласының маңында орналасқан Жамбыл, Талас аудандарында да талапқа сай атқарылып келеді. Мәселен, 2022 жылы Жамбыл ауданы аумағында жылдық қуаты 50 МВт құрайтан «AEC ASA» күн электр стансасы, Талас ауданында жалпы қуаты 13,5 МВт құрайтын «Шеңгелді», «Шеңгелді-2», «Новатэкс ЖЭС» жел электр стансасы жобасы іске асырылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасын жүйелі түрде жүзеге асыру жөнінде облыс аумағында ауқымды жұмыс атқарылып жатқаны даусыз. Өңір басшысы облыс аумағына әлеуетті инвесторларды тартуға басымдық беріп отырғаны да көңіл көншітеді. Бір сөзбен айтқанда, өңірдегі «жасыл» энергия үлесін арттыру мақсатында қолға алынған нақты жұмыстың нәтижесі бар. Ең бастысы да осы.
Жамбыл облысы