Egemen.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Фото: istockphoto.com
Зейнетақы реформасының қажеттілігіне әсер етіп отырған негізгі факторлардың бірі – демографиялық өзгерістер. Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы артып келеді. Бұл бір жағынан, денсаулық сақтау жүйесінің дамуын көрсетсе, екінші жағынан зейнетақы жүйесіне түсетін қаржылық жүктемені ұлғайтады.
Табысты алмастыру коэффициенті дегеніміз не?Сарапшы Бауыржан Ысқақ бұл мәселеде табысты алмастыру коэффициентін қайта қарау керек екенін айтады. Табысты алмастыру коэффициенті – азаматтың зейнетке шыққаннан кейін алатын зейнетақысының жұмыс істеп жүрген кездегі орташа жалақысына шаққандағы үлесі. Егер жұмысшының еңбек еткен кездегі орташа айлығы 400 мың теңге болып, зейнетке шыққаннан кейін ай сайын 200 мың теңге алса, демек оның табысты алмастыру коэффициенті 50 пайызды құрайды.
Зейнетақы жүйесіне түсетін жүктеме артып келеді«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, қазіргі жүйеде барлық құрамдас бөліктерді есептегендегі орташа табысты алмастыру деңгейі шамамен 44 пайызды құрайды. Ал жинақтаушы төлемдерді алмайтын азаматтар үшін бұл көрсеткіш 36 пайызға дейін төмендейді. Халықаралық тәжірибеде азаматтың зейнетке шыққаннан кейінгі табысы еңбек кезеңіндегі табысының шамамен 60-70 пайызы болғаны тиімді деңгей ретінде қарастырылады. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстандағы көрсеткішті арттыру қажеттілігі байқалады», дейді сарапшы Бауыржан Ысқақ.
«4+1» және Сингапур жүйесі: Зейнетақы реформасына қай модель сәйкес келеді?
Сарапшының сөзінше, еңбек нарығының қазіргі ахуалы да реформаның іске асуын жеделдетіп отыр. Себебі елімізде зейнетақы жарнасын аудармайтындардың қатары қалыңдай түскен.
Әлем елдері зейнетақы жүйесін қалай жетілдіріп жатыр?«Бүгінде миллиондаған ел тұрғыны тұрақты түрде міндетті зейнетақы жарнасын аудармайды немесе бейресми жұмыспен қамтылған. Мұндай жағдайда олардың болашақтағы жинағы жеткіліксіз болып, төмен зейнетақы алу қаупі жоғарылайды. Сонымен қатар мемлекеттік бюджетке түсетін әлеуметтік жүктеме де біртіндеп артып келеді. Егер жинақтаушы жүйе күшейтілмесе, болашақта зейнетақы төлемдерін қаржыландыру үшін бюджет шығындарының көлемі ұлғаюы ықтимал», деді ол.
Экономистің айтуынша, халықаралық тәжірибе зейнетақы жүйесін тұрақты түрде жетілдірудің маңызды екендігін байқатып отыр. Мәселен Сингапурда міндетті жинақ жүйесі азаматтардың жеке жауапкершілігіне негізделген. Австралияда жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналары кезең-кезеңімен ұлғайтылып келеді. Ал Швецияда жинақтаушы және сақтандыру қағидаттары үйлестіріліп, тәуекелдерді мемлекет, жұмыс беруші және азамат арасында бөлу тетігі енгізілген.
«Әр ел өз ерекшелігіне қарай әртүрлі модельді қолданғанымен, олардың барлығы да зейнетақымен қамсыздандыру жауапкершілігін тек мемлекетке ғана жүктемей, жұмыс беруші мен азаматтың да ортақ міндетіне айналдыру қажеттігін көрсетіп отыр», дейді сарапшы.
Еске сала кетейік, бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев зейнетақы реформасында үш ұсыныс қаралып жатқанын атап өткен болатын. Жұмыс тобына «4+1» моделі, МӘСҚ ұсынысы, сенаторлар тарапынан 40 жыл жұмыс істеген жағдайда зейнетке шығу туралы ұсыныс енгізілген еді. Алайда министр соңғы ұсыныстың талқылаудан алынып, Сингапурлық жүйе енгізілгенін айтты. Министрліктің мәліметінше, зейнетақы реформасы шілде айының басында қолданысқа енеді.