Egemen.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Еңбек нарығында екі қолға бір күрек таппай жүрген жоғары немесе кәсіптік білімі бар, еңбекқор, талапты жастар көп. Шын білікті маманға зәру мекеме мен кәсіпорын да жетерлік. Жұмысын жетік білетін кадрға жоғары жалақы ұсынатындар бір қауым. Кейде сол өз ісінің шеберлері жұмыс берушілердің көзіне бірден түспейді. Осының барлығын дұрыс үйлестірсек, еңбек нарығындағы ахуал жақсарары сөзсіз.
Мемлекет жұмыссыз жастарды қолдайды
Еңбек нарығындағы осындай қайшылықтарды тізбектегенде Электронды еңбек биржасы (Enbek.kz) еске түседі. Платформа күні бүгінге дейін талай жұмыс беруші мен жұмысшы арасына дәнекер болды. Айталық, былтыр 306,2 мың адам жұмыспен қамту шараларына тартылған, 912,8 мың азамат жұмысқа орналасқан. Қолдаулардың ішінде әлеуметтік жұмыс орындары, «Жастар практикасы», қоғамдық жұмыстар, «Күміс жас», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» жобаларының жөні бөлек. Мұның барлығы – субсидияланатын жұмыс орындары.
Бұдан өзге, былтыр жаңа бизнес бастамаларды іске асыруға ниет білдірген, халықтың әлеуметтік осал санатына жататын азаматтарға 1 572 800 теңге көлемінде 9 239 грант берілген. Еңбек нарығындағы сұранысқа ие дағдыларға онлайн оқытумен 63,5 мың жұмыссыз қамтылып, оның 56,6 мыңы оқуды аяқтаған. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесетін өзге де жобалар, кәсіпке баулитын оқулар бар. Осындай мемлекеттен көрсетілген игіліктердің арқасында жұмысқа орналасқандардың нақты саны міндетті зейнетақы жарналарының аударымымен расталған. Демек 912 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды деген ресми статистика шындыққа жақын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында: «Елімізге кәсіби даярлығы жоғары, білікті жұмысшылар өте қажет. Қазір елімізде мыңдаған жұмыс орны бос тұр. Түрлі салада, тіпті жалақысы едәуір жоғары жұмыс орындары бар. Бұл орындарды шетелден келіп жатқан адамдар толтырып жатыр. Жыл сайын мыңдаған инженер, құрылысшы, ауыл шаруашылығы маманы оқуын бітіріп шығады. Оларға білім беруге мемлекет қомақты қаражат бөліп жатыр. Алайда көбі мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Арнайы білімді қажет етпейтін, тез табыс әкелетін жұмыстарды таңдайды. Әрине, жұмыстың жаманы жоқ, адал еңбектің бәрі – маңызды. Бірақ бұл үрдіс жеке адамға да, бүкіл елге де үлкен пайда әкелмейді. Азаматтардың өндіріске барғаны абзал», деп атап өтті.
Дипломы бар, тәжірибесі аз...
Еңбек нарығында өзінің таңдаған мамандығымен жұмыс істеп, ұңғыл-шұңғылына дейін білетін жастар көп. Еңбек тәжірибесіне қарай олар да сатылап өсіп, жоғары жалақы алады. Алайда кейінгі жылдардағы өзгерістерге зер салсақ, Мемлекет басшысы атап өткендей, ауыл шаруашылығында маман тапшылығы байқалады. Сол секілді инженерлерге де сұраныс жоғары. Мысалы, электронды еңбек биржасындағы дерекке көз жүгіртсек, кейінгі айда ауыл, орман, балық шаруашылығындағы жұмысшылар үшін платформада 18,7 мың бос жұмыс орны жарияланған. Өңдеуші өнеркәсіпте – 6,2 мың, көтерме және бөлшек саудада – 6,1 мың, құрылыста – 3,8 мың бос орын бар.
Жұмысшыға сұраныс экономиканың негізгі салаларында анық байқалады. Электрик, дәнекерлеуші, мұнаралық кран машинисі, тас қалаушы, бетоншы, автоэлектриктерге қол жеткізе алмай жүргендер көп. Жастардың жаппай өндіріске бармау себебін жұмыс істеуге ынта-ықыластың жоқтығымен түсіндіруге келмейді. Мысалы, Еңбек мобильділігі орталығындағы мамандар (жұмыспен қамту орталығы) дипломы болғанымен тәжірибесі жоқ жастарды «Жастар практикасымен» жұмыс орындарына жиі жолдайды. Өкінішке қарай, ондағы кәсіпорындардың дені жастарды жұмысқа жуытқысы келмейді. Тіпті дәнекерлеушілердің өзі жұмыс таба алмай қиналады.
Жұмыс берушілер жастардан тәжірибе сұрайды. Ал жастар өндірістік компаниялар маңына жуытпаса, тәжірибені қайдан аларын білмей дал. Бос жұмыс орнын күтуден жалыққан мамандар болашағын басқа саламен байланыстыруға мәжбүр. Жігері құм болған жас бірнеше жылда машығын ұмыта бастайды, мамандықтан біржола алыстайды. Еңбек нарығында жиі кездесетін, жас мамандардың болашағына тұсау болған қайшылықтардың бірі – осы.
Статистиканың құбылуына не себеп?
Жергілікті әкімдіктердің жариялаған есептерінен «Жұмыссыздық деңгейі төмендеді», «NEET жастардың үлесі азайды» деген сипаттағы статистиканы жиі кездестіреміз. Еліміздің басым аймағында NEET жастар расымен азайды ма, әлде әкімдіктер есеп үшін деректерді көтермелей ме? Ұсынған ақпараттың растығын тергеп-тексеріп жатқан ешкім жоқ. Ұғынықты болуы үшін алдымен «NEET жастар деген кім» деген сұраққа жауап бере кетейік. Бұл санаттағы жастар тобының еңбектенуге, ізденуге, оқуға ниеті жоқ, азаматтық белсенділігі де төмен. Жас шамасы 15-35 аралығын қамтиды.
Ұлттық статистика бюросының ұсынған дерегіне сүйенсек, елімізде NEET санатындағы жастардың үлесі былтыр үшінші тоқсанда 318 577 адамды құраған. Қызығы, 2022 жылдың бірінші тоқсанында бұл үлес 223 046 шамасында ғана болған. 2023 жылдың басында бұл сан бірден 422 042-ге жетсе, 2024 жылдың соңында 354 046-ға қайта төмендеген.
Кейде осындай статистикаларды ақтарғанда, түсініксіз тұстарына қайран қаласың. Мысалы, Алматы қаласында 2022 жылдың соңында NEET жастардың үлесі 24 380 болса, 2023 жылдың бірінші тоқсанында 53 803-ке күрт көбейген. Сол жылы Түркістан облысы бойынша статистика да бірнеше айда екі есеге дейін өскен. «TALDAU» әлеуметтік және маркетингтік зерттеулер орталығының төрағасы Бақыт Әлмұратовтың пікірінше, елімізде жұмыссыздардың саны NEET жастардың үлесі секілді көбейіп келеді.
«Былтырғы жылдың қорытындысы туралы сауалнама жүргізгенімізде оған қатысқан респонденттердің 32%-ы «Жұмысшы мамандықтары жылы» есімізде қалды депті. Бұл – жақсы. «Еліміздің басты байлығы – адам. Мемлекет бұған қаншалықты назар аударды деп ойлайсыз?» деген сауалға респонденттердің 47,8%-ы жеткілікті дәрежеде емес, 10,1%-ы назар аудара алмай отыр, 4,4%-ы мүлде назар аудармайды деп жауап берген. Мұндай теріс пікір қалыптасуының бірден-бір себебі – еңбек нарығында жұмыссыз азаматтардың көбеюі. Яғни кейбір суық статистика нақты жағдайдан хабар бермеуі мүмкін. Бізде жастардың үлесі 30%-дан асады. Мемлекетіміздің болашағы зор, қыруар инвестиция тартылып жатыр. Меніңше, ашылып жатқан жұмыс орындарында кімдер, қанша жалақыға еңбек етіп жатқанына мониторинг жүргізу керек. Сонда жағдайды дұрыс бағамдауға болады», дейді әлеуметтанушы Б.Әлмұратов.
Мемлекет басшысы 2021 жылғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында: «Бүгінгі таңда NEET санатындағы 237 мың жас оқу да оқымайды, жұмыс та істемейді. Жыл сайын мектеп бітірген 50 мың түлек оқуға ақылы негізде түседі. Олардың 85%-ы – тұрмысы төмен отбасының балалары. Бұл жағдайды түзету қажет. Сұранысқа ие барлық мамандық бойынша техникалық және кәсіби білім жүз пайыз тегін берілуі керек. Мамандық алудың тағы бір мүмкіндігі армияда берілуге тиіс. Мерзімді әскери қызметтегі сарбаздардың экономикадағы нақты сектор үшін қажетті жұмысшы мамандығын игеру мәселесін пысықтаған жөн. Құзырлы министрлік жоғары білім беру сапасын арттыруды қамтамасыз етуге тиіс. Жоғары оқу орындары мамандардың сапалы даярлануына жауап беруге міндетті», деген еді.
Қорыта келгенде, Мемлекет басшысы белгілеген тапсырмалар кезең-кезеңімен орындалып жатқанымен барлығы дерлік бүгінде орындалды. Елімізде оқымайтын, жұмыс істемейтін жастардың үлесі артып барады. Әрине, кейінгі жылдары туу көрсеткіші жоғарылағанын ескерсек, тұрақты жұмысы жоқ немесе мүлде жұмыс істемейтін, тіпті оқымайтын жастардың көбеюі заңды да. Бірақ бір білетініміз, Мемлекет басшысының сол 2021 жылғы Жолдауынан кейін жұмыссыз жастарға көп қолдау көрсетіле бастады. Қазір мамандықтардың небір түрі пайда болып, еңбекке деген көзқарас өзгеріп жатыр. Осы тұрғыда былтырғы «Жұмысшы мамандықтары жылының» да әлеуметтік маңызы зор болды. Ендеше, жергілікті әкімдіктер жұмыспен қамту шараларына байыппен қарағаны жөн.
Соңғы жаңалықтар
Саясат • Бүгін, 08:48
Төрт жасында 6-сыныптың есебін шығарады
Аймақтар • Бүгін, 08:45
Құқықтық мәдениетті нығайтатын қадам
Қоғам • Бүгін, 08:43
Тіл тазалығы – ғасырға ұласқан мәселе
Тарих • Бүгін, 08:40
Қоғам • Бүгін, 08:38
Басылым • Бүгін, 08:35
Бұқтырылған киік еті саудаға шықты
Өндіріс • Бүгін, 08:32
Таным • Бүгін, 08:30
Еңбек нарығы: маман көп, жұмысшы тапшы
Еңбек • Бүгін, 08:28
Бексұлтан Нұржеке, Қазақстанның Халық жазушысы: Келешекке деген үміт шырағы ешқашан да сөнбеуге тиіс
Сұхбат • Бүгін, 08:25
Ақтауда урологиялық операция жасалады
Медицина • Бүгін, 08:23
Отаншылдық ұғымын қалай түсінесің?
Жастар • Бүгін, 08:20
Қауіпті дертті сәулемен емдейді
Аймақтар • Бүгін, 08:17
Жастар • Бүгін, 08:15
Коалиция мүшелері Алматы облысы жұртшылығымен жүздесті
Реформа • Бүгін, 08:12