Ерсұлтан Бектұрғанов: Мемлекеттік қызмет үздіксіз ізденісті талап етеді

23.06.2026

Egemen.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..

– Ерсұлтан Өтеғұлұлы, аталған заңда мемлекеттік істі жүргізетін азамат­­тардың құ­қықтары мен оларға қойы­латын талаптар айқындалға­ны анық. Бұл заңның қоғамға тигізетін ықпалы қандай?

– Биыл 19 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республика­сының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа заңға қол қойды. Бұл құжатты тарихи заң деп айтуға болады. Өйткені ол жаңа Конституция мен қазіргі қоғамның талаптарына сай қабылданып отыр.

Бұл – тәуелсіздік жылдарын­да қабыл­данып отырған төртінші заң. Бұған дейін­гі заңдар өз ке­зеңінің талаптарына сай мем­ле­кеттік қызмет жүйесінің қалып­тасуына ықпал етсе, жаңа құжат қазіргі конституциялық реформалар мен қоғам сұранысына негізделген. Қай кезде де қабыл­данған «Мемлекеттік қызмет туралы» заңдар, оған байланысты уәкілетті органдардың шығар­ған құқықтық-нормативтік актілері өте маңызды рөл атқарды. Мем­лекеттік қызмет агенттігі құрыл­ды, одан кейін мемлекеттік қыз­метшілерді даярлайтын академия ашылды. Бұл – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы ішінде біздің еліміздің бірінші болып осындай реформа жасағанының айқын дәлелі. Біздің заңдар үлгі ретінде де алынды.

Бастапқы кезде тәжірибе бол­маған­дықтан, «ана елдің тәжі­рибесі, мына елдің тәжірибесі» деп мұндай заңдар өзге елдер­дің заңдық құжаттарын ескере отырып дайындалатын еді. Ал қазіргі кезде жинақ­таған тәжірибеміз бар. Өз жолы қалыптасқан елміз. Сол себеп­ті шетелдік мамандар бұл заңдарымызды «Қазақстанның тәжі­рибесі» деп оң баға беретіні анық.

Ескі сүрлеумен жүре бермей, жаңа заң қабылдау – ол да елдің жетістігі. Себебі әлем де, қоғам да күн сайын өзгеріп жатыр. Әрбір жаңа заң халқымызға қызмет етеді деп үміттенемін. Бұл заңның да еліміздің өркендеуіне қосар үлесі, қоғамға тигізер пайдасы мол бо­лады. Осы заңның негізгі бағытын айқын­даған мемлекет­тік қызметтің тұжы­рымдамасын және қол қойылған заңның жобасын даярлаудағы уәкілетті орган, агенттіктің атқарған қыруар ісін атап өтсек, артық емес.

– Жаңа заңда қандай артық­шылық­тарды байқадыңыз?

– Бұрынғыға қарағанда жаңа заңның ауқымы кең. Бұрын­ғы заңда 69 бап болса, жаңа заң 90 ­баптан тұрады. Көптеген ұғым­ның мазмұны ашылған. Мысалы, 8-баптың атауы – «Қазақстандық патриотизм». Бұрынғы заңда бұл ұғым бірауыз сөзбен ғана айтылып өтсе, жаңа заңда жеке бап ретінде бекітілген. Осы бапта мемлекеттік қызмет дегеніміз лауазымдық міндеттерді адал орын­даудан, халыққа қызмет етуден, ел мүддесіне нұқсан келтіретін іс-әрекеттердің жолын кесуден тұратыны айқын көрсетілген. Заңда мемлекеттік қызметшінің ел мүд­де­­сіне адал қызмет ету қағидаты күшейтілген.

Конституция негізінде үлкен жаңа­лықтарды енгізіп тұр­ған жаңа заң аясында талаптар да күшейтіліп отыр. Заң бю­рократиялық кедергілерді азай­туға, азаматтардың өті­ніш­теріне жедел ­жауап беру тетік­терін күшейтуге бағыт­талған. Сон­дай-ақ бұл заң аясын­да мем­лекеттік қызметте жүрген адам­­дардың дәрежесін көтеру, оны жақсы жағынан көрсету мәсе­лелері де көзделген.

Жалпы, жаңа заң сервистік модельге, клиентке, яғни адам­дарға, халыққа бағытталған заң деп айтуға толық негіз бар. Ең бі­рінші, халыққа қызмет көр­се­туге негізделген. Сондай-ақ мем­лекеттік орган­дар мен қызмет­ші­лердің халыққа ашық болу мәселесі де жеке баппен реттелген.

Мемлекеттік қызметшілерге арналған жаңа мүмкіндіктер мен кадр саясаты жолға қойылған. Кадр саясаты – мемлекеттік қыз­мет­ке кіруден бастап, соның ішінде өсу, елдік міндеттерді абы­роймен атқару. Жаңа заң аясын­да одан да басқа тетіктері қамтылған.

– Білікті мамандарды даяр­лау, олардың қызметке орна­ласуына қандай нормалар қа­рас­тырылған?

– Иә, мемлекеттік қызметке келетін адамдарды алдын ала дайындау мәселе­сінің осы заңмен реттелуін тағы бір үлкен жаңалық деп айтуға болады. Ғылым және жоғары білім министрлігі де, оқу орындары да түлектердің жұмысқа орналасуына мүдделі. Қазір көптеген жоғары оқу орнында мемлекеттік басқару ісіне даярлайтын факультеттер мен топтар бар. Енді соның бәрі осы жаңа заң аясында өзінің нақты жүйесін тауып отыр. Мемлекет­тік қызметке келетін адамдарды дайындау мәселесімен уәкілетті орган – агенттік айналысады десек, артық болмайды. Төменгі лауазымдарға және одан кейін жоғары лауазымдарға дайындау мәселесі осы заңда жеке тарау болып, оның барлық тәртібі жазылған. Бұрынғы заңда ондай нормалар жоқ еді.

Келесі бір үлкен жаңалық – ауылға көңіл бөлінуі. Бұл – халықтың көкейінде жүрген мәселе. Біз үнемі ауылды дамыту керек деп айтамыз. Жаңа заңға сәйкес мемлекеттік қызмет­шінің ауылға баруына, қа­лыптасуына жағдай жасалады. Айталық, аудандарда, ауылдық округтер­де, кенттерде бастапқы әкімшілік лауа­зымдарға кіретін адамдардың конкурссыз өтуі қа­растырылған. Бұл жоғары білім алған жастарды ауылға бару­ға ынталан­дырады. Өйткені олар­дың ауылдық жер­лерде істеген жұмыс өтілі ертеңгі күні басқа жұмысқа көтеріліп жатқан кез­де оң ықпал етіп, оған басымдық беріледі.

Сол секілді кейде біреу ұзақ­­­мерзімді еңбек демалысы­на кетеді немесе басқа да бір жағ­дайлармен көптеген ай, жыл бойы тұратын уақытша бос орын­­дар болады. Ал басқа адам­дар­дың оған қабыл­дануы үшін бар­­лық сынақтан өтіп, ол қыз­мет­ке баруға ынтасы болмайды. Сон­дайда бос тұрған лауазымға бір азаматтың өзінің білімі мен жұмыс өтілінің сәйкестігіне байланысты конкурссыз қабыл­данып, келісімшартпен еңбек етуі өте орынды болмақ. Осы норма да заңда ескерілген. Бұл мем­лекеттік қызметтің толық­қанды іркіліссіз жұмыс жасауына септігін тигізеді.

– Жаһандық өзгерістерге қарай қандай баптар қарас­тырылған?

– Мемлекеттік қызметке ірік­теудің толық цифрлық фор­мат­қа көшуі осы заң аясында көрі­ніс тапқаны қуантып отыр. Бұл мемлекеттік қызметке келе­тін­дерді іріктеуде адам фак­торының азаюына оң әсерін тигізеді.

Жалақы – әр адамды толған­дыратын және бірінші кезекте тұратын мәселе. Жаңа заңда мемлекеттік қызметшіге еңбек­ақы төлеу туралы 48-бапта көр­сетілген. Онда еңбекақы төлеу қызмет­кердің орындайтын жұ­мы­сының сипатына, көлеміне және нәтижесіне байланысты белгіленеді делінген. Бұл да бір жақсы жаңалық. Осындай талап болған кезде мемлекеттік қызметші өзінің жұмысын сапалы орындауға тырысады. Өйткені оның еңбекақысы сол жұмыстың нәтижесіне байланысты болады.

Заңның тағы бір ерекше тұсы – мемлекеттік қызметшіге жыл сайын еңбек демалысы берілген кезде, оның жұмыс өтіліне орай қосымша күндердің қосылуы. Еңбек өтілі 10 жыл болса – 3 күн, 15 жыл болса – 5 күн, ал 20 жыл тол­ған болса 10 күн демалыс қо­сылады.

– Тәжірибелі мемлекеттік қызмет­ші ретінде осылай болса екен дей­тіндей тілегіңіз бар ма?

– Бірер ұсынысым бар еді. Айталық, әкімшілік мемлекеттік қыз­метке кіру үшін көптеген білік­тілік талаптары бар және арнайы конкурстан өту керек. Ал енді саяси мемлекеттік қызметке тағайындалатындарға ондай талап жоқ. Бар болғаны оларды қызметке алу сенімге, басшылықтың шешіміне, бағдарламаларды жүзеге асыру қабі­летіне байланысты делінген. Өкінішке қарай, кейбір лауазым иесі сенімді, бас­шы­лықтың шешімін ақтамай, өзіне бекі­тіл­ген міндетті орындамай ұятқа қал­­ды­рып жатады. Сондықтан да ел ішінде түсін­беушілік туады. Мысалы, жұрт­шылық: «Ана жерде бір жыл, мына жерде жарты жыл істеген, аудан не облыс әкімшілігінде еңбек етіп көрмеген кейбір азаматтар ми­нистр­дің орынбасары немесе соған деңгейлес бір комитет төр­ағасы болыпты», деп сынап жатады. Соған орай мен заң аясында немесе нор­мативтік-құқықтық актілер арқылы саяси мемлекеттік қызметшіге де нақты талаптар қойыл­ғаны дұрыс деп айтар едім. Бұл мәселенің де өте өзекті екені даусыз.

Жалпы, мемлекеттік қызметте еңбек ету оңай емес. Таң­ның атысы, күннің батысы бүкіл өмірің қызмет үстінде болады. Кейде өзім де өткен еңбек жолыма қарасам, түкпірдегі ауданнан бастап, орталық органдарда, Парламентте 40 жыл­­дың қалай  зымырап өтіп кеткенін бай­қамай қал­ғ­андаймын және үзіліссіз қыз­метке қалай шыдағаныма таңдана­мын.

Мемлекеттік қызмет үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сон­дықтан жас мамандарға адал­дықты, кәсібилікті және үздіксіз ізденісті басты қағида етуге кеңес беремін.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Орынбек ӨТЕМҰРАТ,

«Egemen Qazaqstan» 

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью