Ерсұлтан Бектұрғанов: Мемлекеттік қызмет үздіксіз ізденісті талап етеді
Egemen.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
– Ерсұлтан Өтеғұлұлы, аталған заңда мемлекеттік істі жүргізетін азаматтардың құқықтары мен оларға қойылатын талаптар айқындалғаны анық. Бұл заңның қоғамға тигізетін ықпалы қандай?
– Биыл 19 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа заңға қол қойды. Бұл құжатты тарихи заң деп айтуға болады. Өйткені ол жаңа Конституция мен қазіргі қоғамның талаптарына сай қабылданып отыр.
Бұл – тәуелсіздік жылдарында қабылданып отырған төртінші заң. Бұған дейінгі заңдар өз кезеңінің талаптарына сай мемлекеттік қызмет жүйесінің қалыптасуына ықпал етсе, жаңа құжат қазіргі конституциялық реформалар мен қоғам сұранысына негізделген. Қай кезде де қабылданған «Мемлекеттік қызмет туралы» заңдар, оған байланысты уәкілетті органдардың шығарған құқықтық-нормативтік актілері өте маңызды рөл атқарды. Мемлекеттік қызмет агенттігі құрылды, одан кейін мемлекеттік қызметшілерді даярлайтын академия ашылды. Бұл – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы ішінде біздің еліміздің бірінші болып осындай реформа жасағанының айқын дәлелі. Біздің заңдар үлгі ретінде де алынды.
Бастапқы кезде тәжірибе болмағандықтан, «ана елдің тәжірибесі, мына елдің тәжірибесі» деп мұндай заңдар өзге елдердің заңдық құжаттарын ескере отырып дайындалатын еді. Ал қазіргі кезде жинақтаған тәжірибеміз бар. Өз жолы қалыптасқан елміз. Сол себепті шетелдік мамандар бұл заңдарымызды «Қазақстанның тәжірибесі» деп оң баға беретіні анық.
Ескі сүрлеумен жүре бермей, жаңа заң қабылдау – ол да елдің жетістігі. Себебі әлем де, қоғам да күн сайын өзгеріп жатыр. Әрбір жаңа заң халқымызға қызмет етеді деп үміттенемін. Бұл заңның да еліміздің өркендеуіне қосар үлесі, қоғамға тигізер пайдасы мол болады. Осы заңның негізгі бағытын айқындаған мемлекеттік қызметтің тұжырымдамасын және қол қойылған заңның жобасын даярлаудағы уәкілетті орган, агенттіктің атқарған қыруар ісін атап өтсек, артық емес.
– Жаңа заңда қандай артықшылықтарды байқадыңыз?
– Бұрынғыға қарағанда жаңа заңның ауқымы кең. Бұрынғы заңда 69 бап болса, жаңа заң 90 баптан тұрады. Көптеген ұғымның мазмұны ашылған. Мысалы, 8-баптың атауы – «Қазақстандық патриотизм». Бұрынғы заңда бұл ұғым бірауыз сөзбен ғана айтылып өтсе, жаңа заңда жеке бап ретінде бекітілген. Осы бапта мемлекеттік қызмет дегеніміз лауазымдық міндеттерді адал орындаудан, халыққа қызмет етуден, ел мүддесіне нұқсан келтіретін іс-әрекеттердің жолын кесуден тұратыны айқын көрсетілген. Заңда мемлекеттік қызметшінің ел мүддесіне адал қызмет ету қағидаты күшейтілген.
Конституция негізінде үлкен жаңалықтарды енгізіп тұрған жаңа заң аясында талаптар да күшейтіліп отыр. Заң бюрократиялық кедергілерді азайтуға, азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беру тетіктерін күшейтуге бағытталған. Сондай-ақ бұл заң аясында мемлекеттік қызметте жүрген адамдардың дәрежесін көтеру, оны жақсы жағынан көрсету мәселелері де көзделген.
Жалпы, жаңа заң сервистік модельге, клиентке, яғни адамдарға, халыққа бағытталған заң деп айтуға толық негіз бар. Ең бірінші, халыққа қызмет көрсетуге негізделген. Сондай-ақ мемлекеттік органдар мен қызметшілердің халыққа ашық болу мәселесі де жеке баппен реттелген.
Мемлекеттік қызметшілерге арналған жаңа мүмкіндіктер мен кадр саясаты жолға қойылған. Кадр саясаты – мемлекеттік қызметке кіруден бастап, соның ішінде өсу, елдік міндеттерді абыроймен атқару. Жаңа заң аясында одан да басқа тетіктері қамтылған.
– Білікті мамандарды даярлау, олардың қызметке орналасуына қандай нормалар қарастырылған?
– Иә, мемлекеттік қызметке келетін адамдарды алдын ала дайындау мәселесінің осы заңмен реттелуін тағы бір үлкен жаңалық деп айтуға болады. Ғылым және жоғары білім министрлігі де, оқу орындары да түлектердің жұмысқа орналасуына мүдделі. Қазір көптеген жоғары оқу орнында мемлекеттік басқару ісіне даярлайтын факультеттер мен топтар бар. Енді соның бәрі осы жаңа заң аясында өзінің нақты жүйесін тауып отыр. Мемлекеттік қызметке келетін адамдарды дайындау мәселесімен уәкілетті орган – агенттік айналысады десек, артық болмайды. Төменгі лауазымдарға және одан кейін жоғары лауазымдарға дайындау мәселесі осы заңда жеке тарау болып, оның барлық тәртібі жазылған. Бұрынғы заңда ондай нормалар жоқ еді.
Келесі бір үлкен жаңалық – ауылға көңіл бөлінуі. Бұл – халықтың көкейінде жүрген мәселе. Біз үнемі ауылды дамыту керек деп айтамыз. Жаңа заңға сәйкес мемлекеттік қызметшінің ауылға баруына, қалыптасуына жағдай жасалады. Айталық, аудандарда, ауылдық округтерде, кенттерде бастапқы әкімшілік лауазымдарға кіретін адамдардың конкурссыз өтуі қарастырылған. Бұл жоғары білім алған жастарды ауылға баруға ынталандырады. Өйткені олардың ауылдық жерлерде істеген жұмыс өтілі ертеңгі күні басқа жұмысқа көтеріліп жатқан кезде оң ықпал етіп, оған басымдық беріледі.
Сол секілді кейде біреу ұзақмерзімді еңбек демалысына кетеді немесе басқа да бір жағдайлармен көптеген ай, жыл бойы тұратын уақытша бос орындар болады. Ал басқа адамдардың оған қабылдануы үшін барлық сынақтан өтіп, ол қызметке баруға ынтасы болмайды. Сондайда бос тұрған лауазымға бір азаматтың өзінің білімі мен жұмыс өтілінің сәйкестігіне байланысты конкурссыз қабылданып, келісімшартпен еңбек етуі өте орынды болмақ. Осы норма да заңда ескерілген. Бұл мемлекеттік қызметтің толыққанды іркіліссіз жұмыс жасауына септігін тигізеді.
– Жаһандық өзгерістерге қарай қандай баптар қарастырылған?
– Мемлекеттік қызметке іріктеудің толық цифрлық форматқа көшуі осы заң аясында көрініс тапқаны қуантып отыр. Бұл мемлекеттік қызметке келетіндерді іріктеуде адам факторының азаюына оң әсерін тигізеді.
Жалақы – әр адамды толғандыратын және бірінші кезекте тұратын мәселе. Жаңа заңда мемлекеттік қызметшіге еңбекақы төлеу туралы 48-бапта көрсетілген. Онда еңбекақы төлеу қызметкердің орындайтын жұмысының сипатына, көлеміне және нәтижесіне байланысты белгіленеді делінген. Бұл да бір жақсы жаңалық. Осындай талап болған кезде мемлекеттік қызметші өзінің жұмысын сапалы орындауға тырысады. Өйткені оның еңбекақысы сол жұмыстың нәтижесіне байланысты болады.
Заңның тағы бір ерекше тұсы – мемлекеттік қызметшіге жыл сайын еңбек демалысы берілген кезде, оның жұмыс өтіліне орай қосымша күндердің қосылуы. Еңбек өтілі 10 жыл болса – 3 күн, 15 жыл болса – 5 күн, ал 20 жыл толған болса 10 күн демалыс қосылады.
– Тәжірибелі мемлекеттік қызметші ретінде осылай болса екен дейтіндей тілегіңіз бар ма?
– Бірер ұсынысым бар еді. Айталық, әкімшілік мемлекеттік қызметке кіру үшін көптеген біліктілік талаптары бар және арнайы конкурстан өту керек. Ал енді саяси мемлекеттік қызметке тағайындалатындарға ондай талап жоқ. Бар болғаны оларды қызметке алу сенімге, басшылықтың шешіміне, бағдарламаларды жүзеге асыру қабілетіне байланысты делінген. Өкінішке қарай, кейбір лауазым иесі сенімді, басшылықтың шешімін ақтамай, өзіне бекітілген міндетті орындамай ұятқа қалдырып жатады. Сондықтан да ел ішінде түсінбеушілік туады. Мысалы, жұртшылық: «Ана жерде бір жыл, мына жерде жарты жыл істеген, аудан не облыс әкімшілігінде еңбек етіп көрмеген кейбір азаматтар министрдің орынбасары немесе соған деңгейлес бір комитет төрағасы болыпты», деп сынап жатады. Соған орай мен заң аясында немесе нормативтік-құқықтық актілер арқылы саяси мемлекеттік қызметшіге де нақты талаптар қойылғаны дұрыс деп айтар едім. Бұл мәселенің де өте өзекті екені даусыз.
Жалпы, мемлекеттік қызметте еңбек ету оңай емес. Таңның атысы, күннің батысы бүкіл өмірің қызмет үстінде болады. Кейде өзім де өткен еңбек жолыма қарасам, түкпірдегі ауданнан бастап, орталық органдарда, Парламентте 40 жылдың қалай зымырап өтіп кеткенін байқамай қалғандаймын және үзіліссіз қызметке қалай шыдағаныма таңданамын.
Мемлекеттік қызмет үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан жас мамандарға адалдықты, кәсібилікті және үздіксіз ізденісті басты қағида етуге кеңес беремін.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Орынбек ӨТЕМҰРАТ,
«Egemen Qazaqstan»
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:73
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 23 Маусым 2026 07:56 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар


















