Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
Су ресурстары комитетінің су ресурстарын пайдалану және қорғау жөніндегі «Ертіс» бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Елеусіз Қамбаров Абай облысындағы Шүлбі су қоймасынан жалпы көлемі 6,3 текше километр су жіберілетінін хабарлады. Бұл — өткен жылмен деңгейлес.
Фото: «Ертіс» бассейндік инспекциясы— Ведомствоаралық комиссияның шешімі бойынша, бүгін еліміздің шығысындағы Шүлбі су қоймасы алғашқы су жіберу шараларын бастап кетті. Су жіберу шаралары негізгі үш кезеңнен тұрады — дайындық, негізгі ядро және аяқталу кезеңі. Алғашқы үш күнде су жіберудің деңгейі біртіндеп арттырылады. Одан соң 10 күн бойы секундына 3500 текше метр су Ертіске құйыла бастайды. Қосымша тағы екі күн секундына 3400 текше метр су босатылады. Ертіс жайылмаларының суға қанығуы үшін дәл осы 12 күн аса маңызды. Осы уақытта өзен бетінде бүйірлік ағындардың есебінен үлкен толқындар пайда болып, зор екпінмен келген су жайылмаларға шығып кетеді. Ал бүйірлік ағындарды күшейтетін Оба мен Үлбі өзендерінің суы да мол екені аңғарылады, — деп хабарлады Kazinform тілшісіне Елеусіз Қамбаров.
Биыл Бұқтырма 75%-ға, Шүлбі 95% пайызға толғаны анықталған. Яғни қоймаларда су жеткілікті. «Қазгидрометтің» мәліметі бойынша Ертіске сай-саладан ағып, бүйірлік ағынды күшейтетін өзендерде осы уақытта су мол болады. Яғни ол Шүлбіден босатылатын судың көлемі мен екпінін арттырып, жайылмаларға жететін су толқындарын биіктетеді.
— Гидрографтық мәліметтер кейде болжамға сәйкес келмей қалуы да ықтимал. Егер Шүлбіден босатылатын судың екпіні біз ойлаған көлемнен кем шығып жататын болса, онда жетпеген суды Бұқтырма қоймасынан алатын боламыз. Мысалы жоспар бойынша секундына 100 текше метр су қажет делік, бірақ Шүлбіден 60 текше метр ғана шығуы мүмкін. Ондай кезде 40 текше метрді Бұқтырмадан ағызамыз. Осылайша судың көлемі мен екпінін сақтап қалуымызға болады, — деп қосты инспекция өкілі.
Жоспар бойынша су босатудың дайындық кезеңі — 9-12 сәуір, ал негізгі кезең — 13-30 сәуір аралығына белгіленген. Мамандардың сөзіне сүйенсек, алғашқы екі күнде жіберілген орташа екпіндегі су көлемі өзен бетіндегі мұзды қалыпты жағдайда айдап әкетуге қабілетті. Негізгі су шамамен 5-7 күнде Павлодар облысының шекарасына жетеді. Ал үлкен судың келуі шамамен 20-21 сәуірде күтіліп отыр. Осы уақытта Ертіс өзені маңында орын тепкен елді мекендердің тұрғындарына сақ болу қажет. Қазір өңірде жағалаулар мен бөгеттерді нығайту жұмыстары атқарылып жатыр.
Фото: «Ертіс» бассейндік инспекциясыПавлодар облысындағы Ертіс өзені жайылмаларының жалпы аумағы 377 мың гектардан асады. Биыл босатылатын су соның шамамен 90% -дай бөлігіне жайылады деп болжанып отыр. Негізінен тіршілік нәрі жер жағдайы бойынша ойпаңдау жерде орналасқан Ақтоғай, Ертіс, Тереңкөл, Павлодар аудандарының жайылмаларын көбірек басады.
«Ертіс өзеніне осыншама көлемде мол судың жіберілуі экологиялық және экономикалық тұрғыдан аса маңызды. Жайылмалардан мал азығын дайындайтын азаматтар үшін пайдалы. Ал осы уақытта таяз суларға шығып, уылдырық шашатын балықтар үшін де судың көптігі тиімді әсер етеді», дейді Павлодар облысы әкімінің орынбасары Әйгерім Қабылтаева.
Негізі Ертіс өзеніне босатылатын судың екпінін тежейтін факторлар көп. Мысал үшін 2024 жылы Семейдегі көпір құрылысына байланысты Ертіске ағызылып жатқан судың қарқыны 3500 текше метрден 3200 текше метрге дейін бәсеңдеп қалған еді.
Ал 2024 жылы кейінгі 11 жылда алғаш рет Ертіс жайылмасының 90 пайызын су басқан еді.
Бұған қоса биыл 7 сәуірден Қаныш Сәтбаев каналынан Шідерті алқабына су босатыла бастағанын хабарлағанбыз.