Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
Отырыста есірткі қылмысының алдын алу, заңсыз есірткі айналымымен күрес мәселелері қаралды. Сонымен қатар есірткі саудасын анықтау мен жолын кесуде цифрлық технологияларды тиімді пайдалану бағыты талқыланды. Жасөспірімдер арасында нашақорлықтың алдын алу, жастардың есірткі қылмысына тартылуына жол бермеу мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қатысушылар жазғы демалыс кезінде балалар мен жастар арасында жүргізілетін түсіндіру мен профилактикалық шараларды күшейту қажеттігін атап өтті.
Олжас Бектенов есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл мәселесі Мемлекет басшысының ерекше назарында екенін айтып, есірткі таратуға қарсы заманауи тәсілдерді ескере отырып, бұл бағыттағы жұмысты одан әрі күшейту керек екенін баса айтты.
«Ұлттың өмірі мен денсаулығы, сондай-ақ болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік мәселесі жаңа Конституцияда жоғары құндылықтар ретінде бекітілген. Осы орайда есірткіні тарату мен қолдану – барлық азаматқа қатер төндіреді, әсіресе жастардың болашағына балта шабады», деді О.Бектенов.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов нашақорлыққа қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар аясында атқарылған жұмыс туралы баяндады. Оның айтуынша, жоспарға енгізілген 71 іс-шара сәтті болған. Атап айтқанда, жыл басынан бері 1,2 мыңнан аса есірткі қылмысының жолы кесілді. Алты ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды. Оның ішінде халықаралық деңгейде әрекет еткен бір трансұлттық қылмыстық топ бар. Заңсыз есірткі саудасына қарсы күресте цифрлық технологиялар да кеңінен қолданылып келеді. Мәселен, «Киберқадағалау» жүйесі арқылы есірткі жарнамасы мен сатылымына қатысы бар 5 мың интернет-ресурс бұғатталған. Сондай-ақ антифрод орталығының көмегімен 100 млн теңгеден аса қаржы аударымының жолы кесілді. Есірткінің заңсыз айналымынан бір жарым тоннаға жуық синтетикалық есірткі тәркіленді. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп көрсеткіш. Бұған қоса синтетикалық есірткі өндіруге пайдаланылатын 11 мыңнан аса прекурсор тәркіленді.
Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева нашақорлықтың алдын алу мен есірткі қылмысына қарсы күрес бірнеше бағытта жүргізіліп жатқанын айтты. Оның айтуынша, осы үдерісте Мемлекет басшысы ұсынған «Заң мен тәртіп» қағидаты жатыр. Жыл басынан бері әлеуметтік желі мен мессенджерлерде таралған 4,5 мыңнан аса заңсыз материал жойылған. Сонымен қатар жасанды интеллект технологиялары қолданылатын «MERGEN» жобасы аясында интернет кеңістігіндегі есірткіге қатысты контентке талдау жасалып келеді. Жоба іске қосылғалы бері 22 мыңнан аса цифрлық материал өңделіп, есірткі сатумен айналысқан 6,1 мыңнан аса онлайн-дүкен бұғатталған. Есірткіні онлайн сатуға қарсы іс-қимыл, көлеңкелі қаржы ағындарын анықтау мен мемлекетаралық цифрлық платформа құру туралы шараларға да назар аударылды.
Бас прокурордың орынбасары Ерлан Өтегенов мониторинг жүргізуді, деректерді талдамалық өңдеуді, ведомствоаралық ақпарат алмасуды жүзеге асыратын Ұлттық ведомствоаралық Таргетинг-орталықтың жұмысы туралы баяндады. Орталық 2025 жылғы қазанда жұмысын бастағалы есірткі өндірісінде қолданылатын прекурсорларды заңсыз әкелу мен айналымына қатысты 78 дерек бойынша материалдар Ішкі істер министрлігіне жолданған. Сондай-ақ есірткі қаупіне байланысты 33 хабарлама беріліп, 23 лицензиялық-рұқсат беру құжатының күші жойылған. Қабылданған шаралардың нәтижесінде заңсыз айналымнан 23,3 тонна прекурсор шығарылды. Сонымен қатар мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын күшейтіп, заңсыз есірткі айналымына қарсы күрестің нәтижесін арттырды.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, мектептерде «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы аясында оқушылардың құқықтық сауатын арттыруға, қаржылық жауапкершілігін қалыптастыруға, азаматтық белсенділігін дамытуға бағытталған жұмыс жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ барлық білім ұйымдарында «Қауіпсіздік сабақтары» енгізілген. Бұл сабақтарда оқушылармен алкогольдің, темекінің, психоактивті заттар мен есірткінің зияны түсіндіріліп, олардың таралуының алдын алу мәселелері талқыланады. Бүгінде мектептердегі профилактикалық жұмысқа 360 мыңнан аса педагог жұмылдырылған. Олардың қатарында сынып жетекшілері, тәрбиешілер, педагог-психологтер және әлеуметтік педагогтер бар. Бұл ретте тәуекел тобына жататын отбасылармен жұмысқа ерекше көңіл бөлінеді. Барлық мектепте ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары жұмыс істейді. Осы орталықтар арқылы 3,5 млн адамды қамтыған 315 мыңнан аса іс-шара ұйымдастырылған.
Штаб отырысының қорытындысында Премьер-министр әлемдік нарықта есірткіге қарсы күресте қосымша мәселелер туғызатын жаңа психотроптық заттар пайда болып жатқанын еске салды. Осыған байланысты О.Бектенов бірқатар тапсырма берді.
Біріншіден, Қаржы министрлігі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметімен бірлесіп, химиялық заттар мен қосарлы мақсаттағы өнімдердің елге кіруін қатаң бақылау тапсырылды, сондай-ақ мұндай тауарларды тексеру тәртібін қайта қарау қажет.
«Оның үстіне прекурсорлардың басым бөлігі бірнеше мақсатта қолданылады әрі олардың кейбірі елге заңсыз әкелінеді. Цифрландыру мен жасанды интеллект элементтерін белсенді түрде енгізіңіздер», деді Премьер-министр.
Екіншіден, қылмыстық ұйымдар криптовалюта мен өзге де цифрлық құралдарды пайдаланып жүргізетін жасырын қаржылық операцияларға назар аударылды.
«Уәкілетті органдарға криптовалюталарға байланысты күмәнді қаржылық операцияларды анықтау мен бұғаттауға арналған арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырамын. Бұл жұмыс Ұлттық Банктің антифрод-орталығы жүйесіне ұқсас жүзеге асырылуға тиіс. Бағдарламада есірткі транзакцияларында байқалған күдікті деректердің, шоттардың және криптовалюта әмияндарының тізілімі де қамтылуы керек», деді О.Бектенов.
Сондай-ақ есірткі трафигінің жолын кесу мақсатында Telegram-чаттарды бұғаттауға мүмкіндік беретін технологиялық құралды әзірлеу қажеттігі аталып өтті. Үшіншіден, Бас прокуратура Қаржы мониторингі агенттігімен, Ұлттық банкпен, Ішкі істер, Сыртқы істер және Цифрлық даму министрліктерімен бірге бір апта мерзімде мемлекетаралық цифрлық платформа құруда келісілген ұстанымды енгізеді.
Төртіншіден, заманауи технологияларды ескере отырып, есірткі қылмыстарын тергеудің қолданыстағы әдістерін қайта қарау тапсырылды.
«Жаңа тәсілдер қажет. Біздің құқық қорғау органдары жедел алдын алу шараларын қабылдауға тиіс. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге цифрлық құралдар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып, есірткі қылмыстарын тергеудің жаңа әдістерін әзірлеуді тапсырамын. Әдістер «Заң мен тәртіп», сондай-ақ жазаның бұлтартпас қағидаттары тұрғысынан қаралуы керек», деді Премьер-министр.
Осы бағытта Ішкі істер министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың тізімін жедел жаңартып, күшті әсер ететін заттардың тізбесін өзектендіріп, сондай-ақ олардың айналымы тәртібін әзірлейді.
Бесіншіден, өңір әкімдеріне штабтардың жұмысын жеке бақылауға алу тапсырылды. Жастардың жұмыспен қамтылуы мен бос уақытына, әсіресе демалыс кезеңіне ерекше назар аударылды.
«Жұмыс берушілер мен мемлекеттік органдарды тарта отырып, бос жұмыс орындарының «жәрмеңкелерін» өткізуді ұйымдастыру қажет. Жастарды «Таза Қазақстан» экологиялық акцияларына, әртүрлі волонтерлік қозғалыстарға кеңінен тартыңыздар. Бұқаралық спорттың мүмкіндіктерін тиімді пайдалану қажет», деді О.Бектенов.
28 мамырдан 26 маусымға дейін елімізде Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне (26 маусым) орайластырылған есірткіге қарсы акциялар өткізіледі. Маусымнан қазан айына дейін құрамында есірткі заттары бар өсімдіктердің өсетін ошақтарын анықтау және жою мақсатында «Қарасора – 2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылады.
«Ішкі істер министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жастарды, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін, блогерлерді және танымал тұлғаларды белсенді тарта отырып, есірткіге қарсы күрес айлығын өткізуді қамтамасыз етсін. Аталған жұмысқа әкімдіктер де белсенді түрде атсалысуы керек», деп тапсырды Премьер-министр.
Сонымен қатар жазғы каникул қарсаңында жастарды есірткінің заңсыз айналымына тартудың алдын алуға бағытталған ауқымды ақпараттық-профилактикалық науқан ұйымдастыру тапсырылды.