Egemen.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Коллажды жасаған – Гүлмария ӘШІМХАНҚЫЗЫ, «EQ»
ІІМ мәліметіне сүйенсек, шілде айының алғашқы онкүндігінде тек Астана қаласының өзінде 121 кило синтетикалық есірткі тәркіленген. Оқиғалардың бірінде полиция қызметкерлері 26 жастағы азаматтың жалға алынған тұрғын үйін тексеріп, тінту барысында салмағы 245 грамм болатын 227 орам а-PVP синтетикалық есірткіcін тәркіледі. Күдікті оны қала аумағында өткізбек болған.
«Шілде айының бірінші онкүндігінде ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті аумақтық бөліністермен өзара іс-қимыл жасай отырып, 187 есірткі құқық бұзушылығын анықтады. Оның ішінде 86 қылмыстық теріс қылық пен 101 қылмыс бар. Он күн ішінде есірткіні сатудың 46, аса ірі мөлшерде сақтаудың төрт, құрамында есірткісі бар өсімдіктерді егудің 40 фактісінің жолы кесілді. Сондай-ақ есірткі контрабандасының төрт фактісі тіркелді. Заңсыз айналымнан 266 кг прекурсор мен 760 кг есірткі, оның ішінде 121 килодан астам синтетикалық есірткі тәркіленді», дейді ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікенов.
Оның айтуынша, жазғы демалыс кезінде жоғары сынып оқушылары мен студенттер арасында нашақорлыққа қарсы іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізуге ерекше назар аударылып отыр. Алғашқы онкүндікте алты мың жасөспірім мен жастарды қамти отырып, 145 профилактикалық іс-шара өткізілген. Ішкі істер министрлігі азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау, сондай-ақ жастарды есірткі қылмыстарына тарту фактілерінің жолын кесу бойынша жұмысты жалғастырып жатыр.
Сондай-ақ елордалық тәртіп сақшылары есірткі сататын интернет-дүкеннің «қоймасын» да анықтағанын айта кетейік. «Қарасора-2026» профилактикалық іс-шарасы аясында 40 жастағы елорда тұрғыны тұтқындалды. Күдікті Telegram мессенджері арқылы есірткі сататын интернет-дүкеннің «қоймасы» қызметін атқарған. Тінту барысында, сондай-ақ бұрын жабдықталған жасырын орындарды тексеру кезінде оралған заттар, zip-lock пакеттері мен төрт килодан астам синтетикалық есірткі, атап айтқанда, α-PVP мен мефедрон тәркіленді.
«Бұл елорда аумағында таралуына жол берілмеген 12 мыңнан астам бір реттік доза. Заңсыз айналымнан алынған әрбір есірткі партиясы – алды алынған қылмыстар, аман қалған адам өмірі. Аталған факт бойынша Қылмыстық кодекстің 297-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды», дейді Е.Әбдікенов.
Ал жалпы, жыл басынан бері ішкі істер органдары 1 885 есірткі қылмысының жолын кескен. Бұл туралы жуырда ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары, полиция полковнигі Қуандық Әлжанов мәлім етті. Оның айтуынша, 6 ұйымдасқан қылмыстық топ, оның ішінде 1 трансұлттық топ жойылып, 9 ұйымдастырушы мен 29 белсенді қатысушы ұсталған.
Осы орайда есірткі қылмыстарының алдын алуға өзге де құқық қорғау органдары атсалысып жатқанын айта кеткен жөн. Мәселен, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің мәліметінше, маусым айында құзырлы органдар есірткі қылмысына қатысы бар 32 фактіні тіркеген. Шекара қызметінің вейпке қарсы іс-шараларынан да мысал келтіре кеткен артық емес. Өйткені ел шекарасы арқылы аталған заттарды заңсыз алып кіру фактілері тіркеліп жатыр. Мысалы, жуырда ҰҚК Шекара қызметінің Қостанай облысы бойынша департаментінің «Қайрақ» автомобильдік өткізу пунктінде мемлекетіміздің аумағына ірі партияда вейптерді заңсыз алып кіру әрекетінің жолы кесілді. Нақтырақ айтқанда, тыйым салынған 27 624 дана тауар жүк автокөлігінің тіркемесіндегі басқа жүктердің арасына салынған. Алдын ала бағалауға қарағанда, тәркіленген электрондық тұтыну жүйелерінің жалпы құны
500 млн теңгені құрайды. Осы оқиға бойынша материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін құзыретті органдарға жолданған.
ҰҚК елімізде электрондық тұтыну жүйелерін (вейптерді), оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды алып кіруге, өндіруге тыйым салынғанын ескертеді. Жалпы, осындай ескертулерді, есірткі қылмыстары мен соған қатысы бар өзге де құқық бұзушылықтардың салдарын, әсіресе жастардың есіне салып отырғанның артықтығы жоқ. Бұл бағытта елімізде жүйелі жұмыстар қолға алынғанын айта кетейік. Мәселен, Шымкент қаласы прокуратурасының үйлестіруімен Халықаралық нашақорлыққа және есірткі саудасына қарсы күрес күніне арналған «Жастардың таңдауы – есірткісіз өмір» профилактикалық іс-шарасы – соның бірі.
Мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, волонтерлер мен қала тұрғындары қатысқан іс-шараның басты мақсаты – жастар арасында саламатты өмір салтын насихаттау, есірткінің зияны туралы түсіндіру және есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу. Жиында түрлі спорттық, шығармашылық әрі танымдық бағдарламалар ұйымдастырылып, байқаулардың жеңімпаздары марапатталды.
Шымкент қаласы прокуратурасының мәліметінше, шаһар аумағындағы есірткіні жарнамалайтын граффити жазбаларын анықтау мен жою жұмыстарына белсенді қатысқан коммуналдық қызметкерлеріне қала прокурорының алғысхаты табысталған.