Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Қазіргі таңда Қазақстанда экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің 80 пайызы мен қой етінің 75 пайызы — Түркістан облысының еншісінде.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, 2025 жылы өңірден 30 мың тонна ірі қара мал еті мен 32 мың тонна қой еті шетел нарығына бағытталған.
Алайда ет экспортына қойылған қазіргі шектеулер облыстағы мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің экономикалық белсенділігіне кері әсерін тигізіп отыр.
Жаңа талаптарға сәйкес, экспортпен айналысу үшін фермердің кемінде 5 мың басқа арналған бордақылау алаңы мен жеке ет өңдеу кәсіпорны болуы тиіс. Бұл талап шағын және орта шаруашылықтардың экспорт нарығына шығу мүмкіндігін күрт шектеп отыр.
— Облыста экспорттық мүмкіндіктердің шектелуі ішкі нарықта ет өнімдерінің артық қорын қалыптастырып, шаруалар үшін өткізу нарығын тарылтып отыр. Соның салдарынан мал өсірумен айналысатын кәсіпкерлердің табысы төмендеген. Осыған қатысты соңғы айларда наразылықтар жиілеп отыр, — делінген облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы баспасөз қызметінің бізге ұсынған жауабында.
Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі
Мәселен, Сайрам ауданында мал бордақылаумен айналысатын кәсіпкер Абдурасул Сайданов ет экспортына қойылған шектеулердің салдары фермерлер үшін ауыр тиіп жатқанын айтады. Оның пікірінше, экспортқа тыйым салу экономикалық тұрғыдан негізсіз шешім болып отыр.
— Бұл шектеулердің салдарынан өңірдегі көптеген фермердің табысы айтарлықтай төмендеп, малды сатып алу бағасы күрт құлдырады. Өнімімізді өткізуде елеулі қиындықтар туындап отыр. Егер бұл жағдай ұзаққа созылса, алдағы уақытта ет тапшылығы туындауы әбден мүмкін, — деді кәсіпкер.
Сондай-ақ ол мал бордақылауға кететін шығындардың жылдан жылға артып келе жатқанын атап өтті.
— Мәселен, бір ірі қара малды ұстау үшін күн сайын жем-шөпке шамамен 1700 теңге көлемінде қаржы жұмсаймыз. Ал өнімді өткізу мүмкіндігі шектелген жағдайда, шаруалардың шығынын жабу барған сайын қиындап барады, — деді ол.
Ведомство мәліметіне сәйкес, бүгінде Түркістан облысында қуаты 1 000 бастан асатын 97 бордақылау алаңы жұмыс істейді.
Сонымен қатар, 5 000 бастан жоғары 5 нысан және 10 000 бастан асатын 2 ірі бордақылау кешені бар. Аталған кәсіпорындардың жылдық жалпы өндірістік қуаты 90 мың тонна ет өндіруге жетеді. Бұл көрсеткіш өңірдің экспорттық әлеуетінің жоғары екенін аңғартады.
Осыған байланысты облыс әкімдігі ет экспортына қойылған шектеулерді алып тастау немесе оларды кезең-кезеңімен жеңілдету жөнінде Ауыл шаруашылығы министрлігіне бірнеше рет ұсыныс жолдаған. Алайда түбегейлі шешім әзірге қабылданған жоқ.
Kazinform тілшісінің сауалына жауап берген Ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығы департаментінің директоры Бағлан Аймырзаев бұл шектеулердің Үкіметаралық кеңестің шешімімен енгізілгенін атап өтті.
Оның айтуынша, экспортты квота арқылы реттеу — уақытша шара.
Фото: Мақсат Шағырбаев / Kazinform
— Қолданыстағы шешімге сәйкес, 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін 13 мың тонна ет экспортына квота белгіленді. Сонымен қатар, биыл жыл басынан ірі қара етін экспорттауға қосымша алты айға шектеу енгізілді, квотаның жалпы көлемі — 20 мың тонна. Бұл шаралар ішкі нарықтағы тұрақтылықты қамтамасыз ету және мал шаруашылығын дамытудың стратегиялық міндеттерінен туындап отыр, — деді департамент директоры.
Министрлік өкілінің мәлімдеуінше, ет өндірушілердің талап-тілектері ескеріліп, экспорттық шектеулерді кезең-кезеңімен азайту жоспарланып отыр. Сонымен қатар бұл мәселе Үкіметаралық кеңесте қаралмақ.
Бұдан бұрын шымкенттік кәсіпкерлер ет экспорттауда қиындыққа тап болып отырғанын жазған едік.
Сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігі ірі қара мал етін сыртқа шығаруға қатысты жаңа шектеулерді қолдану тәртібін түсіндірді.
Мұның алдында Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаров пен Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтан ет экспортына салынған тыйымды жоюды сұраған еді.