Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Осы уақыт аралығында дүкенге кіргендердің басым бөлігі себетін ең қажетті азық-түлікпен ғана толтырған. Сүт өнімдері, макарон, нан мен жарма жиі көзге түссе, ет өнімдері мен қымбат тағамдар сирек байқалды.
Көпбалалы ана тек қана сүт өнімдерін алып, кассада 33 мың теңге төледі. Оның айтуынша, бұл бар болғаны бір апталық азық, ал ай сайын тамаққа кемінде 100-150 мың теңге жұмсалады. Мұндай шығын көпбалалы отбасылар үшін қалыпты саналғанымен, табыс соған сай өсіп отырған жоқ. Одан бөлек төлейтін несие мен пәтерақы да бар. Біз жолыққан әже жағдайым «жаман емес» десе де, көршісінің үш айдан бері жалақы алмай, нансыз отырғанын айтты. Бұл – ресми статистикада сирек көрінетін, бірақ күнделікті өмірде жиі кездесетін жалақы кешігетінінің айқын дәлелі.
Екі балалы жас отбасы екі аптаға жететін азын-аулақ азық-түлік сатып алып, 43 мың теңге жұмсаған. Олардың себетінде де нәр болар азық жоқ. «Балалардың балабақшадағы тамағына сенеміз, өзімізге осы да жарайды», – дейді әкесі. Бұл сөздің өзі кей отбасылар үшін балабақша асханасы негізгі қорекке айналғанын аңғартқандай. Тағы бір жас отбасы бір апталық балалардың қосымша тамағына ғана 30 мың теңге шығындағанын айтып, әйелінің бала күтіміне байланысты декреттік демалыста екенін, бір табыспен өмір сүру қиын екенін айтты.
Кезекте тұрған құрылысшылар да көп ой салды. Басқа қаладан келген олар арзан әрі тоқ болатын макаронды жиі сатып алады. Макарон – жұмысшылар үшін күнделікті ас.
Ал алты баласы бар ана ерекше қажеттілігі бар баласына 35 мың теңгеге арнайы тамақ сатып алған. «Бір дүкенге кірсең, 10 мың теңге төлеп шығасың. Ет дегеннің дәмін ұмыттық», – дейді ол. Оның айтуынша, баласы қайтыс болғаннан кейін мемлекет берген марапат пен жәрдемақы да қайтарылып алынған. Бұл әлеуметтік қолдаудың формалды жүйесі өмірдің нақты ауыртпалығына сай келе бермейтінін көрсетеді.
Бір сағаттық бақылау кезінде кассирмен де сөйлесуге мүмкіндік туды. Оның айтуынша, картамен төлейтіндердің басым бөлігі азық-түлікті бөліп төлеу немесе несие арқылы рәсімдейді. Qr төлемнің артында көбіне нақты ақша емес, келер күннің қарызы тұрғанын жасырғандай. Ресми деректерге сүйенсек, 2025 жылғы қазан айында тұтынушылық несиенің жалпы көлемі 16,2 триллион теңгеге дейін өскен. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 25,6% артық екенін Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу агенттігінің мәліметтері көрсетеді. Тұрғындар қарыз алуға мәжбүр болып отыр. Сарапшылар мұны табыс өсімінің инфляция қарқынына ілесе алмауымен байланыстырады. Яғни халықтың қазіргі шығыны көбіне ертеңгі табыстың есебінен жабылып отыр. Дүкен кассасындағы карта мен QR арқылы жасалған төлемдер – цифрланудың емес, тұтынудың қарызға тәуелді бола бастағанының көрінісіндей. Бұл үрдіс ең алдымен көпбалалы, жас және бір табыспен күн көріп отырған отбасылардың қаржылық тұрақтылығына қауіп төндіреді.
Бір сағат ішінде байқалған ортақ тенденция айқын: сатып алушылардың басым бөлігі тек ең қажетті өнімдерді сатып алады. Ет пен қосымша тағамдар қолжетімсіз категорияға өткен. Бір апталық азық-түлікке кететін шығын 30-40 мың теңгеден төмен емес, ал көпбалалы және бір табысты отбасылар ең осал топқа айналып отыр. Дүкен сөрелеріндегі баға мен тұтынушының себеті бүгінгі қоғамның нақты әлеуметтік портретін көрсетеді.
Айкөркем САҒАТ, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультетінің 4-курс студенті