Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
Сурет Президенттің баспасөз қызметінен алынды
Өсу қарқынын бәсеңдетпеген қала
Мұндай қарқынды даму жолын қысқа мерзімде еңсеру кез келген қалаға бұйыра бермейді. Сондықтан қазіргі қол жеткізілген жетістіктерді саралап қана қоймай, Астананың ел экономикасының негізгі қозғаушы күшінің бірі ретіндегі рөлін және осы жетістіктің негізін қалаған басты факторларды зерделеудің маңызы зор.
Елорданы дамытудағы дәл осындай ұстанымды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы желтоқсанда Астананы одан әрі дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте айқындап берген: «Астана әрдайым ауқымды жұмыстың бастауында тұруға тиіс. Елордамыз басқа аймақтарға барлық жағынан үлгі болуы керек», деген еді Мемлекет басшысы. Елорданың бүгінгі экономикалық көрсеткіштері бұл стратегиялық бағдардың дәйекті түрде жүзеге асып жатқанын айқын дәлелдейді.
Бүгінде Астананың үлесіне еліміз экономикасының шамамен 12%-ы тиесілі. Яғни елдегі ішкі жалпы өнімнің оннан бір бөлігінен астамы елордада өндіріледі.
Қаланың жалпы өңірлік өнімі шамамен 38 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл көрсеткіш Орталық Азиядағы жекелеген мемлекеттердің экономикасымен деңгейлес.
Сонымен қатар Астана негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі жағынан елдегі көшбасшылық орнын сақтап келеді. Жыл сайын елімізде пайдалануға берілетін тұрғын үйлердің төрттен біріне жуығы дәл осы елордада бой көтереді.
Бұл көрсеткіштердің әрқайсысының артында жаңа кәсіпорындар мен заманауи өндіріс орындары, ауқымды құрылыс жобалары мен мыңдаған жаңа жұмыс орны тұр.
Елорда тұрғындарының саны бүгінде 1,6 миллионнан асты. Жыл сайын Астана тұрғындарының қатары шамамен 100 мың адамға көбейеді.
Сарапшылардың мәліметіне сүйенсек, алдағы он жыл ішінде елорда халқының саны 2,3–2,5 миллион адамға жетуі мүмкін.
Тұрғындар санының қарқынды өсуі Астананың одан әрі дамуына ықпал ететін негізгі факторлардың біріне айналып отыр. Нәтижесінде, баспана құрылысына, көлік, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға деген сұраныс та күшейіп жатыр.
Мұндай ауқымды өсім қаланы кешенді түрде дамытуды талап етеді. Яғни инфрақұрылымды кеңейту, жаңа жұмыс орындарын ашу және қалалық ортаның сапасын қатар жақсарту міндеті алдыңғы қатарға шығып отыр.
Инвестиция сенімді ортаға келеді
Кейінгі жылдары Астана негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі жағынан аймақтар арасында сенімді түрде көш бастап тұр.
Өткен жылы елорда экономикасына шамамен 2,5 трлн теңге инвестиция тартылып, бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 21,3%-ға артты. Бір ерекшелігі, инвестициялардың шамамен 65%-ы жеке инвесторлардың үлесіне тиесілі болды.
Жеке инвестициялар үлесінің жоғары болуы – бизнестің қала экономикасына деген сенімін айқындайтын ең маңызды көрсеткіштердің бірі. Кәсіпкерлер ұзақмерзімді даму перспективасы бар өңірлерге қаржы салуға ұмтылады. Бұл үрдіс биыл да жалғасып отыр.
Жыл басынан бері елорда экономикасына 833 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,2%-ға көп. Оның 591 млрд теңгесі – жеке инвестициялар. Ал нақты көлем индексі 113,6%-ды құрады.
Бүгінде Ұлттық инвестициялық жобалар пулының құрамына жалпы құны 2,2 трлн теңгеден асатын елорданың 210 жобасы енгізілген.
Осындай әрбір жоба жаңа кәсіпорындардың, заманауи өндіріс орындарының, логистикалық кешендердің, мектептер мен медициналық орталықтардың ашылуына негіз болады.
Сонымен қатар Астана экономикалық өсімнің жаңа орындарын қалыптастырып, даму көкжиегін кеңейтіп келеді. «Астана – Технополис» арнайы экономикалық аймағы кеңейтіліп, заманауи өндірістік-логистикалық инфрақұрылым құрылып жатыр. Сондай-ақ екінші Индустриялық паркті дамыту бағытындағы жұмыс басталып кеткен.
Бұл жобалар жаңа өндірістерді орналастыруға, жоғары технологиялық инвестицияларды тартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға берік негіз қалайды.
Кәсіпкерлік – дамудың қозғаушы күші
Астананың экономикалық моделі еліміздің бірқатар өңірінен айтарлықтай ерекшеленеді.
Бірқатар өңірдің экономикасы ірі өнеркәсіп кәсіпорындары мен өндіруші секторға сүйенсе, елорда экономикасының басты қозғаушы күші – шағын және орта бизнес.
Шағын және орта бизнес жалпы өңірлік өнімнің шамамен 70%-ын құрап отыр. Бұл – ел өңірлері арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Сондай-ақ экономикалық белсенді халықтың шамамен 70%-ы осы секторда еңбек етеді.
Кейінгі айларда ең көп талқыланған тақырыптардың бірі – салық реформасы. Кәсіпкерлер бұл мәселеге қатысты түрлі пікір білдіріп, өз ұсыныстары мен алаңдаушылығын жеткізіп келеді. Алайда экономикалық көрсеткіштерге назар аударсақ, жағдай мүлде басқаша көрініс береді.
Елордада бизнестің даму қарқыны бәсеңдеген жоқ. Кәсіпорындар саны көбейіп, жаңа компаниялар құрылып жатыр. Бұл ретте жұмыспен қамту мен инвестициялық белсенділік те оң серпінін жоғалтқан жоқ.
Кәсіпкерлік бүгінде қала экономикасының негізгі қозғаушы күштерінің бірі әрі ең ірі жұмыс беруші болып отыр. Оның ықпалы сауда мен қызмет көрсету саласынан бастап құрылысқа, ІТ және креативті индустрияларға дейін экономиканың барлық дерлік бағытында артып келеді.
Үкіметтің кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған жүйелі саясаты елорда бизнесіне құбылмалы экономикалық жағдайға қарамастан тұрақты дамуға мүмкіндік беріп отыр. Сыртқы сын-қатерлер мен жүргізіліп жатқан реформаларға қарамастан, шағын және орта бизнес кеңеюін жалғастырып, жаңа жұмыс орындарын құрып, қала экономикасының негізгі қозғаушы күштерінің бірі ретінде өз рөлін сақтап келеді.
Құрылыс биыл да қарқынды
Елордадағы құрылыс қарқыны бүгінде қаланың тұрақты даму үдерісінің ажырамас бөлігіне айналды.
Былтыр Астанада 4,8 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл – Қазақстан бойынша салынған тұрғын үйлердің жалпы көлемінің төрттен біріне жуық.
Алайда заманауи қала тек тұрғын үйлерден тұрмайды.
Жаңа тұрғын үй кешендерімен қатар мектептер, балабақшалар, емханалар, инженерлік желілер, автомобиль жолдары, көлік айырықтары мен қоғамдық кеңістіктер салынып жатыр.
Сонымен бірге қаланың тіршілігін қамтамасыз ететін сумен жабдықтау, жылумен қамту, энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылым жүйелері жаңғыртылып жатыр. Өйткені бұл бағыттарды дамытпай, мегаполистің одан әрі тұрақты өсуін қамтамасыз ету мүмкін емес.
Биыл да құрылыс қарқыны бәсеңдеген жоқ. Жыл басынан бері 1,5 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал құрылыс жұмысының көлемі 359 млрд теңгеге жетіп, республика бойынша жалпы көрсеткіштің шамамен 15%-ын құрайды.
Экономика саласындағы оң үрдіс
Экономиканың негізгі салаларының басым бөлігінде оң серпін сақталып отыр.
Қысқамерзімді экономикалық индикатор 110,4%-ға жетіп, бұл көрсеткіш бойынша Астана еліміздегі үздік өңірлердің қатарынан көрінді.
Өсім құрылыс, өнеркәсіп, көлік, байланыс, қызмет көрсету және сауда салаларында анықталды.
Әсіресе өнеркәсіп саласының даму қарқыны айрықша байқалады. Осы жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,6 трлн теңгеден асып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11%-дан астам өсті.
Негізгі өсім өңдеу өнеркәсібі есебінен қамтамасыз етілді. Бұл саладағы өсім 10%-дан асты. Мұндай көрсеткіштер елорданың әкімшілік және іскерлік орталық қана емес, сонымен қатар заманауи өндіріс орталығы ретіндегі позициясын да біртіндеп нығайтып келе жатқанын көрсетеді.
Салық заңнамасындағы өзгерістерге қарамастан, тауар айналымының көлемі 4 трлн теңгеге дейін ұлғайды.
Бұл нәтиже тұтынушылық белсенділіктің сақталғанын және қала экономикасының тұрақты жұмыс істеп тұрғанын аңғартады.
Елорда экономикасына туризм саласының қосып отырған үлесі де жылдан-жылға артып келеді.
Өткен жылы Астанаға 1,6 миллионнан астам турист келді. Оның ішінде шетелдік қонақтардың саны бірнеше жүз мыңға жетті. Іскерлік және оқиғалық туризмнің маңызы да артып келеді. Халықаралық форумдар, әлемдік деңгейдегі жұлдыздардың концерттері, спорттық жарыстар мен мәдени іс-шаралар қонақүйлерге, мейрамханаларға, көлік қызметіне, сауда мен сервистік қызметтерге қосымша сұраныс тудырып отыр.
Туризм саласының дамуы инвестициялық жобалардан да көрініс табады. Қазір елордада жалпы құны 265 млрд теңгеден асатын 33 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Олар қонақүйлер, туристік инфрақұрылым нысандары мен жаңа қоғамдық кеңістіктер салуды көздейді.
Болашағы зор бағыттардың бірі – медициналық туризм. Халықаралық стандарттарға сай заманауи көпбейінді клиникалардың арқасында Астана өңірдегі жетекші медициналық орталықтардың бірі ретіндегі мәртебесін біртіндеп нығайтып келеді.
Экономиканың қарқынды дамуы мемлекеттік кірістердің де артуына тікелей ықпал етеді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Астанадан мемлекеттік бюджетке 3,7 трлн теңге түсті. Оның 2,4 трлн теңгесі республикалық бюджетке аударылса, тағы 1,3 трлн теңгесі жергілікті бюджетке түсті.
Биыл да оң үрдіс сақталып отыр. Осы жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке 1,7 трлн теңге түсті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 30%-ға көп.
Бюджет кірістерінің артуы – қала экономикасында жүріп жатқан оң өзгерістердің нақты көрінісі. Салық базасы кеңейіп, кәсіпкерлік дамып, инвестиция көлемі ұлғайып келеді.
«Бақ қала» қағидаты
Елорданы одан әрі дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астананың жоғары даму қарқынын, инвестиция көлемінің артқанын және тұрғын үй құрылысының ауқымын ерекше атап өтті.
Алдағы кезеңдегі басты міндет – жоғары өсім қарқынын сақтап қалу ғана емес, оның сапасын қамтамасыз ету. Яғни экономикамен қатар көлік жүйесі, инженерлік инфрақұрылым, әлеуметтік нысандар және қалалық ортаның да үйлесімді дамуына басымдық беріледі.
Бүгінде Астананың дамуы тек жаңа инвестициялармен, кәсіпорындармен немесе пайдалануға берілген тұрғын үй көлемімен ғана өлшенбейді. Бұл – өзіндік сәулеттік келбеті бар, әлемдік деңгейдегі заманауи астананы қалыптастыру үдерісі. Онда қазіргі қоғамдық кеңістіктер, ауқымды көгалдандыру және «бақ қала» қағидаттары экономика мен инвестиция сияқты маңызды даму факторларына айналып келеді.
Қуатты экономика, заманауи инфрақұрылым мен жан-жақты ойластырылған қалалық кеңістік Астананың жаңа даму кезеңіндегі негізгі басымдықтардың бірі болуы қажет.