Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
22 қаңтар, бейсенбі күні өткен дауыс беру барысында 390 еуродепутат сенімсіздік вотумына қарсы шықты. Ал бастаманы небәрі 165 депутат қолдады. Осылайша, Еурокомиссия төрағасына сенімсіздік білдіру үшін қажет болған үштен екі дауыс жиналмады.
Сенімсіздік вотумын француздық оңшыл күштердің көшбасшысы Жордан Барделла мен оның «Еуропа үшін патриоттар» тобы Еуроодақтың Оңтүстік Америкадағы Меркосур бірлестігіне мүше елдермен сауда келісіміне қол қоюына байланысты ұсынған. Олардың пікірінше, Урсула фон дер Ляйен «еуропалық фермерлер мен азаматтардың пікірін елемей отыр». Бұл қарарды өзге оңшыл популистермен қатар Германияның ультраоңшыл Германия үшін балама партиясының үш депутаты да қолдаған.
Урсула фон дер Ляйен дауыс беру алдындағы талқылауға қатысқан жоқ. Сенімсіздік вотумының негізгі бастамашысы Жордан Барделла да жиынға келмеген. Бұл — Еуропарламенттің қазіргі шақырылымы аясында фон дер Ляйенге қарсы ұсынылған сенімсіздік вотумының төртінші рет қабылданбай қалуы.
Өткен жылдың қазан айының басында фон дер Ляйенге қарсы екі бірдей сенімсіздік вотумы сәтсіз аяқталған болатын. Оның бірі солшыл фракцияның бастамасымен, екіншісі «Еуропа үшін патриоттар» ультраоңшыл тобының ұсынысымен енгізілген. Оңшыл депутаттар бұл жолы климатты қорғау саясатын, көші-қон мәселелерін, сондай-ақ Еурокомиссия төрағасының әрекеттеріндегі ашықтықтың жеткіліксіздігін және цензураны сынға алған. Ал солшыл фракция фон дер Ляйенді АҚШ президенті Дональд Трамппен жасалған «апатты кедендік келісім» үшін айыптаған.
Ал шілде айында румын депутаты Георге Пиперае ұсынған сенімсіздік вотумы да қолдау таппаған. Ол «Еуропалық консерваторлар мен реформашылар» (ECR) тобының атынан енгізілген. Бұл топтың құрамына Италия, Польша, Франция және Испаниядағы ультраоңшыл партиялар кіреді. Бастамашы ретінде Пиперае коронавирус пандемиясы кезінде вакциналар сатып алу мәселесіне байланысты фон дер Ляйен мен Pfizer фармацевтикалық компаниясының басшысы арасындағы хат алмасуға қатысты жанжалға назар аударған. Сонымен қатар ол Еурокомиссияны Румыниядағы президент сайлауына араласты деп айыптап, ЕО-ның қорғаныс шығындарын қаржыландыру бағдарламасына қарсы шыққан.
Айта кетейік, Еуропарламент ЕО–АҚШ сауда келісімін ратификациялауды уақытша тоқтатты.