Inform.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
БҰҰ-ның бағалауынша, әлемде жыл сайын 92 миллион тоннадан астам киім қоқысқа тасталады. Соның небәрі 12 пайызы ғана қайта өңделеді.
Инфографика: KazinformБұл – жалаң статистика емес, соңғы онжылдықтарда ушығып бара жатқан жаһандық дағдарыстың көрінісі. 2000-2015 жылдар аралығында киім өндірісі екі есе артса, оны пайдалану ұзақтығы 36 пайызға қысқарған.
Бұл өзгерістің түп-төркіні тұтыну моделінің трансформациясымен тікелей байланысты. Соңғы жылдары fast fashion индустриясы қарқынды дамып, нарыққа арзан әрі үнемі жаңарып отыратын киімдердің үздіксіз ағымын әкелді. Әсіресе электрондық сауда платформалары үрдісті күшейтіп, киімді ұзақ мерзімге арналған бұйымнан гөрі қысқа циклді тауарға айналдырды. Соның салдарынан текстиль қалдықтарының көлемі жыл сайын ұлғайып келеді, ал оларды басқару жүйесі қарқынға ілесе алмай отыр.
Дегенмен, мәселе тек артық тұтынумен шектелмейді. Қалыптасқан қайта өңдеу жүйесінің өзі қаншалықты тиімді деген сұрақ та күн тәртібінен түспей отыр. Яғни, жиналған киімдердің шынымен қайта өңделетініне кепіл жоқ. Бұл күмәнді түрлі зерттеулер нақтылай түседі.
Мәселен, Швецияның SVT телеарнасы жүргізген тәжірибеде журналистер киімдерге жасырын GPS-трекерлер орнатып, олардың кейінгі қозғалысын бақылаған. Нәтижесінде тапсырылған киімдердің басым бөлігі Кения, Гана, Танзания сияқты елдерге жөнелтіліп, ақыр соңында полигондарға түсетіні анықталған. Бұл дерек дамыған елдердегі артық тұтынудың салдары іс жүзінде басқа өңірлерге ығыстырылып жатқанын көрсетеді.
Осыған ұқсас тәжірибелер Бразилияда, Сингапурда және Финляндияда да жүргізіліп, нәтижесі өзгермеген. Ресми түрде қайта өңдеуге немесе қайырымдылыққа жіберілген киімдердің едәуір бөлігі не қысқа уақытқа ғана екінші нарықта айналымға түседі, не ақырында қарапайым қоқыспен бірге көміледі. Мұның бір себебі – текстиль өнімдерінің күрделі құрамы. Мысалы, полиэстер мен мақта қоспасынан жасалған маталарды толыққанды қайта өңдеу қиын. Сондықтан көптеген компаниялар үшін мұндай қалдықтарды жою экономикалық тұрғыдан анағұрлым тиімді шешімге айналып отыр.
Осылайша, мәселе бір ғана кезеңмен шектелмейтін тұтас тізбекке айналады. Қайта өңдеу мүмкіндігі шектеулі, ал полигондар шамадан тыс толып жатқан жағдайда, қалдықтарды басқарудың келесі кезеңі ретінде оларды жою тәсілдерін таңдау қажеттілігі туындайды.
Сол баламалардың бірі – киім қалдықтарын өртеу. Бұл әдіс қоғамда даулы пікір тудырғанымен, бірқатар елдерде энергияға айналдырудың тетігі ретінде қарастырыла бастады.
Киім өртеудің экологиялық салдары ауырЕурокомиссия дерегіне сәйкес, Еуроодақта киімдердің шамамен 10 пайызы өртеледі. Соның салдарынан жыл сайын атмосфераға 5,6 миллион тонна көмірқышқыл газы бөлінеді. Яғни, қалдықты жоюдың өзі экологиялық қысымды күшейтетін факторға айналып отыр.
Фото: freepik.comҚайшылықтардың жинақталуы Еуропада нақты шешім қабылдауға алып келді. Нәтижесінде Еуроодақ сатылмаған киімді жоюға тыйым салды. Ірі компаниялар бұл талапты қазірден бастап орындауы тиіс, ал қалғандары 2030 жылға дейін толық көшуі керек. Бұл шешім бизнестің жауапкершілігін кеңейтті.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай қадамдар кездейсоқ емес, керісінше, бұрыннан қалыптасқан жүйелі саясаттың жалғасы. Еуропада текстиль қалдықтарын басқару моделі кезең-кезеңімен енгізіліп келеді.
– Өткен жылдан бастап текстильді бөлек жинау міндеттелді. Өндірушілердің кеңейтілген жауапкершілігі жүйесі жұмыс істейді. H&M, Zara сияқты брендтер экологиялық алым төлейді, бұл қаражат жинау мен қайта өңдеуге жұмсалады. Экодизайн талаптары енгізілген, яғни киім қайта өңдеуге жарамды болуы тиіс. Нақты мақсаттар стратегиялық құжаттарда бекітілген. Көптеген елде текстильдің 50-60 пайызы қайта пайдалануға жіберіледі. Second-hand нарығы мен жөндеу қызметтері дамыған. Ресей де осы бағытта ілгеріледі, – дейді экобелсенді, Qazaq Expert Club сарапшысы Нұржамал Иминова.
Фото: Нұржамал Иминованың жеке мұрағатынан Қазақстан қалыс келе жатырҚазақстанда бұл бағытта толыққанды, тұрақты жүйе қалыптасты деу әзірге ерте. Соған қарамастан мәселе күн тәртібіне шығып, алғашқы қадамдар жасала бастады. Соның бірі – Экология министрлігі әзірлеп жатқан қалдықтарды басқарудың жаңа ұлттық стратегиясы. Құжаттың негізгі мақсаты – қалдықтарды бөлек жинау үлесін арттырып, қайта өңдеу ауқымын кеңейту арқылы жүйені кезең-кезеңімен қалыптастыру.
– Еліміздің 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарында сұрыптау мен қайта өңдеу үлесін арттырукөзделген, – делінген министрлік ақпаратында.
Алайда мәселенің нақты ауқымын бағалау оңай емес. Себебі ресми статистика полигондардағы текстиль қалдықтарының үлесін жеке көрсетпейді. Нәтижесінде бұл проблема көзге бірден байқалмайтын, бірақ көлемі тұрақты түрде өсіп жатқан құбылыс ретінде қалып отыр. Бұл жағдай саланың әлі де қалыптасу кезеңінде екенін аңғартады.
Коллаж: Kazinform/ nano banana, freepik– Елімізде ескі киімдерді жинау мен қайта өңдеу әлі бастапқы кезеңде. Бұл бағыт экология саласындағы ерікті бастамалар мен пилоттық жобалар арқылы дамып келеді, оларды мемлекет немесе бизнес қолдайды. Textile recycling саласының экономикасы енді ғана қалыптасу үстінде. Қазіргі таңда бұл бағытта жүйелілік жоқ, негізгі қозғалыс Алматы мен Астанада шоғырланған. Дегенмен, үрдіс бар және оның өңірлерге таралуына негіз қалыптасып келеді, – дейді Нұржамал Иминова.
Ескі киімге «екінші өмір» сыйлаған жобаҚазақстанда ескі тоқыма бұйымдарын жинау, сұрыптау және қайта өңдеуді жүйелі түрде қолға алған бастамалардың бірі – Алматыда іске қосылған Fabriqa жобасы. Жобаның авторы – Екатеринбургтен қоныс аударған кәсіпкер Денис Лекомцев. Fabriqa тек текстильді жинаумен шектелмей, оны қайта өңдеудің толық тізбегін құруға бағытталған.
Фото: Делия АйдаралиеваЖоба мемлекеттік гранттардың көмегінсіз, жеке инвестиция есебінен дамып келеді. Қазіргі таңда Алматыда Fabriqa-ның 18 боксы орнатылған. Бір айдың ішінде қала тұрғындары 20 тонна текстиль тапсырған. Ал жиналған киім одан әрі нақты технологиялық тізбек бойынша өңделеді.
– Біз алдымен текстильді жинап, сұрыптаймыз. Заттардың 3%-ын Second-hand-ке және қайырымдылық қорларға жібереміз, қалғанын қайта өңдеуге дайындаймыз, – деп түсіндірді Денис Лекомцев.
Келесі кезеңде материал тереңірек өңдеуден өтеді. Содан соң өндірісте немесе автожуу орындарында қолданылатын сүрткіш шүберек пайда болады. Киімнің бір бөлігі регенерацияланған талшыққа айналып, жастық, көрпе немесе матрас толтырғышы ретінде қолданылады. Мысалы, ескі джинсылардан декоративті жастықтарға арналған толтырғыш жасалады. Алайда бұл бағытта техникалық шектеулер бар.
– Кәсіпорындар бізге матаның қалдықтарын ұсынады, бірақ біздің жабдық әзірге тек ірі мата бөліктеріне арналған. Ұсақ қалдықтарды қайта өңдеу қиын. Мұндай машиналар бар, бірақ біз оларды әлі сатып алған жоқпыз. Қытайлық нұсқалар бар, ал еуропалық жабдық қымбат. Қазір түрлі өндірушілермен келіссөз жүргізіп жатырмыз, – дейді Лекомцев.
Фото: Делия АйдаралиеваЖалпы, Қазақстанда бұл бағыт енді ғана қалыптасып келеді және жобалар көбіне тар сегменттерде жұмыс істейді.
Қазіргі жағдайда мұндай жобаларды қолдау құралдары шектеулі. Спикердің айтуынша, негізгі мүмкіндік – «Жасыл даму» бағдарламасы аясында 3% мөлшерлемемен берілетін несие. Ал қайта өңдеуді жүйелі түрде ынталандыратын басқа тетіктер әзірге жеткіліксіз.
Экоакцияға қатысушылар саны артқанЕлордада да пайдаланылған текстильді қайта өңдеуге бағытталған жұмыстар белсенді жүргізіліп жатыр. Ескі киімдер қоқысқа тасталмай, Glovex жобасы аясында өңделеді.
Жиналған маталар алдымен талшыққа дейін ұсақталып, сұрыпталады да қайта өңдеуге жіберіледі. Мақтадан иірімжіп жасалып, одан қорғаныш қолғаптары тоқылады. Бір тонна қайта өңделген киімнен шамамен 6 мың жұп қолғап шығатыны жүйенің тиімділігін көрсетеді.
Қазіргі уақытта киімді тікелей цехқа апарып тапсыру мүмкін емес, кәсіпорын тек ірі партиялармен жұмыс істейді. Дегенмен, «Дармарка» экоакциясы арқылы әрбір тұрғын өз киімін қайта өңдеуге өткізе алады. Бұл шара еріктілер арқылы жүзеге асырылады.
Фото: Астана әкімдігіСонымен қатар акция киімдерді айырбастау немесе қайырымдылыққа тапсыру мүмкіндігін де ұсынады. Жақсы күйдегі киімдер «Like Komek» қайырымдылық дүкеніне жеткізіледі, мұнда оны мұқтаж отбасылар тегін ала алады. Ал бір бөлігі сатылымға шығып, түскен қаражат қайырымдылыққа жұмсалады.
– Заттардың бір бөлігін мұқтаж жандар сол жерде-ақ алып кетеді, бір бөлігі «Like Komek» дүкеніне жіберіледі, тек үштен бірі ғана қайта өңдеуге өтеді. Қуантатыны, акцияға қатысушылар қатары артып жатыр, – дейді экоакция ұйымдастырушылары.
Саланы қалай дамыта аламыз?Қала мен ауыл тұрғындары арасында ескі киімдерді қайта өңдеу мәдениетіне деген белсенділік біркелкі емес. Сарапшылардың пікірінше, жағдайды түзету үшін ақпараттандыру мен экологиялық сананы арттыру маңызды.
– Zero waste мәдениетін белсенді насихаттау және экологиялық қауымдастықтар мен стартаптарды қолдау қажет. Көп адамдар киімді қайта өңдеуге болатынын білмейді, fast fashion индустриясының қоршаған ортаға тигізетін зиянын түсінбейді. Мұны түзеу керек, – дейді Нұржамал Иминова.
Саналы тұтыну және ескі киімге «екінші өмір» беру идеясы көбіне жас буын арасында қолдау табады. Олар шетелдік тәжірибені көріп, бұл мәдениеттің қоғамға қалай пайда әкелетінін түсінеді. Сондықтан мұндай дағдыларды балабақшадан бастап үйрету, шеберлік сабақтарын өткізу, жарыстар ұйымдастыру және инновациялар енгізу арқылы ғана нақты нәтиже алуға болады.
Алайда, елді тікелей қаржылай ынталандыру механизмі әлі жоқ.
– Мысалы, металл өткізгендей шағын ақы төлеу жүйесі енгізілсе, бұл бағытқа қызығушылық артар еді, – дейді спикер.
Заңнамалық деңгейде Қазақстанда 2030 жылға қарай қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 40%-ға жеткізу мақсаты қойылған. Бұл мақсатқа жету үшін текстиль қалдықтарын жеке санат ретінде қарастыру, бизнеске гранттар мен субсидиялар арқылы қолдау көрсету, сондай-ақ халық үшін қолжетімді инфрақұрылым қалыптастыру қажет. Киім жинауға арналған контейнерлер мен бокстар әр аудан мен ауылда болуы тиіс.
Сонымен қатар, эколог Лаура Мәлік қалдықтарды қауіпсіз жоюға ерекше назар аударады.
Фото: Лаура Мәліктің жеке мұрағатынан– Арнайы қондырғы қажет. Бұл – термиялық өңдеу әдісі. Қалдықтарды жоғары температурада жағып, энергияға айналдыруға мүмкіндік береді. Қондырғы екі бөліктен тұрады. Бірінші бөлігінде қалдық жанады, екінші бөлігінде шығатын газдар өңделеді. Ішкі температура 1000°C-қа жетеді. Мұндай жобаны қала деңгейінде іске асыру керек, өйткені қондырғы миллиондаған теңге тұрады, – дейді ол.
Қорыта айтқанда, елімізде ескі киімдерді қайта өңдеу мәдениеті бастапқы кезеңде қалыптасып жатыр. Алдағы уақытта ақпараттандыру, қаржылық ынталандыру және инфрақұрылым арқылы жүйелі даму жолға қойылады деген үміт бар. Сонда текстиль қалдықтары айтарлықтай азаймақ.