Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Гаджетсіз өмірді елестету қиын. Смартфон, планшет, түрлі қосымша баланың күнделікті тіршілігінің ажырамас бөлігіне айналды. Әсіресе, қарбалас тіршілікте ата-ана үшін бұл кейде таптырмас көмекші. Алайда осы бір тыныштықтың астарында көзге бірден байқала бермейтін, бірақ баланың болашағына әсер ететін күрделі мәселелер жатыр.
Бала психологы Балабек Сақтағановтың айтуынша, бүгінгі балалардың басым бөлігі бос уақытын экран алдында өткізеді. YouTube, TikTok, Instagram сияқты платформалардағы контенттің тартымдылығы жоғары: түрлі-түсті бейне, жылдам ауысатын кадрлар, эмоцияға толы сюжеттер. Мұндай орта баланың назарын әп-сәтте өзіне тартып алады. Бірақ мәселе де осында. Бала ақпаратты терең түсініп, ой елегінен өткізуді емес, оны жылдам қабылдауды үйренеді. Бір қарағанда бұл зиянсыз әдет сияқты көрінгенімен, уақыт өте келе ол баланың ойлау жүйесіне әсер ете бастайды.
– Қысқа форматтағы видеолардың ықпалы ерекше. Бірнеше секундқа ғана созылатын роликтер үздіксіз ұсынылып отырады. Бала бірін көріп үлгермей жатып, келесісіне ауысады. Ойлануға, салыстыруға, қорытынды жасауға уақыт жоқ. Психологтар мұны «жылдам әсерге тәуелділік» деп сипаттайды. Соның салдарынан бала ұзақ уақыт зейін қоюды талап ететін әрекеттерден қашқақтайды. Кітап оқу, сабақ тыңдау, тіпті бір ойынды соңына дейін ойнау да қиынға айналады. Өйткені оның миы үздіксіз жаңарып отыратын әсерге үйреніп қалған, – дейді Балабек Сақтағанов.
Балаға шынайы қарым-қатынас керек
Маманның ойынша, тәжірибеде жиі кездесетін мәселелердің бірі – сөйлеу дамуының кешеуілдеуі. Соңғы жылдары ата-аналардың «балам бәрін түсінеді, бірақ сөйлемейді» деген шағымы жиілеген. Көп жағдайда мұндай балалардың күн тәртібін қарағанда, экран алдында өткізетін уақытының шамадан тыс көп екені анықталады. Бала тіл үйренуді тірі қарым-қатынас арқылы меңгереді. Ал экран біржақты ақпарат береді – бала тыңдайды, бірақ жауап қайтармайды, диалогқа түспейді.
– Мысалы, тәжірибемде 5 жастағы бір бала болды. Ата-анасының шағымы жоғарыда айтқанымыздай болып шықты. Бала тек жеке сөздерді айтқанымен, толық сөйлем құрай алмайды. Әңгімелесу барысында оның күніне бірнеше сағат бойы телефон қарап отыратыны анықталды. Ата-анасы жұмыста болғандықтан, баланы гаджет арқылы тыныштандыруға үйренген. Біз экран уақытын біртіндеп қысқартып, ата-анамен күнделікті сөйлесу, бірге ойын ойнау, кітап оқу сияқты қарапайым әдістерді енгіздік. Екі айдан кейін бала белсенді түрде сөйлей бастады. Бұл жағдай тірі қарым-қатынастың баланың тіл дамытудағы маңызын айқын көрсетті, – дейді бала психологы.
Экранға тәуелділік те – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Бастапқыда ата-ана бұған мән бермеуі мүмкін. «Жай ғана видео көріп отыр» деп ойлайды. Бірақ уақыт өте келе бала телефонсыз өзін жайсыз сезінетін деңгейге жетеді. Мұндай жағдайда оның мінез-құлқында ашушаңдық, мазасыздық, тез жылау, зейіннің тұрақсыздығы сынды өзгерістер байқалады.
– Тағы бір кейсте 7 жастағы оқушының ата-анасы баласының мінезіне байланысты алаңдап келді. Бала ашушаң, тез жылайтын, сабаққа зейін қоя алмайтын болған. Сөйлесу барысында оның бос уақытының көп бөлігін қысқа видеолар қарап, ойын ойнаумен өткізетіні анықталды. Ұйқысы кеш, таңертең шаршаңқы тұратын. Біз, ең алдымен, экран уақытын шектеп, баланың күн тәртібіне қозғалыс пен демалысты енгіздік. Бірнеше аптадан кейін баланың мінез-құлқында оң өзгерістер байқалды: ол сабырлырақ болып, сабаққа қызығушылығы арта бастады, – дейді Балабек Сақтағанов.
Цифрлық орта тағы бір қауіпті кесел
Цифрлық орта баланың сөйлеу мәдениетіне де ықпал етеді. Бала психологының сөзінше, қазіргі балалардың тілінде сленг, жаргон, түрлі тілдің араласуы жиі кездеседі. Бұл – олардың күнделікті тұтынатын контентінің айнасы. Бала блогерлерге еліктейді, олардың сөйлеу мәнерін қайталайды. Егер ол қарапайым, тіпті кейде дөрекі тілдегі видеоларды жиі көрсе, оның сөйлеуі де сол бағытта қалыптасады. Ал керісінше, сапалы контент, кітап оқу, ата-анамен жиі сөйлесу – тілдің байып, мәдениетті қалыптасуына әсер етеді.
Сондықтан мамандар ата-аналарға тек экран уақытын шектеумен шектелмей, баланың көріп жүрген контентінің сапасына назар аударуға кеңес береді. Контент баланың жасына сай, тәрбиелік мәні бар, тілі дұрыс әрі түсінікті болуға тиіс. Агрессияға толы, мәнсіз, шамадан тыс жылдам видеолар баланың психикасына кері әсер етеді.
– Дегенмен технологиядан толық бас тарту мүмкін емес. Сондықтан ең тиімді жол – тепе-теңдік сақтау. Баланың экран алдында өткізетін уақытын азайтып, оны пайдалы әрі қызықты әрекеттермен алмастыру қажет. Мысалы, бірге кітап оқу, сурет салу, конструктор жинау, қимылды ойындар ойнау, табиғатта серуендеу – осылардың барлығы баланың жан-жақты дамуына ықпал етеді. Ешбір гаджет, ешбір қосымша ата-ананың жылы сөзін, шынайы көңілін алмастыра алмайды. Бала өзін тыңдайтын, түсінетін адам бар кезде ғана толыққанды дамиды, – дейді маман.
Қорытындылай келе, цифрлық технологиялар – заман талабы. Бірақ олар баланың өмірінде негізгі орын алмауға тиіс. Егер ата-ана баланың цифрлық өмірін бақылап, оған дұрыс бағыт берсе, онда технология зиян емес, керісінше пайдалы құралға айналады. Ең бастысы – бала мен ата-ана арасындағы байланысты жоғалтпау. Себебі бала үшін ең маңыздысы – экран емес, адам.
Әсет ҚАЛИ